КІРІСПЕ. Астрономия пәні.
АСПАН СФЕРАСЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК.
УАҚЫТТЫ ӨЛШЕУ.
ПЛАНЕТАЛАР, ОЛАРДЫҢ КӨРІНЕРЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ.
АЙДЫҢ ҚОЗҒАЛЫСЫ. АЙ ФАЗАЛАРЫ.
АСПАН МЕХАНИКАСЫ МЕН КОСМОНАВТИКА НЕГІЗДЕРІ.
КҮН ЖӘНЕ АЙ ТҰТЫЛУЛАРЫ.
АСТРОНОМИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕРІ.
КҮН ФИЗИКАСЫ.
КҮН АТМОСФЕРАСЫ.
ЖҰЛДЫЗДАР.
ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ ІШКІ ҚҰРЫЛЫСЫ МЕН ЭВОЛЮЦИЯСЫ
ҚҰС ЖОЛЫ.
ГАЛАКТИКАЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ
КОСМОЛОГИЯ. ХАББЛ ЗАҢЫ.
1-лекция. КІРІСПЕ. Астрономия пәні және оның мәселелері. Қазіргі астрономияның негізгі бөлімдері. Астрометрия және оның бөлімдері. Астрономияның шығу тарихы мен дамуының негізгі этаптары.
КІРІСПЕ. Астрономия пәні және оның мәселелері. Астрономия - Әлем туралы ғылым, ол аспан денелері мен олардың жүйелерінің қозғалысын, құрылысын және дамуын зерттейді. Астрономия Күн мен жұлдыздарды, планеталар мен олардың серіктерін, кометелер мен метеорлық денелерді, тұмандықтарды, жұлдыздар системалары мен жұлдыздар мен планеталар араларын толтырып тұрған материяларды зерттейді. Аспан денелерін зерттеу, түптеп келгенде, бүкіл Әлемнің құрылысы мен дамуын, оның пайда болуын зерттеуге әкеледі.
Аспан денелерін оқып зерттеуде астрономия алдына бір-бірімен тығыз байланысты үш мәселе қойылады:
Аспан денелерінің кеңістіктегі көрінерлік, содан кейін нақты орындары мен қозғалыстарын анықтау, олардың өлшемдері мен формаларын анықтау.
Аспан денелерінің физикалық құрылымын анықтау, яғни олардың химиялық құрамын, олардың сыртқы және ішкі физикалық күйін (тығыздығын, температурасын, т.б.) анықтау.
Аспан денелері мен олардың системаларының, солар арқылы бүкіл Әлемнің пайда болуы мен дамуын зерттеу, сол арқылы олардың болашағы туралы болжам жасау.
Астрономияны мынандай үш ірі бөлімдерге бөлуге болады: бақыланатын астрономия немесе астрометрия, аспан механикасы, астрофизика.
Астрономияның бірінші бөлімінің сұрақтары ерте кезден басталған ұзақ уақыт жүргізілетін бақылаулар арқылы шешіледі. “Бақыланатын астрономия” курсын жалпы астрономияны оқуға кіріспе ретінде қарастырған дұрыс. Көп жағдайда бұл курсты «Астрометрия» деп те атайды.
Аспан денелерінің қозғалысы бұдан 300 жылдан бері қолданылып келе жатқан механика заңдары арқылы шешіледі. Сондықтан оны зерттейтін астрономия бөлімі «Аспан механикасы» деп аталады.
Аспан денелерінің физикалық құрылымын, оларда жүретін химиялық реакциялар физикалық процестерді зерттеу, солар арқылы бүкіл Әлемнің пайда болуы мен дамуын зерттеу - астрономияның «Астрофизика» деп аталатын бөлімдерінің міндеті.
Достарыңызбен бөлісу: |