Ішетістігі мен іш зат есімінің қолданылуы ерекше назар аударуды қажет етеді: іш етістігі тексте бірде-бір рет тікелей аталмаған, бұл сөз табуланып, басқа етістіктер қолданылса, зат есім іш бірнеше рет қайталанған, яғни тақырыптағы каламбурдың уәжділігі күмән тудырмайды.
Кейіпкердің ішкі монологінде арақ-шарап бір-ақ рет тура номинативпен аталған, ой дамуында арақ-шарап перифразбен (дәмді тамақ), метонимиямен (жүз грамм), персонификациямен (жалғыз боп қалдым-ау, арашашы, сорлы, алғашқы екеуі, иттің бірі, антұрған) беріліп, автордың жағымсыз реакциясын көрсетеді, оқырманның да мысқылын тудырады. Автор кейіпкер аузына эмоционалды-экспрессивті бояуы айқын, ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздерді салған, сондықтан да оқырман көз алдына әлсіз, сүйкімсіз, жиренішті маскүнемнің типтік бейнесін елестетіп, ащы мысқылға көшеді. Градациямен берілген мәндес сөздердің қайталамасы ерекше әсерлі, ерекше күлкілі жағдайды көрсетіп, комикалық контекст жасайды: «Ішек-қарнымда алай-түлей басталды да кетті», «Ішек-бауырымның астаң-кестеңі шықты. Құдай атты: ішім солқылдап кетті». Фельетонда етістік шақтарының түрлерін кеңінен қолдану арқылы автор аз ғана уақытта өткен оқиға дамуындағы динамизмді көрсетеді, бұл орайда сатириктің бейнелі етістіктерді топтап қолдануы айрықша әсер-қуатқа ие.
Жинаққа кіргізілген кейбір фельетондардың атауы түрлі ассоциацияларға негіз болып, фельетон семантикасына қосымша ақпар, әсер, мағына үстейді. Мәселен, «Қонышынан басқан қожайын» фельетонының атауы-трансформацияға түскен мақал, «қолынан келген қонышынан басады» мақалының семантикасы толығымен мәтін контексіне сәйкес, сондықтан да автор осы мақал арқылы диалогті, яғни ойды дамытып, қоғамға, халыққа жат әдеттерге бой ұрған адамды сынайды. Уытты сатира фельетондағы коммуникативті ситуацияларға, контекстің лексика-фразеологиялық құрылымына, сыртқы дыбыстық ұқсастық нәтижесінде саналы түрде жасалған жалған этимологияға, кәсіби лексикаға негізделеді. Ал, фельетон атауына шығарылған «Не болады өңкей нөл?» Абай өлеңін еске түсіріп, екі жақты қызмет атқарады: нөл сөзінің тура және ауыспалы мағынасын пайдаланған сатирик кітапқа көзқарас арқылы халықтың рухани әлемін қалыптастыруға ықпал етуші басшылардың да ой-өрісі таяз, пікірі жұтаң екенін өткір тілмен түйреп өтеді. Бұл адамдарға деген көзқарасын қаламгер алғашқы абзацта-ақ көрсетеді: "Бұған республиканың жер-жерінен кітап құмар қауымның жандайшап жанашыр өкілдері келген-ді», жағымсыз мәні айқын жандайшап сөзі мен жанашырдың логикалық тұрғыдан қиыспайтыны оқырманда бірден сенімсіздік тудырады, яғни өзі күтіп отырған эффект болмайтынының алғашқы хабары (эффект обманутого ожидания). Бұл пікірін автор фельетонның соңғы жағындағы мына сөйлеммен бекіте түседі: «Сірә, өлең қадірін, ақын қадірін түсінбейтін кітап саудасы өкілдерінің өзін сарапқа салу керек шығар».
Бірнеше қайталанған нөл сөзіне негізделген комикалық мәнді мына диалогтерден байқауға болады:
- Өте оңай. Мәселенки, өзіміз алдын-ала ақылдасамыз да, аудан-ауданға бес-он кітаптан бөле саламыз.
- Енді нөлді бөлесіз бе? Жұрт бұл күнде кілем орнына кітап жинайды. Ал сіздер оған нөлкөзбен қарап отырсыздар, - деп Андасов шөңгедей қадалды.
- Ойбай-ау, өлең өтпейді ғой!
-Жалған! Өтпейді емес, жетпейді! Жұрт сендердің нөлдеріңді ала ма?!
-Ендеше, Нарбалақов жолдас, сіз айтыңызшы. Жыр құмар Сыр бойы өлең оқымайды деу – сиыр судан жеріпті дегенмен пара-пар емес пе? Кәне, «Қызғыш құсқа» қаншаға заказ бересіз?
-Пәрменбаева, сен айта қойшы, мен, оллаһи, соңынан бекітіп берейін, - деді сасқан Нарбалақов. Пәрменбаева орнынан ұшып тұрған бойда жұлқынып, қызына сөйледі.
-Андасов жолдас, бастығымның басы ауырып, балтыры сыздап отыр, мен-ақ жауап берейін. Осы баспадағылар да қызық. Кітаптың атын бұлдіріп… Өзі қызғыш құс болса, онда не мән бар?! Қыран құс болса бір сәрі!
Нөл сөзінің бір дәлелі соңғы репликада жатқан сияқты. Себебі, Махамбет жинағының атауы болып тұрған оның өлеңінің аты екенін және өлеңнің ұлттық тарихи мәдени дерегі мол шығарма екенін сауда өкілі біліп тұрған жоқ.
Текстегі риторикалық сұрау, синонимдес синтаксистік конструкциялар ой дамуын көрсетсе, синтаксистік қайталамалар нөлмен берілген мәдениетсіздіктің қанша оқыса да жоқтан қайда болмайтынын көрсетеді.
«Үлкен жиналыс» фельетонында көзбояушылық, қағазбастылық сияқты жаман әдеттерді көрсеткен сатирик үлкен сөзін оның тура мағынасына қарама-қарсы мағынада қолдану арқылы комикалық контексті актуалдандыра түседі.
Үш кісі қатысқан жиналыс пен оның өтетін орны, онда қаралған мәселелердің ауқымдылығы, қабылданған қаулының ұзақтығы ситуативті контраст туғызады.
Ш.Смаханұлының фельетондары ертеректе жазылса да, өз маңызын әлі де жойған жоқ, себебі, ол әжуалаған, сынаған, шенеген келеңсіз құбылыстар мен қасиеттер, әдеттер адамзат қоғамының қай-қайсысына да тән. Ал, бұларды жою үшін сатиралық шығармалардың орны ерекше. Сондықтан, Шона Смаханұлының Елпекбайы айтқандай:
«Жаманның жауы – сатира,
Жақсының досы – сатира,»
ал жақсы мен жаман - полярлық ұғымдар болса да, қашан да диалектикалық бірлікте.