2 ИГІЛІКТЕР НАРЫҒЫ
2.1. Жабық экономикадағы жиынтық сұраныс
Жабық экономикада сыртқы елмен сауда қатынастары жоқ. Жиынтық сұраныс көлемі – ол қазіргі бағалар деңгейінде отандық сатып алушылар (үй шаруашылықтары, фирмалар және мемлекет) сатып алғысы келетін және сатып алуға мүмкіншілігі бар тауарлармен қызметтердің жиынтық мөлшері:
YD = C + I + G.
Жиынтық сұраныс көлемінің бағалар деңгейінен тәуелділігі жиынтық сұраныс қисығын анықтайды.
2.1Сурет. Жиынтық сұраныс қисығы
Жиынтық сұраныс қисығының нысаны нақты қалдықтар нәтижесі және байлық нәтижесімен түсіндіріледі. Жиынтық сұраныстың құрамдас бөліктерін жеке түрде қарастырайық.
2.2 Тұтыну функциясы
ЖІӨ құрамында тұтыну үлесі оның үлкен бөлігін құрайды. Тұтынушылық шығыстарға тамақ өнімдеріне, киімге, ұзақ мерзім пайдаланылатын тауарларға, ойын-сауыққа кеткен шығыстар енеді. Әр түрлі тұтыну теориялары бар. Дж. М. Кейнстің айтуынша, тұтынудың көлемі мен құрылымын анықтайтын басты фактор болып қолдағы жеке табыс DI табылады. Мұнда қолдағы жеке табыс Y – T тең болып қабылданады, яғни шығарылымнан таза салықтардың айырмасы.
Кейнсиандық тұтыну функциясы келесі түрде жазылады
C = C(Y – T),
ал сызықтық жағдайда
С = С0 + c. (Y – T), 0 < c < 1.
С0 шамасы автономды тұтынуды білдіреді. с коэффициенті қолдағы табыс бір бірлікке артқанда тұтыну қандай шамаға өсетінін көрсетеді. Бұл шама тұтынуға шектік бейімділікке (МРС) тең және 2.2. суретінде тұтыну қисығының көлбеуіне сәйкес келеді.
2.2 Сурет. Тұтыну қисығы
Тұтынуға шектік бейімділік МРС қолдағы жеке табыс бір пайызға өскенде тұтынушылардың шығындарының өсуін көрсетеді. МРС = ∆C / ∆(Y - T)
Жинақтауға шектік бейімділік MPS қолдағы жеке табыс бір пайызға өскенде тұтынушылардың жинақтарының өсуін көрсетеді. МРS = ∆S / ∆(Y - T)
MPC + MPS = 1, MPS = 1 – MPC. Салықтардың Т өсуі тұтыну қисығын төмен жылжытады, ал азаюы – жоғары.
Достарыңызбен бөлісу: |