1-дәріс. Сауат ашу әдістемесінің теориялық негіздері Негізгі мәселелер: Бастауыш білім берудегі сауат ашу үдерісі «Сауат ашу әдістемесі»



бет1/18
Дата19.10.2022
өлшемі106,39 Kb.
#44249
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
Сауат ашу әдістемесі дәріс 2022


1-дәріс. Сауат ашу әдістемесінің теориялық негіздері
Негізгі мәселелер:

  1. Бастауыш білім берудегі сауат ашу үдерісі

  2. «Сауат ашу әдістемесі» пәні және оның нысаны, мақсат-міндеттері, мазмұны.

  3. Сауат ашу әдістемесінің лингвистикалық, педагогикалық және психофизиологиялық негіздері



1. Бастауыш білім берудегі сауат ашу үдерісі
Сауат ашу үдерісі бірінші сыныпта қыркүйек айынан бастап оқу жылының аяғына дейін жүргізіледі. Бұл кезеңдегі оқу жұмысының мақсаты – оқушылардың фонетикалық естуін дамыту, оларды алғашқы оқу мен жазуға үйрету, оқушыларды әр түрлі топсеруенге апару, бақылаулар жасау арқылы балалардың дүниетанымын кеңейтіп, тілін дамыту. Сауат ашу үшін ұсынылатын материалдар оқушылардың ұжымдылығын, достық, жолдастық қарым-қатынасын қалыптастыруға, еңбек сүйгіштік пен оқуға ынталығын арттыруға тиіс.
Сауат ашу – бастауыш білім беру үдерісіндегі оқушыларға ана тілінің байлығын меңгертудің алғашқы сатысы. Сауат ашудың басты мақсаты –­­ оқу және жазу дағдыларын қалыптастыру, байланыстырып сөйлеуге үйрету, алғашқы грамматикалық мағлұматтарды меңгерту, адамгершілікке, Отансүйгіштікке тәрбиелеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту. Алғашқы оқу барысында мынадай ерекшеліктер ескеріледі: а) оқу жылының бірінші жартысы толығымен сауат ашуға беріледі; ә) сабақ үстінде әрбір 10-15 минут сайын қимылды ойын түрінде сергіту минуттары өткізіліп отырады; б) баланың оқуға деген ынтасы мадақтау, мақтау, көңілдендіру сияқты әдіс-тәсілдер арқылы арттырылады; в) үйге тапсырма берілмейді; г) апта ортасындағы бір күн жеңілдетілген сабақтарға арналады.
Жалпы пән туралы ақпарат берілді. Ендігі кезекте сауат ашудың оқу пәні және ғылым ретіндегі сипаттамасына тоқталсақ.
2. «Сауат ашу әдістемесі» пәні және оның нысаны, мақсат-міндеттері, мазмұны
Пәннің нысаны – бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша ҚР-ның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарына сәйкес болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің жоғары педагогикалық құрамдасы ретіндегі сауат ашу әдістемесінің мазмұны.
Пәні – стандарт талаптарына сәйкес болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне сауат ашу әдістемесі курсынан берілетін білім, білік, дағды қалыптастыру үдерісі.
«Сауат ашу әдістемесі» пәнінің мақсаты – сауат ашу әдістемесінің теориясынан студенттерге жүйелі білім беру, сабақ жүргізу әдіс-тәсілдерін меңгерту.
Осы мақсатқа жету мынадай міндеттерді көздейді:

  • сауат ашуға байланысты практикалық іскерлік пен дағды қалыптастыруға негіз болатын теориялық және практикалық мағлұматтар беру;

  • оларды пәннің танымдық, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарын іске асыруға дайындау;

  • сауат ашудың әдіс-тәсілдерін меңгерту.

«Сауат ашу әдістемесі» пәнінің мазмұнында сауат ашу әдістемесінің теориялық негіздері (яғни «Сауат ашу әдістемесі» пәні және оның нысаны, мақсат-міндеттері, мазмұны, басқа ғылым салаларымен байланысы, зерттеу әдістері; сауат ашу әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы және оның лингвистикалық, педагогикалық және психофизиологиялық негіздері); сауат ашу үдерісі (сауат ашудың мектептегі оқу-тәрбие жұмысы жүйесіндегі маңызы; сауат ашу пәнінің оқыту аясы; «Сауат ашу» пәні оқу бағдарламасының мазмұны; «Сауат ашу» пәнін оқыту мерзімі; сауат ашу үдерісі және кезеңдері; сауат ашу кезеңіндегі оқу-тәрбие міндеттері; сауат ашуға қажетті құрал-жабдықтар); сауат ашу әдісі (сауат ашу әдісі туралы ұғым; дыбыстық талдау-жинақтау әдісі; миға шабуыл, алты қалпақ, 4К, ТРИЗ; бастапқы оқуды қалыптастыру: буындап оқу, тұтас сөзді дауысты дыбысқа бағыттай оқу; сауат ашуға арналған оқу-әдістемелік топтама); жазуға үйрету әдістемесі (жазуға үйрету әдіс-тәсілдері; жазуға қойылатын талаптар; бастапқы жазуға үйрету, оның мазмұны мен міндеттері, қазіргі «Жазу дәптерлеріне» сипаттама; оқушылардың каллиграфиялық талапқа сай жазу дағдысын қалыптастыру; көркем жазуға үйрету); сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстары (сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының теориялық негіздері; «Әліппені» оқыту барысында жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері; сауат ашу барысындағы тіл дамыту жұмыстарының үлгілері) қарастырылады.
Сауат ашуға үйрету әдістемесі қазіргі әдебиеттерде негізінен көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Тек ғылыми фонетика мен психологияның соңғы кездегі зерттеу деректеріне орай, дыбыстық талдау-жинақтау тәсілдері анықтала түсуде, дайындығы әр түрлі балалар жөніндегі мәселе шешілуге аяқ басты.
«Сауат ашу әдістемесі» курсын оқытуда ғалым-әдіскерлердің әдістемелік мұрасын, мектеп тәжірибесін зерттеу әдістерімен қатар, дәстүрлі сөздік, практикалық, көрнекілік әдістері қолданылады.
3. Сауат ашу әдістемесінің лингвистикалық, педагогикалық және психофизиологиялық негіздері
Сауат ашу әдістемесінің ғылыми негіздерінің бірі лингвистика (тіл білімі) болып табылады. Соның ішінде, әсіресе, фонетиканың рөлі ерекше. Өйткені тіл дыбыстары – әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі. Егер сөздер – дыбыстардың тіркесі ретінде айтылмаса, онда тілдің өзі: 1) қатынас құралы, 2) пікір алысу құралы, 3) танымдық құрал, 4) ойлау құралы болмас еді.
Сауат ашу кезеңінде оқушылардың лингвистикалық түсініктерді білу талап етілмейтіні белгілі. Бұл кезде барлық назар балаларға дыбыстарды танытуды, оқуға және жазуға үйретіп, олардың ауызекі және жазу тілін дамытуға аударылады. Сондықтан бала «дыбыс», «әріп», «буын», «сөз тіркесі», «сөйлем», «мәтін» деген сияқты лингвистикалық ұғымдардың мәнін ұғынуға мәжбүр болады.
Бұл аталған тілдік единицалар туралы, алдымен, мұғалімнің толық мағлұматы болуы керек. Сөйлем туралы айтпас бұрын, сөйлеу туралы айқтан жөн.
«Адам сөйлегенде, біреумен сөйлескенде, тыңдаушыға белгілі ойды білдіру үшін я бір нәрсе туралы білу үшін сөйлейді: сондықтан сөйлеу айналадағы заттар, құбылыстар, адам өміріндегі әрекет, тіршілік, өндіріс туралы болады», – деді профессор Н.Сауранбаев. шынында да, заттарды, жаратылыстағы, қоғам өміріндегі құбылыстарды, адам өміріндегі әрекет, тіршілік т.б. білу, білдіру туралы айтылған ой, яғни өзара байланысты сөйлемдер тобы сөйлеу болады сөйлеу бірнеше сөйлемнен тұрады, өйткені сөйлеуші бірдеме туралы сөйлегенде, ол жайындағы айтылатын ойлардың жігін ажыратып саралап айтады. Мысалы, Қыс түсті. Күн суытты. Жерде қар жатыр. Өзенде су қатты. Балалар шанамен сырғанап жүр. Бұл сөйлеуде бірнеше сөйлем бар екені іс жүзілік тұрғыдан танытылады. Ол үшін бұл сөйлемдердің әрқайсысы айрықша дауыс ырғағымен бөлініп айтылады да, олардың қандай ойды білдіретіндігі түсіндіріледі.
Адамның психикасы ақыл, сезім және ерік қызметтерінің түрліше формаларынан көрінетіндіктен, оны психофизиологиялық процесс деп атайды. Дүние тануға қажет ақыл-ой қызметі үшін түйсік пен қабылдау, ес пен ойлау, сезім мен қиял, зейін мен еріктің үлкен мәні бар. баланың қуануы, шаттануы, қиялдануы, ренжуі, ашулануы, жылауы, сөйлеуі – осылардың бәрі баланың әлеуметтік өмір тіршілігіне байланысты ішкі дүниесін, психикасын сипаттайды. Баланың нәзік, өскелең табиғатына жарасымды әдептілік, адамгершілік, естілік сияқты қасиеттер оның өсетін ортасындағы тәлім-тәрбиенің арқасында және қайшылықтарды жеңу үстінде қалыптасады, өйткені психикалық дамудың өзі баланың ұмтылуы мен оған жету жолындағы мүмкіндіктерінің арасындағы қайшылықтардың салдарынан туады (мысалы, ми қабығында болатын қозу мен тежелу, механикалық ес пен логикалық ес, ескі білім мен жаңа білім т.б.).
Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың зейіні тұрақсыз болатыны белгілі. Қабылдауға қиын нәрседен, ұзақ сонар әңгімеден немесе жұмыстан бала зейіні тез шаршайды. Оны шаршатпай, баланың сабақтағы тапсырмаға зейінін ұзағырақ аударуға бірте-бірте тәрбиелеу – сауат ашу кезеңіндегі қиын міндеттерінің бірі. Сондықтан оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ балаларды тыңдай білуге, оңай тапсырмаларды дәл орындап жүруге үйрету керек. Бұлардың зейіндері заттарды бақылай білу, олармен жұмыс жасау арқылы тәрбиеленеді. Балалар суреттерді көргенде, әңгіме, ертегі тыңдағанда зейіннің тұрақтылығы арта түседі. Сабақтарда пайдаланылатын ойын элементтерін, іс-әрекеттің нәтижелі түрлерін, іс-әрекет формаларын жиі өзгерту балалар зейінін шаршатпай, бірте-бірте тұрақтылыққа тәрбиелеуге көмектеседі.
Сауат ашу барысында оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру тұсында ескеруге тиіс тағы бір психологиялық міндет – оқушылардың есте сақтау қабілетін дамыту. Естің адам өмірінде алатын орнын, балалардың таным процесінде атқаратын рөлін психолог ғалымдардың бәрі ерекше атап өткен.
Сауат ашу барысында тіл дамыту жұмыстарына қатысты үшінші психологиялық ерекшелік – балалар психикасындағы ойлау машығын дамыту болып табылады. Оқушылар енді тек өздері бұрын көрген немесе бірнеше рет қайталанған үйреншікті ұғымдарды сөз түрінде қабылдап қоймай, өздері бұрын көрмеген дүниелер мен қимылдардың атауларын, сапаларын т.б. білдіретін сөздерді оқуды және жазуды меңгеріп, естерінде сақтауға мәжбүр болады, әрі мұндай сөздер әр сабақ сайын кездеседі.
Тағы бір психологиялық ерекшелік – балалар қиялының қуатын пайдалану. Кіші жастағы балалардың қиялы бай болатыны белгілі.
Психикалық даму дегеніміз – жалпы алғанда, адамның қалыптасуындағы сапалық және сандық өзгерістер, ал жекелеп алғанда, анатомиялық-физиологиялық есею, нерв жүйесінің жетілуі, білімнің артуы, сезім мен моральдық ұғымдардың пайда болуы, психикалық процестердің қайта құрылуы, дүниеге көзқарастың қалыптасуы, белсенділік пен өзінше әрекет етудің көрінісі, белгілі бір мінез-құлыққа дағдылану.
Адамның психикалық қабілеті сезім мүшелеріне сыртқы дүниенің ықпал етуі арқылы, сезім мүшелерін жаттықтыру арқылы дамиды. Мектепке алғаш келген бала ежелеп оқиды, оның көру аумағында бір ғана әріп тұрады, көбінесе қайта-қайта бұрын оқыған әрпіне көз жүгіртіп отырады, әрбір әріпке жекелеп көз тоқтатады, «оқу айсағы» тар болады. Осының салдарынан олардың оқығанды түсіну дәрежесі де төмен. Ал әріпті тану дағдысының қалыптасып жетілуімен қабат баланың «көру, оқу аймағы» кеңейіп, ол бірте-бірте буындап оқуға, онан әрі тұтас сөзді оқуға дағдылана бастайды. Мұндай дағдыға ие болу балаға оп-оңайға түспейді, ол көп күш-жігерін жұмсайды, мұнда әсіресе зейін мен еркі үлкен рөл атқарады. Осының барысында зейін мен еріктің төзімділік қасиеті жаттыға түседі.
Сауат ашу кезінде бала бар зейінін жеке әріптерді, буындарды қосып оқуғы жұмсайды да, сөздердің арасындағы байланыстарға зер салмайды. Сол себепті олардың түсініп оқудан гөрі механикалық оқуы басым болады.
Балаға қойылатын талап пен сол талапты орындай алу мүмкіншілігі арасында да көптеген қиындықтар, кедергілер мен қайшылықтар кездесетіні белгілі. Бала өзін ересек адам етіп көрсетуге тырысады, олардың көпшілігі өзін асыра бағалайды, бірақ оның ақыл-ой өрісі, білімі немесе тәжірибесінің аздығы оған кедергі болады. Сонымен қатар бала ішкі қиыншылықтардан басқа сыртқы қиыншылықтарға да кездеседі. Мысалы, әлеуметтік орта баладан мәдениетті, әдепті, сыпайы мінез-құлықты талап етеді, ал олар мұндай мінез-құлыққа дағдыланып жетпеген. Осы қайшылықтарды жеңу жолында да оған көптеген қиындықтар кездеседі.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет