Ббк 81. 2 Қаз б 20 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті



Pdf көрінісі
бет20/26
Дата11.01.2017
өлшемі6,13 Mb.
#1618
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26

«ﻭ» (о) дыбысын «ﺆ» (у)-ға алмастырған орындар көп. «ﺍ» (а)-
ны  «и»-ге  алмастырған  жерлері: «алмай» (алмай)  деген  сөзді 
«алмій» (алмій)  деп, (е)-ні  «ﻱ»  (и)-ге  алмастырған  жерлері: 
«кет» (кет)-ті «ﺖﻴﻛ» (кит), айт (ейт) «ﺖﻴﺍ» (ит) деп, «ﻭ» (о)-ны 
(у)-ға  алмастырған  орындары:  ﻞﻮﻗ  (қол)-ды  ﻞﻮﻗ  (қул),  ﺕﻭﺍ  (от) 
ﺕﻭﺍ (ут) деп. 
Бұлайша  тілді  бұзуға  себеп  болған  нəрсе – жазу.  Араб 
əліппесіндегі  харіптер  түрік  тліндегі  кей  дыбыстарға  тура 
келмеген.  Ол  дыбыстарды  жазуға  басқа  дыбыстардың  харіп-
тері жұмсалған. Түрік тілінде «ﻭ» (о) дыбысы бар, араб əліп-
песінде  оған  харіп  жоқ;  түрік  тілінде  «ﻩ»  (е)  дыбысы  бар, 
оған тура келетін арабта харіп жоқ. Сондықтан «о» дыбысын 
«у»-мен жазған, «е» дыбысын «и»-мен жазған. Бұл дыбыстар 
айтылуынша  оқылмай,  жазылуынша  оқылған. «А»  дыбысы 
«и» дыбысына алмасуына себеп болып, түрік сөздерін де араб 
емлесімен жазамыз деген, мəселен: қарамай – қарами. 
Растыққа жүгінсек, түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта. 
Дұрыс  емес  деген «-дің», «-ды»-ларды  һəм  дұрыс  деген 
«-ның», «-ны»-ларды  алып  қаралық.  Мен  айтамын: «-ның», 

274
«-ны»  дұрыс  емес, «-дың», «-ды»  дұрыс  деп.  Неге  десең:  тіл
табиғатына қарағанда «-ны» келерге керек дауысты дыбыстар-
дан  соң,  қазақта  солай «-ның», «-ны»  дауысты  дыбыстардан 
соң келеді. Аяғы дауысты дыбыспен біткен һəм аяғы дауыссыз 
не  жарты  дауысты  дыбыспен  біткен  сөздерді  алып  қарасақ, 
солай екендігі көрініп тұр. Мəселен: 
мал – жарты 
 
малдан – жартыдан
малдың – жартының 
малдай – жартыдай
малды – жартыны   
малда – жартыда   
Дауысты  дыбыстардан  дауыссыз  дыбыстар  көп.  Қағида 
азына  қарап  емес,  көбіне  қарап  жасаларға  керек.  Қазақша 
дауыссыз  дыбыстан  соң  бəрінде  «д»  кіріп  тұр;  дауысты 
дыбыстан соң екі-ақ жерде «н» кіріп тұр, үш орында «д» кіріп 
тұр.  Қағиданы  аздан  шығармай,  көбінен  шығаратын  болсақ, 
дауысты  дыбыстан  дауыссыз  дыбыстар  көп; «н»  келетін 
орыннан «д» келетін орын көп, қалайша қазақ тіліндегі «-дың», 
«-ды» дұрыс емес, «-ның», «-ны» дұрыс деп айтамыз. 
Онан  əрі: «-нан»  дұрыс  емес, «-ндан»  дұрыс  деген – о  да 
даулы сөз, табиғатқа салғанда екеуі де дұрыс, жолға салғанда 
екеуі де дұрыс емес, мəселен:
жол бойынша боларға керек: 
табиғат қалауынша
атасыға 
 
 
 
атасына
атыға 
 
 
 
атына
қолыға 
 
 
 
қолына
Сондай-ақ қазақтың «-нан» етіп айтуға»: табиғат қалауынша:  
қазақтың табиғат тартуынша:  жол бойынша:
атасы 
 
атасындан 
 
атасынан
аты   
 
атындан 
 
атынан
қолы 
 
қолындан 
 
қолынан
деп айтылады. Табиғатына қарамай, жолға түсіру керек болса: 
«атасына» демей, «атасыға» деп жазу керек, «атасынан» демей, 
«атасындан» деп жазу керек. «Атасыға» деп жазған татарларды 
көрмеген соң, біз де «атасынан» деп жазып жүрміз.
Бұлардан басқа пысық көрінетін: «ма», «ме» орнына «ба», 
«бе»  жазғанымыз; «ш»  орнына  «с»  жазғанымыз.  Бұларды 
қазақ айтады: солай айтылатын болған соң, солай һəм дейміз. 

275
Османылар  «бін»  дейді,  біз  «мен»  дейміз,  османылар  «уар» 
дейді, біз «бар» дейміз; османылар «дағ» дейді, біз «тау» дейміз. 
Осы сөздердің қайсысы дұрыс? Османыларға сендердің «бін», 
«уар», «дағ» дегендердің дұрыс емес, «мен», «бар», «тау» деп 
жазу керек дейміз, жөн бе? Сол сықылды ба, бе дұрыс емес, ма, 
ме дұрыс деп айтудың жөні жоқ. Солай: ма, ме, яки ш жазса 
да түсінер; ол бірақ қазақша болмас. Татарлар неге «атасыға», 
«атасыдан», «атасыдай»  деп  жазбай, «атасына», «атасынан», 
«атасындай» деп жазады? Атасыға – атасынан – атасыдай деп 
жазса,  түсінбес  пе?  Əрине,  түсінеді,  бірақ  солай  жазбайды. 
Олай жазса татарша болмайды. Қазақ та солай: -ның, -ны, -лар, 
-лық, -лы орынсыз жерлерде келсе, ол сөз қазақша болмайды; 
жөнге  тілдің  өзі  табиғаты  тартуынша  əрқайсысын  өз  орнына 
қойған.  Тілдің  өзінің  қойған  орнынан  басқа  орынға  қойса, 
онда  ол  қойғанымыз  ол  тілше  болмайды.  Ол  тілше  болмаған 
соң,  оның  түбі  ол  тілді  бұзу,  өзгерту  болады.  Қазақ  тілін 
өзгертіп, татар тіліне қосу болса, онда солай деп ашып айтарға 
керек. Емлесін қата десек, тастап бізге келер деген ой – қата: ол 
жақсы мен жаманды, қисық пен түзуді айырарлық қазақта көз 
жоқ дегендік болады. 
Егер  де  Гаспиринскийдің  сөзін  тірілтеміз  десек,  ұлығ  іс 
үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін 
алу керек. Сол екеуі де қазақтан табылады. Азбаған асыл тілден 
емле шығарып, соған қарап басқа емлелерді түзету керек. 
Ақтығында айтатыным: бұл күнде жазылып жатқан кітап-
тарда,  газеттерде,  журналдарда  қазақ  тілінде  болсын,  татар 
тілінде  болсын  анықталған  қағидалы  емле  жоқ.  Қағида  жоқ 
болған соң, қисық, түзу емле деп айтуға да жол жоқ. Тұтынып 
жүрген  емлеміз  сап  түзеген  солдаттардай  болғанша,  мұндай 
сөзді  қозғау  түзелуімізге  себеп  болады.  Сондықтан  бұл  сөзді 
қозғаған Хасан Ғали əфендіге алғыс айтамыз.
«Қырық  мысал», «Маса»  турасында  айтатыным:  олар 
халық  үшін  жазылған  нəрсе,  халық  айтуынша  жазылған.  Өз
тілімізден шығарып емле түзегенше, халықтың айту ауанынан 
шықпаймыз. Басқаларда даяр емле бар ғой, соны алайық деп, 
қисық  емлеменен  тілімізді  қисайтпаймыз.  Тілдің  ауанына 
қарамай,  харіптің,  емленің  ауанына  бұрып  тілдің  көркін  бұз-

276
ған,  əдеби  тілмен  жазамыз  деп,  жат  тілмен  жазып,  өз  тілі-
нен  айрылған  басқа  түріктердің  ізіне  түсіп,  тілімізді  аздыр-
ғанымызды  мақұл  көрмейміз. «Уақыт»  пен  «Шора»-ны 
оқығанда,  қолымызға  лұғат  кітабын  алып  отырып  оқимыз. 
Ойлаймын,  арабша  оқымағандардың  бəрі  де  солай  оқитын 
шығар деп. 
«Уақыт»  пен  «Шорада»  бастан  аяғына  шейін  арабша  сөз 
аз  ба?  Соларды  лұғатдан  іздеп  отырып  оқығанда,  бастан-аяқ 
оқып  шығуға  қанша  уақыт  керек.  Егерде  нағыз  түркі  тілімен 
жазылса, арабша оқымаған адамдарға да лұғатсыз оқуға болар 
еді; оқығанда уақыты да көп кетпес еді.
Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. 
Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен де өзгелердей тіршілік 
етер. 20-ншы  ғасырға  шейін  түріктің  тілін  аздырмай  асыл 
қалпында  алып  келген,  тіл  турасындағы  абырой  мен  алғыс 
қазаққа  тиісті.  Атаның  аздырмай  берген  мүлкін,  қолымызға 
алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас.
«Қазақ»  газетасының  бас  мухаррары:  Ахмет  Байтұрсын-
ұлы.
«Шора» журналы, 
1913, № 4, 110-113-б.

277
БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АХМЕТТІҢ АРАБ ƏЛІП-БИІН
ЖАҚТАҒАН БАЯНДАМАСЫ
9
Баяндама қазақ тілінде болсын дегендерге менің алдымдағы 
баяндамашы орыс тілінде болсын, үйткені жұртты үгіттеу, үйіру 
үшін  жасалып  жатқан  мəжіліс  емес,  пəнді  мəселені  қарауға 
жасалып жатқан мəжіліс, орыс жолдастардың да қатысуы керек 
деп  еді,  үйдесе  баяндамасы  пəн  туралы  емес,  үгіттеу,  үйіру 
түрінде болып шықты. 
Мен  мəселенің  ілім  мен  іс  жүзіндегі  жағын  алып  сөй-
лемекшімін.  Ең  əуелі  аңғартып  өтетін  бір  нəрсе  сол – латын 
əрпін алу деген – тіршілік мұқтаж қылғаннан, ділгерлік қосып 
туғызып  отырған  мəселе  емес.  Ділгерлік  қыспақ  түгіл,  еш 
уақытта əншейін керек қылған нəрсеміз емес.
Керек  қылмағанымыз – қажетімізге  жарататын  басқалар-
дыкінен анағұрлым артық əрпіміз болғандықтан. 
Əліп-би деген асылына адам арқылы жетпейтін нəрсе емес. 
Əліп-биде  бірден  мəдениет  түрінің  төбе  басына  шығарып 
жіберетін адам білместей айырықша қасиет те, жасырын сыр 
да болмасқа тиіс.
Əліп-би  деген – тілдің  негізгі  дыбыстарына  арналған  таң-
балардың  жұмағы.  Неғұрлым  тіл  дыбыстарына  мол  жетсе, 
арнаған дыбысқа дəл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге 
оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы 
болса, соғұрлым əліп-би жақсы болмақшы.
Олай  болса,  əліп-би  сынға  түсіп  жақсы-жаман  жағы  тек-
серілуге əбден келетін нəрсе болып шығады.
  Қазақ  алдақашан  тілінде  қандай  дыбыстар  бар  екенін 
айырған, əр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға оны-
мыз  жақсы,  жазуымызға  тағы  жақсы,  үйрету  жағынан  орыс-
тыкінен,  немістікінен,  француздыкінен,  ағылшындыкінен 
оңай, оңтайлы.
Тағы немене керек?!
Жоқ!  Араб  əрпін  тастап,  латын  əрпін  алу  керек,  араб  əрпі 
қолайсыз деп алдақашан аты шыққан əріп, онымен жақсылап 
емле түзуге болмайды, онымен баспа ісін жақсылауға болмайды, 
9
 «Əлiппе айтысы» кiтабынан. Қызылорда, 1927, 16-29 б.б.

