САМҰРЫҚ ҚҰСТЫҢ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ МИФОЛОГИЯСЫНДАҒЫ БЕЙНЕСІ
Түркі мифологиясында көп кездесетін кейіпкерлерінің бірі – Самұрық құсы. Ол мифологияда қаһарманға қол ұшын беруші, оған көмекші ретінде алынып ылғи да жағымды жағымен суреттеледі. Түркі мифологиясына тән қасиеттердің бірі – басты кейіпкер жер астынан жер үстіне шығу үшін немесе аспан әлемін шарлау керек болса Самұрық құс көмекке келеді де батыр Самұрық құсы арқылы жер бетіне шығады, т.б.. Сондай-ақ мифологиядағы Самұрық құстың ұясы (мекені) алып бәйтеректің басына орналасқан. Арып-ашып келе жатқан қаһарман айдалада немесе дарияның жағасында, жер астында өсіп тұрған жалғыз бәйтерекке тап болады. Сол жерде батыр ағаштың төбесіндегі Алып Қарақұстың немесе Самұрықтың ұяда қалған балапандарын жұтқалы бара жатқан айдаһарды өлтіріп, оларды ажалдан аман алып қалады. Осы жасаған жақсылығы үшін Самұрық құс жігітпен дос болады. Қаһарманды қанатына мінгізіп алып жат сырлы дүниеге жеткізіп салады немесе жер астынан жер үстіне алып шығады. Бұл көптеген түркі халықтарының ертегілерінде кездесетін ортақ сюжет.
Самұрық құстың тағы бір ерекше қасиеті – оның емшілігі, батырдың зақымданған денесін ол қас-қағым сәтте-ақ жазып жібереді. Кейде кейіпкерді жұтып жіберіп, қайта құсқан кезде жігітті танымастай етіп өзгертіп, оның күшіне күш қосады. Қаһарман шарасыз жағдайға душар болған сәтінде Самұрық құс берген қауырсынды тұтатады да одан көмек сұрайды. Самұрық құсқа байланысты негізделген осындай сюжеттерден-ақ көп нәрселерді аңғаруға болады.
Ал осы Самұрық құс тек қазақ халық мифологиясында ғана емес, Шығыс елдерінің көпшілігінің мифологиясы мен мифтерінде кездесіп отырады. Алайда, сол кейіпкерлер қай халықтың мифологиясында кездескенімен өзгеріске ұшырамай тұрмайды. Мысалы, арабтардың «Мың бір түн» мифологиясында осы Самұрық құс бейнесін құмырадан шыққан жын немесе ұшатын дәулер айырбастайды. Тағы бір ескере кетер нәрсе көптеген халықтардың Түркі мифологиясында кездесетін осы Самұрық құстың образы, сол халықтың ерекшелігіне, өзіндік болмысына орай өзгеше сипаттар жамылып, аздап болса да өзгеріске ұшырап отырады. Ол жағын ғалым С.Қасқабасов айқындап көрсетіп өтеді. Қазақ мифологиясындағы Самұрық құс бейнесінің кейбір ерекшеліктері туралы айта келіп, былай дейді: «Черты анимизма обнаруживаются еще в тех казахских сказках, где фигурируют оборотни, т.е. в персонаже заключено дуалистическое начало. Классическим примером дуализма образа является русский финист-ясный сокол, турецкий голубь-царевич. У казахов в такой роли выступают чаще всего змея, иногда волк, птица. В отличие от турецких и русских сказок казахская сказка создает антропоморфные образы. Например, в сказке «Ер Тостик» гигантская птица Самрук имеет два головы-птичью и человеческую – и умеет говорит» [61, 95б.]. Мысалы, «Ер Төстік» мифологиясында Самұрықтың көмегімен жер бетіне шығып ұйқыға кеткен батырды Шойынқұлақ дәу перінің қызы Бекторының бұйрығымен келіп ұстап алып, құдықтың түбіне тастап қояды. Дәуден құтылудың амалын қарастырған Ер Төстік өзіне көмекке Самұрықты шақырады. Самұрық жігітті құдықтан алып шығады, алайда Шойынқұлақты жеңуге шамасы жетпейді. Себебі: «дәудің жаны өзінде емес, алдымен жаны қай жерде екенін білу керек» дейді. Төстік дәуді өлтіру үшін өзінің ақыл-парасатына жүгінеді.
Самұрық құстың шығу тарихын сөз еткенімізде, оның түп-тамыры сонау тотемдік-әруақтар дәуірі кезеңіне барып тірелетіндігі сөзсіз. Мұны тотемизм дәуірінде пайда болған наным-сенімдермен байланыстыра қарауымыз керек. Алайда, Иран елінің ғалымдары осы Самұрық құсты тарихта нақты болған адам, кейін шыққан аңыздар оны құсқа айналдырып жіберген дейді.
Иран ғалымдарының айтуынша, Самұрық құс нақты тарихта болған адамға ұқсайды. Ол Заратуштрадан кейін, яғни, ол өлгеннен соң арада жүз жыл өткенде болашақ Самұрық атанып кеткен адам дүниеге келген-міс. Зороастризм ілімін ілгері дамытып, халық ішіне таратып өзі жүз жылдай өмір сүрген кісі. Ол өлген соң оның даңқы ел арасына тарап, аты аңызға айналып кетеді. Әсіресе, оның бойындағы емшілік қасиеті кейін «Авеста» кітабына еніп, Самұрық құс деген атпен аталып, есімі ылғи да мадақталып, зор ілтипат көрсетіліп отырады. Осының өзінен-ақ біз зороастризм дінінің шығу тарихы бір ғасыр емес, негізінен сұрыпталған, жинақталған халықтың даналығын бойына сіңірген бірнеше ғасырдың аясында барып, бір қалыпқа түскен дін екендігін көруге болады. [83, 91-92б.].
Самұрық құстың тарихта болған адамға тікелей қатысы бар екендігін, ол адамның бастапқы аты – Сәнә болғандығы, өлген соң Самұрық құс деген лақапқа ие болып, аты халық арасында аңызға айналып кеткендігі жайлы деректерді Иранның белгілі ғалымы, доктор Әли Акбар Деһходаның кітабынан кездестіруге болады. Ол өзінің кітабында былай деп жазады: «Фарвардин Яшттың» тоқсан жетінші тарауында айтылады. Фарух «яғни, «Ахура Мазданың шапағатты нұрының бір ұшқыны, әр адамның көкірегіне иман ұялатушы» деген мағынада айтылады. Пакдаман (бұл сөздің мағынасы тақуа, таза, кіршіксіз адам дегенге қолданылады) кісі Ахум Стуттың баласына ғибадат айтамыз. Ол артына ерген жүз серігімен (мүридтерімен) бірге осы жерге ең алғаш қадам басқан кісі. [83, 91-92б.]. Динкард кітабының (Пехлеви тілінде жазылған құрамында 169000 сөзден тұратын Зәрдушттің гимндері мен әдет-ғұрыптары, тарихы, әдебиеті жайлы кітап) жетінші тарауының алтыншы маусымында оның келгендігі жайлы былай айтылған: «Тараудың дәстүрлерінің арасында оның жылы туралы да айтып өтілген. Зәрдушт діні тарағаннан кейін арада жүз жыл өткен соң ол дүниеге келген. Өзі жүз жыл өмір сүріп, дін тарағаннан кейінгі екі жүзінші жылында дүниеден қайтқан. Ол алғашқы маздаизмді (Ахура Мазда жайлы ілім) қайталаушы болған. Әрі жүз мүридімен жер бетіне түсіп, жүз жыл өмір сүрген адам.
Зәрдуштті зерттеушілер «Сәнә» деген сөзді Авестадағы сұңқар немесе бүркіт деп аударады. Ал, осы екеуінің де Авестадағы Сәнә мен парсылардың Самұрық деген сөз бір сөз екендігі даусыз. Яғни, оның атағы тауықтың атымен байланысты шыққан. Дін үшін күрескен дана, ақылды хакімнің атағы жануарға байланысты лақаппен мәшһүр болған [83, 97-99бб.]. Бізге белгілі болғанындай ескі дәуірлерде дін таратушылар сол дінді уағыздаумен қатар ел ішінде емшілік, тәуіпшілікпен де айналысқандығы даусыз. Соның салдарынан барып ескі дәуірде әулиелердің, машайықтардың атағы көбіне аң-құсқа байланысты лақап аттармен шығып отырған. Жоғарыда айтқан рухани данышпандардың бірі Сәнәнің есімі осылайша құстың атын қабылдаған. Рухани дүние жағынан маңызды болғандықтан Авеста кітабында ол жақсы қырынан жарқырап көрінеді. Әрі оның емшілік, тәуіпшілік қасиеті оны қарапайым халық арасында да даңққа бөлейді. [83, 112б.].
Осылайша Сәнәнің тура атын кейіннен тауық аты айырбастайды, әрі ғұламаның дәрігерлік қасиеті оны Авестадағы кездесетін ағаштың басына орналасқан тауықтың ұясына айналдырады. «Шахнама» мен «Хұдайнамада» Симорғ деп алынған. Сондай-ақ Баһрам Яшттың отыз төртінші және отыз сегізінші бәндінде (тарауында) ол туралы былай делінген: «Егер кімде-кім осы тауықтың сүйегін немесе қауырсынын алса, онда ол теңдессіз батыр болады. Оны ешкім орнынан көтере де, қозғай да алмайды» [62, 886б.].
Әрине, құсқа немесе аңға байланысты атағы елге тараған қасиетті кісілер жайында айтылатын аңыздарды кез келген халықтың аңыздары мен мифтерінен ұшыратуға болады. Ал керемет әулие – пірлердің көкке құс болып самғайтындығы жайлы аңыздарды түркі халықтарының көптеген аңыз-ертегілерінен кездестіруге болады.
Иран елінің көрнекті ғалымы, доктор Мұхаммад Моин өз кітабында «Авестадағы» бүкіл яшттарды былайша таратып жазады: «Яшттар бес бөліктен тұратын Авестаның бір тарауы. Олар былай деп аталады. Қырмыз яшт, хавт алшаспанд яшт, ардибехешт яшт, хордат яшт, абан яшт, хуршид яшт, мох яшт, тир яшт, фарвардин яшт, бахрам яшт, рам яшт, вин яшт, ард яшт, аштад яшт, замиад яшт, хум яшт және вананд яшт» [63, 2335б.].
Самұрық құс бейнесі көптеген халықтардың түркі мифологиясында кездеседі. Ол түркі халықтарының мифологиясында Самұрық құс деп немесе Алып Қарақұс болып айтылса, иран халықтарының мифологиясында «Симорғ» деп суреттеледі. Ол жайында деректерді ескі жазбалардан да кездестіруге болады. Самұрық құс Азия халықтарының көпшілігінде ежелгі дәуірдің өзінде-ақ кең тараған мотивтер болған.
Ғалымдардың айтуынша, Самұрық бейнесі бізге ерте алғашқы қоғам дәуірінде, тотемизм кезеңінен дүниеге келген деген болжам бар. Түркі мифологиясында Самұрық құстың образы Авестадағы Симорғқа қарағанда анағұрлым күрделірек. Алып Қарақұстың бастапқы кейпін жақсы сақтай алған. Мысалы, «Ер Төстік» ертегісінде ағаш түбіне келіп ұйықтап қалған Ер Төстік бір кезде шырылдаған ащы дауыстан оянып кетеді. Қараса, бір айдаһар ұядағы Самұрық құстың балапандарын жейін деп ағашқа өрмелеп барады екен. Ер Төстік оны өлтіріп құстың балапандарын ажалдан құтқарады. Соның артынша далада дауыл тұрады, дауыл артынан жаңбыр жауады. Әрине, мифология көркем әдебиет емес, онда баяндалған кезінде табиғатты суреттеу деген болмайды. Мұнда ежелгі дәуірдің сенім-нанымдарынан сақталып қалған ырымдар мен нанымдар бар.
Тотемизм дәуіріндегі сенім бойынша Самұрық құс – адамзат баласына кез келген қиыншылықтан, тығырықтан алып шығарушы бейне. Қуаңшылық жылдары оған бағыштап құрбандық шалса, ел молшылыққа кенеледі, аспаннан нұр жауады деген түсінік болған.
Түркі мифологиясында Самұрық құс келе жатқанда алдымен дауыл тұрғызады, оның көз жасы жерге жаңбыр болып жауады. Кейіпкерді үстіне мінгізіп алып үш әлемді де оп-оңай шарлай береді. Барған жерінде батырға жол сілтеп, алдында кездесетін уақиғаларды дәл айтып бере алатын сәуегейлігі де бар т.б.
Өзбек ғалымы Маматқұл Жураевтың пікірінше, ежелгі түркі мифологиясында бүркіт пен ит – өмір ағашының рәміздері екен. [84, 6б.]. Барақ ит жайлы айтылатын көне түркі аңыздарында бүркіт тұқымынан құс (бүркіт) пен бірге иттің (барақ) де жұмыртқа жарып шығуы жер мен аспан жайлы түсініктерінен келіп шыққан. Бұл жерде – дейді ол, – өмір ағашының жоғарғы бөлігін мекендеген бүркіттің Көкпенен, ал ағаштың төменгі бөлігін мекендеген иттің жермен байланысы бар. Зерттеушінің пікірінше, осы өмір ағашының Сома\\Хома деген атауына байланысты Сомадан – Самұрық құс, ал Хомадан – Құмай атаулары шыққан дегенді айтады. Ол жайында былай деп түсіндіреді: «Ата-бабамыздың ежелгі дәуір жәдігері «Авеста» да есімі тілге алынатын Ворукаша теңізінің ортасында өсуші өмір ағашының Сома\\Хома деп аталатындығына назар аударар болсақ әрі, Сома – Самұрық (ит-құс) және Хома- Құмай (Құмай, құмайық, әпсаналарға байланысты туған құс тұқымынан шыққан иттің аты) атаулары арасындағы этимологиялық жақындықтар бірден көзге түседі. Мифологиялық өмір ағашының рәмзі белгілері сипатында халықтың ежелгі сенімдері кейін аңызға айналып, соған сенудің нәтижесінде ұшатын ит немесе ит-құс образы дүниеге келген», - дейді [84, 7-8бб.].
Олай болса, Самұрық құстың тарихын Сома ағашымен байланыстырамыз. Өйткені, түркі мифологиясы мен «Авеста» кітабындағы айтылатын Самұрық құстың мекені біреу-ақ. Түркі мифологиясында да «Авестада» да ағаштың басында ұя салғандығындығы айтылады. Мұның өзі алғашқы қоғам дәуірінде өмір сүрген адамдардың үш әлемді жалғастырып тұрған әлемдік ағаштың төбесін мекендеуші рухтардың көрінісі деген түсініктен туған деп шамалаймыз. «Динкрад» кітабында Сәнә жүз серігімен дінді ел арасында тарату үшін жер бетіне түседі. Өзі жүз жыл өмір сүріп, өлген соң құсқа айналып қайтадан Сома\\Хома ағашының басына барып мекен етеді. Яғни, адам өлген соң құсқа айналып ұшып кетеді деген ұғымнан шықса керек. Шамандық сенімді ұстанған Сібір халықтарында өлген адамдарды төбеге апарып қойып, тазқара, құзғын құстардың шоқуына тастайтын әдет болған. Егер мәйіттің жанынан тазқараның іздері табыла қалса, онда қуанатын болған. Себебі, әлгі адамның жаны сол құстармен ілесіп ұшып кеткен. «Жаны жәннәтқа барады» деп түсінген. Қазақтарда «шыбын жан» деген сөз бар. Соған қарағанда адам өлгенде оның жаны шыбын секілді ұшып кетеді дегенді білдірсе керек.
Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, қазақ халқының Түркі мифологиясында ежелгі дәуірдің наным-сенімдерімен қатар, кейінірек дүниеге келген зороастризм дінінің де әсері болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Мысалға, «Ер Төстік» мифологиясында суреттелетін Самұрық құстың екі басты болып келуі, бірі адам басы, ал екіншісі құстікі ретінде сипатталуы «Авеста» кітабындағы Самұрыққа айналған Сәнәнің бейнесін елестетеді. Ендеше, ертеде Орта Азия мен Қазақстан территориясын мекендеген арий, сақ, массагет тайпаларының сенімдері жайлы сөз еткенде оның генеологиялық байланыстары жағын баса қарастырып, олардың арасында ортақ дүниелерді ашып, оның дүниеге келуі себептерін айтуымыз керек.
Ежелгі сақ тайпаларында антропоморфтық құдайлардың болмағандығын уақытында Геродот та айтып өткен болатын. Ол жайында С.С.Бессонова өз еңбегінде былайша тоқталады: «есть прямые свидетельства Геродота, что в VI-V вв. до н. э. Скифы не знали антропоморных изображений богов и враждебно относились к чужеземным заимствованиям в области культов и обычаев вообще» [85, 80б.].
Ендеше «Ер Төстік» мифологиясындағы Самұрық құстың бейнесіндегі кейбір ерекшеліктер сол кездегі сақ тайпаларымен көршілес отырған елдердің бірінен ауысып енген болуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |