Түркі академиясы халықаралық Ұйымы йүСҮП ҰЛЫҚ хас-хажиб баласағҰНИ


Өгдүлміштің патшаға [берген] жауабы



Pdf көрінісі
бет69/139
Дата03.10.2023
өлшемі1,36 Mb.
#112851
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   139
Өгдүлміштің патшаға [берген] жауабы
Айтты Өгдүлміш: «Патшам, ині солай-ды:
Не де болса, хат жазғаның қолай-ды!
Ұстамды елші шындық сөзден танбайды,
Хат болмаса, шіркін, көңіл нанбайды.
Кісіге хат – куәлік қой, ойланың,
Ол кеседі жолын амал-айланың.
Айтты патша: «Осы болса қостарың,
Хат жазайын ашып сөздің астарын.
3810. Хат жазайын: хаттың аты – хат қана,
Хатқа сенбе, ойы тетік, ей, дана!
Не қыласың – сөйле оған «жетед!» деп,
Шақыр оны, әкел мұнда жетектеп!» 
Патшаның Оғдұрмышқа [екінші рет] хат жіберуі
Енді патша дәуіт, қағаз қалап ап,
Жазды хатын өз қолыңа қалам ап.
Сөз бастады атын атап Иенің,
«Жаратқанға, – деді, – басты иемін!


319
Бір Аллаға мақтау сөз бар мыңдаған,
Тура, қисық – бәрі Алланы тыңдаған.
3815. Ол – пәк, таза, кім бар оған соқтығар:
Бар нәрсені жоқ қылады, жоқты – бар.
Бар көңілмен таны Алланы, осы – игің,
Ғибадат қыл шын жүректен, бас игін!
Не қаласа – тілегіне жетеді ол,
Не «бол!» десе – бәрін солай етеді ол.
Бар тіріге ризығын О берді,
Өмірге орай өлімін де жіберді.
Жақсы, жаман атақ берер кісіге,
Жол көрсетер үлкенге де кішіге.
3820. Ісі Алланың ешбір ойға сыймайды,
Алла әмірін ешкім әсте тыймайды.
Пайғамбарға – сәлем түмен мыңдаған,
Жеткер, Алла, осы сөзім – сын маған!
Достарына – сәлем, құрмет қылайын,
Аллам оны жеткерсін де ылайым!
Саған, данам, жүз мың сәлем – ұғарсың,
Бәрін түгел түсінетін шығарсың.
Көңіл сұрап тағы да хат жібердім,
Жайың қалай, күшінде ме жігерің?
3825. Мен жібердім туысыңды тағы да,
Шақырамын – келсең – елдің бағы да!
Сен келуді, сірә, «жөн» деп санамай,
Жүрсің, міне, құзырыма жанамай.


320
Сен хатыма жаздың жауап қолайтты,
Болған сөзді туысың да мол айтты.
Хатты оқыдым, ұқтым сөздің салмағын,
Сөзді тыңда, – сөзбұйдаға салмағын!
Сөз жазып ем тәттірек қып шекерден,
Удан ащы жауап алдым бекер мен!
3830. Тыңда және – белгілі ғой не дерім, 
Ал ойыңа осы сөзді, ей, ерім!
Дін жолына тым беріліп барасың, 
Заһид болып кезіп таудың арасын.
Көтерілді содан сенің беделің, 
Атағыңды ду көтерді көп елің.
Ғибадат қып атың кетті қиянға, 
Бір күндері қалма содан зиянға.
Табынғаның ел көзіне ілінер, – 
Ғибадаттың негізі де бүлінер.
3835. Бір Аллаға табынады жасырын,
Оны істеген ашпайды елге, жә, сырын.
Сақтар Құдай әр кез құлын – сүйгенін, 
Пәнде білмес оның ойға түйгенін.
Сен бері кел, жүре бермей қара бас, 
Елде жаса, жұртпен жүріп аралас.
Дүние тап, өзіңді бақ, күтін де,
Ашты тойдыр, жалаңашты бүтінде.
Кісі игісі ақ ұстаса ниетін, –
Екі өмірде табар жейтін, киетін.


321
3840. Тыңдашы өзің, маған келмей жүр едің,
Дана сөзін пәк ұстаған жүрегін*:
«Игі адам да мал жиюдан тайынбас,
Екі өмірден табар киім, дайын ас.
Басқа бейнет, аздыратын адамды,
Артық жиған малдан рух байымас!» 
Хақтың құлын жарылқа сен, өрелім,
Пайдалы ерді «нағыз жігіт!» дер едім.
Мұсылмандар жайын ойлап «аһ!» ұрам,
Соның үшін зорлап сені шақырам!
Кел осында, керек іске жарағын,
Пайдасы жоқ кісі – өлік қой қарағын!
Кісі ме сол – құр бас қамын жегендер?
Сол кісі ғой – «ел пайдасы» дегендер.
3845. Сақи емес – нәрсе беріп тұрғандық,
Сол ғой сақи – қылса жанын құрбандық.
Тасбауыр жан – жеке жүріп күн көрген,
Со бауырмал – ел қамын жеп күнде өрген.
«Кісі игісі, – дейді, – көңіл толғандай!» 
Ей, білімдар, айтшы, қане, ол қандай?
«Игі кісі» – дейді сірә, ол қандай,
Қайғы-мұңға ем мен дару болғандай?
Ей, ізгі жан, жидың білім үйіп бір,
Бұ сөзімді ал зердеңе түйіп бір!
3850. Шын ба сөзім? – өзің байқа өрнегін,
Мұнда кел де, көкіректі кермегін!


322
Сөзден ұзақ адам, сірә, жалығар,
Ақылды адам аз сөйлер де дәл ұғар.
Жетер енді, айта беріп бола ма?
Ес, білімді ұзақ сөзге балама!
Қалған сөзді қосатұғын хатқа бұл,
Айтады ғой туысқаның жатқа бұл!» 
Орап, байлап, ол бітірді бір хатты,
Қалам жуды, хатты әуелі құрғатты*.
3855. Патша ұсынды хатқа тамға басты да,
Алды Өгдүлміш екі қолын тосты да.
«Берік боп тұр! – деді, – керек ісіне,
Шақыр оны, келтір елдің ішіне!
Мұнда келіп жайласын ел арасын,
Не қаласа – мен көрейін шарасын!» 
Айтты Өгдүлміш «мақұл!» – деді ел баяу,
Тысқа шығып, қайтты үйіне ол жаяу.
Жетті, түсті, үйге кіріп жайғасып,
Ішті, жеді, жатты біраз ой басып...
3860. Жасырды жүз күн де – қызы Румның,
Басты әлемнің зәңгі жүзі құрымның.
Көк қарайды қарақұстың түрімен,
Әлем толды сол қарақұс жүнімен.
Сұрап төсек, жатты ойланып өзінше,
Не айтарын туысының көзінше.
Ол оянды біраз ғана ұйықтап,
Түнді алыпты қара көмір тұйықтап.


323
Көтерілді, күн сөулесі тарады,
Нұрлы жүзі күлім қағып қарады.
3865. Ұйқы қашты, түрегеліп жүрді енді,
Қараңғы түн ол да етегін түрді енді.
Таң намазын қылды тұрып, жуынып,
Оқып дұға, жиналды бел буынып.
Ат әкелді – қосшы бала тездетті,
Жолға аттанып, күлімсіреп тез кетті.
Келді таяу тоқтап жолдың үстіне,
Дұға қылды, ол атынан түсті де.
Қақпаны кеп ақырын жай ұрды енді,
Туысқаны есік ашып тұрды енді.
3870. Қолын алып, ой толқындап ұшты да,
Төрден орын берді, сүйіп-құшты да.
Деді: «Өзіңе бейнет алдың сен тілеп,
Айтшы маған – неге келдің тентіреп?
Кесіп айттым – естіп, айыл жимайсың,
Мені күштеп осы неге қинайсың?
Жақсы, жаман талай жұртты сынаған,
Бір тәлімгер депті – қара мынаған:
«Сынау үшін бір қараған жетеді,
Сүйер, сүймес – бір ауыз сөз жетеді.
3875. Бақыр, алтын – ажырата білмесе,
Сыр тасымен бір сүйкесе, жетеді!»*
Деді Өгдүлміш: «Айттың сөздің сарасын,
Баспа ашуға, салма көңіл жарасын!


324
Мен апардым патшамызға хатыңды,
Айттым сөз қып сен сұраған датыңды.
О хатыңа жауап берді бұ сынды!» –
Хат шығарып, туысына ұсынды.
Хатты Одғұрмыш ашып қарап ол тұрды,
Оқып шығып, ой көкейін толтырды.
3880. Деді өзінше: «Туыс жолға жиналып,
Мені неге қатты іздейді қиналып?» 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   139




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет