Абай сыйлығына –«Абай» энциклопедиясы1



бет10/32
Дата06.01.2022
өлшемі255,83 Kb.
#12521
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32
Айтбайұлы Өмірзақ
Аспанда бір жұлдыз бар ай тәрізді
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөзді қазекем тегіннен тегін айтпаса керек. Оның бір мысалы ретінде, Рәбиға өскен ұяның адам тәрбиелеудегі өнегесі өзгеше болғанын айтуға болады. Әкесі Сәтіғали Құткожин 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып кетіпті. Осы деректің өзінен-ақ оның елге танылған, білікті адам болғаны байқалады. Ал анасы Жеміс сауаты шамалы болғанмен, жақсы-жаманның парқын білетін адам болыпты. Әкеден жастай қалған балаларының намысшыл болып өсуіне осы ана себепші болса керек. Рәбиғаның бұлардан кейінгі пір тұтар адамы өзінен екі жас қана үлкен ағасы – Хамит Құткожин. Ол кісіні біз де көрдік.

Сірә, кемел жасқа келіп отырған Рекеңнің ағасын әлі күнге аузынан тастамауы тегін емес. Соның атына ұят келтірмесем деген ой оны әлі күнге мазалайды. Шынында Р. Сыздықтың айтулы адам болып қалыптасуына Х.Құтқожинның сіңірген еңбегі мол болған. Ағалы-қарындастың осындай өзара сыйластығы кімге де үлгі болғандай. Ойлай білген адамға осының өзі бір өнеге.

Рекең бала кезінде аурушаң болыпты. Соған қарамастан, мектепте өте жақсы оқыған. Бір ерекшелігі, қуыршақ ойнаудан гөрі, Хамиттің достарымен бірге суға жүзіп, сырғанақ тебуді ұнатқан. Шамасы, осы ұл балаларға үйірсектік оның намысын қайрап, жігерлі де, өжет болып өсуіне септік жасаған. Бұл Рекеңнің оң-солын танып жетілгенге дейінгі жүріп өткен өмір жолы.

Оның еңбек жолы 1940 жылы Алға стансасындағы бастауыш мектепте мүғалімдіктен басталыпты. 1942-45 жылдары Темір қаласындағы орта мектепте, педучилищеде сабақ береді. Бұл білімнің жетімсіздеу екенін ерте байқаған Р. Сыздық енді Алматыға аттанып, Абай атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Оны 1947 жылы бітірген соң, осы институттың аспирантурасында оқиды. Ал 1951-1957 жылдары оқу-педагогика баспасында («Рауан») редактор, редакция меңгерушісі қызметін атқарады. Бұл кезде оның әдебиетке, өнерге кұмарлығы артып, қаламгерлікке ойысардай сыңай танытып жүрген шағы болатын.

Алайда М. Балақаев, І. Кеңесбаев, Шамғали Сарыбаев, А. Ысқақов тәрізді тілші ұстаздарының ықпалымен ол 1957 жылы Ғылым академиясына ауысып, әуелі кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. Одан бөлім меңгерушісіне дейін көтеріледі. Сөйтіп, әдебиетке бейім Рекең тіл маманына айналады. Мұнысына ол өкінбейді. Тіл білімі институты да ұтылған жоқ.

Рәбиға Сәтіғалиқызының жеке өмірінде тағылым аларлық сәттер мол. Туралық пен әділдіктің ақ жолынан таймады. Адамды жақсы көру, бағалауда айқынырақ аңғарылатын бұл қасиет Рекеңді жар таңдауда да адастырмаған. Бұл жайында сөзге тартсаңыз, Рекең тағдыр косқан алғашқы жары – Сыздықов Мақашты елжірей есіне алады. Мәскеудің жоғарғы оқуын бітірген, бірнеше шет тілін меңгерген Макаң халықаралық құқық саласынан диссертация қорғаған алғашқы қазақ жастарының бірі еді. Сол азамат 1954 жылы 32 жасында дүниеден озған. Рекеңнің асыл жарға деген қимас сезімін әлі күнге Сыздық деген фамилияны алып келе жатуынан да көруге болады. Р.Сыздықтың ғылым қайраткері, азамат ретінде калыптасуына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының орны айрықша. Осы институт қабырғасында 1957 жылдан басталған қызметі нәтижелі жалғасып келеді. Рекеңнің бойында ғылым адамдарының көбінде кездесе бермейтін бір қасиет оның өнерге, шығармашылық адамдарына, олардың туындыларына деген құмарлығы. Яғни, оның ықылас-ынтасының бір бөлігі ғылымда, яғни тілде болса, екінші бөлігі осы жағында. Есейе келгенде оның сал-серілер мектебінің үлкен өкілі Шахан Мусиннің етегінен ұстауының сыры осында. Кей кезде Рекең«Шахан мені жан тебірентерлік Арқаның әндерімен баурап алды ғой» деп әзіл айтса да, шынын айтады. Осыдан-ақ оның ән өнеріне, әсіресе халық әндеріне деген өзгеше құмарлығы мен талғампаздығын танимыз.

Ол сөз құдіретін біліп қана коймай, соның сыйқырын да танытатын акын-жазушылардың бәрін өзіне жақын санайды. Әсіресе, А. Сүлейменов, О. Бөкей, Ф. Оңғарсыновалардың талантын бағалап, туысынан бетер жанына жақын тұтып отырады. Ш. Мұртаза, С. Бердіқұлов, Ә. Кекілбаев шығармаларын зерттеу нысанына айналдырып, тілдік тұрғыдан талдай жүретіні тағы бар.

Р.Сыздықтың ғалымдығын сөз еткенде, біз оның өмірді Абайша толғап, адамды ақынша танып, жазған өлеңдерінің сыйқырлы сырын тіл көркемдігі арқылы сезінуге тырысатындығын көреміз. Мұны «Абай прозасы тілінің ерекшеліктерінен» (1959) бастап, «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылымы» (1970)және Абай жылы тойланатын шақта жарық көрген «Абайдың сөз өрнегі» атты еңбектерінен айқын аңғаруға болады. Алдыңғылары кезінде ғылыми жұртшылыққа үлкен ой салған, Абайға тілдік тұрғыдан барудың кілтін ашқан дүниелер еді. Ал араға жылдар салып барып қолға алынған кейінгі кітап ұлы ақынның сөз өрнегін бұрын ескерілмей келген жаңа бірқырынан сөз ететін өзгеше туындылар қатарына жатады. Міне, бұл еңбектердің бәрі Р. Сыздықты нағыз абайтанушылар қатарына косты.

1968 жылы Абай тілін зерделеуге бағышталған «Абай шығармаларының тілі» атты монографиясы үшін оған Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлық берілді. Бұл еңбекте автор қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы ұлы Абайдың қосқан зор үлесін, орнын дәлелдейді. Абай тіліндегі лексика-морфологиялық ерекшеліктерді саралай келе, ақын өмір сүрген кезеңдегі қазақ әдеби тілінің де жағдайын жан-жақты қарастырады. Суреткер қолданған лексикалық, грамматикалық қатпар-қабаттарды әр қырынан талдап береді. Онда жаңадан жасалған, көнені жаңартқан, мүлде тың қолданыстардың себеп-салдарын анықтап, ұлы ақынның шығармашылығын даралай түсетін тұстары ерекше зерделілікпен баяндалады. Сөйтіп, «Абай – қазақтың қазіргі әдеби тілінін негізін қалаушы» деген тұжырымды тілдік деректермен бекіте түседі.

Жоғарыда аталған «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970) атты монографиясы жалпы өлең синтаксисіне арналған алғашқы еңбек десе болады. Мұнда Абай тілінің құрылым-құрылысы ете тереңнен қарастырылған. Осынысымен де ол ізденушілер мен студенттер қолынан түспей келе жатқан бірегей еңбек қатарында.

Рәбиға Сәтіғалиқызының қазақ әдеби тілі жөніндегі, оның теориясы, қалыптасу тарихы, бағыттары мен аспектілерін жан-жақты талдап беретін еңбектері өз алдына бір тобе. «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Сөздер сөйлейді», «Жами-ат Тауарихтың тілі», т. б. зерттеулерінен әдеби тіл тарихына қатысты бұрын қалыптасқан пікірлерден өзгеше тың ойлармен танысамыз. Бұл жерде әдеби тіл мәселесіне қатысты тарихи деректерге молынан жүгіне отырып және тілдің даму процесін қуалай, іздестіре келе әдеби тілдің тарихын бірнеше ғасырға тереңдетіп, батыл тұжырым жасайды. Асан қайғыдан Махамбетке дейін, ұласып жатқан бес ғасырлық жыр әлемін саралап шығады да, ғылыми ортаға ауызша әдеби тіл деген жаңа ұғымды ұсынады. Бұл қазір жаңа ғылыми термин ретінде қалыптасты. Осының негізінде пікір тұрақталып, барлық оқу орындарында Р. Сыздық ұстанымдары негізге алынған.

Жалпы ол қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихын, тілге тиек етер ескерткіштер мен үлгілерді жеке-жеке жіліктеп әкетуден гөрі, оларды белгілі бір тұтастық өлшеміне салып зерделеу керек екенін айтып, соны өзі бастаған болатын. Әрине, ол жалғыз болған жоқ. Ұстазы М. Балақаев, қаламдас інісі Е. Жанпейісовпен бірлесе жазған «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968) атты кітап Рекеңнің әлгіндей ойда жүрген кезінде жазылған. Ол кезде әдеби тіліміздің тарихын қай кезден, кімнен бастау керек, қандай үлгіге сүйенеміз, қай дәуірге апарамыз деген сан алуан сұрақтарға әлі жауап жоқ болатын. Тіпті әдеби тілдің статусын айқындау, анықтау жөнінде де әр қилы пікір өрбіп түрған кез еді.

Ол кезде көбіміз жазба тіл ғана әдеби тіл бола алады деген қағиданы ұстанатынбыз. Ал кейбір үлгілері XVIII ғасырдың ортасында әйгілі бола бастағандықтан, әдеби тіліміздің бастауын да сол кезеңге апарып жүрдік.

Ал Р. Сыздық ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулар тілін зерттей келе, әдеби тіл тарихы осы кезеңнен бастау алады деп оны бес ғасырға тереңдетті. Сонымен бірге қазақ халқының қалыптасу, даму тарихының өз ерекшеліктері бар. Сол ерекшеліктерді ескерсек, біздің әдеби тілімізді жазумен байланыстырып, таңып тастауға болмайды. Көптеген әдеби үлгілер мен фольклорлық мұраларымызды ақын-жыраулар ел арасына ауызша таратып отырған. Сондықтан, өз халқымыздың тарихында орны бөлек мұндай феноменді есепке алу кажет деген ыңғайдағы пікірді ол әуелі 1984 жылы жарияланған «ХҮІІІ-ХІХ ғ. Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты монографиясында айтты. Сосын бұл зерттеуің кеңейтіп, тереңдетіп «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХҮ-ХІХ ғ.ғ.)» деген атпен 1993 жылы екінші басылымын жариялады. Мұнда ол жазба тіл мен ауызша әдеби тілдің өзара айырмашылықтары мен ұқсастықтарын, әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктерін талдап көрсете келе, ауызша әдеби тіл деген терминді ендіріп, мүлдем жаңа бағыт ұсынды. Рәбиға Сәтіғалиқызының тіл біліміндегі бұл батыл бағыты қазір өзінің өміршеңдігін танытып отыр.

Профессор Р.Сыздық – түркітану ілімінде де өзіндік орны бар зерттеуші. Бұл ретте оның «Язык Жами'ат-тауарих Жалаири» (1989) деген монографиясын ерекше атауға болады. Бұл еңбекті зерттеудің айрықша құндылығы мынада. Кешегі бір кезеңге дейін мұндай ескерткіштердің көбінен ат-тонымызды ала қашып, іргемізді аулақ салып келдік. Ондағы дәлеліміз, зерттемей жатып-ақ қазақка тән ештеңе жоқ дегенге саяды. Рәбиға Сәтіғалиқызы көкейімізге көптен орнығып алған осы бір керенаулықтың шынжырын бұзды. Ондағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне тән, тіпті басқа туыс тілдерде қайталанбайтын, кездеспейтін қызықты сөз өрнектерін тауып, талдап анықтады. Сөйтіп, ол Қадырғали Жалаиридың «Жами'ат-тауарихын» рухани, мәдени жағынан да, тілдік тұрғыдан да қазақ халқының байырғы дәуірінен қалған мұра екенін дәлелдеп шықты.

Ғалым түркі тілдері тарихына байланысты ізденістерін Қожа Ахмет Ясауи хикметтері арқылы XII ғасырға қарай тағы да тереңдете түседі. Бұл орайда оның «Самарқанд немесе Залеман нұсқасы» деген қолжазбаның тілін лексика-грамматикалық, текстологиялық тұрғыдан талдаған зерттеу жұмысын 35 баспа табақтың көлемінде баспаға ұсынып отырғанын айтуға болады.

Көркем мұраларды құмарта оқитын жұртшылықтың қолына тиген «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі ғалымның аса бір ыждағаттықпен орындаған жұмысы болды. Онда ақын-жыраулар тілінде кездесетін сан алуан тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы көне сөздердін байырғы мағыналарын ашып, олардың семантикалық өрім-өзгерістерін саралап береді. Мұның тарихи лексикология бойынша өте қажетті оқу құралынын біріне айналуы да сондықтан.

Тіл мәдениеті мен қолданбалы лингвистика Рәбиға Сәтіғалиқызы зерттеулерінің ішінде өзгеше сипаттағы дүниелер. Бұл сала бойынша ол қаншама жылдар бойы өте нәтижелі еңбек етіп келеді. Ғалымның сондағы ерекше көңіл бөлетіні – шешендік сөздер, сөз қолданыс, әдеби норма мәселелері. Осы ыңғайда оның жетекшілігімен бірнеше ұжымдық жұмыс орындалды. Мәселен, «Жазушы және сөз мәдениеті», «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі», «Тілдік норма және оның қалыптануы» атты жеке монографияда норма мәселесі теориялық тұрғыда сөз болған тұңғыш еңбек.

Сондай-ақ Рәбиға Сәтіғалиқызының қазақ орфографиясына қосқан үлесі де мол. Ол қазақ тілінің орфографиялық сөздігін түзісуге 1960
жылдан бері үзбей қалам тартып келеді. Оның тікелей басшылығымен жуырда «Қазақ орфографиясы негізгі ережелерінің жаңа
нұсқасы» жасалды.

Р.Сыздық – қазақ тіл білімінің көкейкесті мәселелерін баспасөзде үзбей жазып, теледидар, радиодан үздіксіз насихаттап жүрген сергек ойлы, зерек тілші. Ол қоғамдық мәдени өмірдің қайнаған ортасында, әсіресе тілге қатысты мәселенің бәрінде өз үнін, өз пікірін ашық та, анық айтып жүр.

Кешегі репрессия құрбандары А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов сынды ғұламалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттауда жүргізген жұмыстары – өз алдына бөлек әңгіме. Бұлар жөніндегі танымдық мәні айрықша еңбектері студент қауымының қолында. Оның редакторлык жұмысы мен ұстаздық қызметінің де жөні бөлек.

Р.Сыздық туралы ұстаздары, қызметтестері, замандастары, қаламдастары тебіреніске толы пікірлерін жазған. Солардың ішінен М. Әуезовтың Рекең туралы айтқан мына бір ойларын қайталап еске алсақ, артық бола қоймас.

«...Оның (Р. Сыздық) сөзіндегі бір ерекшелік: тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар, орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты» деп жазған екен Мұқаң «Әдеби мұра және оны зерттеу» деген кітапта. (А., 1961, 351-6.) Ол ғылыми кадрлар дайындауда да сүбелі үлес қосып келеді. Бес доктор, жиырмадан астам ғылым кандидаты осының айғағы.

Ғалымның еңбектері Үкімет тарапынан да әлденеше рет жоғары бағаланды. 1972 жылы «Құрмет белгісі» орденіне ие болса, 1984 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді. Есімі Қазақ ССР-інін «Құрметті Алтын Кітабына» жазылды. (1981), ҚР Мемлекеттік сыйлығынын (1996) лауреаты атанды.

Егер Р. Сыздық еңбектерінің мән-мағынасын әрі қарай жеке-жеке талдап отырар болсақ, әлденеше мақалаға өзек болар әңгімеге ұласар еді. Иә, қашанда сиқырлы сөз бен сергек ойдың әлдиінде жүретін Рекең сол отты жігерлі, қайсар мінезінен тайған емес. Ол кісі академиядағы қызмет орнына келген бетте-ақ ұжымды өзгеше қозғалысқа салып, жан бітіргендей болады. Қысқасы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Р. Сыздықтың өмірде тынымсыз еңбекпен өрмелеп шыққан өрелі биіктері, көркем дүниедей оқылатын ғылыми еңбектері бүгінгі қазақ әйелінің рухани деңгейі қаншалықты өскендігін көрсететіні анық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет