ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТТЕУ
Ұлы жазушымыз Мұхтар Əуезов өзінің «Октябрь өрені» атты
мақаласында қазақ-совет əдебиетінің 40 жылдық өсу жолын шола
келіп: «...əдебиетіміздің өрлеу табысына көп көмек ететін бір топ
жандардың аттарын қоса атамасақ, сөз сыңаржақ болар еді. Біздің
əдебиетіміздің бар жаңалығын, батыл ізденгіш өзгешелік қасиеттерін
өзіміздің заманымызбен нық байланыстырып өсіре түсуге айнымас
көмекшілеріміз де себепші болды. Олар бар жазушылармен тізе
қосып, білекке білек жалғасып, қатар жасасып келе жатқан біздің
сыншыларымыз бен əдебиет тарихшыларымыз» – деген еді де жəне
сол топтың көш басында Сəкен мен Сəбит есімдеріне жалғастыра
Қажым Жұмалиевті атаған болатын. Қ. Жұмалиев əдебиеттану
ғылымында талмай еткен еңбегімен танылған белді де білгілік-
ті ғалым ғана емес, сонымен бірге көркем əдебиет саласында жа-
рыса жазып келе жатқан жан-жақты қаламгер. Ал жан-жақтылық,
ақындық, жазушылық оның ғалымдық еңбегіне, шығарманы,
ақын-жазушылардың өздеріне хас қасиеттер мен ерекшеліктерді
ежелеп, мүшелеп терең талдауда көп септігін тигізетіндігі өзінен-
өзі түсінікті. Бұл жай бұрын да ғалымның жазған оқулықтары мен
монографиялық еңбектерінен, жеке зерттеу мақалаларынан айқын
көрінетін.
Зерттеуші ретінде Қажым Жұмалиев қазақ əдебиетінің сан сала-
сында түгел дерлік еңбек етіп келген ғалым. Оның ғылыми еңбектері
340
341
ауыз əдебиетінің үлгілерін, əдебиет тарихының əр алуан күрделі
мəселелерін, əдебиет сынының актуальдық проблемаларын, сондай-
ақ əдебиеттің теориялық мəселелерін камтиды. Ол VIII-IX кластарға
арналған қазақ əдебиеті оқулығының, Махамбет Өтемісовтің өмірі
мен творчествосы жайлы көптеген мақалалар мен фундаменттік
монографиялық зерттеудің, «Қазақ əдебиеті тарихының мəселелері
жəне Абай поэзиясының тілі», «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы жəне
Абай поэзиясының тілі», «Қазақ эпосы мен əдебиет тарихының
мəселелері», «XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ əдебиеті» т.б. кітап-
тардың авторы.
1966 жылы «Жазушы» баспасынан ғалымның «Стиль – өнер
ерекшелігі» атты əдеби зерттеу мақалаларының жинағы жарық
көрді. Жинақта жалпы жазушының жазу мəнері, стиль ерекшелігі
дегеннің теориялық түсіндірмесінен басқа Сəкен, Ілияс, Бейімбет,
Сəбит, Тайыр, Əбу, Дихан сияқты қазақ-совет əдебиетінің белгілі
өкілдерінің творчествосын талдауға арналған мақалалар енгізілген.
Алдын ала айта кететін бір жай – автор олардың басты-басты көркем
туындыларына идеялық тақырыптық талдау жасай отырып, негіз-
гі нысанаға олардың өздеріне лайық, басқадан айыра танытарлық
стиль ерекшеліктерін, көркемдік шеберліктерін алған да, сөйтіп жал-
пы жинаққа белгілі бір бағыт-бағдар беріп, тақырыптық тұтастық
тапқан.
Жинаққа енген «Стиль – жазушының өзіне тəн ерекшеліктер»,
«М. В. Ломоносов тіл мен стиль туралы», «Ұлы ойлардың ұшқыны»
атты мақалалар стиль мəселелерінің жалпы теориялық ұғымын жан-
жақты, егжей-тегжейлі қамтып, кеңінен сөз етеді.
Ұлы Октябрьдің перзенті – қазақ əдебиетінің табыстарын, əлемге
əйгілі туындылар беріп, туысқан халықтар əдебиеттерімен терезесі
тең, үзеңгі қағысқан іргелі əдебиет болып отырғандығын заңды
мақтаныш еткенде, біз Мұхаң марқұм айтқандай, оның сол шыққан
биігіне лайық сыны мен əдебиеттану ғылымы да өсіп-өркендеп,
қатар дамып келе жатқанын білеміз. Бұған əсіресе соңғы 10–15 жыл-
да жеке кітап болып басылып шығып жатқан зерттеулер мен сын
материалдарының өзі-ақ айқын айғақ бола алады.
Алайда, тұтастай алып қарағанда, қыруар табысы бар əдебиет-
тану ғылымы мен сынымыздың сүрінер томары, «Ахиллестің
өкшесіндей» осал да дімкəс жері, əлі де болса, ақын-жазушылардың
өздеріне хас стильдік ерекшеліктерін, творчестволық мəнерлері мен
көркемдік шеберлік, тіл мəселелерін зерттеу болып отырғандығын
мойындамасқа лаж жоқ. Демек, бүл салада əдебиетшілеріміздің
əлі де тындырғандарынан тындырары көбірек. Ал осы жайды ес-
керсек, ғылыми еңбектерінің денін əдебиет тарихы мен теориялық
мəселелеріне арнап жүрген педагог ғалымның сөз болып отырған
кітабының құндылығы да бір саты биіктей түсері даусыз. Аталған
алғашқы мақаласында автор қазіргі қазақ-совет əдебиеттану ғылымы
мен сынының ең бір зəру, ділгəр болып отырған мəселесіне аз жазы-
лып келгендігін біршама сөз ете отырып былай дейді:
«Шынында да жазушының стилі деген сөз айтуға оңай болса да,
қолға ұстатқандай етіп дəлелдеп беру, стиль ұғымын айқындайтын
жəйттердің бəрін толық қамту кімге де болса қиын. Сол себептен,
стильді сөз етушілердің кемшіліктерін меңзесек те, оларды даттау-
дан аулақпыз».
Бұл сөздер шынайы ғалымға лайық сыпайылық танытып қана
қоймайды, сонымен қоса осы кітаптың атқарар міндет, көздеген
мақсат, көтерер жүгінің көлемін де белгілейді. Автор ең алдымен
стиль деген ұғымның соншалықты кең екендігін, атап айқанда, оның
əдеби тəсіл (метод) мағынасынан бастап, мазмұнға, түрге қатысын,
көркем тілмен байланысын, сондай-ақ стиль ерекшелігін зерттеу
тек əдебиетшілердің ғана емес, тіл мамандарының да ортақ төл ісі
екендігін тайға таңба басып, соқырға таяқ ұстатқандай айқын да та-
лассыз мысалдармен дəлелдей отырып сөз етеді. Мақалада стильдің
тəсілдік кең ұғымын былай қойғанда, бергі, нақты жазушылық ерек-
шелік ұғымына оралғанның өзінде, ол тақырып таңдаудан бастап,
шығарманың идеялық мазмұны, жанры, композициясы, образ жасау
əдістері, сөздік қоры, сөйлем құрылыстары, поэтикалық тілі т.б. то-
лып жатқан компоненттерді қамтитындығы байсалды түрде баянда-
лады, стильдің жалпы тарихынан бірқыдыру мəліметтер беріледі.
Бұл материалдағы тағы бір назар аударарлық мəселе – стильдің
табиғи талантқа, дарынға қатысы. Асылында, жазушының стилі
бірді-екілі шығарма жазумен қолма-қол қалыптаса салатын оп-оңай
дүние емес. Рас, əдебиет тарихы бірден өз стилін ала келген дарын
иелерін де біледі. Бұл жөнінде алғашқы шығармаларының өзімен-
ақ көркемдіктің белгілі биігінен табылып, көптеген жазушылардың
басынан кешетін əдеби шəкірттік кезеңін аттап өткен Л. Толстой,
М. Горький, М. Шолохов, қазақ топырағында Абай мен М. Əуезов
есімдерін атауға болады. Алайда бұл данышпандықпен шектесетін
таланттар тобына ғана тəн, тарихта ете сирек кездесетін құбылыс.
Əрине, ұлылыққа дарыннан гөрі тынымсыз еңбегіне, жігері
342
343
мен қайратына көбірек сүйеніп жететін таланттар тобы да тарих-
та аз емес. Міне, дəл осы топтағы жазушылардың стилі іздену, өсу,
үйрену, зерттеу, оларын өз бойына дарытып, сіңіру сияқты көптеген
факторлардың нəтижесінде біртіндеп қалыптасады. Ал əдебиетте
өз стилін қалыптастырып, өз ізін, өз қолтаңбасын танытқан та-
лант өз еліктеушілері мен үйренушілерін де табатындығы даусыз.
Демек, шын мəнінде қалыптасқан стиль – шынайы таланттың ғана
үрдісі деп танысақ, ол белгілі бір топта ұстаздық хақына да ие бола
алатындығын ұмытпау қажет. Олай болса, бірлі-жарым шығармасын
жаза салып, əдебиет табалдырығын аттар-аттамаста «Менің
стилім, менің əдісім» деп дандайсып, кеуде қағу сияқты қайсыбір
қаукөкіректердің əдепсіз əулөкіліктерін сынай келіп: «...стиль – шын
талант, ұлы ақын-жазушылардың қаламдарына тəн сипат. Кез кел-
ген ақын-жазушылардан стиль іздеу – бекершілік. Өйткені барлық
өлең қиыстырушыларды ақын, сөз жаза білушілерді жазушы десек
қателескен болар едік. Дарын жоқ та – стиль жоқ. Бұл екеуі сабақтас...
Демек, стильді нақтылы талант, ұлы жазушылардың туындылары-
нан іздеген жөн» – деген ғалым пікірін құптау қажет.
Жинаққа енген жеке ақын-жазушылардың творчестволарын
талдауға арналған басқа мақалаларында зерттеушінің өзі де осы
айтқан пікірлерін берік тұтынғандығы анық байқалады. Автор бұл
мақалаларында қазақ əдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған,
өздерінің бет-бағдарын белгілеп, бедерлі өрнек-үлгілерін танытқан
ақын-жазушыларды сөз етсе, екіншіден, олардың тек басты-басты
деген, əрқайсысының активіне қосылатын туындыларын алып қана
талдап, стильдік ерекшеліктерін «Аққудың айырылуы», «Қара жер»,
«Ақсақ киік», «Сыр сандық» сияқты көрмеге қоярлықтай көркем
шығармаларынан іздеу, ал жаңашылдық, новаторлық өзгерістерін
«Советстан», «Альбатрос», «Тракторшы» т.б. туындыларынан табу
осының айғағы.
Жинаққа енген материалдардың ішінде қызыға оқылатындары-
ның бірі – Б. Майлин творчествосына арналған «Талант – əр алуан»
атты мақала. Б. Майлин – аға буын жазушыларымыздың ішінде де
сегіз қырлы, бір сырлы дейтіндей, бар жанрда бірдей қалам қозғап,
ой тербеген, өзінің өмірлік мүддесін тек қана творчествода деп біл-
ген, сондықтан көп те, көркем де жазған орны бөлек қаламгер. Ол ең
алдымен юморист. Юмор оның қай жанрда жазған шығармаларында
болса да жиі ұшырасып отырады, басқаша айтқанда, бұл оның
творчествосының бойына сіңген табиғи құбылыс. Бұл – Бейімбет
творчеетвосы сөз болғанда есте болатын ең бірінші өзгешелік. Міне,
зерттеуші оның творчествосындағы осы өзгешелікті айта отырып:
«Б. Майлин юморы орыс не европа классиктерінен үйрену нəтиже-
сінде туған, оны қазақ топырағына егіп, өсіруден пайда болған
юмор емес, қазақ халқының өз топырағында өскен, өз өмірінің,
өз əдебиетінің, өз тілінің негізінде қалыптасқан юмор» – деп атап
көрсетеді.
Бейімбеттің зілсіз, жеңіл юморынан туған Мырқымбай образы-
ның өзі қазақ əдебиетіндегі тың, соны образ болды. Совет өкіметінің
алғашқы жылдарында жалпы қазақ кедейлерінің көпшілігінің ба-
сында болған ортақ қасиеттерден жинақталып алынып, Мырқымбай
атына ие болған нақты образ жасалды. Орыс əдебиетінде Гогольдің
Маниловы мен Хлестаковы, Гончаровтың Обломовы, Фонвизиннің
Митрофанушкасы заман шындығының бет-бейнесін ашып салу
құдіретінің арқасында белгілі бір əлеуметтік топтардың өкілдігін
танытарлық, қосалқы өмірге ие болған (нарицательдік) жанды кейіп-
тер еді. Қазақ əдебиетінде де бұл сияқты кейіптер ұшырамайды емес.
Мəселен, Ғабит Мүсреповтің Жантығын, Мұхтар Əуезовтің Жұман
қыртын, Əбдіжəміл Нұрпейісовтің Судыр Ахметін атауға болады.
Міне, осы орайда қазақ əдебиетінде өзінің жеке, жалқы есімімен
жалпы есімдік жайлар танытқан тұңғыш образ Мырқымбай десек,
асырып айтқандық емес. Мұның өзі де Бейімбет қаламының құдірет-
күшін танытарлық ерекшелік деп білген жөн.
Бейімбет творчествосынан табылатын тағы бір өзгешелік – ла-
конизм, айтайын дегенін соэбұйдаға салып шұбалаңқы суреттемей,
нақ басып, дəл, қысқа да ұтымды бере білу. Бұл оның прозалық
шығармаларына да, поэзиясына да хас ортақ қасиет. Поэзия демек-
ші, Бейімбет қазақ поэзиясында сюжеттік лириканы жасаушылардың
алғашқыларының бірі жəне бірегейі. Осыдан да болу керек, оның
өлеңдері көбінесе құрылады да, лирикаға драманың элементтері ара-
ласып отыратын жайлар жиі кездеседі. Бейімбет творчествосының
ерекшеліктері дегенде зерттеуші осы мəселелердің төңірегінде
толғанған тəрізді.
Жинақта бұдан басқа да көптеген мақалалар бар.
Оларында да Қ. Жұмалиев əрбір ақын-жазушының өзіне
ғана лайық деген ерекшеліктер жайын сөз етеді. Мысалы, Ілияс
Жансүгіров поэзиясына лайық музыкалылық, ұтымды берілетін
ішкі ұйқасқа кұрылған дыбыс əуезділігі (эвфопия), Сəбит Мұқанов
творчествосындағы өмір фактілерінің байлығы мен батылдық,
344
345
өмір танытушылық күшінің молдығы, Тайыр творчествосындағы
лептілік пен суреттеу тəсіліндегі əкілендіріп, дамытып отыруға
құрылған үдемелілік (градация), Əбу лирикасындағы сезімге ой-
найтын сыршылдық, Дихан поэзиясындағы ұнамды мағынасындағы
қарапайымдылық – бəр-бəрі де зерттеуші қаламынан лайықты
бағаларын алған.
Жинақтың ең соңындағы екі мақала туысқан қырғыз əдебиетіне
– бірі «Манас» эпосына, енді бірі Тоқтоғұл Сатылғанов творчество-
сына арналған. Əрине, мұнда да зерттеуші назары көбінесе олардағы
стиль ерекшеліктеріне аударылғандықтан, жинақтың құрылу прин-
ципіне қиғаш келерліктей оғаштық көрініп тұрған жоқ. Жинақта
кейбір пікір қайталаулар, цитата қайталаулар ұшырайды. Осын-
дай кедергі-кемшін деген кейбір уақ-түйек жайларға кешіріммен
қарасақ, Қ. Жұмалиевтің бұл еңбегі жалпы оқырмандарға да, мектеп
мұғалімдеріне де, сондай-ақ əдебиетшілерге де қажетті, пайдалы кі-
тап екендігі даусыз.
1967.
КЕМЕЛ ШАҚ
Туған əдебиетімізді арнасы кең, суы мол үлкен бір өзенге немесе
дарияға теңеу жаңалық болудан қалғаны бір бүгін емес. Сол арна-
ны əр тараптан келіп қосылып жататын айырықтар, ағыстар жасай-
тыны тəрізді əдебиетке де əр кезде келіп қосылып, қал-қадарынша
еңбек етіп, тер төгіп жүрген буын-буын қаламгерлер тобы бар екені
ақиқат. Əдебиетімізге Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары келіп
қосылған буында жіті көзге байқалар бір ерекшелік болды. Қазірде
есімдері елге мəшһүр болған танымал талант иелерінің бір тобы
жайшылықтағы бейбіт кездің ондаған жылына татырлық өмір уни-
верситетін, жорық жолдарын кешіп келген болса, енді бір тобы мек-
теп партасынан жаңа ғана тұрып келген, əдебиетке деген құштарлық
пен үміт жетелеген тəжірибесіз жастар еді. Бұл екі топ соғыстан
кейінгі жылдары институттар мен университет қабырғаларында,
мерзімді баспасөз орындарында бір тұста келіп тоқайласып, бас
қосты да, араларындағы азды-көпті жас ерекшеліктері елеусіз қала
берді. Міне, əдебиет деп аталатын үлкен өнердің босағасын сол
жылдары мектеп партасынан келген бойда институт қабырғасында
жүріп аттаған топтың алдыңғы легінде бүгін елуге келіп отырған
Серік Қирабаев та бар еді.
Серік əдебиет босағасын аттағаннан бастап, бағзы біреулердей
бытырамай, шашылмай, əр жанрдың есігін бір қақпай, өз құбыласын
бір бағыттан – сын саласынан ғана іздеді һəм іздегенін тапты, жұртқа
танытты. Бір бағытта ізденудің нəтижесінде ол қыруар іс тындыр-
ды.
Ол əдебиет сыны сияқты қиын да жауапкершілігі мол жанрға жол-
даманы 1948 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған
шағын мақаласымен (рецензия) алды. Əрине, ол кезде редакцияның
босағасын имене аттаған жап-жас жігіт, ҚазПИ-дің II курс студенті,
кейін осы газеттің əдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болар-
мын деп ойламаған да шығар. Қалай болғанда да осы бір баспасөз
бетін көрген шағын материал жас қаламгердің сынға деген сенімін
күшейтіп, я талабын талпынтты да, енді ол бұған біржола ден
қойды.
1951 жылы ҚазПИ-дің тіл-əдебиет факультетін үздікі бітір-
ген Серік бір жағынан аспирантурада болашақ ғылыми жұмысқа
дайындала жүріп əрі мерзімді баспасөз орындарында қызмет атқара
346
347
жүріп, əдебиетіміздің əралуан зəру мəселелеріне, əсіресе, проза мен
поэзияның көкейтесті проблемаларына арналған көптеген мақалалар
жазды. Сыншыға тəн салқын қандылық, эмоцияға беріліп кетпей,
безбен басын тең ұстауға тырысатын əділеттілік, ұстамдылық,
соқталы ой айтуға ұмтылатын парасаттылық нышандары Серіктің
сол алғашқы мақалаларының өзінде-ақ бар еңсесімен бой көрсеткен
болатын. Əдеби сынның бұқаралық, қоғамдық жұмыс екенін, оның
жазушы үшін де, оқырман қауым үшін де атқаратын тəрбиелік
миссиясын тез паййымдап, дөп таныған Серік «Əдеби сынның
партиялық принциптілігі туралы» деген мақаласында: «Сын біздің
əдебиетімізге өзінің принциптілігімен, пайымды пікірлерімен
көмектесіп отыруға тиіс. Негізін де ол əдебиеттіне болмаса қандай да
бір ғылыми еңбекті оқушыларға насихаттау қызметін атқарады. Сын
арқылы көрсетілген пікірлер авторларға ой салатын, сол шығармаға
жаны ашудан туған пікірлер болуы қажет. Егер олай болмаса, əдеби
сын өзінің жауынгерлік міндетін атқара алмайды» – деп жазды.
Міне, бұл Серіктің бұдан былайғы жұмысында өзіне де, өзгеге де
қояр талабы, айтар ақыл, берер кеңесі болды.
Ол өзінің жоғарыдағы ойларын дамыта отырып, бізде баспасөзге
де, сын пікірлерге де бостандық екенін, демек, белгілі бір жазушы
немесе шығарма жайында кез келген оқырман, басқаша айтқанда,
екінің бірі, егіздің сыңары өз пікірін айтуға праволы екенін атап
көрсете келіп, бірақ қарапайым оқырманның айтқандарының бəрі
əдеби сын деңгейіне көтеріле бермейтіндігін, пікір айтқандардың
бəрі маман сыншы болмайтындығын, тек эстетикалық талғамы бар,
əдебиеттің өнер ретіндегі өзіне хас қасиеттерін жете білетін, сөйтіп
өз пікірімен жазушыға ой салып, жəрдемдесетін адам ғана маман
(профессионал) сыншы деген атқа ие бола алатынын ескертеді.
Сөйтіп ол сын миссиясына, сыншы мамандығына аса жоғары мəн
береді, яғни əдебиетті түсінігі төмен оқырманның деңгейіне қарай
сүйремей, қайта, қарапайым оқырманның талғам таразысын өнердің
құпиясын түсіну дəрежесіне дейін жоғары көтеріп, тəрбиелеу
қажеттігін дұрыс ұсынады.
Серік сонау Ілияс, Бейімбеттерден бастап бүгінгі Сағи, Тұманбай,
Қадырға дейінгі аралықтағы көптеген жеке ақын-жазушылардың
творчестволары жайында қысқаша шолу жасаған, бас-аяғы тұжы-
рымды да ойлы мақалалар жазды. Серіктің жеке жазушылардың
творчествосын арнайы зерттеп, жан-жақты талдау жасауға талпы-
нысындағы алғашқы сəтті қадамы педагог-жазушы Спандияр Көбеев
пен қазіргі əдебиетіміздің ақсақалдарының бірі, прозаның хас шебері
Ғабиден Мұстафин жайында жазған кітаптары еді. Бұл еңбектер ав-
торды енді əдебиет ағымына ілесе пікір айтып, жіті қадағалап отыра-
тын сыншылық, елгезектік үстіне ыждағатты ізденіске, толымды ой
толғаныстарына бейім ғалымдық амплуада жаңа қырынан көрсетті.
Жəне сыншының творчестволық өсу жолының алғашқы бір кезеңіне
белгілі дəрежеде қорытынды жасады, болашақ барар бағдарына
баспалдақ болды.
Серіктің əдебиеттану ғылымында бүгінгі шыққан биігі – 1962
жылы жарияланып, араға екі жыл салғаннан кейін филологияның
докторлық дəрежесін əперген «Сəкен Сейфуллин» атты көлемді
монографиясы. Сəкен творчествосын Есмағамбет Ысмайылов,
Тұрсынбек Кəкішевтермен қатар жедел зерттегендердің бірі де Серік
болатын. Алғашында Сəкеннің поэзиясы жайында, «Айша», «Жер
қазғандар» повестерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері жайын-
да, қадау-қадау мəселелер төңірегінде көлемді-көлемді мақалалар
жазған Серік тынымсыз іздене жүріп, кейін оларын кең тынысты,
көлемді монографиялық зерттеуге айналдырды. Бұл еңбегінде автор
Сəкеннің совет əдебиетінің негізін қалаушы, қазақ əдебиетінде со-
циалистік реализмнің алғашқы ту ұстаушысы болғандығы жайын-
да дүйім жұрт жұмыла ден қойған пікірді одан əрі тереңдетіп,
нақтылы дəлелдермен негіздей отырып, орнықтырып қана қойған
жоқ. Сəкен есімімен байланыстыра отырып, жалпы қазақ-совет
əдебиетінің іздену, өсу, өрлеу процестерін түбегейлі зерттеп, зерделі
ойлар, тұжырымдар түйіндеді. Сондықтан да ғалымның бұл еңбегі
əдебиеттану ғылымына елеулі үлес боп қосылып, орыс тілінде де екі
рет (Алматыда жəне Москвада) жеке кітап болып басылды. Жалын-
ды ақынның өмірі де, практикалық ісі де, бүкіл творчествосы да Ұлы
Октябрь революциясымен тығыз байланыста аталатынын айтсақ,
бүгін сол революцияның 60 жылдығы тұсында Серіктің сөз болып
отырған еңбегінің құндылығы бұрынғыдан да арта түсері даусыз.
Сəкен Сейфуллин творчествосының революциялық рухына
айрықша мəн беріп, егжей-тегжейлі тоқталып отырып, пікірін ол
былайша тұжырымдайды: «Ұлы Октябрь социалистік революция-
сынан бұрын-ақ өлең жазабастаған ақын сол қалпымен револю-
цияға келіп араласады да, халық үшін аянбай күрескен жалын-
ды большевиктердің сапында болады. Бұл жылдары ол өзінің
348
349
революциялық қызметіне өткір өлеңдерін де пайдаланады... Рево-
люциялық рухтың қазақ поэзиясында берік орын теуіп, жаңа заман-
ды жаңаша жырлаудың алғашқы мотивтері біздің поэзиямызға Сəкен
шығармалары арқылы енді. Ол шығармаларында ақын коммунистік
идеяны шын мағынасында түсінген, сенімді, ешбір жалтақ пен
ауытқуды білмеген, батыр большевик болып көрінеді. Революциялық
күрес дəуірі мен социалисті құрылыс майданында да осылай өмір
кешті. Сол дəуір деп шығармаларының қайсысында болса да, Сəкен
бар өмірін жаңа қоғамның салтанат құруына, коммунистік идеяның
мəңгі жеңуі жолына арнады».
Серік қаламынан əмəнда зерттеуші ғалымға тəн парасаттылық пен
зерделілік, сыншыға лайық публицистикалық ұшқырлық, елгезек-
тік қалпы байқалады. Ол туған əдебиетіміздің күнбе-күнгі өмірінде
болып жатқан əралуан өзгерістерге əрдайым құлағы түрік, қаламы
қайраулы сыншы. Оның өзі қатарлы буыннан оза шауып, өндіре жа-
зып, өрелі іс тындыруы да осындай ерінбес еңбеккерлігінде, əдеби
процестің лүп еткен тынысын қапысыз бағып, қадағалап отыруын-
да деп білеміз. Бұл əдебиетші, сыншы үшін таптырмайтын аса бір
қажет қасиет. Міне, Серік творчествосының тақырып шеңбері со-
нау Сəкен, Ілияс, Сəбиттерден бастап, орта буын өкілдері Хамит
Ерғалиев пен Мұқан Иманжановтар арқылы бүгінгі жаңа талап,
жас ақын-жазушыларға дейінгі аралықты кеңінен қамту себебі де
сондықтан.
Серіктің қоғамға, халыққа сіңірген еңбегінің енді бір па-
расы – ұстаздығы, педагогтік қызметі. Ол 1958 жылдан бері
республикамыздың педагог кадрларын даярлау ісіне белсене ат-
салысып, қызмет атқарып келеді. Қазір ол Абай атындағы мемле-
кеттік педагогика институтының профессоры, СССР Педагогика
ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР
Оқу министрлігінің əдебиет жөніндегі оқу-методикалық советінің
председателі. Бұл салада да ол өз міндетін тек практикалық қызмет
шеңберімен шектелмей, творчестволық жұмыспен ұштастырып ке-
леді. Бұған оның «Қазақ балалар поэзиясы», «Балаларға арналған
үлкен əдебиет жасайық», «Қазақ-совет балалар əдебиетінін кейбір
мəселелері» атты көлемді-көлемді мақалалары, орта мектептер мен
жоғары оку орындарының филология факультеттеріне арналған
оқулықтар жазуға белсене атсалысуы айғақ бола алады.
Жоғарыда аталған монографиялық туындылардан басқа Серік-
тің «Өрлеу жолында», «Октябрь жəне қазақ əдебиеті», «Өнер өрісі»,
«Əдебиет жəне дəуір талабы» атты кітаптары əр кезде жарыққа шық-
қан екен. Сол еңбегіне лайық дəл осы күндері оған бұрынғыларына
қоса, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері деген құрметті
атақ берілді. Серік, міне, шын мəніндегі ұстаздық хақына ие болған,
соған жасымен де, еңбегімен де жеткен дер шағында тұр. Бұл
жерде оның педагогтік қызметін ғана емес, əдеби ұстаздықты, өзі
тұрған биігін сезіну жауапкерлігін, жас əдебиетшілерге қамқорлық,
əдебиеттану ғылымы мен əдеби сынның келелі мəселелеріне ұйтқы,
мұрындық болу сияқты көптеген ұғымдарды сыйғызып айтқым ке-
леді.
1977.
350
351
СЫНШЫ МҰРАСЫ
Əдебиет сыны мен əдебиеттану ғылымына елуінші жылдар ша-
масында келіп қосылған топтың жуан ортасында болып, оқырман
қауымға жедел танымал болған есімдердің бірі марқұм Қалжан
Нұрмаханов еді. Сан буын əдебиетшілерді баулып ұшырған алтын ұя
– Москва университетінің филология факультетін ойдағыдай бітіріп,
сосын М. Горький атындағы дүниежүзілік əдебиет институтының
аспирантурасында оқып жүрген кезінен бастап əдебиет сыны са-
ласына белсене араласқан оның қаламынан əралуан проблемаларға
арналған ондаған мақалалар қалды. Амал не, əдебиеттің тереңіне
енді бойлап, оның бар əсемдігін сезініп, іске бар ынтасымен бері-
ле кіріскен шағында ол мезгілсіз дүние салды. Бірақ өзі еңбек ет-
кен 10–15 жылдың ішінде қыруар дүние жазып үлгергенін біз оның
«Жазушы» баспасы жарыққа шығарған «Дос лебізі» атты жаңа кіта-
бынан тағы да танығандаймыз.
Бұған дейін марқұмның көзі тірісінде оның «Литературные за-
метки» (1961 ж.) жəне «Дəстүрлі достық» (1962 ж.) атты кітап-
тары жарық көрген болатын. Орыс тілінде басылған «Литера-
турные заметки» деп сыпайы ғана аталған кітабында жекелеген
жанрлар жайындағы өз ойларын ортаға салып, сондай-ақ бірқатар
мақалаларын революцияға дейінгі демократияшыл қазақ əдебиеті
өкілдерінің творчестволарын талдауға арнаған еді.
Ал «Дəстүрлі достықта» көбінесе өткен ғасырдағы орыс жəне
қазақ халықтарының əдеби байланысын көрсетуге, А.С. Пушкин,
В.Г. Белинский, Ф.М. Достоевский, В.Г. Короленко сияқты ұлы
жазушылардың қазақ халқының əдет-ғұрпы, рухани өмірі жайлы
айтқан пікірлерін баяндауға күш салды. Ал кейбір мақалаларда қазақ
əдебиеті шығармаларын орыс тіліне аударуда орын алып келе жатқан
кедергі-кемшін жайлар, əралуан «əттеген-айлар» сын садағына ілін-
ді.
Туған əдебиетіміздің күнделікті өміріндегі сан-салалы
құбылыстарға құлақ түріп, жіті қарап отыратьш сыншының ең бір
өнікті еңбек саласы – туысқан халықтар əдебиеттерінің əр жақты бай-
ланысы болып еді десек, қателеспейміз. Тіпті, оның кітаптарының
аталуының өзінде «Дос лебізі», «Достық» сөздерінің қайталанып
келуі осыған байланысты екені даусыз.
Ең алдымен ол өзі əдебиеттің де, əдебиетшілердің де қалтқысыз,
қалтарыссыз шынайы досы болатын. Жекелеген əдебиетшілердің,
ақын-жазушылардың арасында оқта-текте ұшырасып қалатын кей-
бір дүниелік пендешілік мінездер мен пиғылдарға ол ренішпен
қарап, өнер есігі, əдебиет босағасы – қасиетті құттыхана, оның
табалдырығын адал арың, таза жаныңмен аттау керек деп білетін
һəм өзі осыған барынша тырысатын. Ал ардың тазалығы əрбір
əдебиетшіге, əсіресе сыншыға өте-мөте қажет қасиет.
Оның жазған мақалаларында сөз болып отырған шығарма
авторының лауазымы мен мансабы сыншы пікіріне ықпал жасау
дейтін атымен болмайтын. Ол не жазса да, тақырыбын жан-жақты
зерттеп, игеріп алып, содан соң ғана қаламына сөз беретін білімдар
да байсалды сыншы еді. Шығарманы оқыған бойда бір мақаланы
сүйкей салатын ұшқарылық онда жоқ болатын. Жəне сонымен бірге
туған əдебиетіміздің тірлігіне деген керенау, самарқаулық та оның
қаламына жат құбылыс. Көп жыл бойы бір мекемеде қызметтес бола
жүріп өзіміз байқаған бұл қасиет оның осы «Дос лебізі» атты кіта-
бына енген көптеген макалаларынан да байқалады. Əсіресе, Мұқан
Иманжановтың журналистік, публицистік еңбектерін баяндайтын,
Асқар Тоқмағамбетов сатирасының сырларын ашатын, театр сыны
мен аудармалар жайын баяндайтын мақалалар бұған толық айғақ.
Əдебиеттер достығы, əдебиеттер байланысы – Қалжан еңбектері-
нің елеулі бір саласы дедік. Қазақ тақырыбына жазған орыс, укра-
ин жазушыларының шығармалары жайлы мақалалар циклі бұрынғы
кітаптарынан мəлім. Ал сөз болып отырған соңғы кітабына енген
тоғыз мақала өз алдына бір бөлім болып, түгелдей осы əдеби байла-
ныстар тақырыбына арналыпты. Əсіресе, А. С. Пушкиннің қазақ да-
ласына сапары, Т. Г. Шевченконың қазақ даласындағы тағдыры, ал-
тын алқап аталған өзбекстандық достардың шығармалары, бауырлас
қырғыз əдебиетінің Аалы Тоқомбаев, Түгелбай Сыдықбеков сияқты
көрнекті өкілдерінің творчествосына жасаған жан-жақты талдаулары
сыншы өресінің кеңдігін танытатын байсалды зерттеулер. Қалжан
əсіресе көршілес, бауырлас қырғыз əдебиетіне əрдəйім ерекше на-
зар аударатын. Жəне ол туысқан елдер əдебиетіне əйтеуір бір юби-
лейлік жылы лебіз білдіру ниетімен емес, шын мəніндегі жанашыр
зерттеушінің көзімен қарайтын. Қалжан зерттеулерінде туысқан ел-
дер əдебиетіндегі дəнекерлік ортақ жағдайларды, ортақ мүдделер
мен жетістіктерді жіті пайымдайтын. Бір ғана мысал, «Түгелбай
творчествосы туралы ойлар» деген мақаласында Қалжан былай дей-
ді: «Колхоздың алғашқы ұйымдаса бастаған шағында шаруалардың
белгілі бір бөлігінің жаңа құрылысқа үрке қарап, «жерұйықты» іздеп
352
353
дүрліге көше бастағаны да шындық. Бұл жағдай сол дəуірге арналған
шығармалардың біразынан көрініс тапты. Мысал рстінде орыс
əдебиетінен – А. Твардовскийдің «Жерұйық» поэмасындағы Ники-
та Моргунокты, қазақ əдебиетінен – Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ»
романындағы Олжабекті, қырғыз əдебиетінен – Аалы Тоқомбаевтың
«Өз көзіммен» атты өлеңмен жазылған романындағы Нұрбай қартты
алсақ та жеткілікті. Осы бір шындықты, яғни, орта шаруалардың
В. И. Ленин айтқан «екі жанын» Т. Сыдықбеков те дəуір бойына
сыяр оқиғаларды көрсету арқылы суреттеді. «Кеңсу» романындағы
Иман кедейдің, «Темірдегі» Күнту қарттың тұлғалары бұған толық
дəлел».
Қалжан туысқан елдер əдебиеті өкілдерінің шығармаларын
бірыңғай жақсылық жағынан ғана қарастырып қоймай, сонымен
қатар кемшіліктерін де ұтымды фактілермен дəлелдеп көрсететін.
Оның ілгергі бір мақалаларында қырғыз жазушылары Қ. Жантешев-
тің «Қаржұқпас» романы мен Н. Байтеміровтің «Бір совхозда» по-
весіне жасаған талдаулары осыны дəлелдейді.
Қ. Нұрмахановтың туысқан қырғыз əдебиетіне деген көзқарасын
сөз еткенде, оның Шыңғыс Айтматов творчествосына деген ықласына
(дəлірек айтқанда, махаббатына) арнайы тоқталмай болмайды.
Бүгінде əлемге мəшһүр болып отырған Лениндік жəне Мемлекеттік
сыйлықтардың лауреаты, совет жастарының сүйікті жазушылары-
ның бірі Шыңғыс Айтматов творчествосын тырнақалдысынан
таныған əдебиетшілердің қатарында да Қалжан бар еді. Ұмытпасам,
жазушы Тəкен Əлімқұлов Қырғызстаннан қайтқан бір сапарында
«Жұлдыз» журналының редакциясына Шыңғыстың «Бетпе-бет»
повесінің орысша нұсқасын (қолжазбасын) əкеп беріп, жас жазушы
жайында жылы-жылы тамаша сөздер айтып, сырттай таныстырып
кетті. Редакцияда қолжазбаны бірінші оқып шыққан Қалжан бол-
ды да, аударуға ат-түйедей қалап алды. Табиғатында елгезек жан,
қабілетті де қағылез əдебиетші Қалжан аудармасы арқылы Шыңғыс
Айтматовтың «Бетпе-бет», «Жəмилə» атты повестері қырғыз тілін-
дегі түпнұсқасымен біртұста қазақ тілінде де жарыса жарық көрді
деуге болады. Қалжан кейін де оның бірқатар шығармала-рын аудар-
ды. Олардың бəрі де Шыңғыстың «Тау мен дала хикаялары» атты
кітабына енді. Шыңғыс талантына табынған сыншы «Жəмилə»
повесінің негізінде «Аңсаған менің əнімсің» атты пьеса жазды.
Повестің сахналық варианты бойынша қойылған бұл спектакль
міне қатарынан бірнеше жыл қазақ өнерінің қара шаңырағы М. О.
Əуезов атындағы академиялық драма театрының репертуарынан
орын алып, көрермен қауымның алғысына ие болды. Бірыңғай таза
сезімге құрылған Шыңғыс повесінің нəзік лирикасынан сахналық
ситуация тауып, лириканы драмалық тартыспен шебер астарласты-
рып бере білу – драматургияға енді ғана бетбұрған Қалжанды тағы
бір тың қырынан танытқандай.
Қалжан қайтыс болғанда Шыңғыс Айтматов Лельскийге ұшып
бара жатқан асығыс сапарына қарамай, Алматыға арнайы келіп
марқұмның туған-туысқандарына ғана емес, «Қазақ əдебиеті»
газетінің бетінде барша қауым, жалпақ жұртқа көңіл айтып, жылы
лебіз білдіруі – бүгінгі үлкен таланттың сыншы еңбегіне деген дəн
риза көңілінің кепілі болатын.
«Дос лебізі» кітабының алғашқы беташар бөлімі сыншының
ұлы көсеміміз В. И. Ленинге, оның əдебиет пен өнерге қатысты
айтқан пікірлері мен еңбектеріне арналған мақалалар циклынан
(«В.И. Ленин жəне əдебиеттегі типтік проблемасы», «В.И. Ленин
жəне əдебиеттану ғылымының кейбір мəселелері», «В.И. Ленин
жəне совет көркемөнері») құралыпты. Бұл мақалаларында да сын-
шы ұлы көсеміміздің əдебиет пен өнер жайындағы данышпандық
қағидалаларына орай, туған əдебиетіміздің проблемалаларын жан-
жақты баяндауға талпынғандығы байқалады. Бүкіл елімізде В. И.
Лениннің туғанына жүз жыл толуын тойлауға жаппай дайындық
жасалып жатқан қарсаңда жарыққа шыққан кітап бетінің аталған
тақырыптағы мақалалармен ашылуы «Дос лебізі» жинағының құн-
дылығын, актуальдық маңызы мен салмағын анағұрлым арттыра
түседі.
Сөз соңында айтпағымыз – бергенінен берері көп кезінде жастай
кеткен қатардағы қарапайым əдебиетші Қалжан мұрасының елеусіз
қалмай, ескеріліп, бас қосып, түптеліп, жеке мұқаба киіп шығуы
өнегелі елдің үлгісі, өсер əдебиеттің дəстүрі демекпіз. Демек, бұл
тұрғыдан Жазушылар одағы мен «Жазушы» баспасына сыншы
еңбегін бағалайтын оқырман қауымның айтар алғысы мол.
1968.
354
355
Достарыңызбен бөлісу: |