2. Қазақстан аумағында архаикалық мәдениеттің қандай нысандары өрістеді?
3. Қазақ мәдениетінің типологиясын келтіріңіз
4. Қазақ әдеп мәдениетіндегі дәстүр мен жаңашылдық қандай қатынаста болды?
5. Қазақ мәдениетінің әдептік бастаулары немен анықталады?
Тақырып 8. XVIII ғ. – ХIХ ғ. соңы аралығындағы қазақ мәдениеті
Тақырыптың жоспары:
1.Дәстүрлі дүниетаным дағдарысы. Қазақ Ағартушылығы феномені.
2.Қазақ мәдениетіндегі «Зар заман» феномені.
3.Қазақтың қоғамдық ойы және XIX-XX ғғ. аралығында қазақ әдебиетіндегі негізгі
4.бағыттар. Қазақ зиялыларының өкілдерінің негізгі идеялары:
Дәріс:
Дәстүрлі дүниетаным дағдарысы. Қазақ Ағартушылығы феномені. Ш. Уәлиханов және оның шығармашылығы. Абай ұлы қазақ ақыны және ойшылы ретінде. Шәкәрім шығармашылығы. Ы. Алтынсарин көрнекті ағартушы және педагог ретінде. Құрманғазы, Тәттімбет, Жаяу Мұса және т.б. музыкалық шығармашылығы.
Қазақ мәдениетіндегі "Зар заман" феномені. Қазақтың қоғамдық ойы және XIX-XX ғғ. аралығында қазақ әдебиетіндегі негізгі бағыттар. Қазақ зиялыларының ірі өкілдерінің негізгі идеялары: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Т. Рысқұлов және т.б.
Сакральды (қасиетті) қазақ мәдениеті. Қазақстан аумағындағы сакральды мәдениет ескерткіштері. "Мәдени мұра" бағдарламасы.
Қазақ халқының мәдени мұрасы. XVIII-ХIХ ғғ. қазақ өнері мен әдебиеті. Қазақ өнерінің негізгі құндылықтары. XVIII-ХIХ ғғ. қазақ философиясының негізгі жетістіктері. Этникалық бірегейліктің қалыптасуы мен қазақ халқының бірігуіндегі қазақ мәдениетінің рөлі. Қазақ тілі және оның ұлттың мәдени кодын сақтаудағы рөлі. Қазақтың дәстүрлі мәдениетін заманның жаңа талаптарына сай әрі үйлесімді өзгертудің бір бағдарламасын қазақ ағартушылары негіздеген. Егер Зарзаман өкілдері ресейлік ықпалды түгелімен теріске шығарып, өткен уақыт құндылықтарын жандандыруға шақырса, қазақ ағартушылары екі Ресейді айыра білді (орыс білімділері және әкімшіл жүйе). Қазақстан мәдениетінде үлкен ұлес қосқан қазақтың алғашқы ғалымдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов орыстың әскери мектебінің түлегі еді. Алайда, Шоқанды қазақ даласында орыстандыру саясатын жүргізуші деп бағалау үстірт болады. Арғы атасы Абылайды пір тұтқан Шоқан өз халқының мәдениетін жоғарғы деңгейде көтеруге тырысты. Бұған негізгі құрал оның ағартушылық әрекеті болды.Қазақ ағартушыларына Еуропадағы ағылшын, неміс, француздардағы сияқты жалпы ортақ белгілер тән еді. Ең бастысы –ғылым мен білімді адамдарды бақытқа жеткізетін күш деп ұғыну. Алайда, қазақ ағартушыларының өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Мұның өзі Шығыс Ренессансына, тәуелсіз Қазақ хандығына және империясына құрамындағы бодан халық тағдырына қатысты.Ағартушылық мәдениеттің негізгі тетігі – адам. Шоқан сыртқы әлемге «дала адамын» түсіндіргісі келді. Осы мақсатпен ол қазақ және қырғыз халықтарының миф-аңыздарын, салт-дәстүрін, діні мен тілін зерттейді. Шоқан жазған «Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының ескі аңыз адамдары», «Қазақтардағы шамандықтың іздері», «Қашқария туралы жазулар», «Сахарадағы мұсылмандық туралы» және т.б. ғылыми еңбектерде қазақ және басқа түрік халықтарының мәдениетіне энциклоредиялық талдау берілген.Шоқанды тек қазақ ағартушысы деп шектеу жеткіліксіз. Ол шын мәнінде нағыз ренессанстық тұлға. Шоқанның бар арманы өз халқы мен төл мәдениетін, тарихын, тілін жоғары деңгейге көтеріп, жалпы адамзаттық мәдениетке тең етіп қосу болды. Осының негізгі құралы деп Ресей мәдениетін қазақ сахарасына таратуды атады. Омбыда оқып жүрген кезінен бастап-ақ Шоқан екі түрлі Ресей бар екендігін сезді: бірі – озық ойлы, адамзатты ардақтаушылар, екіншісі – отаршылдар. Шоқан патша әкімшілігінің Қазақстан туралы саясатына әр уақытта күдікпен қарады. М.Ф. Достоевскийге жазған бір хатында Шоқан, отандастарыма пайда тигізу үшін тіпті сұлтан болғым да келді дейді. Алайда, өмір шындығы оның бұл ойының қиял екендігін көрсетті. Даладағы зорлық- зомбылықты жалғыз білімді әкім жеңе алмас еді. Шоқан араласқан тағы бір мәдениеттанулық мәселе мұсылмандық туралы болды. Қазақтарды жылдам христианға айналдыра алмайтынына көздері жеткен патша әкімдері исламның өздеріне қажетті жақтарын нығайту мақсатымен далаға көптеген татар және Бұхар молдаларын жіберді. Шоқан осы саясатқа қарсы шығып, орыс-қазақ мектептерін көбірек ашуды талап етті. Бірақ бұдан Ш.Уәлиханов атеист болды және исламға қарсы күресті деген пікір тумау керек. Шоқан бұрын қазақтар арасында кең таралған тәңірілік дін және шамандықтың маңызын көре білді, исламға қарсы шығудан бас тартты; ол: «біз исламды қудалауды ұстанбаймыз, мұндай қадамдар қарама-қарсы нәтиже беруі мүмкін. Бірақ біз үкіметтің қандай да болсын білімге қарсы дінге қамқорлық жасамауын және далада ұрып-соғу мен қорқыту негізделген теологиялық заңдарды күштеп енгізбеуін сұраймыз және талап етеміз» – деп жазды. Яғни, Шоқан мұсылмандықтағы мәдени-тұтастық функцияларды көре білді. Ұлы мәдениеттердің тоғысуында дүниежүзілік діндер интеграциялық қызмет атқарады. Қысқаша айтқанда, Шоқанның қазақ мәдениетіне қосқан үлесінің негізінде Батыстың да, Шығыстың да тигізген әсері емес, өз халқының төл мәдениеті жатыр. Шоқанның өзіне сөз берелік: «Далалық орданың тұрғындары – қазақтар өздерінің моральдық қасиеті, ақыл-ой қабілеті жөнінен отырықшы татар немесе түркі шаруаларына қарағанда әлдеқайда жоғары тұр... Осынау дала көшпелілерінің ақынжанды болып келетіні мұңсыз-қамсыз болу керек немесес ұдайы ашық аспан астында, шет-шегі жоқ шүйгін дала құшағында ғұмыр кешкен соң табиғат шіркінді Тәңірі тұтқандықтан болар. Түрік атаулы халықтардың арасында өзінің ақындық қабілет-дарыны жөнінен қазақтар бірінші орында болса керек».Халықтың тәуелсіздіктен айырылып, бодан болуынан ұлттық мінезде ұнамсыз қылықтар көбейе түсіп, жасқаншақтық, “құлдық психология” пайда бола бастады. Қазақ елі осындай тұйыққа тіреліп, одан қалай шығуды білмей, болашағын ойлап, қабырғасы қайысқан кезде халқымыздың Шоқан, Ыбырай, Абай сынды асыл перзенттері ұлттық әдеп жүйесінің күрделі мәселелерін шешуге ұмтылды. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев орыс мәдениеті мен білімінен нәр алуға шақырды. Олардың арасында қазақтың дәстүрлі құқығын арнаулы зерттеген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Ол өзінің «Сол реформасы жөніндегі жазбасында» қазақтың дәстүрлі әдебіне терең талдау бере келе, оны бұрынғы заман талаптарына сәйкес болды және қоғамдық ынтымақтастықты нығайтудың басты құралы болды деді. Оның пікірінше, Ресей империясы халықтарының ішінде қазақтар жаңашылдықты қабылдауға бейім тұрады. Шоқанның айтуынша, біз жақсы деп есептейтін белгілі бір жағдайларда адам кім бола алатындығы туралы сенімді білімнің бар екендігін мойындаған кезде және адам өзі кім бола алатынымен өзі шұғылданған кезде ғана оның жаны тынышталады деп, сондай-ақ жеке тұлғалар мен мәдениеттердің түпкі этикалық мақсаттарының арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ деп, құндылықтарда мәдени өзгешеліктер өзара үйлесімді келеді, өйткені әрекет құндылықтары жөніндегі пікір өзі пайда болатын белгілі жағдайларды есепке алады, оның салдары – сол әрекеттің өзі жағдайлардың бір жиынтығына сәйкес келсе – дұрыс, ал жағдайлардың басқа бір жиынтығына қайшы келсе бұрыс болады деп мойындаған кезде ғана жақсы мен жаман, дұрыс пен бұрыс, ұнамды мен ұнамсыз нәрселер жөнінде сөз етуге болады.
Қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан тұлға – Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай халық ағарту ісінің практикалық және дидактикалық мәселелерін шешуге тікелей ат салысты, алғашқы педогогикалық оқулық «Қазақ хрестоматиясын» және қазақ балаларына орыс тілін үйретуге арналған оқу құралдарын жазды. Сонымен бірге Ыбырай қазақтың әдеби тілінің негізін салушылардың бірі және халықтың ауыз-әдебиетінің, әдет-ғұрпын зерттеуші ретінде белгілі; ол жазған қазақтардың құдалық және үйлену рәсімдері туралы, адамдарды жерлеу және еске алу салттары жөніндегі еңбектері жоғары бағаланып, 1874 жылы Ы.Алтынсарин Ресей географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің мүшесі болып қабылданды. Ыбырай өз қызметі мен шығармашылығында нағыз ағартушы бейнесінде көрінеді.Ыбырай өзінің ағартушылық қызметінде миссионерлік орыстандыру саясатын қолдаған жоқ. Ол өз халқын білімге, мәдениеттілікке шақырғанда өркениетті елдер қатарына көтерілуді армандады. Ыбырайдың миссионер еместігінің куәсі – оның атақты «Кел балалар, оқылық!» атты өлеңі. Тоталитарлық жүйе кезінде алынып тасталған бірінші жол мынадай еді:
Бір құдайға сиынып,
Кел балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Ыбырай 1884 жылы Қазан қаласында өзінің атақты «Ислам Шариаты» атты кітабын шығарды. Қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылған бұл еңбегінде ол мұсылмандықтың негізгі қағидаларын қазақ мәдениетіне шебер қоса білді. Шығыс Ренессансында қалыптасқан дін мен білімнің арасындағы үйлесімділік идеясын Ыбырай өз заманына байланысты дамыта білді. Қай дінде болсын, адамдар бір-бірін сыйлау керек делінеді, ал мәдениетсіздіктің негізгі себептеріне надандық, жалқаулық және мақтаншақтық жатқызылады. «Ендігі жерде мынадай ақылды бұлжытпай ұстаңыз, – дейді Ыбырай Н.А. Мазохинге жазған хатында, – бұл менің айтып отырған ақылым емес, атақты философ-педогог Коменскийдің ақылы. Ол кісі: «Қолындағы барын қанағат ете білетін адам, шын бақытты адам және біз өзіміздің адал тіршілігімізбен тіршілік етіп отырмыз дей алатын адам шын бақытты адам», – деген екен; ал тағы бір араб философы бақыттылық пен байлық неде дегенде – «ынсаптылықта», - деп жауап берген екен; міне осы ақылды алыңыз».
Шын мәнісінде, Шоқан мен Ыбырайдың қызметі мен шығар- машылығы кейін XX ғ. Қазақстан жеріндегі большевизмге емес, керісінше ұлт-азаттық қозғалысына демеу болды.Қазіргі қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушы – ұлы философ-ақын Абай Құнанбаев. Қазақ мәдениетінің ғасырлар бойы калыптасуында осы үдеріске сыншыл көзбен қарап, оны ақыл және жүрек таразысынан өткізетін тұлға тым қажет еді. Абай, міне осындай тұлға болды. Абай өз шығармашылығында қазақ елінің белгілі тарихи түйыққа тіреліп (бодандыққа түсіп), одан қалай шығуды білмей, болашағы туралы күдіктенген жағдайын суреттеді. Осындай шым-шытыранда ғұлама ақын таза уайым мен зарлау дәстүрінен арылып, халық өмірінің кем-кетігіне ашық көзбен қарап, оны емдеудің жолдарын көрсете білді.Абай туралы көптеген еңбектерде бір-біріне қарама-қарсы пікірлер айтылып жүр. Әсіресе, тоталитарлық жүйе кезінде Абай қазақ арасында орыс мәдениетін насихаттаушы болды, ол жер ауып келген Ресей ғұламаларының ықпалымен дәстүрлі көшпелі мәдениет құндылықтарынан бас тартты деген пікірлер жиі айтылды. Тағы бір көп тараған пікір Абайды дала феодализмімен қабаттастырып қою мен оған «діни философ», «пантеист» сияқты айдарларды тағумен байланысты.Ортағасырлық озық мәдениетінен, қалалары мен төл жазуынан айырылған халықтың бар сенімі фольклор еді. Көшпелі мәдениетке қолайлы форма – ауыз әдебиеті, ел басқарудың ұтымды түрі – билер соты. Алайда XIX ғ. екінші жартысынан бастап Қазақстанды Ресей өзінің тікелей отарына айналдырып, жаңа әкімшілік тәртібін енгізді. Қысқаша айтқанда, көшпелілік мәдениет орыс империясының әсерінен біртіндеп шайқала бастады. Қалалар салынып, фабрика мен зауыттарда қазақ жүмысшылары көбейе берді. Ресей экспансиясы қазақ сахарасындағы көне Шығыс мәдениетін ығыстыруды өзінің негізгі мақсаттарының бірі деп санады.«Абай, – дейді F. Есімов, – тұтас ел болудан қалған, отаршылық жағдайда күн кешкен қоғамда туған, оның ойшыл болып қалыптасуы XIX ғ. екінші жартысындағы қазақ халқының басынан кешкен ауыр тұрмысына сәйкес келеді. Абайды тек ақын қылмай, ойшыл гуманист дәрежесіне де көтерген осы өтпелі қоғам қайшылығы». Қазақ халқының ауыз әдебиетінен нәр алған Абай жаңа ұлттық жазба мәдениетке көшуге негіз салды.Батыс (Ресей) мен Шығыстың (Ислам) өркениеттерінің ара- сындағы Қазақстан болашаққа қарай жол іздеуге мәжбүр болды. Далалық мәдениет осы екі ағынның ортасында өзіндік ерекшеліктерін сақтауға ұмтылды. Абай орыстық білім мен техниканы насихаттағанымен, христиан дінінен қазақты аулақ болуға шақырады. Ислам – халықтық мәдениеттің тірегі, оның рухани қазығы.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Pac сөз еш уақытта жалған болмас.
Абай исламды қазақ халқына тұрақты жаңа өркениетті, жоғары имандылықты қалыптастыру құралы ретінде уағыздады. 28-сөзінде ол былай дейді: «Құдайтағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз деген, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен... Жөн, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдайтағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған акылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң діннің өзі неден болады?» Жоғарыда келтірілгеннен Абай діншіл, ескіні жақтаушы тәрізді пікірлер тумауы тиісті. Оның мұраты — парасат және мәдениетке қолдаушы болатын ислам. Абайды ағартушы діни ғұлама деп бағалаған дұрыс. Алла жаратушы болғанымен, дүниенің тұтқасы, белдігі — адам.
Сопылық бағытпен жақсы таныс Абай Алла мен Адамды қосатын күш ретінде махаббатты үсынады:
Дененің барша қуаты,
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін...
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Дәстүрлі мәдениет туралы Абай өзінің 39-сөзінде былай дейді: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуірді біржола жоғалтып алдық. Осы күндегілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік». Бұл жерде екі мінез деп Абай елдік намысты, бірлікті, өзара дау-жанжалдан аулақ болуды айтады.Осындай теріс қылықтарды атап айтқан Абай өз халқының бойындағы кемшіліктерді де көрсетеді. Бұл жерде ол «біз ең жақсы халықпыз» сияқты құр далбасалықтың орнына көршілес ұлттардың жақсы жақтарын қабылдауға шақырады: «Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп... Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари жауласпайды. Отарлық жағдайдағы дәстүрлі мәдениеттегі өзгерістер жөнінде Абай шығармашылығында көптеген құнды пікірлер айтылған. Зерттеушілер атап өткендей, өзінің жалпы мәдени ілімінде Абай үш негізге сүйенеді. Ресей арқылы қабылданатын батыстық білім, исламның жалпы өркениеттілік қағидалары және қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесі. Абай дәстүрлі әдептің басты тұлғасы – билер қызметіне жаңаша баға береді. Оның пікірінше, көшпелілер үшін сыртқы сот – билер соты қоғамдық қажеттіліктен туындайтын құбылыс. Олар оны әлеуметтік қажеттілік есебінде ғана мойындайды. Бірақ сыртқы сотты (сот үдерісін) онша «жақтыра, құптай» бермейді Оның қоғамдағы орнын амалсыз мойындайды, бірақ асыра бағаламайды. Керісінше, егер мүмкіндік болып жатса, әр адам өз ісін өзі сотсыз-ақ тікелей шешкенді қалайды. Сот тек басқа жол болмағанда (талас-дауды шешудің, бітімге келудің) ғана қолданылатын шара деп қарастырылады.Абай қазақ мәдениетіндегі теріс қылықтарды тек айыптап қана қоймай, оның себептерін де ашып көрсетеді. Абайдың түсінігі бойынша, ешбір адам туған күннен бастап қылмыскер болмайды. Олай тұжырым жасаудың ешқандай да негізі жоқ, яғни жалған. Зар заман ақындарынан Абайдың бір айырмашылығы, ол құрыған уайым мен мұңның орнына қазақ әдебінің кертартпа жақтары мен кемшіліктерін түсінетін көз ашықтық пен оларды емдеу жолдарын көрсетеді. Мәдениетті елдер қатарына қосылу үшін, дейді Абай, ең алдымен қазақ халқы төмендегідей кеселді қылықтардан құтылу керек: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» Абай өз шығармашылығында ауытқушылдықтың отаршылдық қоғамда белең алуына өз алаңдауын білдіреді. Әрине, ауытқушыл (девианттық) әрекет дәстүрлі әдепте де орын алып келген. Бірақ, жүгенсізідік пен әдепсіздік көріністері бодандық жағдайда тым көбейіп кетіп еді.Абай әдеп тақырыбын қозғағанда иман мәселесіне көп көңіл аударады және оны арлылық пен ұяттың баламалары ретінде түсіндіреді. Абай өз халқының бойындағы кісілік қасиеттермен қатар, теріс қылықтарды да қатал сынға алады:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ.., –
деген өлең жолдарында Абайдың сыни этикасы көрініс тауып тұр. Хакім 34-ші қара сөзінде «Адам баласына адам баласының бәрі – дос», – дейді. Абай қазақ этикасының түбегейлі ұстанымы – «Адам болу» талап-мұратын жоғары деңгейге қойды. Абайдың тағдыры метрополия айқындап берген жолдан басқаша болып шықты. Ол бодандық адамдық тип шеңберінен шығуға талпыныс жатады. Абай орыс білімі мен ислам дінінің қазақ қабылдаған құндылықтарын тоғыстыруға ұмтылды және осы негізде заман талаптарына сай қазақ адамын қалыптастыруға шақырды. Абай тұлғасыздандырылған еуропалық білім жүйесінің қазақ қоғамына сәйкес келмейтіндігін анық түсінді және «Адам болуды» негізгі бағдар ретінде қабылдады. Бұрынғы ислам арқылы келген шығыстық «кемел адам» ілімін Абай дәстүрлі көшпелілік кісілік қасиеттермен және еуропалық (ресейлік) біліммен органикалық түрде қосуға ұмтылды.
Абай бойынша, Алланы сүю адамды сүюге жеткізеді. Адамды Алла табиғатқа жақын етіп жаратқан. «Адамды жаратушы, – дейді ақын, – әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік? Ол көз нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып тұруы үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға беріс болу үшін кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қорғап тұруға керек болғандықтан, басқа тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса, не қоңыр, не күңгір дауыс, жақсы үн, күй, ән - ешбірінен ләззат ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не тәтті, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе?». Яғни, Абай табиғатпен үйлесімді адамды мұрат тұтқан дәстүрлі қазақ мәдениетінің ұстанымдарын қолдап шығады. Бірінші бөлімде Абайдың «Мен» және «менікінің» арасындағы айырмашылықты руханилықпен түсіндіретіні туралы жазып өткенбіз.