Бекен исабаев


Кітап өлке тану, өлке таныту, абайтанумен шұғылданушы зерттеушілер мен көпшілік қауымға арналған



бет2/8
Дата04.07.2022
өлшемі0,85 Mb.
#37470
1   2   3   4   5   6   7   8
Кітап өлке тану, өлке таныту, абайтанумен шұғылданушы зерттеушілер мен көпшілік қауымға арналған.
І8ВN 978-601-7107-08-6
© Исабаев Б., 2010


«ҰЛЫЛАР МЕКЕНІНЕН» - МОЛ ТАҒЫЛЫМ
Соңғы кез әр аймақта шежірешілер де, шежіре кітаптар да көбейе бастады. Бүтіндей алғанда, бұл, әрине, оңды құбылыс. Өйткені олар кейінгі ұрпаққа, әсіресе, басқа тілде тілі шығып, сауаты ашылған, тағдырдың жазуымен, әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуалдардан, урбанизацияның, тағы басқа да тарихи оқиғалар әсерінен өз ортасынан, ата-бабаларының, тіпті әке-шешелерінің де кіндік қаны тамған жерден жырақта өскен бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін өте қажет, қат дүниелер.
Таяуда ғана қолыма түсіп, бір демде оқып шыққан Бекен Исабаевтың «Үлылар мекені» (Новосибирск қала- сы, 2001 жыл), атты кітабы осы тақырыпқа жазылған көптеген кітаптардан шоқтығы биік, нақты дерекпен, өз тақырыбы мен материалын, елді, жерді, оның халқын бүкіл болмысымен жыға танып, саралап, таразылап, пайымдаған, тақырыбын қабағат игеріп жазған дүние екендігіне көзіміз жетті.
«Ұлылар мекені» қамтылған тақырыбының аумақтылығымен, көптеген тарихи оқиғалардың молдығымен қоса, тарихи тұлғалар, олардың ісі мен қарекетінен тың деректердің, аңыздар мен шежірелердің сонылығымен құнды.
Мен әдебиеттанушы маман емеспін. Сондықтан бұл еңбектің жанрын дәл анықтауды сол саланың мамандарының үлесіне қалдырайық. Ал, менің пікірімше, бұл кітап этнология - елтану іліміне, нақтылап айтсақ, шыңғыстаутану тақырыбына қосылған сүбелі үлес десем - ешкім де артық айтыпты демес.
Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов және олардың бір тума шәкірттерінің шығармалары ізімен жүре отырьш, Бекең ағамыз шындығында тұла бойы шыншыл, әр беті тұнып тұрған дерек, тілі де кейіпкерлері тәрізді шешен,қалтқысыз шежіре кітап жазып, шығармашылық ерлік, еңбекқорлық, қаламгерлік қайраткерлігін көрсетіпті.
Болмаса, Мұқаңның құты ата қонысы - Бөріліні еміп шелденіп, бөріден аман өсіп жатқан бірер қарасының сүмесін сорып, сары қымызын сапырып ішіп, өткен- кеткеннің ұсак-түйек әңгімесін естіп, сұрағанына өзі де айтып, соған ырза болып, жылы пештің түбінде жан тиыштығын бажайлап, көкшенің ділмәр шалдарынан бұйырған мұра күпісімен қымтанып жата берсе, қайтер едік? Қаншама сөз жетімсіреп, келер ұрпаққа жетпей, шашырап кетер ме еді? Қалай десек те Бекеңнің осы ісі - хас ерлік! Қолына кітабыңыз тиген, жан-жақта жүрген інілеріңіз де, бүкіл жұртпен бірге дән риза!
Осы кітапты оқығаннан кейін не ой келді? Қандай қасиеттерін байқадым? Оны біздің бәрімізге де қасиетті жеті деген санменен өлшемдеп, бағамдасам - бұл кітап арқылы ұлылар мекенінен тағы бір жеті тағылым алдық деп айтуға болады.
Бірінші тағылым - автордың өз ойлары мен пайымдауларын үнемі Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Көкбай шығармаларымен бекітіп, дәлелдеп отыратыны. Әсіресе әр жер атауының, шежіреге аты енген әр адам тегін ұлы кітап «Абай жолынан» келтірілген дәйектермен, сілтемелермен дәлелдеп, шегелеп бекітетіні. Әсіресе Шәкәрім мен Мұқаң жазған ой пікірлерді, тарихи тұлғаларға берген бағамдарды терең танып, пайымдап, тек соларға бас иіп, айрықша құрметтейтін ізеттілігі, қаламгерлік этикасы мен мәдениетінің биіктігі. Бұны баса айтып отырғанымыз - қазірде Мұқаң, ол кісімен дәмдес болған қарттардың, алдын көрген ғалымдардың да қатары сирей бастағансоң сол кісілердің жазған, айтқанына кереғар пікір айтып, «білгенсіп, бәлсіп» (Абай) кететін авторлар да, немесе кешегі күннің терминін пайдалансақ -«ревизия» жасаушылар да кейде бой беріп қалады.
Ал Бекең болса Мұкаңның тарихи тұлғаларға берген бағамдарын дөп танып, дәл басып, әділдікпен, турашылдықпен түсіндіреді. Ал алдыңғы ұрпақтың пікіріне құрмет-ізетпен қарау, соларға сүйену - үлкен мәдениеттіліктін белгісі.
Автор, өзі жазғандай, Тобықтының Көкше ұрпағынан. Сөйте тұра «Ата баласы болам!» деп қаламын бұрудан, пенденшілік сезімнен аулак және қашанда, әр сәтте де солай болған деп есептейміз. Бекең: «Мұқаң романда Көкше руын шөре-шөреде жүретін руға жатқызып, оның сұңғыла шешен, жүйрік басшысы Қаратай Сапақұлын «майысқақ» деп атайды. Мұқаң кемсініп те, кішірейтіп те жазып отырған жоқ. Бірақ ондай баға беру себебіне тоқталсақ жөн болар, істің шындығы, ақиқаты ашылар» деп бір тұжырымдап алып, шежіреші сол кезеңдегі рулардың орналасуындағы тарихи жағдайға, олардың қолындағы билік пен байлықтың ара салмағына, психологиялық ахуалға, рубасыларының әлеует-беделіне терең талдау жасайды. Осылайша орынсыз өкпе мен күдікке орын қалдырмайды.
Екінші тағылым - «Өнер алды - қызыл тіл» деген қасиетті ұғымның осы аймақтың халқының бойына сіңген басты мінез-қасиеттердің бірі екендігіне көз жеткізе дәлелдеуі. Жоталы, төкпе ақынымыз Қалихан Алтынбаевтың Шыңғыстаудың қарттарына сонау 1967 жылдың желтоқсанында берген «Шалдары шешен жаралған, шежіреден нәр алған», деген тамаша бағасымен табиғи үндесіп жатқан шешендік үлгілерге осы кітаптың өн бойында сан мөрте тамсанасыз. Тума шешендіктеріне көзіңіз жетеді. Сөз кұдіреті, сөз дерті дегеннің не екенін, ақылды, ойлы сөзге тоқтау, ал жетесіз, әділсіз сөзден, шешімнен жан азабына түсудің азап-қасіретін де автор соны мысалдармен айшықтай түседі. Кітаптағы осы рухтағы материалдарға «Абай жолы» эпопеясынан белгілі кейіпкерлерден басқа Бекеңнің өзі естіп, жинақтап, екшеп-іріктеп, ұсынып отырған адамдардың сөз мұрасына қарап жалпы ұлтымыздың шешендік өнері туралы түсінігіміз кеңейеді. Сөз құдіреті, сөз дерті, сөзді ұғу, тану, жүйелі, әділ сөзге тоқтау жасау ұлтымыздың ең бір басты қасиеті екендігі - ал дәл осы қасиет Шыңғыс өңірінің ұланына анасының ақ сүтімен енген, ұлының да, қызының да басты қымбат қасиеттерінің бірі екендігіне табиғи иландырады. «Абай жолындағы» шешен, кемеңгер, шешімді де турашыл елдің зерделі де парасатты жақсыларының кенересі бір ортаймай, еселеніп, күні, бүгінге дейін жалғасын тапқандығы ерекше ыждаһат-ыхтиятпен, іздемпаздықпен дәлелденген. Бұл ретте Бекең - Ибрайша, Рахым, Есентай, Мақұлбай, Бегімхан, Исабай, Жұмакүлбай, Үбіғали, Тілеке, Мұсахан, Нұғыман, Ниязбек тұрпаттас көкірек көзі ашық, зерделі де зерек қарттардьщ ой толғаулары мен деректерін молышан, мұқият жинап, қалтықсыз сүзгіден өткізіп, оқырманына қашанда шебер тартып отырады. Осы айтқандардан шығар бір қорытынды - сонау Абайдан бүгінгі Кәмен, Бекен ағаларымызға дейінгі уақытта бұл өлкеде сөз қадірі, жыр қадірі, сөзді айта білу, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білу дәстүрі сақталғанына, алда да бұл қасиетті топырақтан келешекте де сөз ұстар не бір таланттардың шығарына үміт артасың.
Үшіншітағылым «Абай жолынан» және басқа шығармалардан белгілі ісі мен сөзі, тәрбиесі ерек, ұлтқа үгіі аналар, тәрбиелі қыздар қатарының кітапта тың есімдермен молая түсуі. Тұрсынғайша, Қалжан, Сарым сынды аналардың әр сөзінен бүгінгі жастар мол ғибрат алмай ма?
Кітапта ел, жер қадірін, онда өмір сүріп, не бір қиын- қыстау заманда халқына пана, мәйек-ұйтқы бола білген артында жақсы іс, өнегелі ұрпақ, ақылды сөз қалдырған ата-тектің, ата-ағалардың кімдер екенін, еліміздің, әр қауымның басынан өткен не бір зобаландардың ең алдымен әйелдер жадында молынан сақталып, олардың соларды нәзік жүрегімен ерекше сезетініне тамаша мысалдар келтірілген. Кезіндегі қазақ қызының таным болмысын ашатын, оның ақылмандығынан, намысқойлығынан, тіпті олардың ер азамат ісіне пара-пар мөрттігінен сыр тартқан «Сарым қыз туралы» аңызды тебіренбей, жүрек езілмей оқу мүмкін емес.
Кітаптағы сексен жастағы Тұрсынғайша ананың:
Қасіретсіз, қайғысыз жыр тумайды,

Сәттер бар шерің кернеп, ой тулайды.
Кәрі апаң, қарақтарым, зарын төгіп,
Жоқтаусыз кеткендерден сөз қозғайды...
Бірі сері болғанда бірі шері,
Мінеки, сол атаның мекен жері,
Соларды ит қорлықта өледі деп,
Соларды жаназасыз көмеді деп,
Ойлап па ед үш ұйықтаса туған елі.
Айбарым, арыстаным, айбозым-ай,
Атадан ерек туған шандозым-ай,
Бұл жерде қайтып қана тауса алармын, Жырымды, жоқтауымды, жан зарымды-ай!...- деп келетін жоқтау жыры әрі ата жұрттың қадір-қасиет біліп бағалаудың, һәм оны айшықты, мағыналы, ұрпақтан ұрпаққа мәңгі қалатын сөзбен, жүрек қанымен жазылған жолдар деп бағаласақ, әділетін айтқан болмаймыз ба! Бұл «Ұлылар мекені» арқылы Бекең берген тағы бір мекені тағылым емес пе!
Төртінші тағылым - Қ.Алтынбаев сол 1967 жылғы осы аймаққа арнау өлеңінде: «Жігіттері батыр жаралған, Ерліктерден нәр алған», деп берген ақындық бағасының дәлдігі мен орындылығы бұл кітапта да өз заманының біртуар батырларының ерлігімен мәрттігіне толы жаңа аңыз, деректермен, нақты естеліктермен тағы бір бекітілуі.
Мамай-Тоқтамыстай ерен ерлердің ізбасарлары, батырлығы, ерлігі, мәрттігі, тек дүлей күштің ғана емес үлкенді сыйлап, сөз қадірін білетін, тіпті өздері де қажетті жерде билік-кесім айтатын шешен, парасатты, бесаспап батырлар қатарының молдығы да иланымды, дөйекті, бастысы тартымды көріністермен айшықталған. Ол кітаптағы Боқай, Бесбаспай, Абылғазы, Күшікбай, Төуке сынды батырлар ісінен толымды көрінеді. Олардың, әсіресе, үлкенді құрметтеп, жол беру, уәдеге мәрттігі бүгінгі ұрпаққа тамаша үлгі.
Рас, олардың жер таласы мен барымтадағы зорлық- жуандықтары біздің бүгінгі әділеттілік туралы түсінігімізге мүлдем қайшы. Ол қатігездіктерді бүгінгі таным, құқықтық сана тұрғысынан құптауға болмайды. Бірақ сол заманның өлшем-танымында олардың сол жорық-жортуылдары ерліктің бір парасындай болып көрінгенін теріске шығара алмайсыз.
Бесінші тағылым - «Ұлылар мекенінде» қамтылған халықтың бай дәстүрлері. Әсіресе, билердің сөйлеу үрдісі мен үлгісі, жол-жоралғы, ас беру, дүниеден өткен жақсы азаматты жоқтау дәстүрлері орнымен, үлкен тандау, талғаммен енгізілген, қисынды қамтылған. Кітаптағы тойастардың ежелгі негізгі сәні - ақыңдар айтысы, палуандар күресі, аламан бәйге туралы мол мағлұматтар, кейбіреулер айтатындай, дарақылықтың емес, әр ауылдың, әр атаның тұрмыстағы, қонақ күтудегі, өнердегі мәдениеті мен талғамының өлшемі, белгісі, әлеуметтік хал-ахуалына, тіршілік қуатына, ақсақал-қарасақалының беделі мен ұйымдастыру қабілетіне, бірлік-қауымдастығының деңгейіне, рухани тұтастығына, намысы мен кісілігіне, білімі мен біліктілігіне сын ретінде танылып, соған сай тірлік-қарекет жасайтыны хақында ұлттық санамызға сай бағдарпайым алуға қажет, мәнді деректерімен құнды дүниелер.
Бекең еңбегінен Шыңғыстауда тұлпарлар тұяғының дүбірі тек елбасына күн туған, ел мен жерді қорғаудың азаттық майдандарында, жортуыл-жорықтарында ғана емес, төбелі мерейтойлар мен киелі астарда да бір басылмағанына көзіңіз жеткендей.
Сонымен бірге автордың талай бәйгені көрген ел үшін Абайдың туғанына 150 жыл тойында өткен аламан бәйгенің шикілігі мен тартымсыздығы туралы сыны да ащы, тосын болса да нанымды пікір. Көбіміздің ойымыз- да болып, айта алмаған көкейдегі күдіктеріміз.
Алтыншы тағылым-ұлылардың мекенінің өр төбесіне, сайы мен бұлағына, көліне, жалпы жер аттарына автордың ерекше ілтипатпен қарап, олардың табиғатын, орналасу ерекшелігін толық беруге мұқияттылығы, жер қыртысының құнары мен сырын, ерекшелігін, онда кімдердің кіндік қаны тамып, қоныстанып, тіршілік жасап, солардың ісі мен мінез- кісілігінен, ойлы-оқыс сөздерін де аса ыждаһатпен жинап, сол жерлерді мекен еткен кейбір аталардьщ тұтас бір генеологиялық картасьш жасауы.
Соңғы 80-90 жылда еліміздің басқа аймақтарындағыдай Шыңғыстаудың халқы да елдегі әр кезеңдегі әлеуметтік - экономикалық және саяси процестердің теріс әсерінен бірнеше рет үдере көшіп, босқынға айналды. Әулекі саясат туғызған қиянат пен қиыншылықтан тіршілік қамымен ата қоныс, кіндік қаны тамған топырақты тастап кетіп, басқа аймақтарда, тіптібөтен елдерде күн кешті. Сол теріс үрдіс күні кеше XX ғасырдың соңғы он жылдығында тағы қайталанып, бұл аймақтың халқы, әсіресе жастар тағы датіршілік қамы, қолдан жасалынған урбанизация процесі салдарынан жұмыс іздеп қалалар мен қала айналасына көшіп қонуға мәжбүр болды. Бірақ біз білетін қазақ қашанда «бошалап кетіп, боталап келіп» жатпай ма? Ұрпақ есін жиып, рухани есейгенсоң қашанда ата қонысын іздеп, соны ұрпағына түсіндіріп, тым құрыса ұрпағын сол қасиетті жұртының көк құрағына бір аунатуды жөн көрмей ме? Қазақи мінез - таным жолы солай - Саналы алашазаматында алда да солай болады. Ондай сағыну мен аңсауды осы кітаптан да сан мәрте оқыдық. Демек Бекең жазған ата қоныс, жер аттары туған еліне аңсары ауар, шөліркер келер ұрпаққа да сән мөрте бағдар болып, көбінің ата жұртын, тіпті өзінің де кіндік қаны тамған құтты қонысты дәл табуына жол басшы болары дау тудырмас.
Жетінші тағылым - кітаптың тіл байлығы, нағызқазақи мақамы, автордың байқағыштығымен кейде көсіле жосылып, сөйлеп салар шешендігі, көпке ұрпаққа ұлағат болар ой парасаты. Адамдар портретінбергенде Бекеңнің Мұқаңның алдын көрмесе де ғұлама ғалым Қайым ағамыздың мектебі арқылы рухани шәкірттігі қалтқысыз сезіледі.
Мысалы, шежіре қарт Үбіғали Ақынаевты сипаттаған: «Марқұм еңсегей бойлы, марал бас, алақан көз, отты жанар, жоталы, сәл шолақтау, кең қолтырауын танаулы, өкіректеп, орып сөйлейтін шешен тілді, ұрымтал, келте дауда алынуы екіталай кісі еді» - деген портрет-мінездемесі қандай қаламгерге де кемдік қылмас жолдар емес пе? Осындай талай сәтті иірімдерді оқу, шежіреші қарттардың естеліктерінің не бір інжу-маржанын екшеп, іріктеп енгізген талғампаздығын да сезіну - бір қуаныш.
Қорыта келгенде, Бекең «Ұлылар мекені» деп атын да қапысыз дәл қойған тамаша еңбегі арқылы қазаққа, тіпті адамзатқа, әлемге ордалы ойдан олжа салған Шыңғыстау ұрпақтарының адамзаттық, рухани өмірінен бәрімізге тамаша сый тартқан. Және біліп, әбден таньш, игеріп тольш, кемел шағында, еріккеннен емес, келер ұрпақ алсын, білсін, зерделеп, ұқсын деген ішкі рухани камқор кажеттіліктен түзген, бейнет кешкен, жан азабына түсіп, нәтижесінде өте сәтті аяқтаған. Заманның не бір дүлей дауылында да Абай рухының Шыңыстаудан иесіз жылқыдай, панасы жоқ құла дүзге ығып кетпей, опқа батпай, кейінгі сөзұстар ой иесі ағаларымыздың жадында сақталғанына автормен бірге сүйсініп, тәубе дейсің!
Ұлы Мұқаңның: «Менің сіздерге айтайын деген арманды, иә-иә, асыл арманды сөзім бар еді. Шыңғыстың елі мен жері сендер дүнияға Абайды бергенсіңдер!.. Сендер халқыма әлі Абайдай перзент бересіңдер.. беруге тиіссіңдер.. бересің! Мен оны көрмей кетіп бара жатырмын. Әлде сол мына қара табандарым арасында түр ма екен! Осы Қарауылда, анау Жидебай, Орда бойында мен де жалаңаяқ жүгіріп жүргенмін. Мұхтардың аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Халық пен халық, адам мен адам біліммен теңеседі. Ұлт дүнияға берген тұлғалы ұл-қыздарымен өлшенеді» - деген, туған ауылына соңғы рет - 1957 жылғы күздегі келісіндегі тебіреніске толы сөзінен бір үзікті қаламгер тұңғыш рет жадында жазбаша жаңғыртқан.
Ал кітап авторына «Жетпісінде жүйрік шыққан, кәрібозым!» деп, інілік ілтипатпен риза боласың. Бекең- шежірешінің кітабынан туған жеріміз, өнген топырағымыз туралы тағы бір кең мағыналы дәрістағылым алып, осындай елдің бір перзенті болғаныңа тебіренесің де һәм мақтан етесің. Сол білімді де тәкаппар елдің өзіңді де бірнеше мәрте саяси додада қолдап, қамқортірек болғанына қашанда ризалықпен бас иесің!


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет