13. Қазіргі қазақ тіліндегі
салт-сабақты етістіктердің меңгерілуі
Барлық сөз таптарының ішінде ең көлемдісі жəне түрлі грам-
матикалық категорияларға бай сөз табы – етістік. Негізгі етістік,
көмекші етістік, шақ, рай, есімше, көсемше, салт, сабақты, жақ,
етіс категориялары етістік сөз табын қалыптастырады.
Етістіктің осы категорияларының əрқайсысы морфологиялық
та, синтаксистік те жағынан жан-жақты қарастырылуда. Əрине,
олардың морфологиялық жағынан зерттелуімен бірге, синтаксис-
тік тұрғыдан қаралуы да басты мəселе болуы тиіс.
1. Етістіктер болымды, болымсыз сөйлемдер жасауда жұм-
салады. Мысалы: а) Алуа осылайша боратып хатты жаза берді
(С. Бақбергенов). ə) Дос-жар, қонағуар үйдің іші əзірлігін жасай
бастаса да, Əбіштің бұларды шығындатқысы келмеді (М. Əуезов).
2. Сұраулы, бұйрықты сөйлемдер жасауда жұмсалады. Мыса-
лы: Тапсырманы орындап келдің бе? («Жұлдыз»).
3. Құрмалас сөйлемнің бағыныңқы, басыңқы сөйлемдерінде
жұмсалады. Мысалы: Иванов Зинаның бұншалықты неге қысыл-
346
Сөз тіркесі мен жай сөйлем
ғанын білмесе де, кітап жайындағы əңгімені бұдан артық қоз-
ғамаудың керек екенін түсінді (Ə. Нұрпейісов).
4. Сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалады. Мысалы: а) Ауыл
қыстауға қонғаннан бері Абай өзі Некрасовты ерекше пейіл бере
оқыды (М. Əуезов). (Баяндауыш). ə) Маған олардың бəрі Сар-
жанды құттықтауға келіп отырғандай көрінді (Ə. Əбішев).
(Толықтауыш.) б) Оқығанның беті жарық, оқымағанның беті
көн-шарық (Мақал). (Анықтауыш.) в) Қасындағы жолдастарына
оқтын-оқтын көз жүгіртіп, əрқайсысына бір үнсіз тесіле қарап
отырды (Ғ. Мүсірепов). (Пысықтауыш).
5. Сөз тіркесінің басыңқы сыңары ретінде жұмсалады. Даусы
дірілдеп шықса да, қатты шықты (Ə. Əбішев).
6. Оқшау сөз ретінде жұмсалады. Мысалы: Қорытып айтқан-
да, жалпы алғанда, сайып келгенде.
Біз бұл жұмыста сол етістіктердің ішінде олардың лексика-
семантикалық тобын құрайтын салт, сабақты етістігі туралы
ғана сөз етпекпіз. Етістіктердің салт, сабақты түрлері таза етістік
жағынан да көп айтылып келе жатыр. Сондықтан да қай оқулық
не жеке мақала, монографиялық еңбектерде етістіктерді салт
етістік, сабақты етістік етіп бөліп берушілік басым орын алған.
Ол дұрыс та, өйткені бір топ етістіктер тек таза объектімен ғана
сабақталып жұмсалса, енді бір топ етістіктер керісінше істің,
қозғалыстың, қимылдың əртүрлі орнын көрсетеді. Мысалы: Абай
мінезін Кəкітай топшылады (М. Əуезов) – дегендегі топшылау-
ды етістігі сабақты етістік, өйткені ол етістік тек мінезін сөзімен
тікелей байланыста жұмсалған.
Сəуірде неше түрлі жауар нөсер,
Нөсердің қуатымен жер, шөп өсер (Ы. Алтынсарин), –
дегендегі өсер етістігі салт етістік. Өйткені ол тек барыс, жатыс,
шығыс, көмектес жалғаулы сөздерді ғана керек етеді.
Етістіктердің салт, сабақты болып бөлінуін ғалымдар түр-
ліше түсіндіреді.
А. Хасенова етістіктерді бұлайша топтауды негізінде лекси-
ка-грамматикалық категория деп таниды [141, 208], ал А.Н. Ко-
нонов, М. Балақаев, А. Аманжоловтар
[142] көбіне оларды сөз
тіркесінде меңгеру, сөйлем мүшесінде толықтауыштық ыңғайда,
яғни олардың меңгеретін сөзінің ыңғайына қарай синтаксистік
категорияға жатқызады.
347
Сөз тіркесі мен жай сөйлем
Шындап келгенде, морфологияда салт, сабақты етістік дегені-
мізбен, оларды сол жеке күйінде алып қарастыра алмаймыз.
Етістікті таза сөз табы ретінде қарастырған күнде де бəрібір
оларды тіркесетін сөздерімен бірлікте ғана қарастыруға тиіс
боламыз. Сондықтан да салт, сабақты етістіктер негізінде синтак-
систе қаралуы тиіс.
Жоғарыда айтылғандай, сабақты, салт етістіктер барлық ең-
бектерде айтылып келе жатқанымен, А. Хасенова: «Жеке тілдерде
ғана емес, жалпы түркологиялық теориялық еңбектер мен та-
рихи зерттеулерге де арнайы объекті болған бұл категорияның
алдағы уақытта арнайы шешуді қажет ететін проблемалары то-
лып жатыр», – дейді. Шынында, қазіргі кездегі немесе ертедегі
ескерткіштердегі етістіктер, олардың сабақты, салт ретінде жұм-
салуында өзіндік даму процесі бар екенін анық көреміз. Осы күн-
ге дейінгі еңбектерде салт, сабақты етістік оларды топтау, сабақты
етістіктің салт етістікке ауысуы, керісінше жағдайлар, оларды
жасаудағы етістің қатысы, тіпті бір етістіктің өзі əрі сабақты, əрі
салт етістік ретінде қолданылатындығы сияқты мəселелер сөз
болуда. Дегенмен етістіктердің салт, сабақты түрлері туралы əлі
де болса шешімін таппаған кейбір жайттар бар екендігін осы
жұмыс арқылы дəлелдемекпіз.
Жалпы салт, сабақты топ негізінде морфологияда етістік сөз
табында, ал синтаксисте меңгеріле байланысқан сөз тіркестері
жəне сөйлем мүшелерінде оның ішінде толықтауыш сөйлем
мүшесінде сөз болады. Сонда етістік сөз табында салт, сабақтылық
топ бар делінсе, ал сөз тіркесінде барыс, жатыс, шығыс жəне
көмектес жалғаулы сөздерді салт етістік меңгереді де, табыс
жалғаулы сөздерді сабақты етістік меңгерді, толықтауыш сөйлем
мүшесінде де осы тұрғыда қаралады.
Барлық оқулық, жеке еңбектерде етістік салт, сабақты бола-
ды дейді де, оларға қатысты сөздерді тізіп берумен шектеледі.
Бұған қарағанда негізінде қазақ тіліндегі етістіктердің бір тобы
тек салт етістіктер, енді бір тобы тек сабақты етістіктер ғана бо-
латын сияқты. Н. Сауранбаев, Ғ. Əбухановтардың педучилищеге
арналған оқулығында етістіктер семантикасына қарай салт етіс-
тік, сабақты етістік болып бөлінетіндігі жəне сабақты етістік-
тердің салт етістікке, салт етістіктің сабақты етістікке ауысуы,
348
Сөз тіркесі мен жай сөйлем
ондағы етіс жұрнақтарының қызметі көрсетілген. Бұған қараған-
да қазіргі, бұрынғы кездегі етістіктерді үлкен екі топқа бөлуден
асып кете алмаймыз. Қазақ тіл білімінде толықтауыш жəне
меңгеріле байланысқан сөз тіркестері, олардың басыңқы сыңар-
лары етістік болып келгенде, негізінен, етістіктердің салт,
сабақты болып бөлінуі басты фактор болып табылады делінеді
жəне міндетті түрде табыс септікті немесе тура толықтауышты
сабақты етістік меңгереді, ал барыс, жатыс, шығыс жəне көмек-
тес жалғаулы сөздерді жəне жанама толықтауышты салт етістік-
тер меңгереді деп нақтылы айтылады.
Ал орыс тілі немесе түркологиялық еңбектерді шолу бары-
сында кейде меңгеріле байланысқан сөз тіркестері мен толық-
тауышты меңгеретін етістіктер туралы басқа да көзқарастарды
көруге болады.
Орыс тілінің соңғы академиялық грамматикасында
[143, 31]
бір септік жалғаулы сөздерді бір етістіктің меңгеруінде немесе
əртүрлі септіктерді бір етістік меңгереді дегенімен, сол меңге-
ретін етістіктердің салт, сабақты тобына назар аудармайды да,
қай септіктің қай сөз табынан болуын, қай мағынадағы етістік-
тердің меңгеруін сөз етеді. Ондай кезде етістіктердің салт, са-
бақты болып бөліну ерекшелігі тіпті ескерілмейді де, В.В. Ба-
байцева мен Л.Ю. Максимов еңбектерінде табыс септігі мен
тура толықтауышқа байланысты бір-ақ рет сабақты етістік ту-
ралы айтқаны болмаса, ал басқа жағдайларда сол етістіктердің
мағыналық жағына ғана назар аударады [144, 120]. Міне, осы
сияқты пікірлерді басқа да еңбектерден көруге болады [145].
Тіпті хакас тілінде етістіктерді салт, сабақты деп бөлмейді де.
Міне, бұған қарағанда, жалпы етістіктерді бұлайша бөлу туралы
түрліше көзқарастарды көруге болады. Енді қазақ тіліндегі əрбір
оқулықтағы əрі салт, əрі сабақты етістіктердің берілулеріне шолу
жасап көрелік.
Достарыңызбен бөлісу: |