6 Дипломдық жұмысты рәсімдеу ережелері
Дипломдық жұмыс компьютер мен принтердің көмегімен стандартты парақтың бір бетіне А4 форматында келесі өлшемдерді сақтай отырып басып шығару әдісімен орындалуы тиіс: парақтың сол жағынан 30 мм, оң жағынан 10 мм, жоғарғы және төменгі жағынан 20 мм қалдырып жазу керек. Мәтін мына талаптарды сақтай отырып басылады: Word for Windows редакторында Times New Roman шрифтімен, шрифт мөлшері – 14 кегль, абзац -1,25 см, қатар аралық интервал – 1.
Компьютердің ерекше көрсету мүмкіндігін қолданып, мәтінде (тараулар мен бөлімдердің аталымдарынан басқа) әр түрлі шрифтерді пайдалануға рұқсат етілмейді.
Дипломдық жұмысты қандай әдіспен дайындағанына қарамастан, басылған мәтіннің сапасы, иллюстрациялардың, кестелердің, компьютерден басылымдардың рәсімделуі олардың анықтығын қамтамасыз етіп, қойылған талаптарға сәйкес болуы тиіс.
Дипломдық жұмысты дайындаған кезде анықталған қателерді және графикалық олқылықтарды тазалап жөндеуге немесе ақ бояумен бояп тастауға және машинкамен немесе қолмен (қара сиямен) мәтінді жөндеуге болады.
Дипломдық жұмыста адамның тегі, мекеменің, ұйымның, фирманың аты, бұйымның атауы және басқа аттар түпнұсқаның тілінде келтіріледі.
Дипломдық жұмысты бөлімдерге, бөлімшелерге бөлу керек. Әрбір бөлім және бөлімше аяқталған ақпараттан тұруы керек.
Бөлімдердің атаулары дипломдық жұмыстың мазмұнын, ал бөлімшелердің атаулары тиісті бөлімнің мазмұнын ашуы керек.
Бөлімдер мен бөлімшелердің атаулары олардың мазмұнын анық және қысқа бейнелеуі керек.
Бөлімдер мен бөлімшелердің атауларын абзацтық шегінуден бастап, бас әріптермен соңында нүктесіз, астын сызбай жазу керек.
Егер атау екі сөйлемнен тұратын болса, онда оларды нүктемен бөлу керек.
Дипломдық жұмыстың барлық мәтіні бойынша беттердің барлығын араб сандарымен нөмірлеу керек. Бет нөмірі парақтың төменгі жағында ортасына нүктесіз жазылады.
Жеке парақтарға орналасқан иллюстрация және кестелер дипломдық жұмыстың жалпы нөмірлеуіне қосылып саналады.
Дипломдық жұмыстың бөлімдерінің араб санымен белгіленген, нүктесіз, абзацтан басталатын, барлық құжат шегінде көрсетілген реттік нөмірлері болуға тиісті. Бөлімшелер әрбір бөлім шегінде нөмірленуі тиіс. Бөлімше нөмірі нүктемен бөлінген бөлім нөмірі мен бөлімше нөмірінен тұрады. Бөлімше нөмірінің соңында нүкте қойылмайды. Бөлім екі және онан да көп бөлімшелерден тұруы мүмкін.
Мысалы:
1 Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының теориялық негіздері
1.1 Аймақ дамуының негізгі түсініктері, мақсаттары және үрдістері
1.2 Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын талдаудың мәні мен мазмұны
2 Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау
2.1 Түркістан облысының дамуындағы негізгі басымдылықтар
2.2 Әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде экономикалық дамуды талдау
2.3 Әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде әлеуметтік салалардың дамуын талдау
Дипломдық жұмыстың әрбір бөлімін жаңа парақтан (беттен) бастау керек. Бөлімнің атауынан кейін бөлімшенің атауы екі қатар төмен орналасады. Бөлімшелер бір бөлімнің ішінде мәтіннен бір қатар төмен орналасады. Бөлімнің немесе бөлімшенің атауынан кейін мәтін бір қатар төмен орналасады.
Иллюстрациялар (сызбалар, кестелер, диаграммалар) дипломдық жұмыста бірінші рет айтылған болса немесе келесі бетте айтылған болса, онда ол тікелей сол мәтіннен кейін орналасуы керек.
Иллюстрация компьютермен, сонымен қатар түсті болып, жасалуы мүмкін. Дипломдық жұмыста барлық иллюстрацияға сілтеме жасалынуы керек.
Қосымшалардың иллюстрацияларынан басқа иллюстрациялар басынан бастап араб санымен нөмірленуі керек.
Егер сурет біреу ғана болса, онда ол «1 сурет» деп белгіленеді. «Сурет» деген сөз және оның атауы суреттің астында, қатардың ортасына орналыстырылады.
Бөлім шегінде иллюстрацияны нөмірлеуге болады. Бұл жағдайда иллюстрацияның нөмірі нүктемен бөлінген бөлім нөмірінен және иллюстрацияның рет нөмірінен тұрады. Мысалы: 1.1 сурет.
Қажет болған жағдайда иллюстрацияның атауы және түсіндірме мәліметтері болуы мүмкін (сурет астындағы мәтін).
Иллюстрацияға басынан бастап нөмірленгенде «2-суретке сәйкес» деп, ал бөлім шегінде болғанда «1.2-суретке сәйкес» деп жазу керек.
Мысал: 6-суретте 2015-2020 жылдардағы халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ өсуі көрсетілген.
Кестелер көрсеткіштерді салыстырғанда олар көрнекті және ыңғайлы болуы үшін пайдаланылады. Кестенің атауы оның мазмұнын бейнелеп, дәл және қысқа болуы керек.
Кесте атауы кестенің үстінде «1 кесте» деген сөзден соң сызықшадан кейін Бас әріппен басталып орналасуы керек.
Кестені бірінші рет келтірілген мәтіннен кейін немесе келесі бетте орналастыру керек.
6 сурет - Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ, мың теңге
Дипломдық жұмыста барлық кестелерге сілтеме жасалынуы керек. Сілтеме жасаған кезде нөмірін көрсетіп, «кесте» деп жазу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |