- хромосомалық мозаицизм — зиготаның бөлшектену сатысында митоздың дұрыс жүрмеуінен хромосомалардың дұрыс ажырамауы жүреді. Мысалы, митоздық бөлінуге түскен зиготадағы жасушалардың біріндегі 21-ші хромосоманың біреуінің түсіп қалуы салдарынан келесі бөліну хромсомалар санының ауытқуымен жүреді, мозаикалық 46/47,+21 жасуша пайда болады.
Амитоз, эндомитоз, политения Митоздық цикл негізінде жасушалардың саны өзгермей зат алмасудың қарқындылығы мен генетикалық материалдың мөлшерін арттыратын бірнеше механизмдер пайда болған. ДНҚ мен хромосомалардың екі еселенуі міндетті түрде жасушаның екіге бөлінуіне әкелмеуі мүмкін. Осының нәтижесінде хромосомалардың саны артады, бұл құбылыс – эндомитоз деп аталған. Генетикалық көзқарас бойынша, эндомитоз дегеніміз – геномдық сомалық мутация. Хромосомалардың саны сақталып, олардың құрамындағы ДНҚ көбеюімен сипатталатын келесі құбылыс – политения деп аталады. Эндомитоз бен политения тұқым қуалайтын материалдың мөлшерінің еселенуімен сипатталатын полиплоидтық жасушалардың пайда болуына әкеледі. Диплоидтық жасушаларға қарағанда, мұндай жасушаларда гендер екі немесе одан аса еселенген. Гендер санының артуына байланысты жасушаның көлемі ұлғаяды, қызмет атқару мүмкіншіліктері артады. Полиплоидизация сүтқоректілердің ағзасында жасы ұлғая келе бауыр жасушаларында байқалады.
Тікелей емес бөлінумен қатар (митоз), тікелей бөліну – амитоз бар. Оның мәні - ядроның генетикалық материалы күрделі өзгеріске ұшырамай бөлінеді. Ядроның бөлінуінен соң цитоплазма бөлінеді деп сйпатталады. Көбінесе, ядроның бөлінуін цитокинез аяқтамайды, сондықтан, амитоз нәтижесінде көп ядролы жасушалар пайда болады. Амитоз қабыну үдерісінде, ісіктерде және кейбір қарапайымдылардың бөлінуінде кездеседі.
Мейоз – жыныс бездерінде ерекше сомалық жасушалардың бөлінуінің нәтижесінде хромосомалар санының азайып (редукция) және жасушаның диплоидты жағдайынан гаплоидты жағдайына ауысуын қамтамасыз ететін бөлінудің түрі - гаметогенездің негізгі сатысының бірі. Бұл үдерісте жасушадағы ДНҚ-ның бірақ рет еселенеді де кейін екі рет бөлінеді. Мейоздың бірінші бөлінуінің профазасында транскрипция белсенді өтеді және гомологты хромосомалар арасында алмасу (кроссинговер) яғни генетикалық материалдың рекомбинациясы жүреді.
Мейоздық бөліну екі кезеңнен өтеді — мейоз I (редукциялық бөліну) және мейоз II (эквациялық бөліну). Әрбір мейоздық бөліну 4 фазадан тұрады: профаза, метафаза, анафаза және телофаза.