Түркі дүниесі мифологиясына ортақ кейіпкерлер


ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНА ОРТАҚ КӨКБӨРІНІҢ МИФОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ



бет16/20
Дата24.09.2024
өлшемі1,41 Mb.
#145448
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20
Байланысты:
stud.kz-68700 (копия)

2.2. ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНА ОРТАҚ КӨКБӨРІНІҢ МИФОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ

Орталық Азия халықтарына ата-тегін білу бағзы заманнан бері келе жатқан түркі халықтарына тән құбылыс. Олар бір аңды олар өздерінің арғы тегі деп санайды, яғни сол жануарлардан тарадық деген ұғым бар. Мәселен, тибеттіктер өздерінің ата-тегін еркек маймыл және ұрғашы ракшасадан (орман перісі) таратады; моңғолдар өздерін көк бөрі және маралдан талдық деп санайды; телестіктер де қасқырдан және ғұн патшасының қызынан тараймыз дейді; ал түріктер – ғұн бекзадасы мен қаншық қасқырдан тарағанбыз деп келеді. Яғни көкбөріден таралдық деген осыбір ататектен таратудан басталған. Мұндағы «Көк бөрі» сөзі азулы, адуынды деген мағынаны білдіреді.


Көк бөрі – түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. «Қасқырды түркілер «бөрі» дейді (моңғолша – шино/чинно). Көне түркілер қасқырды Көк Құрт деп те атаған. Көк дегеніміз – көк түс, көк аспан. Ал, түріктің «құрт» дегені қазақтың «құртылу» деген сөзінің түбірі. Демек, көк бөрі түркілердің тайпасын ажалдан аман алып қалған, көк аспандағы Көк Тәңірісінің өзі жіберген ерекше қасиетті жануар». [37,480б.]
М. Жармұхамедов «Оғызнама» дастанында «көк» сөзі айрықша жиі қолданылып, бір – бірінен алшақ үш түрлі мәнге ие болып тұр дейді. Олар:
А) Заттың сын – сипатын білдіретін кәдімгі «эпитет» түрінде («өң – шырыйы көк еді», «көк жарық түсті», «жарық айнадан көгілдірек», «көзі көктен көгірек», «көк бөрі», «көкжал арлан»)
Б) Белгілі бір заттың не кісінің тікелей аты («көк шатырымыз болсын», «оқты көкке атыңдар», «Көк – Оғыздың ұлының аты»)

  1. В) Жаратушы, әмірі күшті Алла («көк тәңірі», «көктен көк жарық түсті», «қыз күлсе, көк тәңірі» мағынасында «тәңірі күлер еді, жыласа көк тәңірі жылар еді», «көк тәңірге мен өтемін») [57,54б.]

Қасқырдың ең басты ерекшелігі – ешқашан да үйретуге, қолға ұстауға көнбейді. Адамзат баласы сияқты үстемдіктің, баса көктеудің кез келген түріне мойынсұнбайды. Турасын айтқанда, хайуанаттардың ішінде ешкімге бас имейтін тәккаппар аң. «Қасқыр байлағанға, шошқа айдағанға көнбес» деген содан шыққан болар. Қасқырдың еркіндік сүйгіштігі, арланға тән кекшілдігі, өрлігі мен қайраты түркі халқын өздерін көкбөріден жаралдық деуіне бірден бір айғақ болды.
Түркі халықтарының генеологиялық мифологиясында халықты жау қоршауынан құтқаратын да, жорықтарда қол бастайтын да, дәрменсіз сәбилерді асырайтын да көк бөрі, не көк қаншық қасқыр деп бейнеленеді.
Ал адамзат баласына жәрдем етіп, үнемі достық қарым-қатынасты сақтайтын, қысылғанда көмекке келетін қасқырлар – ақ қасқырлар. Олар қасқыр кейіпінде өмір сүргенмен адам бейнесіне ауыса алады. Адам болғанда да сұлу қызға, келісті жігітке айналады. «Қасқыр мен жігіт», «Ақ қасқырлар» ертегілерінде бас қаһарманға көмектесетін де, жануарлар дүниесінде ойлы шешімдерге келетін де осы ақ қасқырлар.
Түркі халықтарының мифтерінде «Көк бөрі – көк аспандағы Көк Тәңірісінің өзі жіберген, түріктер тайпасын ажалдан аман алып қалған құтқарушы, ерекше қасиетті аң...» – деген аңыз жиі ұшырасады.
Көк бөріге қатысты әңгімелер ежелгі үйсін, түркі және монғол аңыздарында кездеседі. Көк бөрі туралы аңыздардың қытай тіліндегі жылнамаларында сақталып қалған деректерде былай суреттеледі: «Бір халық жаугершілік заманда қырылған екен. Бетпақ дала ішінде аяқ – қолы шабылып жараланған он жасар бала ғана тірі қалғандығы айтылады. Ол балаға бір қаншық қасқыр жолығып, емізіп, қанын тоқтатып, жарасын жалап жазып алады.
Бала есейгенше сол қасқырмен бірге тұрған деседі. Кейін жаулар бала жігітті тауып алып, өлтіргенше буаз қасқыр Гауачан тауының терістігіндегі бір үңгірге барып жасырыныпты. Қаншық қасқыр осы үңгірде 10 бала босанады. Он ұл есейіп, үйленіп, көбейіп үлкен елге айналыпты – мыс. Он ұлының ең күштісінің Ашшина есімі олардың жалпы атына айналыпты, кейін халық үңгірге сыймайтын болған кезде Ашшинаның ұрпағы Асянь – Шад деген елбасы халықты үңгірден шығарып, олар түрік деген атпен Алтайды қоныс еткен. [ 58,185б.]
Н.Келімбетов бұл турасында былай дейді: «Енді «көк бөрі» аңыздарының шындығы қайсы десеңіз, б.з.V ғасырының бес жүз үйлі бөрі тайпасы Сарыжазық дейтін өз мекенінен көшіп, Алтайдың оңтүстігіне барып қоныстанады. Бұл заманымыздың 439 жылы болатын. Елді бастап барған бектің аты – Түркіт екен. «Түркіт» - «дулыға» деген сөз – күшті, ержүрек мағынасында айтылады. Түріктер сол заманда – ақ темір қорыта білген. Темірден қару – жарақ, қажетті бұйымдар жасаған. «Көк бөрі» аңызы осындай тарихи оқиғалардың елесі болуы мүмкін. [6,158б.]
Түрік тайпалары ежелден өз туына бөрінің бейнесін тоқып салатын, соғысқа шыққанда атының басына бөрінің бас терісін қаптап салатын болған. Қасқырдың төтемдік рөлінің түркі халықтарының танымындағы орны ерекше. Сонау 535 жылы Ергене Күнде көтерілген Алтын бөрі бас ту мен Бөрі (Көк бөрі) деп шақырған ұран олардың ұрпақтарымен тарих көші соқпағында кешегі ХІХ ғасырға дейін тозбай, өшпей бірге келді.
Осы тұрғыдан алғанда, С.К.Игiбаевтiң «Түркі қағанатының құрылуы және оның күйреуі» атты еңбегi осы бостықтың орынын толтыруға қызмет ететiн тың iзденістің жемiсi деп есептеймiн. Ол бұдан бұрынғы ғалымдар еңбегiн саралай отырып, түркi қағанатының қалыптасуы мен түркiлердiң этникалық тегi, Қытайдың Таң империясымен болған байланысы, кейiн келе Түркi қағанатының орынында пайда болған өзге де қағанаттар туралы тың ойларын, ғылыми дәлелдерiн ортаға салады. Әсiресе, автордың Н.Я.Бичурин мен Л.Н.Гумилев еңбектерiне сiлтеме жасай отырып, олар тарапынан жiберiлген қателер, атап айтқанда, түркi халқы мен олардың билеушi тайпасы ашиналар монғол тiлдес болған, монғол тiлiнiң басқа диалектiсiнде сөйлеген деген пiкiрлерiне тойтарыс береді. Түркiлердiң ата-бабасы ғұндардың да, телестердiң де түркі тiлдес этнос болғандығын бұлтартпас фактiлермен делелдейдi.
Мына төмендегі аңызда Оғыз қаған жыры туралы бейнеленеді.
Күндерде бір күні Айқаған деген анадан еркек бала туады. Оның шырайы көк, аузы оттай қызыл, көздері қаракер, шашы мен қасы қара болатын. Ол анасының омырауынан бір – ақ рет емеді де, шикі ет, тамақ сұрайды. Тез тілі шығып, қырық күнде жүріп, ойнауға жарайды. Бөрі белді, бұлғын жаурынды, аю кеуделі, өгіз аяқты болады. Өсіп – жетіледі. Сол маңда үлкен орман бар еді. Онда бір Қат дейтін жалмауыз аң пайда болып, ел – жұртты жеп қояды екен. Оны аулауға Оғыз қаған шығанды. Орманға барады да, бір бұғыны ұстап алып, талдың шыбығымен ағашқа байлап кетеді. Ертеңіне қайтып келсе, Қат бұғыны жеп қойыпты. Енді бір аюды ұстап алып, алтын белбеумен байлап кетеді. Оны да жеп қояды. Одан кейін өзі кеп тұрады. Қат келіп мүйізімен ұрғанда, найзамен түйреп, қылышпен басын шауып алады.
Бір күні Оғыз қаған ел – жұртына жарлық шашып, той жасайды. Тойдан соң, Көк бөріні ұран етіп, дүниенің төрт бұрышына қаған болмақ ойы бар екенін айтады. Оң жағындағы Алтын хан бірден бағынады. Сол жақтағы Үрім хан: «Сөзін қабылдамаймын. Тұрысамын!» - дейді.
Оғыз қаған Үрім ханға қарсы аттанады. Қырық күн өткенде Мұзтаудың түбіне келген соң, шатырын түсіріп, ұйықтап кетеді. Таңертең шатырға күндей жарық түсіп, жарықтан Көкжал бөрі шығып, Оғыз әскерлеріне жол сілтеп, Еділге келгенде тоқтайды. Осы жерде жеңіске жетеді. [59,68б.]
1968 жылы Моңғолиядағы Бұғыты деген жерден табылған ескерткішке зер салсақ, онда аяқ-қолы кесілген адамның қасында тұрған қасқырдың бейнесі бар екен. Ал ол ескерткіш – Түрік қағанатының алғашқы кезеңін бейнелейтін тақтаға соғда тілімен жазылған эпиграфиялық ескерткіш.
Қытай жылнамашылары Бей-ши және Суй-шилердің айтуынша түріктердің арғы тегі батыс теңізінің жағалауында өмір сүрген ғұн тайпасының Ашин атты ақсүйек руынан шыққан-мыс. Бірде көрші рудың адамдары бұларды бірін қалдырмай қырып кеткен. Тек жалғыз ғана тоғыз жасар ұлдың қол-аяғын бірдей кесіп, азаппен өлсін дегендей өзін көл жағасындағы қалың қамыстың арасына тастап кетеді. Оны қаншық қасқыр тауып алып, асырап, ақырында оның балаларының анасы болады.
Жаулардан қашып сол бөрі Алтай тауының аяқ баспас үңгіріне жасырынып, сол апанда он ұл табады. Ендігі бір қисында қаншық қасқыр Тұрфанның теріскейіндегі Шығыс Тянь-Шянь тауларына тығылған дейді. Сөйтіп, оның ұлдарының бәрі Тұрфанның қыздарын таңдаған. Ал Ашинның немересі сол тайпаның көсемі болған. Ашина деген сөз «мейірімді бөрі» дегенді білдіреді. Өздерінің арғы анасы Ашинаға көрсетілген құрмет-парыз ретінде олар өз руының туына бөрінің басын бейнелеген. [38,350б.]
Н. Бичуриннің қытай жылнамаларынан келтірген ендігі бір аңызында Ғұн көсемінің асқан сұлу екі қызы болыпты. Мұндай сұлуларға ешқандай адам баласын лайық көрмеген көсем, олар өздерін аспан көкке арнасын деп қыздарына көк аспанмен таласқан зәулім қамал-мұнара салғызады. Төрт жылдан кейін бір қасқыр келіп қамалдың түбін қазып ішке кіріп, сонда тұра бастайды.
Көсемнің кіші қызы мұны көріп, оған төменге түсіп барғысы келеді. «Көк аспанмен байланыссын деп атамыз бізді осынау мұнараға әкелді. Ал бізге бөрі келіп тұр. Мүмкін тағдырдың сыйлаған бақыты осы болар?» Сөйтіп қыз төменге түсіп, қасқырға келеді. Оған күйеуге шығып, қасқырға ұл тауып береді. Олардың өсіп-өнген ұрпақтары түгелдей патшалықты құрайды. «Неліктен екенін қайдам, әйтеуір, мұндағы адамдар дауысын ұзақ созып, қасқырдың ұлығаны сияқты әуенге салғанды жақсы көреді». [60,114б.]
Жер шарының басқа аймақтарында да, мысалы Камчаткада да кейбір аңыздарда әйелдің бөрімен байланысы туралы айтылады. Аңызға қарағанда олардан дүниеге егіз бала келеді. Қазіргі арал тұрғындарының арғы тегі солардан тараған дейді. Көктем шыға Камчаткада олардың құрметіне үлкен мереке болады. Сабаннан бөрінің мүсінін жасап, оны айнала ән салып, би билейді. Содан соң араларындағы ең сұлу қызды таңдап алып, шартты түрде оны «бөріге» күйеуге берген тойын қызықтайды. [41,288б.]
Қасқырдың құтқарушылық қызметі көне түріктердің көптеген аңыздары мен жазбаша ескерткіштерінде көрініс тапқан.
«Оғызнама» эпосында Оғыз қаған жорыққа шығар алдында өзінің тайпаластарына мынадай жалынды сөздерін арнайды: «Мен сіздердің қағандарың болдым. Қолдарыңа қалқан мен садақ алыңдар, ол сіздерге «игілік» таңбасы болсын, «Көк бөрі» ұранымыз болсын!». [59,153б.]
«Ергенекон» эпосында көк түріктер татарлардан жеңіліп, Ильханның екі ұлы – Қиян мен Ноғыздан басқаларының бәрі қырылады. Жаудан қашқан ағайындылар өз жұртынан да, жаулардан да аулақ тау арасына келіп жасырынбақ болады. Жолда оларға ұрғашы марал жолығып, оларды тау арасындағы жазыққа бастап барады. Жан-жақты жете барлаған Қиян мен Ноғыз бұл жерге өздерінен басқа жан адамның аяқ баспағанына көздері жетіп, қуанғаннан құдайға сиынып, осы жерге мекен тебеді. Содан 400 жыл бойы көк түріктер осында өніп-өседі. Жан-жағын тау қоршаған бұл жазықтың өзі де енді көк бөрілерге тарлық етеді. Сонда олар тау арасына тығылмай енді бабаларының туған жерін табуға бекінеді. Олар тау арасында адасып көп жүреді, оларды тек ғайыптан пайда болғандай көкжал бөрі ғана жолға салады.
Татар аңызы да қызықты. Ерте заманда тау мен орман арасында көшіп жүрген татарлар жаудың қоршауына тап болып, қырылуға шақ қалғанда бұларды ғайыптан пайда болған ақ қасқыр келіп құтқарады. [61,54б.]
Хакастың «Албынжы» эпосында Ах пуур (Ақ бөрі) – Албынжы батырдың сенімді серігі болады. Алтайлықтардың «Ақ Тойчы» атты батырлық эпосында да ақ бөрі Ақ Тойчы батырдың сенімді серігі болып көрсетіледі. [62,260б.]
Башқұрт халқының атауы да бөріге табынудан шыққан. Башқыр, Башқорт деген атау сөзбе – сөз алғанда «Бас бөрі», «Арлан бөрі», қасқыр үйірін бастап алда жүретін «Көкжал бөрі» деген ұғымды білдіреді. [63,142б.]
Қырғыз дастарында ең даңқты батырларды «Көкжал бөрілер» деп атаған.
Қырғыздың «Манас» эпосында «Менің көк бөрі сұлтаным» деген тіркес жиі кездеседі. Манас ханның өзі туралы:
Манас білген бәрін де,
Саққұлақ көкжал бөрідей, – дейді. [15,164б.]
Ең өжет, ең жүректі, ең батыл адамдарды Әзербайжандар «қасқырдың жүрегін жұтқан», «бөрінің ұлы» деп дәріптейді. Гөөк бөри деген есім мұнда кең тараған. [42,419б.]
«Қорқыт ата кітабі» дейтін атақты эпоста оның кейіпкерлерінің өмірінде қасиетті қасқырдың маңызы зор екені атап айтылған. [64,128б.]
Бөрі атаулы саха бақсылары табынатын ең қасиетті жануар. Саханың аңыз-ертегілеріндегі желеп-жебеуші рухтың тоғыз ұлы – қасқырларға ұқсас.[65,241б.]
Жазбаша деректерге қарағанда өздерін осы көне тотемнен шықтық деп есептейтін Половшылар – (қыпшақтар мен құмандар, яғни далалықтар) ордасы да бөріге табынған. Орданың ханы Боняктың өзі осы қасиетті табынудың бас абызы болған.
Қасқырды киелі деп табыну қазақ бақсыларының арасында да сақталған. Жебеушісін шақырып бақсылық өнерінің шыңына жеткен арпалыста көмекке көкжал бөрінің енесі қаншық қасқырды, алты қарыс аш қасқырды, азуы өткір, ашулы жас қасқырды шақырады.
Жоңғарларға қарсы жорықта даңқы шыққан Жәнібек ханның бөрі басы тігілген туы жау келердің алдында дүрілдеп, немесе ерекше дыбыс шығарып, алда болар айқасты білдіріп отырған.
Өзбектер мен түрікмендерде мен той үстінде «Гөөк бөріге» қыз ұзату салты да сол тотемге табынудан шыққан және дүниеге мықты ұрпақ келтіру мақсатын көздеген. [66,320б.]
Қасқырға байланысты түркі халықтарында түрлі ырымдар бар. Мәселен, қасқырдың азу тісі түріктерге тұмар болған, ал қазақтар оны малды аман сақтайды деп, жаңа қонысқа іліп қойған. Қасқырдың азуы мен тырнағын, жалы мен құйрық жүнін жас нәрестені көз тиуден сақтайды деп бесік арқасына ілген. Ол әлі күнге дейін ересектер мен балалар киімінде түрлі формада көрініс тауып жүр.
Түрік қағанаты кезінен қалған мынадай салт-үрдістер бар екен. Мәселен, қытайлармен соғысқанда түрік, жужан, хұнн тайпалары аттың басына қасқыр басын кигізіп алатын болған. «Оғызнама» аңызында Оғызхан соғысқа аттанса, оның әскерін көкжал бөрі бастап отырған. Жер шарының басқа аймақтарында да, мысалы, Камчаткада да кейбір аңыздарда әйелдің бөрімен байланысы туралы айтылады. Қазіргі сол арал тұрғындарының арғы тегі солардан тараған дейді. Көктем шыққанда Камчаткада олардың құрметіне үлкен мереке болады. Сабаннан бөрінің мүсінін жасап, мүсінді айнала ән салып, би билейді. Содан соң аралдарындағы ең сұлу қызды таңдап алып, шартты түрде оны «бөріге» күйеуге беріп, «той» жасайды екен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет