Дәріс тақырыбы: Эмоция және сезімдер, эмоционалдық интеллект Жоспары: 1. Адамның сезім және эмоционалдық көңіл-күйлерінің сипаттамасы. 2.Сезім мен эмоцияның түрлері . 3.Жоғары дәрежедегі сезімдер. 4.Сезім мен эмоцияның функциясы. Негізгі әдебиеттер: 1.Немов Р.С. Психология 1к. М.-2000 гл.1 2.Столяренко Л.Д. Общая психология М.-2001 гл.-1 3.Рогов Е.И. Общая психология М.-2001 4.Алдамұратов Ә.Ж. Жалпы психология А.-1998 5. Н. Берікұлы Жантану Ақтөбе-2006. Қосымша әдебиеттер: 1. Гамезо М.В. Курс психологии М.-1999 2.Климов Е.А. Общая психология М.-2001 1. Адамның сезім және эмоционалдық көңіл-күйлерінің сипаттамасы. Сезім деп - сырқы дүние заттары мен құбылыстарының адамның қажеттеріне сәйкес келу-келмеуінің нәтижесінде пайда болып отыратын психикалық процестердің түрін атайды. Сезімдер өте күрделі психикалық процестердің бірі. Сезімдер адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты сан алуан формаларда көрінеді.
Адам сезімдері тарихи-әлеуметтік сипатта болады. Демек, адамның өмірі қоғамға байланысты, оның әрекеті де қоғамдық саналы әрекет. Олай болса, адамның сезімдері де қоғамдық сипатта болып, сезімнің мазмұнын қоғамдық болмыс белгілеп отырады. Сезімдердің екінші ерекшелігі - олардың актив (қажырлы) және пассив (солғын) болып бөлінуінен көрінеді. Адамға күш беріп, әрекетке ұмтылдыратын, көтеріңкі сезімдер мен эмоцияларды стеникалық , ал бұлардың баяу, солғын түрлерін астеникалық деп атайды. Стеникалық сезімдерге жауапкершілік, жолдастық, достық, айбаттылық сезімдер жатса, ал астеникалық сезімдерге уайым, енжарлық, көңілсіздік т.б. сезімдер жатады. Түрлі нақтылы жағдайлардың ретіне қарай адамдарда бір сезімнің өзі бірде қуатты, бірде әлсіз болып көрінуі мүмкін. Сезімдердің үшінші бір ерекшелігі-жігерлендіру және кернеуден босану немесе шешілу. Бұл да сезімдердің қарама-қарсы сапаларының бірі. Мәселен, студенттердің емтиханнан өтуі, спортпен айналысатын адамның мәреге жетуі шешуші кезеңдер болып табылады. Мәреге тақалғанда адам барлық күш жігерін жұмылдырады. Осы кезең өткен соң, басқа бір күйге түседі. Мұны кернеуден босану (шешілу) сезімі дейді. Сезімнің қораш, солғын, селсоқ болуы іске кедергі келтіреді.Адам не үшін күрессе, соны жан-тәнімен жақсы көріп, неге қарсы күрессе, соны өлердей жек көріп отыруы керек. Эмоция дегеніміз- адамның органикалық мұқтаждықтарын қанағаттандыру не қанағаттандырмауға байланысты туатын психикалық күйлер. Адамның әр түлі эмоциялары оның қажеті мен қызығу ерекшеліктеріне, дүниеге көзқарасы мен сеніміне, мінез-құлқы мен мінез көлеміне, санасы мен ерік сапаларына байланысты қалыптасып отырады. Шамадан тыс күшті тітіркендіргіштер адамда көбінесе қолайсыз эмоциялар тудырады. Кісі үнемі қинала беретін болса, оның діңкесі құрып, берекесі кетеді. Адамның осылайша шамадан тыс зорлануын психологияда стресс деген терминмен белгілейді. Жоғары сезімдер адамға ғана тән. Осы топқа адамгершілік, эстетикалық, интеллектік деп аталатын сезімдер кіреді. Қоғамдық өмірдің талабына сәйкес адам мінез-құлқынан жиі көрінетін сезімдердің бірі адамгершілік сезімдер. Адамгершілік немесе имандылық сезімдердің мазмұны да, құрылымы да күрделі келеді.