2.2 Белсенді оқыту технологиясын қолдана отырып сабақ өткізу әдіс-тәсілдері Тақырыпты ашуға арналған әдіс-тәсілдер. Бүгінгі таңда білім беру парадигмасының өзгеруіне байланысты дайын ақпаратты баяндаудан гөрі сын тұрғысынан ойлауға жетелейтін тапсырмалар арқылы сабақ тақырыбын анықтату тиімді. Сол себепті түрлі интербелсенді әдіс-тәсілдер негізінде ой тастай отырып, білім алушылардың қызығушылығын арттырып, тақырыпты, сабақта қарастырылатын мәселелерді өздеріне анықтатуға болады. Өздерінің болжамдарын сабақ соңында сұрап, қаншалықты сәйкес келгенін айттыру да белсенділікті, қызығушылықты арттырады.
Миға шабуыл.Ми штурмы (дельфи) Миға шабуыл әдісін 1941 жылы А.Ф. Осборн ұсынған болатын. Әуел баста жарнамалық бизнесте қол данылған бұл әдіс адамның шығармашылық ойлауына қозғау салу мақсатын көздеген еді. Бұл әдістің негізгі міндеттері:
- мүмкіндігінше көп идеяларды жинақтау;
- ғылыми немесе оқуға қатысты мәселелерді шешу;
- студенттердің шығармашылық ойлауын дамыту;
- ынтымақтастықты арттыру.
Миға шабуыл – топ мүшелерінің белгілі бір тақырып бойынша белсенді жұмыс істей отырып, соған қатысты айтылған идеяларын өз ішінде талқылап, ортақ келісімге келгендерін негіздеп жазып ұсыну әрекеті. Бұл әрекет жүргізуші тарапынан нақты белгіленген уақыт көлемінде орындалуы шарт. Әсіресе жаңа тақырып өтер алдында қолданған тиімді. Тақырыпты атап, соған байланысты қандай ақпарат білетінін, нендей ұсыныс, идея айта алатындарын сұрауға болады. Осылай сұрау арқылы тақырыпқа байланысты нені білетіндерін, нені білмейтіндерін анықтап алуда тиімді. Сосын барып олар үшін тың ақпараттан бастап мәлімет беруге қолайлы болады. Ал білетін мәселені қайта қайталаудың қажеті болмас.
«Миға шабуыл» әдісін қолдану ережелері:
- миға шабуыл барысында идеяларды сынамаңыз, бағаламаңыз, талқыламаңыз және қорғамаңыз. Топ ішіндегі жұмыс барысында Сіз тек: «Бұл керемет идея екен?», деп қана айта аласыз, ал жеке-дара жұмыс жасағанда өз өзіңізге тым сыни көзбен қарамаңыз. Өзіңізді-өзіңіз сынауыңыз креативтікпен жанаспайды әрі жолыңызда түрлі кедергілер келтіреді;
- топ мүшелері мейлі ол қандай болсын, әйтеуір ойларына келген кез келген идеялардың, шешімдердің, мысалдардың барлығын ортаға тастауы қажет. Әрбір идея толық айтылуы тиіс. Келесі кезеңде жаңа идеяларды ойлап тапқанша, айтылғандарды електен өткізіп, ішінен ең ақылға сыйымдысын таңдау оңай болады;
- бұл кезеңде идеялардың сапасынан гөрі санының көп болуына назар аударылады. Идеялар саны көп болған сайын, олардың ішінен ең орынды болады дегендеріне сенімділік те арта түседі. Егер жеке-дара жұмыс жасаған болсаңыз, өз ой-пікірлеріңізді қағазға түртіп жазып отырыңыз;
- айтылғандардың ішінен енді өзге жаңа идеяларды ажыратып аласыз. Оларға түсінік беру мен түзетулер енгізуде шығармашылық шабыт қажет. Топ мүшелерінің қай қайсысы да идеяларды жетілдіруге, басқа нұсқаларын ұсынуға құқылы. Сондықтан қолыңызда бар идеяларды тағы бір екшеп қарау артық болмайды, мүмкін олар тағы да бір жаңа идеялардың тууына алғышарт қалыптастыруы ғажап емес.
Кезеңдері:
- мақсатты анықтау (сізді не қызықтырады: көпшілік алдындағы сөздің идеялары ма, әлде белгілі бір мәселені шешу қамтыла ма, әлде тақырып па?…);
- қатысушыларды өз идеяларын айтуға үндеу (көпшілікпен жұмыс жағдайында әр қатысушы кезекпен бір идеядан ұсынуы керек, ал топтық жұмыста әр топтан бірнеше идея қатар ұсынылады);
- әрбір идеяны тақтаға (флипчартқа) жазып отыру;
- басқалардың идеяларын жетілдіру мақсатында қолдану;
- идеялардың бірін-бірі қайталамайтындай анық әрі дұрыс құрастырылуын, қайталанбауын қадағалау; ☺ идеяларды жіктеп, жинақтап топтастыру. «Миға шабуыл» соңында жеке адам немесе топтар айтылған ойлардан жалпы қорытынды жасау үшін үдерістің нәтижесін қарастырады. Бұл әдіс даулы мәселелерді талқылау, пікірталасқа қатысуға онша сенімді емес қатысушыларды ынталандыру, қысқа мерзім ішінде идеяны көптеп жинау, аудиторияның тақырып бойынша білімін анықтауда тиімді [10].