М. К. Төлеубекова
Ж. М. Уайданова
Семей қ.
ОЙЫН АРҚЫЛЫ БАСТАУЫШ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ
ТАНЫМДЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІН БЕЛСЕНДЕНДІРУ
Қазіргі өркениетті жаһанда білім беру саласының алдына қойылған басты
мақсаттардың бірі – жас ұрпақтың барлық білім салаларында, ғылыми-техникалық және
әлеуметтік үдерістерде тиісті дәрежеде әрекет жасауға даярлау болып отыр. Білім беру
саласын реформалаудағы мақсат білім беру жүйесін қайта қарап, оқушылардың
шығармашылық бейімделуіне қарай бағдарлы, сатылы білім алуларына жағдай жасау
болып табылады. Бүгінгі таңда оқушының білім, білігі және дағдысымен өлшеу
жеткіліксіз. Қазіргі талап білім сапасы оқушының алған білімін жеке басының әрі қарай
дамуын, тұлға ретінде қоғамның өркендеуіне пайдалана білуімен өлшенеді деп айтылуда
[1].
Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі балаға оқу
қызметінің субьектісі ретінде, өзін-өзі өзектілендіруге, өзін танытуға ұмтылатын дамушы
тұлға ретінде бағытталған. Мұндай жағдайда педагогикалық үдерістің маңызды құрамы
оқу ісіндегі субъектілер – оқытушы мен оқушының тұлғалық бағытталған өзара әрекеті
болып табылады.
Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес,
оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр. Қазіргі таңда мектеп
оқушыларына түрлі технологияларды пайдаланып білім мен тәрбие беру басты міндетіміз
деп білеміз.
Ұстаздық мамандықтың жауапкершілігі мол, сондықтан өтілетін әр сабақ
мұғалімнен көп ізденісті, шығармашылықты қажет етеді. Оқушылардың білімі мен
дағдыларын жүйелі бақылау оқушылардың пәнге қызығушылығын, ынтасын көтерудің
бірден-бір жолы.
Уақыт талабы оқу-тәрбие үрдісін батыл интенсивтендіру – оқушылардың білім
жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеру үшін ұстаздан терең білімділікті, кәсіптік
шеберлікті талап етеді. Осы талаптарға сай мұғалім қызметіндегі шығармашылық
негіздерді нығайту – оқушыларға білімді игертуге бар мүмкіншілікті тиімді пайдалану,
барлық әдіс-тәсілдерді жетілдіріп отырғанда ғана сапалы білім, дұрыс тәрбие жүзеге
асады.
Адам баласы қоршаған орта туралы шындықты белсенді іс-әрекеттің нәтижесінде
танып біледі. Ол іс - әрекеттер: ойын, оқу және еңбек. Балалар үшін ойын – ең маңызды іс
-әрекеттің бірі.
154
Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі нысаны, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық
категория. Ойын арқылы оқыту технологиясы – дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық,
әлеуметтендірушілік мақсатқа жетуді көздейді. Ойындық іс-әрекеттің психологиялық
механизмі жеке бастың өзіндік талап-талғамдарына сүйенеді. Баланың бойындағы
білімдік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді [2].
Бастауыш сынып оқушыларының мектепке келгенге дейінгі негізгі әрекеті – ойын
болса, оқу-тәрбие үрдісінде олар біртіндеп ойын әрекетінен оқу әрекетін орындауға
бейімделуі тиіс.
Ол сабақ барысында пайдаланылатын дидактикалық ойындар арқылы
жүзеге асады. Дидактикалық ойындар баланың таным (түйсік, қабылдау, ес, ой, қиял)
үрдісін және тілін дамытады. Бала еліктеу, қабылдау арқылы әлеумет өмірінің, өндіріс
қатынастарының мазмұнын түсінеді. Ойын әрекеті – психикалық қабілеттерін жетілдіріп,
баланың жеке басын қалыптастырып, әлеуметтік өмір мен жанастыратын әрекеттің бірі.
Баланың ойын тәжрибесінде ұжымдық өмір дағдылары қалыптасады.
Дидактикалық ойын баланың дүние танитын қабілетін, іс-әрекетін жетілдіреді.
Ойын үстінде баланың сана-сезімі, еркі, өзін-өзі бақылауы, өзінің әрекетімен салыстыру
қасиеттері жетіледі. Сондай-ақ зейін, ес, қиял сияқты психикалық қасиеттері
қалыптасады, сөйлеу тілі дамиды.
Ойын – оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Сондықтан
бастауыш, дайындық сыныптарында оқушылар сабақ үстінде ойынды көп қажет етеді. Оларға
пайдаланылатын ойындар оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай күрделеніп отырады.
