Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту


ҚАЗАҚ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ПЕДАГОГ СОВЕТІ



бет43/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   53
Байланысты:
Тар жол, тайғақ кешу. Сәкен Сейфуллин

ҚАЗАҚ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ПЕДАГОГ СОВЕТІ
Куәлік
Осы куәлікті көрсетуші Омбыдағы ересектер оқитын орта дәрежелі педагог мектебінің оқушысы шын Дүйсенбі Әсиұлы. Сілеті № 112 елінің қазағы, Омбы уезі. Жасы 26-да. Әсиұлы оқудан жазғы тынысқа босанды. Растығына куәлендіріп, қол қойып, мөр басамыз.
Педагог советі төрағасының орынбасары: (қол қойған)
Хатшы (қол қойған)
1919 жыл, 25 март (Мөр басылған)
Жанайдар тауып берген дәстәбірне де менде. Мына өзім жасаған дәстәбірнені сол Дүйсенбі Әсиұлының атындағы қағаздың жөнімен жазып алдым. Жанайдар тауып берген дәстәбірнеге қол қойған «Алашорданың» уездік комитеті атынан, комитет төрағасы Садуақас Жантасұлы.
Орыс, қазақ жолдастармен сөйлесіп, сөз пісті.
«Қашып ұсталған тұтқын тергеусіз атылады» деп Колчак жарлық шығарды. Бірақ оған қарамай-ақ аурудан сауларымыз қашпақ болдық.
Жұмабай шығып әкесімен кетпек. Өзгеміз басқа жөнмен кетпекпіз. Жылымық түсіп, қар ери бастаған соң, барактардың аралығындағы, алдарындағы жиналған қарларды, төгілген шайынды сулар мен еріп қатқан мұздарды ойып, атқа жеккен шаналарға салып, тасып шығара бастады. Қар тасушылар — жиһангерлер соғысында тұтқын болған австриялықтар. Бұлармен сөйлесіп, тасып шығаратын қардың астына жатып шықпақ болдық...
Ол күні ерте тұрдық. Жүрек қаттырақ соғады. Көңіл алабұртады. Таңертеңгі қатқан салқын уақыт. Аспан бұлттау еді. Күн сұрғылт. Жуынып-киініп алдық. Шүмекті қазаннан қайнаған су әкеп шай іштік. Ол арада тұтқындардың бәрі де тұрды. Күндегідей бәрі де құмырсқаша қыбырлай бастады. Біз тықыршып, тысқа дамылсыз шығамыз. Біраздан соң қар тасушылар да келді. Барып сөйлестік... Әуелі Жұмабайды жөнелтпекпіз. Тәуекел қайығына тағы да мінер сағат таянды... План әбден жасалып біткен. Сөз әбден сөйленіп байланған. Енді тек бір-бірімізге үндемей қараймыз... Бел буылған. Екі барактың арасында қарларды ойып, даярлап, шананы қамап, оннан аса тұтқын қолдарына күрек алып тұр. Сырттан күзетші солдат сезбесін деп, бәрі де шанаға қар салған болып жай қоршап тұрған жұрт.
«Кәне, жүр, даяр болып қарап тұрмыз», — деп жолдастар Жұмабайды шақырды.
Жұмабай жылдам басып жөнелді. Келіп тез шанаға жатты. Күрек ұстап, мұзды, кірлі қарларды даярлап тұрған тұтқындар тез жан-жағынан бастырып, тоң қарды салып жіберді. Жұмабай қарға көмілді. Қардың үстіне тақтай қойып, тақтайдың үстіне австриялық отырып, «шүу!» — деді. Пар жегілген екі ат дырылдатып шананы алып жөнелді... Шана тікен сым шарбақтан аман өтті. Сым шарбақ аузындағы чех солдаттары қарап тұрып қалды. Одан өткен соң, шанаға қақпа аузындағы солдаттар қақпаны ашты. Шана аман лагерьден шықты.
Қозғалып көңілді азырақ тоқтатып, жолдастармен сөйлесіп, аурудан сау Абдолла екеуміз ертең қашпақ болдық.
Ауырып жатқан Баймағамбет пен Бәкеннің қасына келдім. Оларға сүт әкеп беріп, Хафиздің, Афанасьевтің қасына келдім. Афанасьев өліп қалған екен. Және Смокотин өліп қалған екен. Хафизге сүт әкеп бердім. Тағы да басқа науқас жолдастарды жағалап көрдім...
Көңіл алабұртып, оймен дүние кезіп, түнімен ұйықтай алмай шықтым... Ертең қашпақ болып қойған Абдолла түнде ауырып қалды.
Түнімен жүрек алып-ұшып, ұшқыр көңіл ұйықтатпады. Түнімен ұшқыр қиялмен істемеген іс қалмады...
Мен елге де бардым. Жас күнімнен үйренген жерлерді, тауларды кездім. Қалың ну, шыңырау шатты, биік құзды, қиын шыңдардың бастарына шықтым. Тауларды, салаларды, ойды-қырды басқан аппақ қарлармен алысып, омбылап малтыдым. Жыныс ормандарды, бұралған көк өрім талдарды араладым. Жазғы кестелі кілем төсегендей көк жібек шөпті кең далаларды кездім. Елге барып, сағынып-сарғайған анамды көрдім. Ес білгелі құшақтап, сүйіп, еркелеп көрмеген анамды қатты құшақтап, алдында балаша еркелеп жаттым. Тағы да түрлі қиял басты билеп, ұйқы бермеді. Қашқын болып, бөтен есіммен бөтен елдерді қыдырып жүрдім. Партизандарды тауып алып, солармен бірге ақтармен аңдысып та жүрдім. Қашқын болып, өз алдыма жігіт жинап, елсізге шығып, тауға бекініп, дұшпандардан кек алып та жүрдім. Мен Түркістан бардым... Россия бардым. Совет үкіметі бар жерлерге бардым... Менің бармаған жерім жоқ... Мен іздедім, қудым бостандықты!
Ерте тұрып, қар тасушыларды тосып, тысқа бір шығып, бір кіріп жүрдім. Олар келе қоймады. Ауруларға жаңа сүт пісіріп бердім.
Отырдым. Күн жылы. Жаздың иісі шығып, көкірекке кіреді. Шырайлы қызыл күн қамауға алтын нұрын шашады. Барактың күнгей жақтарының қары жіпсіп ери бастады. Келе жатқан жазды сезіп, жүзі жылынған күнді көріп, жан-жануар шаттанған күйге түскен тәрізді.
Қар тасушылар келді. Жүрек соқты... Көкіректегі шынжырлы арыстан жұлқынды... Барып сөйлесіп, қазір жөнелмек болдым. Баракқа кірдім. Ауру жолдастарды көрдім... ішімнен бәріне қош айтып тұрдым.
Кешігіп қалған екенмін, бір жолдас келіп асықтырды. Аурудан сау жолдастармен қоштастым. Тысқа шықтым.
Шананы қоршап, күрек ұстаған жолдастар мені күтіп тұр екен. Дереу мен де шанаға жаттым... Жылдам қармен көмді. Етпетімнен жатырмын. Үстіме ауыр кесектерді бастырып салды.
Тұс-тұсымнан қамап тұрған жолдастар жалма-жан қалың мұзды, кірлі қармен мені бастырды. Мұзды, кірлі кесек иленіп жатқан қоқым кардың үстіне тақтай салып, кісі басып отырды... «Шүу», — деді. Дүрілдеп шана жөнелді. Мойнымды, шынтақтарымды, белімді қатты езіп барады. Ауыр салмақ сыртымнан нығарлап жаншып барады... Кеудемді қысып тұншықтырды. Бірақ мен көтердім, шыдадым. Барлық күшімді жинап, жауырыныммен көтеріп, екі қолымды тіреп және мойныммен көтеріп, маңдайымды тіреп жаттым... Лагерьдің үлкен қақпасы сықырлап ашылып, шана дүрілдеп лагерьден шықты...
Қапастан құтылып, жалпы бостандық, теңдікті көру үшін және өшкен үнді қайта тірілту үшін, белімді, мойнымды езген ауырлықтарға шыдадым...

XI. ҚАШЫП ШЫҚҚАН СОҢ




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет