Түтігіп кетті. Өңі қабарып ап, ал кеп сөйледі дейсің. Бір сағаттың ішінде түгімді қалдырмады. Ең соңында:
– Саған мұны Сәбит айтты ғой. Мен сені: біледі, оқыған, мәдениетті, сауатты адам деп жүрсем. Сөйлеме! Ей, Абай қай жылы өлді. Ал, менің әке-шешем ше? Салыстыршы. Қалай дәтің барды,– деп үйден шығып кетті.
Албырттық па, аңғалдық па? Кім білсін. Аярлығым жоғы анық. Дүние қарауытып, үміт үзіліп, бет күйіп, естен тандым. Содан бір полковниктің үйіне барып, он күн жатып алдым. Не істеймін? Әйтеуір көшеге шыққан бір оңтайында іздеткен адамдары мені дедектетіп Мұхтардың үйіне алып барды.
– Е, келдің бе. Сендер кете беріңдер,– деді де маған бұрылды – Ей, ойлашы өзің, кімге кім өкпелеуі керек. Елдің айтқанына ілескен кім? Өкпеледің бе деймін саған? Жатқан үйіңе қонбай, неге қаңғырасың. Семейге Фаяға звандадым. Ол да үрейі ұшып отыр.
– Сізге қоштаспай қалай кетемін. Жүгім де осында.
– Солай ма? Бәсе!,– деді».
Адал жандар ойындағысын жасырмайды. Қайым аға да сондай аяулы адамның бірі. Ең қымбаты – шындық. Сол шындықтың ұшын ұстатқаны үшін де рахмет. 1936-1938 жылдары бір-бірін жат көзден, қырын қабақтан қорғап жүрген Мұхтар мен Сәбиттің арасына, ел-аман, жұрт тынышта сызат осылай түсіпті. Қайым ағаның әңгімесіне қарағанда отызыншы жылдардың аяғында-ақ екеуінің қырғиқабақ болғаны байқалады. Қалай екенін кім білсін, Сәбең, Сәбит Мұқанов – әйтеуір Мұхтардың тегіне күмән келтіруден танбаған. Ол пікірін ешкімнен қысылып-қымтырылмай ашық айтып жүрген. Сөз салмағын, астарын білетін салиқалы адамның осынау қылығын түсіну қиын. Сол үшін талай рет «сыбағасын» алса да, бір сәт өзіне өзі тыйым салмағаны өкінішті.
Мұны қалай түсіндіруге болады? Оған ешкімде кесімді төрелік айта алмады. Тек екі дегдардың өздеріне ғана мәлім ішкі ерегеске ұласады.
Міне, содан кейін Москвада жүрген Сәбит Мұқанов 1941 жылы 29-мамырда Мұхтарға тағы да хат жолдайды. Он бес беттей орыс тілінде жазылған бұл хатты кезінде Сәбиттің шырақшысы болған досымыз Құлбек Ергөбекұлы бізге ұсынып еді (1934 жылы Мағжан Жұмабаев түрмеден босанып шыққанда оған да орысша хат жолдаған – Т. Ж.). Іштегі бар өкпе-назын жасырмай ашық айтыпты. Біз, екі жазушыны бір-біріне қарама-қарсы қойып, айыптастырудан аулақпыз. Бірақ, шындық – бәрінен жоғары. Сол үшін аталған хаттан үзінді ғана ұсынып, реніштің түп мәнісін ашу мақсатында ғана мысалға жүгінеміз.
Әдетте, кез-келген өкпе, реніш дақпырттан туындап, бірте-бірте ушығады. Хаттағы Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке таққан, «айыптарының» бәрін ақиқат деуге де болмас. Оған қарсы айтылатын Мұхтардың да өз уәжі, пікірі болғаны анық. Бірақ Сәбитке қандай жауап айтқаны бізге бимәлім. Ал арада бір ай өткен соң ұлы отан соғысының басталып кеткенін ескерсек, ол хаттың жауапсыз қалуы да мүмкін. Біз, тек қолда бар дерекке ғана жүгінеміз. Хат тым ұзақ. Сондықтан да қысқа-қысқа үзіндіге қанағат етуге тура келеді. Москвадан жолданған сәлем былай басталады:
Достарыңызбен бөлісу: |