Мысалы, дайындық сыныбында қарапайым ғана ойын түрлерін ойнатсақ, сыныбы үлкейген
сайын баланың жас ерекшелігіне сай болып күрделенгені дұрыс. Мұндай ойынның
көптеген түрлері бар. Сондықтан ойын балалардың жас ерекшеліктеріне және өтілетін
сабақтың тақырыптарының мазмұнына сай таңдалып алынғаны дұрыс. Бала ойын іс-
әрекеті үстінде білімді қалай игеріп жатқанын, ал оқу үдерісінің қалай ойынға ұласып
кеткенін аңғармай қалуы тиіс. Сонда ғана ойын және іс-әрекеттері табиғи бірлікте болып,
пәндік білім, білік және дағдыны игеруге толық ықпал жасайды. Ойын – бала әрекетінің
негізгі бір түрі. Бала үшін ойын – өмір сүрудің белсенді түрі, сол арқылы ересектерге
еліктейді, олардың іс-әрекеттерін, қарым-қатынастарын үйренеді, еңбектің мәнін түсіне
алады, адамгершілік қасиеттерін игереді, әлеуметтік рөлдер атқарады.
Сабақ үстінде жүргізілетін жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәні
бар ойын элементтерін кеңінен қолдану, бұл оқушылардың ойлау белсенділігін қажет
етеді. Сондықтан әр сабақта ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы
олардың білімге ынта-ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.
Бала қоршаған ортадағының бәрін ойын әрекеті арқылы қабылдайды, одан керегін
өзіне іріктеп алады. Сөйтіп, ол өзінің тілегін ғана іске асырады. Бірақ жасаған әрекетінің
неден басталып, немен аяқталатынына, одан шыққан нәтижеге ой жібермейді. Бала ойын
арқылы оқуға қызыға түседі. Сондықтан ойында шамалы еңбек, оқу көрінісі бар дей
аламыз. Заттың сан алуан қасиеттерімен де бала, ең алдымен, ойын арқылы танысады.
Өмірді әр қырынан көре бастайды. Ойлауға, әрекет жасауға ешкімнің қысымынсыз,
күштеуісіз, еркін үйренеді.
Балалармен бірге сабақ үстінде жүргізілген қызықты ойындар оларды сабаққа
қызықтырады, тәртіпке шақырады, дұрыс қорытындылауға, олардың бойында достық,
ұйымшылдық қасиеттерін, ойлау қабілеттерін дарытады.
Сабақ үстінде жүргізілетін жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәні
бар ойын элементтері оқушылардың ойлау белсенділігін керек етеді. Сондықтан мұғалім
әр сабағында ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы олардың
білімге ынта-ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді.
Мұғалім ойынды сабақтың басында қолданатын болса, онда ойын мақсаты
оқушылардың ойын бір жерге жинақтау, жаңа сабаққа немесе сұралатын үй тапсырмасына
оқушыларды түгел қатыстыру, сондай-ақ олардың белсенділігі мен қабілетін арттыру.
155
Егер ойын сабақтың ортасында қолданылатын болса, онда мұғалімнің мақсаты –
оқушылардың шаршап-шалдығуына жол бермеу, көңіл-күйлерін көтеру, олардың
шаршағанын ұмыттырып, білуге деген ынтасын үстемелеу болуға тиіс.
Ойын сабақтың соңында оқушылардың алған білімін тиянақтау ретінде де
пайдаланылады. Ойын элементтері сабақты түрлендіріп, мазмұнын кеңейте түседі [3].
Жаңа технология жүйесінде мәнді ойындардың маңызы зор. Мәнді ойын сабағында
оқушылар әртүрлі мәселелерді талдайды, оларды шешу жолдарын іздестіреді. Ондай
дәстүрлі емес сабақтар оқушылардың ойлау қабілетін және оқуға деген қызығушылығын
арттырады.
Ойын, сайыс түріндегі сабақтар – оқушылар білімін қорытындылайтын тиімді
әдістің бірі.
Елдің ертеңі оқу-білімінің тереңдігімен өлшенеді. Үздіксіз өзгеріп тұрған әлем
адамнан да қабілет пен қажеттіліктерді үздіксіз дамытуды талап етеді. Сондықтан білім
беру саласының басты мақсаты: оқушыларды өзгермелі өмірге бейім болып, еркін өмір
сүруге, білім мен білігіне сай келетін бағдар таңдап алатындай дәрежеге, өз бетінше
жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға, ойлау және шығармашылық қабілеттерін
дамыту және олардың шынайы өмірдегі дара тұлға болып қалыптасуына ықпал ету болып
табылады.
Әдебиеттер
1.Қазақстан
Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасы, 2004.
2.Кукушин В.С. Современные педагогические технологии. – Ростов-на-Дону, 2003. –
120 с.
3.Загренова Л.В. Теория и технология обучения. – Москва, 2004. –170 с.
Ж. М. Четпаева
Семей қ.
БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ОТБАСЫ РӨЛІ
Ұлы данышпан Абай Құнанбаевтың: Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым,
жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», - деп айтқаны бар.
Сондай-ақ, қазақ халқында: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - деп айтады.
Ендеше, Ұлы Абайдың айтқан нақыл сөзі мен халық даналығы бала тәрбиесіндегі
отбасы рөлінің қаншалықты маңызды екендігін анық айқындап тұр.
Отбасы мәселесі қай уақытта болсын әлеуметтік-гуманитарлық ғылым
салаларының барлығы үшін дерлік жан-жақты қарастырып, терең зерттеуді қажет ететін
ең бір маңызды мәселелердің бірі. Өйткені отбасы, алдымен, қоғамды құраушы негізгі
әлеуметтік институт болып табылады. Екіншіден, отбасы кез келген жеке тұлғаның
қалыптасуында басты рөл атқаратын әлеуметтік-мәдени орта. Тіптен отбасы
ерекшеліктері қоғамның барлық салаларында, әсіресе, саясатта, экономикада, мәдениетте
елеулі өзгерістер тудырады. Сондықтан отбасы қоғамдағы барлық институттардың
тұрақты назар аударатын мәселесі, мұнсыз, яғни отбасынсыз ешқандай қоғам болуы
мүмкін емес.
Сондықтан бүгінгі күні бұл мәселенің психологиялық, әлеуметтік және
педагогикалық қырларынан қарастырылуы өте қажет-ақ.
Әрбір адамның жеке тұлға ретіндегі психологиясы мен мінез-құлқы қашан да
болсын әлеуметтік ортаға тәуелді болып келеді. Әлеуметтік орта өз ретінен күрделі
156
құрылған қоғамды білдіреді. Оны мемлекеттер, ұлттар, халықтар, партиялар, таптар,
сонымен қатар мамандық, экономикалық, діни, мәдени-ағарту, жас ерекшеліктері және
басқа да белгілер бойынша бөлінетін әлеуметтік қауымдастықтармен білдірілетін үлкен
және адамдардың онша үлкен емес бірлестіктері болып табылатын – шағын топтар
құрайды.
Отбасы шағын топ ретінде оның мүшелерінің терең ішкі психологиялық және
мінез-құлықтық міндеттерімен сипатталады. Отбасын табиғи шағын топқа жатқызуға
болады. Өйткені ол тікелей оның мүшелерінің қажеттіліктерінен туындап, өмір сүреді.
Сонымен, отбасы, бұл – баланы қажетті аз дегендегі қарым-қатынаспен қамтамасыз
ететін институт. Бұл қарым-қатынассыз баланың жеке тұлға болып қалыптасуы мүмкін
емес. Осы орайда отбасы нақты қызметтер атқарады, атап айтқанда, олар: генеративті,
тәрбиелік,
экономикалық
және
шаруашылық-тұрмыстық,
гедонистикалык,
рекреациондық, фелицитологикалық, коммуникативті, регулятивті. Генеративті қызмет
адамзат ұрпағын жалғастыру қажеттілігімен сипатталады. Отбасының бұл қызметінің
жүзеге асуына тұрғындар денсаулығы сапасы және елдегі денсаулық сақтау даму деңгейі
ықпал етеді. Ал, отбасының тәрбиелік қызметі, нақтылап айтқанда, баланың
әлеуметтенуіндегі отбасының атқаратын рөлі аса зор екендігі еш даусыз. Оның
маңыздылығын бұл қызметті бірнеше қырларын ашып көрсеткенде анық байқауға болады.
Баланың әлеуметтенуінде отбасы бірқатар қызметтер атқарады. Біріншіден,
адамның физикалық және эмоционалдық дамуы. Нәрестелік және ерте сәбилік кезеңде бұл
қызмет айқындаушы рөл атқарады. Сәбилік, мектеп және жеткіншектік жастарда
отбасының ықпалы жетекші болып табылады, алайда, ол жалғыз ықпал етуші әлеуметтік
орта болып табылмайтыны белгілі. Екіншіден, отбасы баланың ақыл-ойы дамуында
шешуші рөл атқарады. Үшіншіден, адамның әлеуметтік нормаларды игеруінде де
отбасының маңызы зор. Төртіншіден, отбасында адамның отбасылық және этникааралық
қарым–қатынас саласындағы басты құндылық бағдарлары, сондай-ақ, оның өмір сүру
салты, өмірлік ұстанымдары, мақсаттары және де оларға жетудің жоспары мен жолдары
қалыптасады. Бесіншіден, отбасына адамның өзін-өзі бағалауы, өзін-өзі сыйлау деңгейі,
өзін-өзі реализациялау қырлары мен тиімділігі тәуелді болып келетін әлеуметтік-
психологиялық қолдау көрсету қызметі сипатты [1].
Отбасының экономикалық және шаруашылық-тұрмыстық қызметін жүзеге
асырғанда, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктер, құндылықтар бағдарлары мен
ұстанымдар, өмірлік мақсаттар жүйесі, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің субъективті
ерекшеліктері, олардың мінез-құлқы, тұтынушылық сұраныстары, мәдени даму деңгейі,
ұлттық және этникалық ерекшелігі әсер етеді. Сонымен бірге, отбасының экономикалық
және шаруашылық-тұрмыстық қызметі, елдегі саяси, экономикалық өзгерістермен де
байланысты болады. Мәселен, тауар бағасының өсуі, ақша инфляциясы, жалақының өмір
сүру минумына сай келмеуі сияқты мәселелер.
Отбасының рекреациондық немесе психотерапевтік қызметі, «менің үйім – менің
қамалым» дегенмен түсіндіріледі, яғни іргесі мықты, қайшылықсыз отбасы – адам үшін ең
сенімді тірек болатын орта.
Фелицитологикалық қызмет («фелиците» латынша – бақыт дегенді білдіреді)
отбасында бақыт, үйлесім, өзара түсіністік орнату деп айқындалады. Ал отбасының
регулятивтік қызметі дегенде, бұл арада отбасылы адам статусы негізге алынады.
Отбасылы адам отбасын құрмаған адаммен салыстырмалы түрде алғанда өз іс-
ірекеттеріне барынша жауапкершілікпен қарап, оларға есеп береді [2].
Адамның екі қарама-қарсы құбылыстарын – қарым-қатынасқа түсу және оңаша
болу қажеттігін қанағаттандыруды отбасының коммуникативтік қызметі атқарады.
Сондай-ақ, баланың жеке тұлға болып қалыптасуында ата-ананың білім деңгейі, олардың
жастары және жалпы мәдениет, отбасының құрылымдық түрі да тікелей әсер етеді.
Отбасы түрлері үшке: авторитарлық, демократиялық және либералдық болып
бөлінеді. Авторитарлық отбасы түрінде ата-ана балаға үнемі қатаң талаптар қойып,
157
бақылауға алады. Мұндай отбасында күш көрсету, агрессия, қатаңдылық көрініс табады.
Балалардың пікірімен ата-ана санаспайды, олардың қажеттіліктері басылып тасталады. Ал
егер отбасында либерализм болса, бұл керісінше авторитарлық отбасы түрінің барлық
дерлік белгілеріне тұтастай қарама-қайшылықпен түсіндіріледі. Ашып айтқанда, аталған
отбасы мүшелері арасында бір-біріне деген немқұрайлық болады. Баланың қажеттіліктері
назардан тыс қалдырылады.
Демократиялық отбасы түрі өзара мүдделікке, жәрдем мен қолдау көрсетуге
негізделеді. Баланың жан-жақты дамуына қолайлы жағдайлар жасалады. Әрине,
отбасылық қарым-қатынас ата-аналардың балаға қатынасынан және баланың қалай
қалыптасуына негізделіп құрылады. Бұл қарым-қатынас әртүрлі болып келетіні мәлім.
Олардың кейбіреуіне тоқталып өтсек. Баланы өмірінің мәні деп білетін ата-аналар қарым-
қатынасы. Мұндай жағдайда, әсіресе, баланың анасы барлық уақытын баламен өткізіп,
оның кез келген тілектерін орындауға дайын болады. Баланың жеке тұлға болып
қалыптасуында мұндай шамадан тыс қамқорлық кері ықпал жасайды. Ол үнемі сырттан
көмек күтуге дағдыланады да, өздігінен әрекет жасауға қабілетсіз болады.
Өмірдегі құндылық бағдарлары өзгешелеу болып келетін отбасылар да кездеседі.
Олар баланы өздерінің қоғамда өз орындарын табудағы басты кедергі деп қарайды.
Тұрмыстық қиыншылықтарға тап болған отбасыларында билік пен бедел
бәсекелестігі болады. Көпшілік жағдайда, мұндай отбасында әкенің беделі ананың
отбасындағы алатын орнынан төмен болады. Отбасында жиі дау-дамай, кикілжіңдер
туындайды. Бұл баланың тұйық, өзіне сенімсіз, қорғаншақ болып қалыптасуына ықпал
етеді.
«Қазақстан–2030» стратегиялық бағдарламасында бала тәрбиесіндегі отбасы
маңызы турасында: «Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердiң өз балалары мен
немерелерi алдындағы жауапкершiлiгiн күнделiктi есте ұстауға тиiспiз. Бiз өз
балаларымыз бен немерелерiмiздi сонау алыс болашақта, олар бiздiң жасымызға жеткен
кезде қандай күйде көргiмiз келедi» [3] делiнген.
Қорыта айтқанда, бала тәрбиесiнде отбасының орны ерекше. Отбасы тәрбиесін
қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Өйткені, отбасындағы
жағдайлар баланың жалпы дамуына зор ықпал жасайды және ең бастысы отбасы баланың
толыққанды жеке тұлға болып қалыптасуының көзі және кепілдігі болып табылады.
Әдебиеттер
1.
Бердібайқызы Қ. Өнеге әуелі - отбасынан // Қазақ батырлары, 2005. – №4.- Б.22.
2.
Миркенова Г. Отбасы тәрбиесінің маңызы //Бастауыш мектеп. 2005.
–
№7. – Б.56-57.
3.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына
жылсайынғы жолдауы. «Қазақстан–2030» стратегиялық бағдарламасы, 1997.
Н. Т. Нығыманова
Астана қ.
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ – ӘДЕТ-ҒҰРЫП
МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ БҮГІНГІ КҮНДЕГІ РӨЛІ
Ұрпағымыздың ұлағатын асыратын, рухани нәр беретiн қазақ халқының асыл
қазыналары мен оны жинап, зерттеп, жастардың игiлiгiне асырған халық зиялыларының
еңбегiнiң өлшеусiз екенiн байқаймыз.
Адамзат дамуының барлық кезеңiнде өскелең ұрпақ басында осындай iзгiлiк
туғызатын халықтың ауыз әдебиетi үлгiлерi мен салт-дәстүрлер екенiне көзiмiз жеттi.
158
Халықтың ғасырлар бойы жинақталған тiршiлiк қағидасы әдет-ғұрыптарда да көрiнiс
тапқан. Әдет-ғұрып жайлы сөз еткенде, оның экологиялық тәрбиеге қатысты бiрнеше
түрiн анықтадық.
1.
Қоршаған ортаны сақтау, аялау бағытындағы әдет-ғұрыптар. Бұл тұрғыда ең
алдымен Наурыз тойын атауға болады. “Жыл басы” деп есептелетiн бұл той қазақтарға
күн мен түннiң теңесетiн астрологиялық болжамға сәйкестендiрiлген. Халық айтатын
«жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер» шағына тұспа-тұс келетiн күнi, нақтылай
айтсақ, көшпелi халықтың қыс құрсауынан шығып, жасыл көктемнiң айқара ашылған
құшағына енген елдiң қуанышында шек болмаған. Сандықтарындағы қызылды-жасылды
той киiмiн қағып-сiлкiп киiп, үй жасауларын жайнатып, жадыраған табиғатпен жарасып,
мәре-сәре болған. Наурыз тойының өзiндiк ерекшелiктерiнiң бiрi – наурыз көже.
Халықтың ежелгi наным-сенiмдерiнен туған жетi санының негiзiнде жетi түрлi азықтан
жасалатын бұл әдетте бидай, тары, күрiш, сүт, су, тұз сияқты дәмдермен бiрге сүр еттiң де
салынатыны белгiлi. Бұл ескi (сүр ет) мен жаңаны тоқайластыра отырып, “Ескi есiркесiн,
жаңа жарылқасын” деген түсiнiк бередi. Бұған қоса қаншама ақ тiлектер айтылады. Ең
бастысы, үй-жай, қора-қопсысын тазалап, босағаны аттайтын Қыдыр бабаны күтедi.
Қазiргi кезде Наурыз күнi “Бiр тал кессең, он тал ек” деген нақыл да дәстүрге айналып,
жасөспiрiмдердiң жаппай ағаш егетiнi дәстүрге айналды. Демек, наурыз тойлау балаларға
экологиялық тәрбиенi тiкелей жүзеге асырады дей аламыз.
2.
Ата дәстүрдi ардақтау дәстүрi негiзiнде хайуанаттар әлемiне кұрмет көрсету
әдетi. Инабаттылықты қалыптастыру үшiн жасалатын әлеуметтiк ереженiң бiрi – ат
терлету. Қазақ халқы жас келiннiң, өзiнен үлкен отбасындағы, ауыл-аймақтағы туған-
туыстарының аттарын атамауын ең үздiк әдет деп ұғынған және жас келiннiң
инабаттылығының көрiнiсi деп бағалаған. Ертеден аңызға айналған бiр әңгiме бойынша,
жас келiн өзеннiң арғы қабатындағы қамыста қойды қасқыр тартып кеткен жайлы ауылға
хабарлағанда, төрт жан-жануарлардың аттары да қайын-қайнағаларының есiмдерi
болғандықтан, өзендi – «сарқырама», «қамысты-сылдырама», қойды – «маңырама» және
қасқырды – «ұлыма» деп айтқан екен. Бұл тапқырлықтың негiзiнде халықтың үлкендерге
деген инабаттылықты уағыздағанын көрсек, аңды «киелi, қасиеттi» деп, сөйлеу тiлiнде оның
атын көтермелеп, дәрiптей атағанын да ұшыратамыз. Мәселен, қасқырдың атын атамай «ит-
құс», жолбарысты – «бай шұбар» деген.
3.
Ел арасындағы ауыс-күйiс, бiтiмшiлiкте мал басымен қатынас жасау болған.
Қазақтар ас бергенде, сауын айтқанда, айып төлегенде, құда түскенде қатынас түрiн төрт
түлiк мал арқылы жасап отырған. Көркем әдебиетте белгiлi Сағынайдың асында
(I.Жансүгiров) сойылған, бәйгеге тiгiлген қыруар мал, қалың малға берiлетiн қырық жетi,
Тәуке ханның «Жетi жарғысындағы» айыптың малмен төленуi т.б. әдет-ғұрыптар – халық
өмiрiнiң малмен тығыз байланысты болғанының дәлелi. Қазақ халқының осындай әдет-
ғұрыптары арқылы бiз, бүгiнгi ұрпақ, игi дәстүрлерді айқындаймыз, жақсыларын үлгi
тұтамыз. Бұған қоса, бабаларымыздың рухани байлығын табиғатты, жан-жануарларды,
тiптi хайуанаттардың да әрқайсысының орнын лайықты бағалап, құрметтеуге, оларды
сақтауға тырысқанына куә боламыз. Жас жеткiншектерге берiлетiн экологиялық тәрбие де
осы ұлттық салт-санамыздың ерекшелiгiнен нәр алып, өзiн қоршаған тiршiлiк атаулыға
ұқыптылықпен қарауға үйренуде жатыр.
4.
Еңбекке үйрету арқылы экологиялық тәрбиенi жүзеге асыру. Этнопедагогикада
бала бойынан талап ететiн қасиет еңбек болып саналды. Қазақ айтқан:
«Еңбек етсең ерiнбей,
Тояды қарнын тiленбей» – деген мақал осыдан туындайды [1].
Еңбекке баласын үйрете отырып, әр ата-ана аз iстесең де сапалы iстеудi, игiлiк үшiн
еңбек етуді, еңбекке аса құрметпен қарауды еңбектiң тұла бойға сiңiретiн асыл
қасиеттерiн айтып ұғындыра бiлген. Еңбек тәрбиесi арқылы жастарды экологиялық
тұрғыда сапалы тәрбие беру де естен шығарылмаған. Қазақ халқы жасыл түстi шөптi – көк
түске салыстырған. Оның себебi не? Көкшiл түс қол жеткiзбес асқар таудан да биiк
159
қасиеттi, арайлап атқан әр таңы пендеге күш-қуат берген, жарық тудырушы – аспан түсi,
сол себептен жердегi жасыл шөптi де пiр, қадiр тұтып, аспанмен теңестiрiп көк деп
атаған. «Күн күркiресе, көк дүркiрер» деген мақалда осы ой анық байқалды.
Ел қазақтары бұрын малға азық жинап, шөп шауып, қысқа дайындалған. Бiр жерден
екiншi жерге қоныс жасап жүрiп, малға жайлы жерлердi тапқан. Осыдан ол жылдың төрт
мезгiлiнде көшiп-қонып жүрiп, «көшпендi халық» атауына ие болған. Жазда – жайлауға,
күзде – күзеуге, қыста – қыстауға, көктемде – көктеуге көшiп жүрген. Абайдың мына бiр
сөзi есiмiзге түседi: «Ерте барсам, жерiмдi жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар
бай». Бұл бiр жағынан, байдың сараңдығын сықақтаса, екiншi жағынан мал жаятын
жердiң қатаң есептеулi екенiн, жердiң шөбiн тиiмдi пайдаланудың қажеттiлiгiн көрсетедi.
Жерге, шөпке деген ықылас қазақтардың белгiлi бiр жолмен, белгiлi уақытта көшуге,
малды үйренген жерге жаюға қалыптастырған, үйреткен. Өйткенi шөп тамырымен
жойылса, ондай жерге ендiгi жылы шөп шықпай қалатын болған. Жұртты тақырға
айналдырып жiберу – табиғатты орынды пайдаланылмағанның, жерге жаны
ашымағанның iсi. Ауыл маңайынан шөп ормау, ауыл айналасына мал жаймау сияқты
бұрынғы қазақ ауылдарының дәстүрлi соңғы 15-20 жылда ұмыт бола бастаған. Бұл, әрине,
өте өкiнiштi жай. Ұрпақтарымыздың тәрбиесiнде бұл мәселе айрықша аталып отырғаны
дұрыс.
Қазақ халқының атадан балаға қалдырған даналығы – «көктi жұлма», «өртеме»,
«таптама» деп, осындай табиғат ерекшелiктерiне көп көңiл бөлгенi. Егер бiз адамзатқа
сый еткен табиғаттың көрiнiстерiне үлкен жауапкершiлiкпен қарап, қастерлесек, онда
туған жер табиғатының бұрынғыдан да жайнай беруiне кәмiл сенемiз. Қазақтың «көктi
жұлма, көктей соларсың» деген тыйым сөзі осыдан шыққан болар. Бұл сөздiң
мағынасында үлкен философиялық терең ой жатыр. Нақыл сөз өмiрден туындап, жасыл
шөп, өзен-көл, көкорай шалғынға, таулы орманға деген аяушылық, қамқорлық,
жанашырлықтың белгiсiнен туындайды
.
5.
Отбасылық
қарым-қатынас
арқылы
адамгершiлiкке
тәрбиелеу
қазақ
этнопедагогикасының отбасы арасындағы қарым-қатынас ерекшiлiгi балаларға деген
мейiрiмдiлiк, қамқорлықтан байқаласа, сонымен бiрге үлкен-кiшiнi, туған-туысты, ата-
ананы сыйлап, құрметтеу ұлттық салт-дәстүрде үлкендердiң де бойынан табылады. Бұл
жағдай, яғни талап қою этнопедагогиканың негiзi, iргетасын қалаушысы. Дәлiрек айтсақ,
қазақ этнопедагогикасы – тәрбие мәселесiнде адамгершiлiк, туыстық, бауырмалдық
қағидаларын басшылыққа ала отырып, үлкен мен кiшi, ұстаз бен шәкiрт, ата- ана мен бала,
табиғат пен адам қатынасы арасындағы ынтымақтастықты дәлелдейтiн ғылым.
Этнопедагогиканың осы тағылымын алдымен оқу-тәрбие iсiнде кеңiнен енгiзу – басты
мақсат. Себебi ғасырлар бойы көңiлге жатталған «Анасына қарап қыз өсер, әкесiне қарап
ұл өсер», «Істегенiң маған жақсы, үйренгенiң өзiңе жақсы», «Әке көрген оқ жонар, шеше
көрген тон пiшер», «Шешесiн көр де қызын ал» деген халық мақалдары жасөспiрiмдердiң
бойына, табиғат қорғаумен қоса, тәрбиелiктi де сiңiредi, эстетикалық талғамды
қалыптастырады.
Жалпы осы тұрғыдан алып қарағанда, этнопедагогикаға негiзделген тәрбие дегенiмiз
– белгiлi бiр ұлттың өкiлi болып табылатын халықтың өз ұрпағына қалдырып отыратын
мәдениетi, салт-дәстүрi, жинақтаған бiлiм, iскерлiгi. Қазақтың этнопедагогикасы әрдайым
ата-ананы, қарттарды, баланы, жалпы әлсiздi құрметтеу, көмектесуге шақырады. Ата-
анасын, қарияларды сыйламайтын, ар-намыс, қайырым деген түсiнiктерден мүлдем
хабарсыз адамдармен аяусыз күрес жүргiзiп отыру қазақ этнопедагогикасының негiзгi
қағидаларының бiрi болып саналады.
Экологиялық мазмұндағы қазақ этнопедагогикасы оқушыларға түрлi әдiспен, яғни
айтқанда, хабарлау қысқа қанатты сөздер, ойындар, адамгершiлiкке шақыру, тыйым салу
жолдарымен берiледi. Этнопедагогика мұралары түрлi сабақтарда бiрнеше рет
қайталанып, оқушылардың оларды жадында сақтауына да мүмкiндiктер туып отырады.
Көбiне олар тәжiрибемен алмастырылып, еңбек ету үстiнде, ойын, iс-шаралар барысында
160
жүргiзiледi, сөйтiп, балалардың жеке басында ғана емес, олардың эмоционалдық, ерiктiк,
әрекеттiк жағдайларына да ықпал етедi. Табиғатпен байланыс жасаудағы көпжылдық
тәжiрибе көбiнесе жерге, суға, нанға, орманға, өсiмдiк пен жануарлар әлемiне сақтықпен
қарауға үйрету мәселелерi бастауыш сынып оқушыларының санасына осылай сiңiрiледi.
Табиғат сұлулығынан, әдемiлiгiнен, әсемдiлiгiнен бойына қуат, жүрегiне шуақ алған
адам баласы өзiнiң iңкәр сезiмiн өскелең ұрпаққа да берiп отырғаны жөн. Эколог-ғалым
Нұрғали Сарыбековтiң: «Айналайын ағайын, көп ұлтты Қазақстан Республикасының
халқы! Ер азамат елi мен туған жерiнiң қамын ойламаса, елi мен жерiнiң келешегi үшiн
жанын пида етпесе, оның адам аталып жер басып жүргенi артық. Мәселенi терең бiлетiн,
бiрақ елге ашық айтудан қорқып, айтпай қалған су жүрек маман болғаннан – өлген
артық…» деп өз жанайқайын паш еткен едi [2].
Республиканың 17 облысын аралап, табиғатымен танысып шыққан азамат адамның
парықсыз iс-әрекетiнен жасалған қастандықтан табиғаттың «өздiгiнен тазалануға шамасы
жоқ» екендiгiн күйiне айтады. «Азғындықтың бiрден-бiр кiнәсi бiздер – адамдармыз» дей
келiп, ғалым: «мен бұл жерде у мен ластың әкесiн төгiп жатқан, су мен ауаға ешбiр есепке
бермейтiн улы, былғаныш заттар жiберiп жатқан зауыт, фабрика, көлiк, ауыл
шаруашылық мекемелерiн атап отырған жоқпын… Менiң айтып отырғаным жай
күнделiктi тұрмыстан шығатын көң-қоқсықтың, адамның табиғаттағы парықсыз iс-
әрекетiнiң арқасында табиғатқа, адамның тiкелей өз басына әкелiп жатқан азабы… Кез
келген есептiк-статистикалық мәлiметтерге, дәрiгерлiк, экология, биоресурстар
басқармаларының мәлiметтерiне көз салсақ, бiздiң ойланбай жасаған тiкелей iс-
әрекеттерiмiздiң табиғатқа, адамның тiкелей өз өмiрiне зиянын көрiп төбе шашың тiк
тұрады…» дейдi [3]. Ғалым одан әрi қарай табиғатпен қарым-қатынас жасағанда, мiндеттi
түрде орындалуы тиiс үш заңды ұсынады, олар: а/ табиғаттың тазалығы; ә/ табиғаттың
мол қазыналығы; б/ табиғаттың көркемдiлiгi.
«Егер әрбiр адам баласы өмiр сүру барысында осы заңдарды қатаң түрде
орындамаса, бәрi бос сөз – келешек болмайды, өмiр тоқталады». Ұрпақ келешегiн,
планетамыздың амандығын, мәңгiлiк өмiр сүруiн ойлаған әрбiр азаматқа ғалым
жанайқайының үлкен толқыныс тудырары сөзсiз. «Еңбектеген бала мен еңкейген қарияға»
дейiн табиғат тазалағына жаны ауырып, оған өз үлесiн қосқанда ғана бiздiң жер
әлемiмiздiң мәңгi-бақи ұрпаққа қызмет етерi даусыз. Аңыздардағы Қорқыт бабаның жердi
бүлдiрiп қаза беруден сақтандырып, «У шығып кетедi» деп безектеуі, Асан қайғы
атамыздың халқына жайлы қоныс iздеп, желмаясымен жетi жыл жер кезуi, тiптi
М.Әуезовтiң Америкаға барған сапарында, сол жақтағы Әбiлсәмед деген қазақтың
жазушыны қонақ үйге iздеп келiп: «Сыр ағып жатыр ма?» деп сұрауы тегiннен-тегiн емес,
бұл – табиғатқа деген ұлы сүйспеншiлiк.
Бұрын отар-отар қой секiлдi, ауыл төңiрегiнде кездесе беретiн қарақұйрық пен
киiктер, тау етегiндегi қойларға араласып кететiн арқарлар, жол бойында, ана бұтадан
мына бұтаға секiрiп тұра қашатын қояндар техниканың, адамның қастандығына төтеп
бере алмай, тал бесiгi – жер бетiнен пана таппай, әбден азайып бiттi.
Арал мен Балқаштың қасiретiн бүкiл ел бiледi. Көкшетаудың Сәкен жырлаған 80
көлiнiң 4-еуi ғана қалыпты. Осы апаттың бәрi адам қолымен жасалып отырған жоқ па?!
Қазақта «үш сауап» деген сөз бар. Олар: шөлден құдық қазу, өзенге көпiр салу және
жол жиегiне ағаш егу. Осыдан келiп, «Құдыққа түкiрме» деген мақал шыққан. «Неге
олай?» деп сұраған балаға үлкендер: «жаман болады, киелi» - деген.
Иә, табиғаттың қай түрiн алсақ та, киелi, қасиеттi. «Малды теппе», «Аңды артық
қырма», «Аққуды атпа» деген ата сөзi осыдан қалған. Табиғат – өмiр қазығы, тiршiлiк
бастауы. Ұлтымыздың бiртуар ұлы Нәзiр Төреқұловтың: «Ұлттың бұған дейiн жасағанын
былайға итерiп тастауға болмайды. Халықтың өз жасағанын өзiнен әсте аямаңыз», - деуi
де жас ұрпақ тәрбиесiне әсер күшi мол, аталы сөз.
Оқушылардың табиғатқа қатысын анықтау барысындағы мұғалiм олардың жас
ерекшiлiгiне, жеке басының ерекшелiгiне мән беру мақсатымен өзiндiк жұмысын жолға
161
қояды. Олар «Табиғатты, адамның еңбек әрекетiн бақылау күнделiгiн» жүргiзедi, табиғат
тану, еңбек, сурет сабақтарында өздерiнiң көрген-бiлгенiн, түсiнгенiн үнемi ортаға салып
отырады. Оқу-тәрбие жұмысының барысында қазақ этнопедагогикасының ең танымал
үлгiлерiн естерiне түсiрiп, iс жүзiнде көрсетiп, оларға ұлттық ойындар, экологиялық
мазмұндағы түрлi жағдайлар (ситуациялар) жүргiзiлдi.
Оқушыларға, сондай-ақ олардың қоршаған табиғатқа, өсiмдiктер мен жануарлар
әлемiне деген эмоционалдық-эстетикалық қатысын бiлдiретiн тапсырмалар берiледi, олар:
табиғат қорғау тақырыбындағы фольклорлық материалдар (ауыз әдебиетiнiң үлгiлерiн)
жинау, жылдың кез келген мерзiмiнiң суретiн салып, жанына оған арналған мақал-
мәтелдердi жазу, өзi жақсы көретiн жануар, өсiмдiк туралы әңгiмелеу, жануарлар мен
өсiмдiктер жайлы жұмбақтарды еске түсiру т.с.с. Мұны оқу-тәрбие үрдiсiнде
пайдаланудың деңгейлерiн анықтап алдық.
Яғни, экологиялық бағытта жүргiзiлген кез келген мақсатты iс-шара , халықтың
әлеуметтiк-мәдени болмысын жетiлдiрiп, оңтайлы, әдiснамалық негiздер орнықтыруға
мүмкiндiк бермек.
Әдебиеттер
1. Ұзақбаева С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. А., 1992. 176 б.
2. Сарыбеков Н.С. Ұрпақты сақтаймыз десек.//Қазақ мектебі, №7-8,1992. 34 б.
3. Трусов Э.В. Основы социальной экологии. М.,1998. 224 б.
Достарыңызбен бөлісу: |