І. Берілген үзіндіге төмендегідей лингвистикалық талдау жасаңыз:
1. Қазақ тілінде екпін бар ма?
2. Алғашқы сөйлемді баяу ырғақпен оқып шығып, екпін түскен буындарды анықтаңыз.
3. Дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың аккустикалық тұрғыдан айтылуында қандай айырмашылықтар бар?
4. Буын үндестігіне бағынбай тұрған сөздердің дыбыстық құрамына талдау жасаңыз.
Он сегізінші (Абай)
Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп хәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі.
Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі – бет – пішінін, сақал-мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзеп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі – атын, киімін «айран ішерін» деп, солардың арқасында сыпайы жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардың ішін күйдіріп, өзінен кейінгіге «әттең, дүние – ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» дейтұғын болмаққа ойланбақ (36 б.).
І. Берілген үзіндіге төмендегідей лингвистикалық талдау жасаңыз:
1. Шұғыл және ызың дауыссыздардың жасалуында қандай айырмашылықтар бар?
2. Алғашқы сөйлемнің құрамынан бес ызың, бес шұғыл дауыссыз дыбысы бар сөздерді теріп жазыңыз.
3. Ерін үндестігі арқылы айтылатын бірнеше сөзді көшіріп жазып, фонетикалық дыбысталуы бойынша транскрипциялаңыз.
4. Соңғы сөйлемдегі дауысты дыбыстарды жасалу жолына қарай жіктеп, талдаңыз.
Он тоғызыншы сөз (Абай)
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады.
Мұндай сөзді есіткенде жайқақтап, шалғырттанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерін қайта қайырып ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп, қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? (37-бет).
Достарыңызбен бөлісу: |