278
оны жазу машиналарына, осы күнгі шығып жатқан түрлі өнер 
құралдарына  орнатуға  болмайды,  оларға  араб  əрпі  ыңғайсыз 
дейді.
Солай  деп  əріп  мəселесін  алдымен  қозғаған  əзербайжан-
дықтар  ойлаған  еді.  Солай  деп  өздерін  жаңашыл,  өзгелерді 
ескішіл көретін біздің латыншылдарымыз да ойлайды. 
Мұнда адасқандық болмаған күнде де анығына жетпегендік 
бар екені шəксіз, өйткені іс жүзінде көріп отырғанымыз олар 
ойлағанындай емес. Сондықтан назарларыңызды салыңқырап 
қарасаңдаршы деп айтуға қақымыз бар деп білемін.
Араб  əрпінен  жасап  алған  əліп-биімізге  жер  жүзіне  əліп-
би  баласы  жетпейді.  Араб  əрпімен  түзеген  емлемізге  бізге 
мəлім  емлелердің  бірі  жетпейді.  Мұны  ешкім  бекер  деп  айта 
алмайды. Араб əрпін жазу машинасына, əріп теру машинасына 
орнатқанын көріп отырмыз.
Түзелген араб əрпі жазу машинасына бір түгіл, екі түрлі əріп 
қоюға болатын етіп отыр, мəселен: араб əрпі мен орыс əрпін 
қатар  қоюға  болатын  етіп  отыр.  Əріп  теру  машинасында  екі 
суретті  əріп  қоюға  болатындығына  көз  жетіп  отыр.  Түзелген 
əріп  терушілердің  де  бейнетін  жеңілдетейін  деп  тұр.  Бұрын 
кассы үлкен болған соң, тұрып теретін еді, енді кассы кішірейген 
соң,  отырып  теруге  болады.  Отырып  терсе  тез  шаршамайды, 
шаршамаса  жұмыс  өнікті  болады.  Əрі  кассы  ұясы  аз  болған 
соң, теру оңайланады. Ол жағынан жұмыс тағы өнікті болады. 
Осының  бəрі  араб  əрпінің  қай  жағына  болса  да,  қалай 
жұмсаймын  десе  де  келе  беретін,  көне  беретін  ыңғайлы, 
қолайлы əріп екенін көрсетеді.
* * *
Түрік жұртының 90 %-і баяғыдан бері араб əрпін пайдала-
нып  келеді.  Əрқайсысының  араб  əрпімен  жасалған  хат  мəде-
ниеті бар (хат мəдениеті деп əріпке қатысы бар нəрсенің бəрі 
айтылады, мəселен: сауаттылық, оның жүзіндегі дағдылы өнер-
білім, ілім, емле үйрету əдісі, баспа істері, баспа мамандары, 
жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер, тағысын 
тағы сондайлар).

279
Хат мəдениеті бар халыққа бір əріпті тастап, екінші əріпті ала 
қою оңай жұмыс емес. Бірте-бірте барып алып кетуге бірталай 
уақыт  керек,  бірталай  артық  тұрған  қаржы  керек.  Бірталай 
артық  тұрған  адамның  күші,  ісі  керек.  Əуелі,  ондай  қаржы, 
күш пен іс екі əріппен бірдей қатар оқыту, сауат ашу істеріне 
керек. Екінші, баспа дүкендерінде қатар дүкен құрылмақ, қатар 
жұмыс жүрілмек, басылып шығып жатқан нəрселердің бəрі де 
екі  əріппен  бірдей  басылып  шығып  тұрмақ.  Мұның  аты  екі 
шығын болмақ, екі жұмыс болмақ. Артық қаржы, артық күш 
бұған керек.
Мұндай  екі  шығын,  екі  жұмысты  көтергендей  қаржы  мен 
қайрат қазақ түгіл түріктің қай жұртында да болса жоқ.
Латын  əрпін  бірден  алып,  бірден  соған  түсіп  кетуге,  одан 
да көп қаржы мен қайрат керек. Ондай бірден табыла қоятын 
мол  қаржы  мен  қайрат  түрік  жұрттарында  тағы  жоқ.  Бірден 
мұғалімдердің  бəрін  латынша  үйретіп,  бірден  баспаханалар-
дағы əріптерді латынға айналдырып, адамдарын латынша үйре-
тіп, оқу кітаптарын латынша бастырып, арабша сауаттыларды 
латынша сауаттандырып жіберу адамның керек қылуын былай 
қоя тұрғанда да, он шақты күнде, он шақты миллион қаржымен 
біте қоятын жұмыс емес. 
Солай болған соң əріп алмастыру деген жеңіл мəселе болып 
шықпайды.  Бұл – ел  жағынан  да,  елдің  шаруасы  жағынан  да 
ауырлығы  зор  мəселе  екендігін  еске  алып  отырып  шешетін 
нəрсе. Үстін қарап, ат үстінен айтқандай, сөзбен, жеңіл шеше 
қоятын  мəселе  емес.  Салақ  қарауға  болмайтын  салмақты 
мəселе. 
Латын  əрпінің  араб  əрпінен  гөрі  көзге  көрініп  тұрған  ар-
тықтығы,  бадырайып  тұрған  пайдасы  болса  екен;  онда  ел 
көңілденіп,  əсіресе  сауаттылары  көңілденіп,  қолдап-жебеп, 
көтермелеп бірдеме етер деп дəмеленер едік. Ондай артықтығы, 
пайдалылығы  жоқ,  қайта  араб  əрпінен  гөрі  толып  жатқан 
төмендігі, кемдігі, кеселдігі бар. 

280
* * *
Араб  əрпін  латын  əрпіне  ауыстыру  мəселесі  қозғалғаннан 
бері  көп  адам  екеуін  салыстырып,  теңеп  қарап,  артық-кемін 
тексеру, зерттеуге түсті. Ескі əріп те жеткілікті дəрежеде терең 
тексеріліп,  терең  зерттелді.  Сол  терең  тексеру  арқасында  екі 
əріптің  де  бұрын  назар  салынбай,  еске  алынбай  жүрген  көп 
сындары, сипаттары сөзге түсті.
Менің  мұнан  былайғы  сөздерім  жалғыз  өз  пікірім,  я  өз
тапқандарым емес, көптің көздеп, үңіліп, зерттегеннен табыл-
ған нəрселер.
Екі əріпті теңестіріп, артық-кемін тексеріп, өлшеуге салған-
да,  таразыңның  табан  тірейтін  нəрселері  мыналар  боларға 
тиіс:
1 – тіл дыбысына жеткілікті-жеткіліксіздігі қанша?
10
2 – қайсысымен басылған я жазылған сөз оңай оқылады?
3 – қайсысымен жазу жеңіл, жазылғанын тану жеңіл?
4 – қайсысы  баспаға  қолайлы  (баспаға  сыйымды  болуы, 
жұмыстың өнімді болуы о да сонда).
5 – үйретуге (сауат ашуға) қайсысы оңтайлы?
6 – көркемдік  пен  көзге  жайлылық  жағынан  қайсысы  ар-
тық?
Əуелі,  тіл  дыбысына  жеткілікті  болу,  болмау  жағынан  са-
лыстырып қарайық. Араб əрпінен қазақ əліп-биіне 14 əріпті өз-
гертпестен дайын күйінде алдық, 5 əрпіне ереже қосып алдық. 
Латын  əрпінен  ең  өзгертпестен  алдық  дегенде 15 əрпін-ақ 
алған. Басқаларын өзгертіп алып отыр. Сөйтіп алғанда, 7 əрпі 
өзгертіп алуға жараған, басқалары тіпті жарамаған соң «ң» мен 
«й» дыбыстарына ойдан шығарып, ŋ, j таңбаларын алып отыр. 
Бұған  қарағанда  тіл  дыбысына  жеткілікті  болу  жағынан 
араб əрпі артық болып шықты.
* * *
Оқуға оңай жағынан қарап көрейік.
Оқу жағынан алғанда қандай əріппен басылған я жазылған 
сөз болса да сүгірет есепті. Бұ жағынан қытайдың сүгірет жазуы 
10
 Бұл та»ба қасиетiне жатпайды.

281
да, басқалардың əріппен жазылған жазуы да бірдей, жалғыз-ақ 
сүгіреттің құралған жөні ғана басқа.
Сауаты  ашылған  адам  жазылған  я  басылған  сөзді  əрпіне 
қарап  оқымайды,  бүтін  тұрған  сүгіретін  танып  оқиды.  Таныс 
адамды көргенде мынау пəленше, анау түгенше деген сияқты, 
əр сөзді тұрпатына қарап танып айтады. Неғұрлым сөз сүгіреті 
көзге  елеулірек  болса,  соғұрлым    жылдам  танылып,  шапшаң 
оқылмақшы. Əріп сөз сүгіретінің көзге елеулі болу, болмауына 
себеп болмақ, сөздің бірінен-бірін айыруға көмегі тимек.
Латын  əрпінің  асылы – екі  түрлі  сызық,  тік  сызық,  сопақ 
шеңбер  сызық.  Латын  жүйелі  əріптердің  бəрі  осы  екі  түрлі 
сызықтың  түрліше  үйлесіп  құралуынан  шыққан.  Латын 
жүйелі  əріппен  басылған  сөздердің  жолына  қарап  тұрсаңыз, 
екі сызықтың арасымен теп-тегіс тартқан нəрсе сияқты болып 
көрінеді. Əріптері біріне-бірін таяу келтіріп қатарынан қойған 
кірпіш  сияқты  көрінеді.  Ілуде  біреуі  ғана  болмаса,  қатардан 
шығып тұратыны аз болады. Үстіне қоятын қосымша белгілері 
де аз болады. 
Немістің  Майман  деген  профессоры,  басқа  сондай  сана 
заңын  тексеріп  тəжірибе  жасаған  адамдар  мынаны  байқаған: 
басылған  сөздердің  ішінде  не  төмен,  не  жоғары  сойдиып 
қатардан шығып тұрған əрпі бар сөздер, немесе үстіне қойған 
қосымша белгісі бар əріп кіріскен сөздер тез танылып, шапшаң 
оқылады екен.
Араб əріптері сөз ішінде сап түзеген солдат сияқты сымға 
тартқандай, екі сызық арасында қысылып тұрған əліп те бол-
майды. Жолы бір сызық бойымен тартылып, жалғыз сызықтан 
жоғары да, төмен де ылғи асып шығып отырады. Оның үстіне 
қойылатын қосымша асты, үстінде белгілері, нүктелері болады. 
Мұнда  бірдейлік,  бір  өңкейлік,  бір  беткейлік  жоқ.  Мұның 
əріптерінің бірі биік, бірі аласа, бірі ұзын, бірі қысқа келіп, сөз 
əлпіне айрың-үйрің ашық сүгірет береді. Бір жағынан онысы, 
екінші жағынан қойылатын қосымша белгілері сеп болып, сөз 
сүгіретін көзге елеулі етіп, тез танытады, тез оқытады.
Əріптердің бір өңкей, бір беткей тұру-тұрмауы оқуда ауыр-
лату-жеңілдету жағына қанша сеп болатынын мынау мысалдан 
көруге болады.

282
Бір ыңғай, бір беткей қойған, бір өңкейленіп тұрған бірнеше 
таяқша сүгіреттерін алайық та, сонымен саны да, алатын орны 
да, бойы да бірдей, бірақ қойылуы бір ыңғай, бір беткей емес, 
сондықтан бір өңкейленіп тұрмаған екінші таяқша сүгіреттерін 
алайық та, аналардың астына мыналарды қойып санап қарайық, 
қайсысы  санауға  оңай  болар  екен.  Əрине,  төменгісі  санауға 
оңай. Латын əрпінен басылған кітап я газетті алып, араб əрпінен 
басылған  кітапты  я  газетті  алып  қарасаң,  қайсысындағы 
сөздердің  əріптерінің  əлпі  таяқшалар  сүгіреттерінің  қайсы-
сының əлпіне ұқсайды?
Əрине,  латындыкі  жоғарғы,  арабтікі  төменгі  əліпті.  Араб 
əрпінің  ол  артықтығы  жалғыз  баспада  ғана  емес,  жазбада  да 
артық болып тұрады. Өйткені араб əрпімен басылған сөз бен 
жазылған  сөздің  арасында  айырымы  аз  болады.  Онда  оңай 
оқылса, мұнда да оңай болады. 
Жаман жазылған хаттарды айыруға келгенде де, араб əрпі 
латын  əрпінен  артық.  Мұнда  да  əріптің  тұрпаттарымен  түрлі 
қосымша белгілері көп көмек болады. 
Латын əліп-биіне ұлы əріп болатынын артықтығына дəлел 
еткісі  келетіндер  бар.  Оның  ұлы  əрпінің  пайдасынан  зияны 
көп  екеніне  көз  салмайтындар  ғана  солай  ойлайды.  Əріп 
санын  көбейтетінімен,  əріп  кассаларын  үлкейтетінімен,  əріп 
теру,  жазу  машиналарын  қиындататынымен,  сауаттандыру 
ісін ауырлататынымен ісі жоқ адамдар ғана латын əрпінің ұлы 
түрін ұлы қасиеті деп ойламақшы.
Балаларды  орысша  оқытып  жүргенде  ұлы  əріпке  қарғыс 
айтпасақ, алғыс айтпайтынбыз, əріп терушілер де ұлы əріпке 
алғыс айтпайтын шығар. 
* * *
Жазуға қайсысы қолайлы? – енді сол жағына келейік.
Сөзді  оқығанда  тұтасынан  оқысаң,  жазғанда  да  көбінесе 
тұтасынан жазамыз. Сондықтан екі əріпті сынға салғанда əріп 
басының  жазылуына  қарамай,  тұтас  сөздің  жазылуына  қарай 
сын тағамыз.
Сауатты  адам  жазғанда  қол  дағдысымен  жазады.  Жазып 
отырғанда əр əріпті ойлап барып жазбаймыз, қолымыз дағды-

283
ланған  күйімен  өзі  кетеді.  Ойың  əріп  тізімінде  болмайды, 
сөз  тізуінде  болады.  Көз  жазылғанның  дұрыс-терісін  бақы-
лаумен  ғана  болады,  неғұрлым  сауаты  көбірек  ашылған  адам 
болса,  неғұрлым  жазуды  көп  жазатын  адам  болса,  оның  көз 
бақылауынан  көрі  қол  дағдысы  басым  болмақ.  Мұны  дыбыс 
жүйелі емлесі жоқ жазудан көру қиын емес. Мəселен, Махмуд 
деген сөзді жазғанда, қолың өзі жазып кетеді. 
Оқыған  уақытта  адамның  көзіне  күш  түсіп,  етіне  күш 
түспейді. Жазған уақытта көзіне күш түспей, етіне күш түседі.
Жазуға  қай  жазу  ыңғайлы  болатынын  айыру  үшін,  басқа 
жұмыстар  жүзінде  қолға  күш  түсетін  істерден  жасалған  ілім 
тəжірибелерін алып қарау керек болады.
Латын жүелі əріппен жазғанда қол қимылдау бағдары сағат 
тілінің жүретін бағдарына қарсы келіп отырады. Сол ыңғайына 
қарай жазу жолы да солдан оңға қарай жүреді.
Араб əрпімен жазғанда қол қимылдау бағдары сағат тілінің 
бағдарымен бірыңғай келіп отырады. Сол ыңғайына қарай жазу 
оңнан солға қарай жүреді.
Машина  айналдырған  жұмыскерге,  қол  машинамен  тіккен
əйелдерге қарап тұрсақ, бəрі сағат тілінің бағдарымен айнал-
дырады.  Қалай  да  қолмен  айналдыра-үйілдіре  қайта-қайта 
істелетін  жұмыстардың  бəрі  де,  мəселен:  инемен  тігу,  арқан 
есу бəрі де сағат тілінің бағдарымен істеледі, оңнан солға қарай 
жүреді.  Оның  бұлай  істелетіні  қол  талмау  үшін.  Қайта-қайта 
көп  рет  қимылдағанда  ыңғайсыз  жағына  қимылдаса,  қол  тез 
талады. Мəселен: орысша жазғанда қолдың талғаны білінеді, 
қазақша жазғанда білінбейді.
Болонский  деген  орыстың  тəрбие  ғалымы  қолдың  əлгідей 
еткенде  талмайтыны  ұсақ  бұлшық  еттерінің  бітісінен  дейді. 
Менің оған қосатыным – қарды жаюдан, жыю жеңілірек. Солдан 
оңға  қарай  жазғанда  қол  қардың  жайылатын  жағына  қарай 
жылжиды,  жылжыған  сайын  қиындайды.  Оңнан  солға  қарай 
жазғанада,  қол  қардың  жиылатын  жағына  қарай  жылжиды, 
жылжыған  сайын  жеңілденеді.  Қол  тыныққан  есепті  болып, 
талмайды. 
Олай болса араб жазуын оңнан солға қарай жазылады деп 
айыптаушылар, тесе қарап тексермей, құр босқа сөйлейді.

284
Қай жазумен жазғанда қолдың қимылдауы қандай болаты-
нын да азырақ айтып өту тиіс болады.
Латын əрпімен жазғанда қолдың қимылының бəрі ірі, толық 
болып отырады. Араб əрпімен жазғанда стенограф
11
 жазуымен 
жазған  сияқты  қолдың  қимылы  көбінесе  ұсақ  болып  келеді. 
Ирегінің ұсақтығы жазуды жеңілдетіп, шапшаң жазуға қолайлы. 
Сондықтан да ұсақ иректі жазу стенографке алынған.
Араб əріпіне сын тағушылардың жана бір кінəлайтын жері 
– нүкте көптігі. Нүкте жазуды ауырлатуға себеп болатыны рас, 
бірақ ол араб жазуының өз басын оңаша алғандағы кемшілігі, 
латын жазуымен салыстырғанда қол сермелеуі, бараша нүкте-
лерін  қосып  есептегенде,  латындікінен 20-30 % кем  болып 
шығады. 
Араб  жазуымен  жазғанда  жалғыз  ғана  қолайсыздық  қыла-
тын – цифр  жазуы.  Санды  үлкендете  атауымызға  қарағанда, 
жазуымыздың оңнан солға қарай жазылатын бағдарына қара-
ғанда,  санның  үлкенінің  цифрлары  оң  жақта,  кішілерінің 
цифрлары  сол  жақта  болуы  тиіс  еді.  Онан  келетін  кемшілік 
аз  болғандықтан,  басқалардың  ыңғайына  қарап,  көпке  бірдей 
болатын ретпен жазып отырмын. 
* * *
Жазу жайын сөйлегенде жазу машиналарын да сөз қылып 
өту қажет болады.
Соңғы кезге дейін араб əрпін жазу машинасына орнату ісі 
былай  болып  келіп  еді:  бір  жағынан,  орыс  машиналарының 
жүрісі  араб  жазуының  бағдарына  икемделуші  еді  де,  екінші 
жағынан,  араб  əрпі  созылып,  жиырылып  машина  жүрісінің 
адымына икемделуші еді. 
Бұл күнде Шайқали деген инженер əріпті емес, тек маши-
наны ғана əріпке ыңғайлайтын тетігін тапқан. Қазірде Қазанда 
машина  жасайтын  дүкен  ашылып,  əлгі  инженер  басына 
қойылып, іс жүргізіліп жатыр. Олар жасап жатқан машиналарға 
татарша да, орысша да жазылатын етіліп, екі жұрттың да əліп-
биі қойылған. Онысы екі тілмен де іс жүргізетін біздің түрік 
жұрттарының мекемелеріне өте қолайлы болмақ.
11
  Сөздi  əрiппен  емес,  басқа  белгiлермен  жазуды  стенограф  дейдi.  Стенограф  көбiне 
ауызбен айтылып тұрған сөздердi жазып алуға қолданылады.

285
Тіршілік  өнерінің  артылуы  тіршілік  керек  қылуына  қарай 
болмақ.
Араб əрпінің өнер құралдарына айналысуы соңғы кездерде 
ғана  бола  бастауы  тіршілік  күйінің  мəдениет,  тарих,  шаруа 
жағына  байласқан  жағдайына  қарай  болып  отыр.  Патша 
заманында мекемелердің ісінің бəрі орыс тілінде жүргізілетін. 
Жай адамдар мəдениеті төмен болған соң, машинамен жазуды 
керек қыла қоймайтын.
Өзгеріс болғаннан кейін əр жұрт республика болып, меке-
мелерінде істі өз тілінде жүргізетін болды. Оған машина керек 
бола  бастады.  Мұқтаждық  бола  бастап  еді,  мұқтаждықтың 
лажын  табу  шарасы  да  қарала  бастады.  Ол  барып  араб  əрпін 
машинаға,  машинаны  араб  əрпіне  үйлестіруге  түсірді.  Ол 
үйлестіру жетіле-жетіле келіп, бір машинаға татараша-орысша, 
екі түрлі əріп орнатуға болатын еткізіп отыр.
Неғұрлым  тұрмыс  түрленіп,  шаруа  ұлғайып  қажеті  өскен 
сайын,  тірішілік  əдісі  де  молайып,  өнер  ісі  де  ұлғайып,  өсе 
бермек. Жиындар, топтар татар тілінде жасалуы, енді стенограф 
жазуын  керек  қылған  соң,  татарлар  соны  шығару  шарасына 
кірісіп  жатыр.  Жазу  дағдысы  оңнан  солға  болғандықтан, 
стенограф жазуын да сол бағдарлы етіп шығармақ.
* * *
Енді қай əріп үйретуге оңай, со жағынан салыстырып өтейік. 
Қай  əдіспен  болса  да,  оқуға  үйрету  ақтығында  сөз  сүгіретін 
тану болып шықпақ. Сөздің баспа сүгіреті мен жазба сүгіретін 
таныта білдірсе, сол оқуға үйреткен болмақ.
Сөздің  тез  танылу  жағына  араб  əрпінің  латын  əрпінен 
артық  екендігін  мана  айтып  өттік.  Бұ  жағынан  араб  əрпінде 
бір кемшілік бар еді, ол енді жоғалайын деп тұр. Ол кемшілігі 
жалғау қосылғанда сөз сүгіретінің пішіні өзгерілуі еді. Мəселен 
«қазақ» деген сөзге ілік жалғауын қоссақ, «қазағдың» болып, 
«қ» əріптің пішіні өзгеретін еді. 
Латын əрпінде ол жоқ, бірақ оның онан көрі де үлкен айыбы 
бар:  латын  əрпі  ұлылы-кішілі  қосар  таңбалы  болады.  Оның 
үстіне баспа əрпі мен жазба əрпі біріне-бірі ұқсамайтын түрде 
болады.  Бір  сөзде  екі  түрлі  сүгірет  болады.  Біреуін  танудың 

286
орнына екі-екіден тану керек болады. Сөйтіп əріптің екі баспа 
түрін,  екі  жазба  түрін,  сөздің  екі  баспа  сүгіретін,  екі  жазба 
сүгіретін тану керек болады. Мұның аты бір жұмыстың орнына 
төрт, төрттен сегіз жұмыс деген болады. Арабтікінде ол жоқ.
Араб  əрпінің  үйреткенде  тағы  бір  артық  жері – алғашқы 
кезде жазуға қол үйренуге сызылғанның жеңілдігі.
Латын əрпінің алғашқы кезде жақсылық қасиетіне саналса, 
саналатын  жері  баспа  əрпінің  даралығы.  Бірақ  ол  қасиетінің 
өмірі аз, өйткені əрі барған сайын сөзді əрпімен оқу жоғалып, 
сөздің тұтас сүгіретін оқу күшейе береді, даралықтың пайдасы 
кеми береді. Сөз сүгіретін тез танытуға араб əрпі артық.
Сүйтіп,  үйретуге  жеңілдік  жағынан  да  араб  əрпі  латын 
əрпінен анағұрлым артық болып шығады.
* * *
Енді екі əріптің қайсысы баспа ісіне қолайлы, өнер құралына 
үйлестіруге  оңтайлы,  баспаға  сыйымды,  істі  өндіруге  икемді 
екен – сонысына келейік. 
Араб  əрпін  баспаға  айналдыру 16-шы  ғасырдың  аяғында 
болған. Оны баспаға арабтардың өздері айналдырмаған. Вене-
ция шəріндегі италияндар айналдырған. 
Олар араб əрпінің жəйін білмегендіктен несін алып, несін 
тастау  керек  екенін  біле  алмаған.  Араб  əрпін  жазуда  тұрған 
күйінде  алған  да,  турап-турап  баспаға  айналдырған.  Əріптің 
жəйін жақсы білмей баспаға айналдырғандықтан, арабтың 29 
таңбасы 200-ден астам баспа таңбасы болып шыққан. 
Бұ  қалайша  соншама  көбейіп  шыққан?  Мұнша  көбейіп 
шығуы мынадан болған.
1) Жазуда түйдектеліп жазылатын 2-3 əріпті айырмай, олар-
ды  түйдек  түрінде  əріп  түйдегіне  айрықша  баспа  белгісін 
жасаған.  Мəселен: «лж»  етіп  екі  əріптен  құраудың  орнына, 
«лыж»  деген  жазу  түріндегі  түйдегін  алып,  өз  алдына  «лж» 
белгі алған. «мж» дегенді де «мыж» етіп үш əріптен құраудың 
орнына, оған да өз алдына «мж» белгі алған. Сондықтан 200-
ден астам баспа таңбасы болып шыққан.
Баспа  əрпі  сол  күйінде  мұсылман  арасына  тарап, 19-ншы 
ғасырдың аяғына дейін түзелместен келген. 

287
1882-нші  жылы  Петерборда  қырым  татары  Ілияс  Бураган-
ский,  Қазанда  Ғалиасқар  Камал  мен  Жүзейұлы  дегендер  кей 
əріптердің  түрін  италияндар  жасаған  түрінен  өзгертіп,  баспа 
таңбасын жасайды. Онан баспа таңбасының саны кеміп 150-ге 
түседі.
Онан  əрі  бірте-бірте  түйдек  таңбалары  жоғалады.  Бұдан 
баспа таңбасы кеміп, 100-110-ға түседі (қазақтікі 80-81).
1907-нші  жылдан  бастап  италияндар  бүлдірген  жерлерін 
түзеу талабына кірісушілер болады. Олай түзеу дегеніміз – əріп 
шегін өзінің тиісті жігінен бөліп айыру болады.
Əуел  бастап  бұ  жолда 1907-нші  жылы  талап  етушілер 
Алпарұлы  мен  Рақманқұлұлы  дегендер  болады.  Онан  кейін 
– 1921-1922-нші жылдары Ідірісұлы Мұхамбет те сол талапқа 
кіріседі.  Соңғы  жылдарда  Бұрнашұлы  мен  Тоқайұлы (23-24 
жылы) кіріседі.
Соңғы  екеуінің  жобасы  қолайлы  болып  баспаханаларға 
алынады.  Бұлар  баспа  əрпін  екі  пішінге  ғана  түсіріп,  кассы 
ұясын 50-ге  жеткізген  (қазақтікі – 41), мұнымен  қатар  əріп 
таңбаларын  бір-ақ  пішінді  ету  талабы  тоқталмай  істеле  бе-
реді.  Ақтығында  сол  талаптан  толып  жатқан  жобалар  туады. 
Сол  жобалардың  ішінен  Қазанда  болған  əнеугі  кеңес  əріп 
таңбаларын бір пішінге түсірген жобаларды қабылдады. Ондай 
жобалар Алпарұлынікі, Шарапұлынікі, Ідірісұлынікі.
Жалғыз  пішінді  əріптен  сөз  сүгіретіне  кіретін  өзгерісі  аз. 
Орыстың  жуандық  белгісін  тастағандығысындай  ғана  сөз 
сүгіреті  өзгереді.  Оны  алғаннан  түсетін  пайда  есепсіз  көп. 
Пайдасының есепсіз көптігі сол:
Əуелі, баспа əрпін кемітіп, татарлардікін 30-31-ге түсіреді. 
Біздікін 24-25-ке түсіреді. 
Екінші, əріп жасау жұмысын жеңілдетеді (понсон, матрица
12*
 
жасау).
Үшінші, өнер құралдарына қоюға өте ыңғайлы.
Төртінші, үйрету, əріп теру, басқанды түзету істерін жеңіл-
детеді. 
Осыншама  пайдасының  орнына  біздің  жоғалтатынымыз – 
жалғыз-ақ сөз аяғында созып кеткеннен шыққан əріп құйрығы. 
12 
Əрiп қалыптары.

288
Онан басқа шығатын шығын жоқ. Енді латын əрпімен екеуін 
теңестіріп қарайық. 
Латын  əліп-биінде  əріп  ұлылы-кішілі  болып,  екі-екіден 
келеді.  Латын  жүйелі  əріптер  баспаға  əбден  икемделген,  ол 
икемделуі  Еуропа  жұрттарының  өздеріне  даяр  болғанмен, 
бізге  даяр  емес.  Түрік  жұрттары  олардың  даяр  тұрғандарын 
сол күйінде алып пайдалана алмайды. Үйткені – латын əрпін
өзгертпей алуға болмайды. Ең кем болғанда 25-30 % өзгерті-
ліп алынады. Латын əрпін өзгертпей алуға болмаса, латын əрпі
орнатылған машиналарды да өзгертпей сол күйінде алуға бол-
майды. Оның мағанасы – өзгертпестен ешбір жазу машинасын, 
еш  əріп  теру  машинасын  алып,  пайдалануға  болмайды  деген 
болып шығады. 
Бір жақтан ол солай болса, екінші жақтан түрік жұртындағы 
қалалардың  баспаханаларында  өзгертпеген  латын  əрпі  де 
жеткілікті  күйде  табылмайды.  Қызылорданы  былай  қойып, 
Қазан, Уфа, Ташкент, Самарқан шəрлерінде де табылмайды. 
Əзербайжан латыншылдарды латын əрпімен əліп-би жасап, 
бастырайын дегенде, ешбір шəрінде латын əрпін таба алмаған. 
Басқа жерден жасатып алдырғанша 5-6 ай өткен. Əріп келген 
соң латын əрпімен еркін тере білетін адам табылмаған. 40 кісі-
лік курс ашқан. 
Көптен  келе  жатқан  латыншылдары  бар,  жетілген  кент 
мəдениеті  бар,  өнерлі  кəсібі  бар  əзербайжандықтар  əліп-би 
бастыруға  соншама  əурешілік  шексе,  басқа  түріктер,  əсіресе 
біздің қазақ сияқтылары оп-оңай дайын қып ала алмас. 
Əзербайжанның  латын  кассысында 46-47 ұя  бар.  Ұлы 
түрінікі  де,  кіші  түрінікі  де  бəрі  сонда.  Латындікін  алғанда 
қазақ  кассысында 46-46 ұя  болмақ.  Бұл  араб  əрпінің 3-нші 
түзелген күйіндегісінен төмен болып шығады (Бұрнашұлы мен 
Тоқайұлының түзетуі). 3-нші түзету бойынша қазақ кассында 
41  ұя  болмақ.  Соңғы  түзету  бойынша  кассымыздан  ұя 24-25 
ғана болады. Ол латындікінен 2 есеге таяу аз болмақшы.
Латын  əрпінің  баспаға  сыйымы  туралы  қолымызда  мағлұ-
мат болмағандықтан, орыс əрпінің сыйымы турасындағы мағ-
лұматтарды  алып  салыстырамыз.  Өйткені – орыс  əрпі  мен 
латын əрпінің арасында айырымы аз, екеуі бір жүйелі əріп.

289
Қалыпты баспа табағына
13*
 орысша 12-кегелмен
14
 шпонсыз
15
 
жиғанда, 10-кегелмен шпондап жиғанда, 40 мың шамалы əріп 
сыяды. Бұл кітаптар үшін жиғанда. Газеттер үшін 10-кегелмен 
шпонсыз жиғанда 50 мың шамалы əріп сыяды.
Араб əрпінің ескі күйіндегі қалпында – 12-кегел «нормал» 
түрі  мен  шпондап  жиғанда, 40 мың  шамалы  əріп  сыяды, 14-
кегелмен шпондап жиғанда, 32-35 мың шамалы əріп сыяды. 3-
нші түрде түзелген əріптен сол шамалы сыяды. Соңғы түзелген 
түрдегі  əріптен 10-ншы  кегелмен  шпондап  жиғанда 54 мың 
кітап жə газет əрпі сыяды. 8-нші кегелмен шпондап жиғанда, 
65 мың шамалы əріп сыймақ.
Ескі əріппен, үлкен кассымен тіреу салып жиғанда, күндік 
жұмыстың  өнімі  орыстікінен 10-15 % төмен  болады  екен. 3-
нші түрде түзелген əріппен жұмыс өнімі орыстікінен артық та 
емес, кем де емес – шамалас болған. Ең соңғы түзелген түрдегі 
əріппен жиғанда, жұмыс өнімі орыстікінен 10 % асқан.
Сүйтіп, баспа жағынан ескі əріп латындікінен төмен болып, 
түзетілген əріп артық болып шығады.
Араб əрпін теру машинасына орнату жағынан қолайлығына 
келсек,  оған  ескі  əріп  те  жарайды.  Бакуде  шығатын  «Комму-
нистер» газеті Америкадан алдырған ескі əріпті теру машина-
мен теріліп шығып отыр. Түзетілген жаңа əріппен бір түгел, екі 
сүгіретті əріп қойылып машина шықпақ. 
Енді көркемдік мен көзге жайлылық жағынан бір-екі ауыз 
сөз айту қалды. 
Көркемдік деген əркімнің көңіл талғауына қарайтын нəрсе, 
бірақ Европа жазушылары латын əрпінің пішіндеме сызықтары 
сияқты көзге көсе көрінетінін, араб əрпі сызығы түрлі болған-
дықтан, көзге көркем шырайлы көрінетінін айтқанын білеміз. 
Көзге жайлы болу жағына келсек, мұнда қай əріппен жаз-
ылған  жə  басылған  сөз  оңай  оқылса,  сол  əріп  көзге  зиянсыз 
жəйлі болуға тиіс. Үйткені ондай əріп көзді талдырмайды. Көзді 
талдырмайтын оқуға оңайлық жағынан араб əрпі латындікінен 
артық екені айтылып өтті.
13
 Баспа табақ жазба табақты» 4-ндей. 
14
 Əрiптi» бөлiгi. 
15
 Шпон – əрiптердi ыдырататын сына.

290
Əншейін  үстін  қарағанда  араб  əрпін  түзету  ісі  дағдылы, 
қалыпты  нəрсе  сияқты  болып  көрінеді  де,  тура  басқа  əріпті 
алу төңкеріс есебіндегі нəрсе сияқты болып көрінеді. Төңкеріс 
немесе  үлкен  өзгеріс  есебінде  болып  шығу  үшін  жасаған 
өзгерістен өнетін үлкен пайда болу керек.
Латын əрпінен өнетін үлкен пайда түгіл, кішкене де пайда 
жоқ.
Европа жұртымен бірдей болу мақсатпен аламыз десек, алу 
қиын  болған  себепті  орыстар  аяқ  баспай  отырғанда,  біз  сол 
мақсатпен істейміз деп айтудың қанша орны барлығын сөйлеп, 
көп сөз қылмасақ та болар.
Латын əрпі цифр түрдегі таңба болса, əріп бірлестіру жағын 
сөз  қылуға  болар  еді.  Цифрды  кім  жазса  да  түсінеміз,  түсіне 
беретін  латын  цифр  сияқты  жə  қытай  жазуы  сияқты  жазу 
таңбасы емес.
Басқалармен ымыраластыруға келетін жерде ісімізді ымы-
раластырамыз. Мəселен, мана цифр жазуын бөтендерге қарап 
солдан оңға қарай жазамыз дедім. Оны олай жазу бізідің жазу 
бағдарымызға теріс ыңғай келеді. Бірақ теріс ыңғай болғанмен, 
қолайсыздығы  аз  болған  соң,  көптен  шықпас  үшін  істеп 
отырмыз.
* * * 
Жер жүзінде бірдей əріппен түрлі тілді жұрттардың жазуын 
бірлестіру  керек  болса,  онда  қытай  жазуын  алу  керек.  Оны 
алсақ, онымен кім жазса да түсінесің. Латын əрпін алғанмен, өз 
тіліндегі мен өзге тұқымдас тілдегі ғана нəрселерді түсінесің. 
Оны латын əрпісіз де істеп отырмыз.
Жана  да  бір  айтатын  сөз:  латыншылдар  екі  əріпті  салыс-
тырғанда,  араб  əрпін  баяғы  Италия  бұзған  түрінде  алып,
түзетілген  əріп  жағына  əдейі  жуымайды.  Латынға  алмас-
тырғаннан  енетін  пайда  көп  болса  немесе  латын  əрпін  алу 
машақаты,  шығыны  араб  əрпін  түзетуден  аз  болып  шығатын 
болса, олардың түзетуді менсінбей, латынмен болуы жөн дер 
едік.  Ол  жоқ.  Араб  əрпін  түзетуге  кететін  шығын  мен  еңбек 
латынға көшу бейнеті мен шығыннан мың емес, миллион есе 
кем екені айрықша есеп қылмай-ақ айқын нəрсе.

291
Манағыдан  бергі  айтылғанның  бəрінен  жасалатын  жалпы 
қорытынды мынау:
1.  Араб  əрпі  латын  əрпінен  жазуға,  оқуға  оңай.  Онысын 
сауатты адамдардың күндегі ісінің жүзінде көп пайдалы болып 
шығады.
2. Сауат ашу жүзінде араб əрпінің қолайлығы латын əрпінен 
артық.
3. Баспа ісі жағынан араб əрпінің ескісі латын əрпінен төмен, 
жаңасы артық.
4.  Машиналарға  орнатуға  араб  əрпінің  жаңасы  латындікі-
нен анағұрлым артық, ескісі де орнатуға келетінін іс көрсетіп 
отыр. 
5.  Араб  əліп-биінің  əрпі  қазақ  тілінің  дыбыстарына  толық 
жеткілікті, қандай емле жасауына да келеді. Қазақ емлесі нағыз 
оңай, бұқараға қолайлы емле.
Сүйтіп,  екі  əріпті  салыстырғанда,  сап-саз,  ап-айқын  көзге 
көрініп  тұрған  сындары  əріп  алмастыру  мəселесін  дəріптеп 
көтеруге  орын  жоқтығын  көрсетеді.  Бұ  сияқты  мəселені 
көтеріп, уақытын шығын қылып жүргендер болса, оны еріккен 
адамдардың ермегі есебіндегі құр қиял деп білемін.
Əліп-би түзеу, емле түзеу жағынан соңғы кезде істелген істер 
жемісті болып, бұ жағынан біз Европа, Америка жұрттарының 
алдында  тұрмыз.  Əріпті  өнер  құралдарына  икемдеу  жағынан 
да олардан асыратынымызға көз жетіп отыр.
Солай болған соң аз күшімізді алға шыққан жақтағы керексіз 
іске салғанша, басқадан кейін тұрған жағымызға жұмсауымыз 
жөн емес пе деймін.

292

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет