Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 26 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі



Pdf көрінісі
бет24/26
Дата17.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#2079
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26

АҚЫН МАХАББАТЫ
Сұлтанмахмұт 1915 жылдары Алтай елінде мұғалім боп қызмет 
атқарғаны мəлім. Оның қызмет істеген мектебі қазір Шыңғыстай 
орта мектебі деп аталады. Мектеп 1907 жылы ашылған. 1957 жылы 
мектеп өзінің 50 жылдығын атап өтті. Бұрын ол көп уақытқа дейін 
Ережеп мектебі болып аталып келген екен. Осы атау бойынша 
жасалған мөрді өкімет орындарына өткізген қазір университеттің 
мұғалімі, тарихшы Ə. Лекеров. Бұл кісі 1928 жылдары сол мектепте 
директор болып қызмет істеген. Ережеп – Сұлтанмахмұт өлеңінде 
кездесетін Əбдікəрім болыстың əкесі, М. Əуезовтің «Абай жолы» 
эпопеясындағы төтенше съезге жоғарғы елден қатысатын Ережеп 
сол. Əбдікəрім болыс боп тұрғанда ағасы Дүкен қажы болысқа 
кандидат болған. Ақынның «Кім жазықты» романының оқиғасы 
«Алтайдың бір саласын қоныс қылған» елде болатынын ескерсек, 
ежелден жуан тұқым бұл семья ақын шығармасына бірқыдыру мате-
риал бергендігін аңғару қиын емес.
Сұлтанмахмұт сол Əбдікəрімнің Бағила деген қызына ғашық 
болған. Ақынның 1950 жылғы таңдамалы шығармалар жинағындағы 
«Орамалға» деген өлеңіне берілген түсініктемеде қыздың атын 
Жібек дегені қате екендігін осыдан біраз бұрын əдебиетші Тəкен 
Əбдірахманов дəлелдеп жазған болатын. Сондықтан да біз ол жайға 
тоқтап жатпаймыз.
Орысша-қазақша мектеп ашып жүрген болысқа «түсінер-ау» 
деп едəуір үміт артқан ақын Бағиламен арасындағы жай-күйін 
қыз əкесіне өз ауызынан баяндаған. Бірақ, үміті алданғанын арты-
нан білген. Ақынның болысқа едəуір үміт арта қарағандығы оның 
«Жаңғырып Алтай тауы саласынан» деген өлеңіндегі:
«Ұқпайды бұл сөзімді басқа кісі 
Махмұттың Əбдікəрім ағасынан», – деген жолдардан да аңға-
рылады.
Əлгі əңгімеден соң Əбдікəрім қызын айттырып қойған жеріне – 
Бұқабай деген байдың баласы Ақмырза дегенге ұзатады. Болыстың 
қызы Сұлтанмахмұтпен қашып кетеді деп қорыққаны соншама, 
уəделі күнді – елдің жайлауға шығуын күтпей, ақ қар көк мұзда қыс 
ішінде алдына жылқы салып, кезеңдегі асудан қар бұзғызып оты-
рып 20–30 шанамен апарып салған. Қызды ұзатып салған керуеннің 
ішінде ат тағалап бірге барған ұста Бексұлтан қазір сексендер шама-
сына келген қарт кісі, сол Катон-Қарағайдағы совхоздың «Жұлдыз» 
бөлімшесінде тұрады. Жылай-жылай кете барған қыздың жұртында 
көңілі құлазып қала берген ақынның «ай батқандай адастырып кет-
кен» махаббатын айтып, сағыныш шерін тарқатқан ұзақ өлеңі болған 
екен. Ақын мен қыздың арасына сəлем хаттарын жеткізіп, жеңгелікке 
жүрген Нұрмаш шешейдің айтуынша, ол өлең:
«Суындай Бұқтарманың ағындаған,
Жүрегім басылды ғой жалындаған»... деп басталады екен. Нұрмаш 
шешей сол Шыңғыстайда осы бертінде ғана қайтыс болды. Өлеңнің 
бұдан арғы жолдарын ол кісі еске түсіре алмады. Ал Бағила – əйел 
затының көріктісі еді деп отыратын ол кісі. Тегінде, ақын жүрегінің 
қалауы – осылайша өле-өлгенше алыс арман боп кеткенге ұқсайды.
Ақынның жоғарыда айтылған жинағында «Ж...» деген өлеңге: 
«Бұл өлеңді Сұлтанмахмұт 1915 жылы Зайсан жағында Əбдікəрім 
үйінде бала оқытып жүргенде жазады. Əбдікəрімнің қызын аламын 
деп көп əуреге түседі. Шаймерденнің айтуына қарағанда, қызбен 
екеуінің жазысқан хат, өлеңдері тіпті көп сияқты жəне «көрген сай-
ын көңілді қозғап əуреге салады» деп Сұлтанмахмұт барлық өлеңін 
жыртып тастайды, осы өлең жыртылғанынан алынған көрінеді. 
Өлеңнің қанша жолы жоғалғаны мəлім емес», – деп түсініктеме 
беріліпті.
Жоғарыдағы өлең де осындай күйге ұшырап кетуі мүмкін-ау деп 
ойлаймыз. Қыз ұзатылып кеткеннің артынан көп ұзамай, ақын Ка-
тон-Қарағайдан Зайсан жағына ауысып кетеді. Осы тұстарда жазған 
кейбір лирикалық өлеңдерінде ауызбен айтып жеткізе алмастай 
бір сағыныш лебі есіп тұратындығының əлгіндей себептері болған 
көрінеді.
«Қазақ əдебиеті» 29.11.1963 Ж.

368
369
ҚАЛАМДАСТАР ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
Бұрын күнделікті баспасөз беттерінде ғана бой көрсетіп келген 
сыншы еңбегінің жеке кітап боп басылуы тым жиі кездеспейтін жəне 
аса қуанышты оқиға. Өз еңбегінің жемісін кітап күйінде көру əр ав-
тор үшін үлкен мерей екені өз алдына, сонымен бірге бұл – барша 
оқырман қауымға да, əдебиеттің жанкүйерлері мен зерттеушілеріне 
де шарапаты тиетін іс.
Үстіміздегі жылы жарық көрген сын кітаптарының бірі – Бекмұрат 
Уахатовтың «Таланттар, туындылар» атты еңбегі. Ол əдебиет тану 
саласында көп жылдан бері еңбектеніп келе жатқан əдебиетші. «Та-
ланттар, туындылар» – оның осы көп жылдық еңбектерінің ішінен 
іріктеп, сұрыптап алып ұсынып отырған алғашқы кітабы. Жинақка 
енгізілген зерттеулер мен мақалалар кезінде газет-журнал беттерін-
де жарияланып, жұртшылық кəдесіне жараған. Соған қарамастан 
автор кітапты баспаға əзірлеу үстіңде бұрын жазғандарының өзін 
қайта қарап, көптеген өңдеулер, толықтырулар жасағаны көрініп 
тұр. Жинаққа енген материалдардың дені қазақ прозасынын келелі 
мəселелерін сөз етеді. Əсіресе, «Роман... характер», «Қазіргі повес-
тер хақында», «Шағын шығарма шеберлігі» деп аталатын зерттеу-
лер – прозамыздың бүгінгі жеткен табыстарын мысалға ала отырып,
баянды ой, байсалды пікір түйеді.
«Роман... характер» деп аталатын мақалада Б. Уахатов кезінде 
«Қазақ əдебиеті» газетінің беттерінде қазіргі қазақ романы жайын-
да көтерілген мəселеге байланысты пікірлерін ортаға салады. Оқиға 
мен суреттеу жан жақтан (І-жақтан ба. ІІІ-жақтан ба) берілуі керек
романдағы авторлық баяндаудың ролі, ішкі монолог, диалогтардың 
орны мен мөлшері – міне, мақалаға арқау болған проблемалық 
түйінді мəселелер осылар.
Кітаптағы келесі бір көлемді зерттеу – «Қазіргі повестер 
хақында». Бұл Б. Уахатовтың көптен бері зерттеп, етене араласып 
жүрген тақырыбы. Мақаланың кіріспе бөлімінде повесть жанрының 
ерекшеліктері туралы айтылып келген теориялық тұжырымдарды 
жүйелейді де, бұл айтудың өзі орыс əдебиетінде көпке шейін «баян-
дау, хикая шерту» мағынасында қолданылып, кейініректе ғана «бірде 
поэма, бірде əңгіме» деп айтылып келген мағынасынан іргесін ажы-
ратып, таза жанрлық қалыпқа көшкенін, ал қазақ əдебиетінде бұл тер-
мин бір дегеннен-ақ жанр мағынасында айтылып, Ұлы Октябрьдің 
өзімен бірлесе келгендігін айтады. Бұдан əрі ол қазақ əдебиетінде 
соңғы 10-12 жыл ішінде туған повестердің таңдаулы дегендері-
не талдау жасайды. Аталмыш уақыттың ішінде ірілі-уақты жүзден 
аса повесть жарыққа шыққан екен. Əрине, оның бəрін талдап жату 
бір мақаланы былай қойғанда, тұтас бір кітапқа ауыр жүк. Немесе 
сыншының басты-басты деген шығармаларға ғана аялдауын дұрыс 
түсіну қажет. Соның өзінде де мақалада повестері арнайы сөз болған 
Т. Ахтанов, З. Шашкин, Т. Əлімқұлов, С. Шаймерденовтерден бас-
тап Ш. Мұртазаев, М. Сүндетов, С. Бердіқұловқа дейінгі аралықтағы 
автор тізімінің өзі ғана едəуір орын алып кеткен болар еді. Сонша-
ма қыруар дүниені оқып шығу бір күн, ия бір айдың шаруасы емес, 
ал оның үстіне олардың бірсыпырасына идеялық-тақырыптық, 
образдық талдаулар жасау үшін көп тер төгілетіні түсінікті.
Міне, осындай талдаулардан соң автор бүгінгі повестер негізі-
нен екі түрлі жанрдың (драма мен лирика элементтерінің) син-
тезінен тұрады деген топшылау жасайды да, өз ойын былайша 
тұжырымдайды: «Сөйтіп соңғы он жылда туған повестер өзінің жа-
зылу мəнері, жанр табиғатына қосқан жаңалығы жағынан ғана емес, 
тақырып түрлілігі, көтерген мəселелерінің байлығы жағынан да əр 
тарап, əр сала екенін көреміз».
Əрине, осы зерттеуде Уахатовтың кейбір жеке повестер жөнінде 
берген бағасына, образдарды талдауларына дау айтуға да бо-
лар еді. Бірақ ол əр автордың талғам-тұщымына қатысты мəселе 
болғандықтан, өз ойын, өз тұжырымын ортаға салуға праволы. Де-
мек, бұл жерде зерттеушіге «олай емес, былай» деп жатуды жөн 
көрмедік.
Дегенмен, осы тұста Бекмұрат Уахатовқа бірер тілек айтар едік. 
Мақалада жеке шығармаларға талдау, образдарға анализ жасау көп 
те, сол анализдерге сүйене отырып, ой қорытындылау, жалпыға тəн 
ортақ сипаттарды белгілеу (синтездеу) жағы əлі де олқылау тəрізді. 
Екіншіден, кейбір пікірлер мен тұжырымдар нақтылай, айқындай 
түсуді талап етеді. Мəселен, ол қазіргі повестерге қойылар талаптың 
өзгергендігін айтып келеді де: «Бүгінгі жазушының алдында тұрған 
міндет – адам жанының нəзік сырларын, оның психологиялық жүрек 
тебіреністерін суреттеу» (45-бет) дейді. Шындығында, бұл – тек 
бүгінгі ғана емес, жазушы атаулының алдына ежелден қойылып келе 
жатқан белгілі міндет, белгілі ақиқат. Сыншы ниеті адам жанын, 
ішкі психологиялық дүниесін суреттеуде бүгін анағұрлым ілгеріле-
гендік бар екенін көрсету болар деп топшыладық. Қалай болғанда да 
сөйлем дəлдікті сүйетіндігін ескерген жөн.

370
371
Б. Уахатовтың «Эскизден эпопеяға» деген мақаласы М. Əуезовтің 
«Абай жолы» романының соңғы кітабына, арналған. Бұл кітапты 
арнайы бөле қарап сөз етуінде де себеп бар. Эпопеяның барлық төрт 
томының ішінде авторлық өзгеріске ең көп ұшырағаны осы кітап 
екені аян. Бекмұрат мақаласында осы жайларды жазушы лабора-
ториясына еніп, оның музейінде бар қолжазба матерналдарды, тіп-
ті жазушы жинаған фактілер мен жасаған эскиздерге дейін мұқият 
пайдалана отырып, ғылми түрде жан-жақты зерттегенін аңғартты.
М. Əуезовтің «Өскен өркен» романы өзі қайтыс болғаннан кейін 
жарияланды. Бұл шығарма жарыққа шығысымен баспасөз бетінде 
алғаш пікір айтушылардың бірі осы Бекмұрат Уахатов болатын.
Алдымызда В.И. Лениннің туғанына жүз жыл толу, республи-
камыздың елу жылдық мерекесі келе жатыр. Б. Уахатовтың 
жинағындағы «Жүрекжарды жырлар» деп аталатын мақаласы қазақ 
поэзиясындағы В.И. Ленин образын, көсем бейнесін жасауға қазақ 
ақындарының қосқан үлесін сөз етеді. Бұл жинақтың сапасын арт-
тыра түсері даусыз.
Ал жинаққа енген «Азамат ақын» (М. Əлімбаев творчествосы ту-
ралы). «Қазына халықта» (бүгінгі халық поэзиясының жайы тура-
лы), «Принципшіл мəдениетті сын үшін» деген мақалалар да өз дең-
гейінен табылатын ойлы мақалалар. Қысқасы, Бекмұрат Уахатовтың 
«Таланттар, туындылар» атты кітабы туған əдебиетіміздің қазіргі 
деңгейін танытатын оның бірсыпыра күрделі мəселелерін хал-
қадарынша шешкен жəне жұртшылық кəдесіне жарайтын елеулі 
еңбек болып шыққан.
«Қазақ əдебиеті», 20.09.1969 ж.
БАҒАЛЫ ЕҢБЕК
Ы. Алтынсарин шығармаларының үш томдығы
Қазақ сахарасында орыс мəдениетінің ықпалымен қалыптасқан 
прогресшіл идеяның жаршылары Шоқан Уəлиханов, Ыбырай Алтын-
сарин, Абай Құнанбаев үшеуінің өткен ғасырдағы мəдениетіміздің 
тарихында алатын орны ерекше.
Абай шығармаларының түгел дерлік жиналып «Толық жинақ» 
деген атпен үш-төрт мəрте басылып шығуы, əр басылымы сай-
ын текстологиялық түзетулер енгізіліп, ғылыми тұрғыдан жақсара 
түсуі, сол сияқты Шоқан Уəлиханов шығармаларының көлемді-
көлемді бес том болып бас құрап, оқырман қауымның қолына 
тиюі – өткен ғасырдағы ұлы ағартушыларымыздың мұраларымен 
қалың көпшілікті таныстыруда жасалған аса игілікті, қуанарлық та 
құптарлық іс болды. Ыбырай Алтынсарин мұрасын жинап бастыру 
жөнінде осы уақытқа дейін айтарлықтай жұмыс болмай келгені кім-
кімге де белгілі.
Сондықтан да болар, оның «Таңдамалы шығармалар» жинағы 
1955 жылы қазақ тілінде, 1957 жылы орыс тілінде жеке бір кітап 
болып жарыққа шыққанда, жұрт құшақ жайып қарсы алған еді. Бұл 
бір томдыққа кезінде баспасөз бетінде пікір айтып, лебіз білдірген 
оқырмандардың кейбіреуі өздерінің риза көңілдерінен шыққан алғыс 
сезімдерімен қоса, ендігі жерде педагог-жазушы мұрасының толық 
жинағын шығаруды жедел қолға алу қажет деген талаптар да қойған 
болатын. Осындай жұртшылық пікірлерін ескере отырып, Қазақ 
ССР Ғылым академиясының тарих, археология жəне этнография 
институты ұлы ағартушының мұрасын неғұрлым кеңінен қамтып, 
жалпы көлемі үш том етіп жарыққа шығару қамына кірісті де 1975 
жылы оның 1 томын, ал 1976 жылы ІІ томын бастырып шығарды. 
Үстіміздегі жылы, осы таяуда ғана, ІІІ томы жарыққа шығып, со-
нымен үлкен де маңызды жұмыс тəмамдалды. Шығарушылар 
алқасының (ред.коллегияның) айтуына қарағанда, бұл басылым 
Алтынсарин творчествосың түгелге жуық, ал негізгі еңбектерін 
түгел қамтитын көрінеді.
Ы. Алтынсарин шығармалары жинағының І томына жазушының 
көзі тірісінде жарияланған көркем шығармалары (өлеңдері, 
əнгімелері, мысалдары), өз кезінде жинастырған ауыз əдебиетінің 
əралуан үлгілері, «Қазақтар үшін орыс тілін үйретудің бастауыш 
құралы» атты педагогикалық еңбегі, сондай-ақ педагог-жазушының 

372
373
творчестволық өмірбаянына қатысты материалдар енгізілген. ІІ то-
мына халық ағарту, тарих жане этнография саласындағы еңбектері 
топтастырылған. Бұлардың көпшілігі еліміздің əралуан архив 
қазыналарынан табылып, тыңнан жарияланып отыр. Ал III том, 
ағартушының əркімдермен жазысқан хаттарын, жазбаларын, сон-
дай-ақ ғылыми-педагогикалық қызметіне қатысты материалдарды, 
іс қағаздарын қамтиды.
Назар аударатын бір нəрсе – бұл үш томның үшеуі де ақын 
Н. Титовтың, М. Кəлменовтің, А. Брагиннің аудармалары арқылы 
орыс тілінде жарияланған. 
Ыбырай Алтынсарин шығармаларының Ұлы Октябрь револю-
циясына шейін басылғандары көбінесе архивтерде ғана сақталды 
да, жеке зерттеушілер үшін болмаса, жалпы оқушы жұртшылыққа 
таныс бола қоймады. Ал революциядан кейін Ыбырай шығармалары 
қазақ тілінде 1934, 1943, 1948 жылдары басылып шықты. Бірақ бұл 
жинақтарының көлемі 2-3 баспа табақтан аспайтын еді. Өйткені, ол 
жинақтарда ұлы ағартушының санаулы ғана əңгімелері мен өлеңдері 
енгізілген болатын, ал ғылыми еңбектері мен хаттары, публицисти-
касы, педагогикалық мақалалары мен кітаптары жұрт қолына түсе 
бермейтін. Сонымен бірге 1943, 1948 жылдары басылып шыққан 
жинағында текстологиялық бұрмалаушылықтар, редакциялық 
өзгерістер, түпнұсқадан ауытқу дегендер де жиі кездесетін.
Ұлы ағартушының сөз болып отырған үш томдық шығармалар 
жинағының бір құндылығы – кітапқа енгізілген еңбектердің 
көпшілігі алғашқы басылған күнінде айтылған, ал бұрын баспасөз 
бетінде жарияланбаған қолжазба күйінде сақталған еңбектері 
мүмкіндігінше сол түпнұсқа күйінде берілген. Шығармалар жина-
ғына Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» жəне «Қазақтарға орыс 
тілін үйретудің бастауыш құралы» атты ғылыми-педагогикалық 
еңбектерінің 1879 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан, 
ағартушының өзі корректурасын оқыған нұсқасынан алынып кір-
гізілуі де орынды деп білеміз.
Ұлы ағартушы еңбектерінің түпнұсқасын тəртіпке келтіріп, 
текстологиялық тексеру жасап, нақтылау, дəлдік енгізу жөнінде 
жинақты баспаға əзірлеген тарих, археология жəне этнография инс-
титуты, əсіресе, жеке текстер мен кейбір қиын ұғымдарға түсінік 
беріп, ғылыми алғысөз жазған Қазақ ССР Ғылым академиясының 
корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы Бек Сүлейменов 
көп еңбек сіңіргендігін атап көрсеткен абзал.
Осыған байланысты айта кететін бір мəселе – жалпы осы уақытқа 
дейін кейбір құрастырушылар мен зерттеушілер тарихи мұраларға 
редакциялық өзгерістер енгізіп, азды-көпті қиянат жасайтын 
жағдайлары да кездесетін. Олар өткен заманда өмір сүрген жеке 
ақындардың өлеңдерінде ұшырасатын ескі ұғымдар мен кейбір діни 
сөздерді, немесе атауларды бүгінгі күннің талабына қарай икемдеп 
жіберуге бейім тұратын. Осы секілді хал Ыбырай Алтынсариннің 
бұрынғы кейбір жинақтарында да болған еді. Ұлы ағартушының 
прогресшіл идеясын да, дүниеге көзқарастарындағы қайшылықта-
рын да дұрыс танып-білу үшін оның шығармаларының текстің 
бұрмаламай, қалпын сақтап беру мейлінше дұрыс болған.
Жинаққа енгізілген шығармаларында, əсіресе, жұрт назарын ауда-
ратындары – ағартушы-жазушының өлеңдері мен көркем əңгіме, но-
веллалары.
Жұртқа мəлім, Ыбырий Алтынсарин ұлы ағартушы-демократ 
қана емес, сонымен бірге қазақ даласында орыс ғылымының ұрығын 
тікелей себуші көрнекті педагог, əрі жазушы болды. Ол өзінің бүкіл 
əдеби еңбектерін де, қоғамдық-саяси қызметін де бір ғана осы 
мақсатқа, яғни қазақ балаларын оқытудың практикалық ісіне арнады 
жəне сол жолда талмай еңбек етті. «Мен, – деп жазды ол 1884 жылы 
сентябрьде Н. И. Ильминскийге жолдаған хатында, – күшімнің 
жеткенінші туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойым-
нан, талабымнан ешуақытта да қайтпаймын». Міне, сондықтан 
да Торғай облысының қазақтары «Оренбургский листоктің» 1884 
жылдың 26 мартындағы санында жарияланған мақаласында Россия 
үшін Ломоносовтың еңбегі қандай маңызды болса, Ыбырай еңбегі 
қазақтар үшін дəл сондай маңызды екенін айта келіп, «Ол біз үшін 
тек Ломоносов қана емес, сондай-ақ қырғыз (қазақ – Б. С.) ағарту 
ісінің бірінші əулиедей уағызшысы» деп бағалады.
Ыбырай өзінің қазақ балаларын орысша оқытуына кедергі болған 
нəрселердің бəріне қарсы аяусыз күрес ашты, мектепте оқып шыққан 
жастар халыққа мəдениет пен ғылымды таратушылар болады деп 
сенді. Сондықтан да ол: «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты 
құралы... біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек 
осы мектептерде... ғылыммен қаруланған əрнəрсеге дұрыс көзқарасы 
бар... оқушылар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа əсер ете ала-
ды, сонда... фанатизмнің де күлі көкке ұшады», – деп жазды.
Ыбырай Алтынсарин өзінің бірсыпыра өлеңдері мен əңгімелерінде 
ел ішіндегі азған əкімдерді, үстем тап өкілдерін, дін иелерін, бай-

374
375
лар мен билерді, саналы өмірінің көбін пайдасыз іске жұмсап, зая 
қылатын əрекетсіз, еңбексіз жастарды қатаң сынады. Оның көркем 
əңгімелері мен өлеңдерінің көпшілігі үгіт-насихат, дидактикалық
сарынды болып келетіндігі жұртқа мəлім. Дидактикалық өлеңде-
рінде ол ескі қазақ аулында əдетке айналған ұрлық-зорлық 
сияқты зиянды əрекеттен аулақ болуға, əділетті, шыншыл болуға, 
мақтаншақтық сияқты жағымсыз мінезден сақтануға, көрсеқызар-
лықтан, ашықауыздықтан, т.б. жаман мінездерден бойын таза ұстауға 
үгіттейді, үндейді.
Ыбырайдың өз өлең-əңгімелерін дидактикалық сарында жазуы 
заңды. Ұлы ағартушының дидактикалық өсиетінде сақтандырып 
отырған теріс мінездер мен зиянды əрекеттердің бəрі де сол кезде 
ел арасында кең өрістеген жағдайлар болатын. Көрнекті педагог 
өзі оқытқан шəкірттерінің осындай теріс мінездерден аулақ бо-
луын көздеді. Оның 1864 жылы мартта Н. И. Ильминскийге «Кейін 
парақор болып шықпаулары үшін оларға (балаларға – Б. С.) адам-
гершілік жағынан əсер етуге де бар күшімді салып отырмын» деп 
жазуы осыны дəлелдейді.
Ыбырай өзінің көптеген əңгімелері мен өлеңдерінде жұртқа 
өнер-білімнің, ғылымның, мəдениеттің пайдалылығын түсіндіріп, 
ескі салт пен надандықты, діни кертартпалықты əшкерелеп отыр-
ды, сурет өнерін, медицинаны насихаттап, халықты отырықшылық 
тұрмысқа мегзеді, егін, қолөнер кəсібімен шұғылдануға шақырды.
Қысы-жазы мал соңына еріп көшіп-қонып жүрген халықтың 
мəдениетке жетуі қиын екендігін дұрыс түсінген ағартушы халыққа 
отырықшылық тұрмыстың артықшылығын атап көрсетіп «Қыпшақ 
Сейтқұл», «Киіз үй мен ағаш үй» əңгімелерін жазды.
Алтынсариннің сөз болып отырған үш томдық шығармалар 
жинағына енгізілген «Қазақ хрестоматиясы» кітабынан алынған 
өлеңдер мен «Қазақтар үшін орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» 
атты педагогикалық еңбегі де, аса құнды шығармалар. Алтынсарин 
бұл еңбектерін орыс халқының ұлы педагогі К.Д. Ушинскийдің 
жазған оқу құралдары негізінде орыс-қазақ мектептерінде оқитын 
қазақ балаларының пайдалануы үшін жазған.
Қазақ балалары үшін жасалған тұңғыш оқулық пен хрестоматияға 
Ыбырайдың халық ауыз əдебиеті нұсқаларын жинап енгізуі де Ушин-
ский үлгісін аңғартады.
Алтынсариннің жалпы педагогикалық тəжірибесі мен дидакти-
касына бүгінгі біздің заманымызда да маңызын жоймаған бағалы, 
пайдалы істер бар. Мəселен, ол өзінің жоғарыда аталған еңбегін 
орыс графикасы негізінде өзі жасаған алфавитпен жазып шыққан. 
Алтынсариннің бұл тамаша бастамасының құндылығы оның осын-
дай бағалы идеяға ерте, XIX ғасырда келгендігінде ғана емес, со-
нымен бірге оның көп əріптерінің бүгінгі орыс графикасы негізін-
де жасалып, өзіміз пайдаланып отырған алфавитіміздегі əріптерге 
үйлесетіндігінде.
Алтынсариннің басқа да бағалы тəжірибелерін атап өтуге бола-
ды. Мəселен, ол орыс-қазақ мектептерінде оқитын балаларға жалпы 
пəндерден бөлек ағаш шеберлігі, ұсталық сияқты мамандықтарды 
меңгеруді, қазақ қыздарына киім пішіп, кесте тоқу, т. б. сол сияқты 
халық қолөнерін үйренуді міндеттеді.
Алтынсарин өзінің пелагогикалық қызметінде көп қиыншылыққа 
кездесті. Өзіне тарих жүктеген ұлы міндеттің ауырлығын, жауапкер-
шілігін түсінген данышпан ағартушы-педлагог бұл қиындықтарға 
қажымады.
Сөз болып отырған жинаққа енгізілген педагогикалық шығар-
малары педагог-жазушының қазақ халқына сіңірген осы баға жетпес 
зор еңбегінің айғағы тəрізді. Үш томдыққа енген кейбір іс қағаздары 
мен жазбалар, документтер де осыны аңғартады.
Шығармалар жинағына Алтынсариннің Қостанай төңірегіндегі 
қазақтардың қыз ұзату, құда түсу, той қылу, өлген кісіні жерлеу, ас 
беру, т. б. дəстүрлері жөнінде жазған очерктері мен этиографиялық 
зерттеулері енгізілген. Ал халық ағарту маселелері жөнінде əр кез-
де жазған ескертпелері мен запискалары, ресми жазбалары мен іс 
қағаздары өз алдына жеке бір сала. Бұл еңбектердің де жинаққа 
енгізілуі өте орынды. Өйткені, қазақ халқының этнографиясын, 
тарихын, Октябрь революциясына дейінгі Қазақстанда халық ағарту 
ісінің жай-жапсарын зерттеп жүрген адамдар үшін бұл еңбектер мен 
хаттар баға жетпес мұра, таптырмас документ болып саналады.
Əр томның соңында Ы. Алтынсариннің жеке еңбектеріне қатыс-
ты ғылыми тиянақты түсініктермен қатар адам атаулары, геогра-
фиялық атаулар, мекемелер мен əкімшілік бөлімдері, рулар мен 
тайпалар атаулары жайында жеке-жеке көрсеткіштер жəне жазушы 
шығармаларының алфавиттік көрсеткіші берілуі – бұл басылымды 
пайдалануға көп жеңілдік беретін игілікті істер. Бұлар, сөз жоқ, үш 
томдықтың ғылыми жағынан құндылығын арттырады.
Сөз соңында мынадай бір жайды еске сала кетудің де артықтығы 
жоқ секілді. Ұлы ағартушының еңбектерін баспаға əзірлеп жария-

376
377
лау сияқты игілікті іске Қазақ ССР Ғылым академясының 
М.О. Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институты мен Қазақ 
ССР Оқу министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Педагогика 
ғылымдары институтының неліктен қатыспай қалулары түсініксіз. 
Тіпті бұл іске институт қана емес-ау, Алтынсарин творчествосың 
түбегейлі зерттеп жүрген жеке ғалымдарды (филология ғылымының 
докторы Ə. Дербісалин, т. б ) қатыстыру да іске тек қана пайдасын 
тигізер еді. Əманда жұмыла көтерген жүк жеңіл болары хақ.
Ұлы ағартушы мұрасының үш том болып орыс тілінде басылып 
шығуын барынша қуана құптай отырып, енді осы басылымға енбей 
қалған шығармаларын (ондайлар жоқ емес) қоса қамти отырып, ана 
тілімізде толық жинақ қалпында көрсек жəне бұл істі уақыт оздыр-
май дереу қолға алса деген тілек те орынды деп ойлаймыз.
Дегенмен, Ыбырай Алтынсариннің жұрт қолына көп күттіріп 
тиген үш томдық шығармалар жинағының жарыққа шығуы – аса 
елеулі оқиға.
«Қазақ əдебиеті», 22.09.1978 ж.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет