Дастандар



бет1/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41
Байланысты:
30 Қалижан Бекхожин Поэзия тербетеді жүрегімді


Қалижан Бекхожин




Поэзия
тербетеді жүрегімді...


ДАСТАНДАР


ОРМАН ҚЫЗЫ


БІРІНШІ БӨЛІМ

Оңаша, үйде жатқан шақтарымда,


Алаңсыз, тәтті ұйқыға батқанымда,
Ғажаби, сыры қызық түстер еніп,
Қиялдың ағысымен аққанымда,
Бір елес бұзып кетті сал ұйқымды
Келгендей құлағыма ән сиқырлы!
Аймала жас сұлуды, наз өлеңім,
Жырымда жадырасын жан сүйкімді.
Орансын жыр гүліне сәуле-жарым,
Жырлаймын жас ұрпақтың сұлуларын
Әлпештеп әлди әннің бебеуімен
Көтерем көкке құстай қыз құмарын.
Аспанға кетсін шалқып күйдің үні,
Оятар бейбіт жатқан ұйқылыны.
Еркесі ой-сезімнің ән менен күй,
Қыздың да жүрегіне тиер жылы.
Сазына балқығанда сол сұлу жан,
Разы ғой жүрегім де сый қалаған.
Қол ұрып, қошеметтеп жастық қауым,
Әкеліп сыйлык, гүлді сыйлар маған.
Қанат қақ, ал қиялым, үдере бер,
Шаттықтың жерде жүрген үндерін тер.
Желпінтсем тақ желімен орман гүлін,
Сыйлығын құрбыларым өзі әкелер...
* * *

Жібектей жасыл таудың көгал маңы,


Жайқалған жеміс ағаш – көк орманы.
Көгінде ән шырқаған ерке құстар,
Қыздардай сыңқылдаған, алаңдағы.
Мәуелі, таудың ойпаң етегінде,
Шеткері, тұрған бөлек мекенінде,
Гүліндей сол орманның өсті бір қыз,
Ержетті ұқсап таудың бөкеніне.
Әкесі, осы қыздың – шал бағыбан,
Күйші еді, балы тамған бармағынан.
Бір кезде қолындағы домбыраның
Шегінен шерлі күйлер зар қағылған.
Ежелден еткен мекен тау бауырын,
Ертеде кеткен тастап өз ауылын.
Қайғыда өткен еді жас күндері,
Көп көріп көне заман жел-дауылын.
Күмістеп ағарғанда сақал-шашы,
Моншақтап домалаған шалдың жасы.
Кеудеден күңіреніп шыққан үнге,
Күй қосқан қолындағы домбырасы.
Домбыра серігі де, жолдасы да,
Сол қызы – жалғыз ғана жан қасында.
Ағаштың қорек етіп жемістерін,
Ілескен замананың арбасына.
Осылай сол кездегі өтті күндер,
Жарқырап күн туды да, өсті гүлдер.
Гүліндей сол бір бақтың өстік біз де,
Жырлайын қуанышты, хош күліңдер.
Ерке өскен бұл заманда жас сұлу да,
Көне алмас, көнелікті айтуыма.
Осымен бітсін шалдың ескі жыры,
Жол беріп шаттық үннің шалқуына.
Қайғысыз, содан бері көп жыл өтті,
Жасартып әжім түскен ой-жүректі,
Түксиген бәйтеректей ормандағы
Колхоздың бақша-бауын шал күзетті.
Қолында өсті және сұлу біздің,
Сарнаған сол заманнын баспай сызын.
Бөленіп қуаныштың бесігіне,
Төседі күнге төсін,
айға жүзін.
Өлсе де қыз анасы бала күнде,
Бұлғаңдап өсті ұқсап роза гүлге.
Серпіліп қамқор әке әлдиіне,
Жасынан әндететін қыз да бірге.
Туғанда-ақ әуезқой шал шырқап әнін
Бөлеген ән мен күйге қыздың жанын.
Басына дуалық қып қобыз қойып,
Өткізген әлди әннің нелер таңын.
Орманның сайрағанда бұлбұлдары
Тербеліп оянатын бұл қыз-дағы.
Әндетіп таң желімен желпіндіріп,
Шығатын шалдың тағы күй-ырғағы.
Осылай әнмен, күймен өсті сұлу,
Алқалап калың орман, аймалап ну.
Гүлдері нұрым құйып жүрегіне,
Сыр берді өзенінде жүзген аққу.
Талпынып бала қаздай жүгіргенде,
Киіктей құлағын қыз түрген үнге.
Сыңсыған бұлбұлдардың сиқырлы үні,
Құйылған тау суындай жүрегіне.
Күй шерткен бұталары қарағайдың,
Бұлаңдап шоқылары көк орайдың.
Еркелеп, гүлмен ойнап қыз жүгірді,
Үстінде қызыл-жасыл бауырайдың.
Құсындай сол орманның өсті ол да,
Тиетін таңмен бірге роза қолға.
Шұбырған балапандар достары боп,
Бақтағы жұмыртқалар болған олжа.
Тыңдайтын кешке тағы шалдың әнін,
Теңселтіп қобызымен күй толғағын.
Есетін күйі кештің самалындай,
Аймалап нәзік жүрек қыздың жанын.
Ағызған қобыздан сел, ауыздан жел,
Күйлерін тыңдап талай аңырған ел.
Ән шіркін алдандырып қыз жүрегін,
Би билеп бөлегендей бағын гүлдер.
Әкенің әуенімен қыз ержетті,
Жасы да он алтыдан әрі кетті.
Албырап алма беті күлімсіреп,
Тұңғиық мөлдір көзі нұрын төкті.
Сөз қылар жас достарым енді мені,
Кетіппін таныстырмай қызды, тегі.
Қыз көрсе қырындаған кей жігіттің
Ақынның сөздерінде кетер кегі.
Өзгеден өзгешелеу өскен бір қыз,
Күнәсіз, жас сәбидей еркелі жүз.
Сұңғақ бой, қаз омырау, жіңішке бел,
Көзінің сыры терең, ымсыз-жымсыз.
Ал таныс, міне менің Қарлығашым,
Тұңғыш бұл жыр бөбегім,
жан сырласым.
Жеткізсе елші сөздер қыз бейнесін,
Білерсің, бұлтаңы жоқ жырдың расын.
Ашайын қалқашымның ішкі сырын,
Қозғайын жүрегінің струнын.
Келгенде он жетіге ойға қалды,
Әсем сыр әсеріне түсті бұрын.
Орманның кешкі сая серуенінде,
Әсерді кеудесіне терген күнде.
Табиғат тамаша бір сыр төккендей,
Қарады махаббатпен төңірегіне.
Келетін дәмеленіп кей жігіттер,
Айтылды махаббаттан кеп үгіттер.
Алайда, сұлу көзі өзге жақта,
Бос кетті жігіттегі тәтті үміттер.


* * *

Отыр қыз онаша үйде ойға батып,


Кей кезде әуендетіп баяулатып.
Тынышсыз ойнақтады асау жүрек,
Қызулы тамырлардан қандар атып.
Колхоздан келді әкесі түнде қайтып,
(Бақшаның жемісінен рапорт айтып)
Келгенде домбырамен күй көйітіп,
Қыз ойын отыратын ауалатып.
Күйіне шалдың тартқан қыз маужырап,
Сүйсініп талай түнде тосқан қүлақ.
Кей кезде жас баладай мәз болатын,
Кей кезде жаны елжіреп, жыламсырап.
Бүгін де бағбан шал шертті күйді,
Отындай жер ошақтың күй ұйтқиды.
Қалтырап қу саусақтар, шек дірілдеп,
Өршімей, өрмелеп күй талықсиды.
Түйенің сылтыңымен туып-өскен,
Жапанда керуендей түнде көшкен,
Шал күйі ыңырана ма, арындай ма?
Қызына енді сыры білінбестен.
Неліктен қыз бөбегі тербелмеді?
Тынымсыз тарта-тарта шал терледі.
Түйедей желді күнгі жонға тартқан,
Алыста күй қараңдап селтеңдеді.
Қараса, Қарлығашы түр көнілсіз,
(Неліктен салқын тартқан еркелі жүз?)
Қайсысын шертейін деп жаутаңдады,
Тұрды қыз ойға батып, бірақ үнсіз.
Асқақтап шықпады ма күй бебеуі,
Шалдың ия, жақпады ма әлдилеуі?
Күйменен туып-өскен назды қыздың
Әйтеуір тегін емес үндемеуі.
Күнәсіз сезімдерін тосын билеп?
Лүпілдеп әлденеге соқты жүрек?
Әлде ерте тұтанды ма жастық оты,
Қыз жаны қандай күнді тосты тілеп?
Деді қыз: Жалықтырды-ау мынау ызың,
Сарнатып сұм заманның cap лебізін, –
Деді де оймен көзі тына қалды,
Қасірет бүркегендей балғын жүзін...
Әкенің реніш кірді реңіне,
«Ғашықтың оты түскен жүрегіне.
Өзім де кінәлімін, оңаша ұстап,
Апырау, құмартты екен, әлдекімге?» –
Деді шал: – Жоқ па күйім саған ұнар?
Ержеттің, басқа жаққа болдың құмар.
Кім еді, екпінді ме, оқыған ба?
Әйтеуір бір тамаша жігіт шығар?..
«Әкежан, білмеді, – деп, –
сырымды» – қыз,
Кенеттен су сепкендей суынды жүз.
Жүректен жалындаған лебі шығып,
Кінәсіз киялына шомылды қыз.
Бір кезде қолына алды домбыраны,
Толғады, қоңыр шегін ол бұрады.
Күй шықпай бір аңырап, бір дабырап,
Пұшықтай кейде ақырын мыңғырлады.
Қыз ұрды домбырамен қолын сермеп,
Дірілдеп шектер тұрды, үндер кернеп.
Шықпайды, бірақ баяу сықғырлайды,
Тұрғандай қу тақтайы құр діңгірлеп.
Еркімен аңсағаны тартылмады,
Бекерге саусақтары сартылдады.
«Қой, қызым көнбес саған күй шіркін», – деп,
Әкесі әзіл айтып қарқылдады.
Селк етіп түрегелді қыз орнынан,
Қалайша ерке жаны шыдар буған?
Кесірлі домбыраны соқты жерге,
Шектердің үні шықты ыңырсыған,
Сарт етіп жабылды есік, жоғалды қыз,
Шал байғұс қала берді үйде жалғыз.
Көтерді басын жерден ескі достың,
Шертуге оңашада өзі амалсыз.
Сүйікті көрінеді шерткендері,
Солармен тарқағандай өткен шері.
Ұйтқыған шал күйіне түтін қосты,
Сығырайып жанған шамның білтелері...
* * *

Алыстан жалтылдаған алтын арай,


Оянған ұйқысынан тау мен тоғай.
Орманға күн шашқанда күмістерін,
Соларға шал да күйін тартқан талай.
Сондай күй шалды тағы шақырады,
Желпілдеп таң желімен жапырағы.
Гүлдер тұр, арасында Қарлығаш жоқ,
Мүлгіп тұр ағаштың бұл атырабы.
Жүгірді іздеп әке Қарлығашын,
(Біледі қыздың текке қаңғырмасын).
Сұрады жол-жөнекей жүргіншіден,
Үн қатпай орман көңлін қалдырғасын,
«Білмейміз, қай тарапқа қызың қашты»,
Деп бәрі жымыңдасты, сыбырласты.
Бәрі де бүркегендей құпияны,
Жасырып жапырақтар сырын басты.
Сілкіді жапырақты қызын қарап,
Гүлдердің арасынан ізін қарап.
Аңырып жан-жағына тоқталды шал,
«Жоғалды қызың» деген ызың тарап.
Бұлбұл да көрмедім деп былдырлады,
Бұлақ та білмеймін деп сыңғырлады.
Бәйтерек басын шайқап шал байғұсқа,
Бар орман түнгі бұлттай тұнжырады.
Білді шал қыздың сырын күй билеген,
Күй тартса шерге жанын күйдірмеген.
«Қобыз ғой еміздігің, киігім-ау,
Әуезін еміренбей қидың неден?»
Қобызын тағы да шал безілдетті,
Ашынып әуендерін тез үдетті.
Ботасын іздегенде боздағандай,
Орманды күй інгені кезіп кетті.
Қыз еді асқан үнді аңсап туған,
Шертілді серпілді де «Ақсақ құлан».
(Жазамын кейін сырын поэма ғып,
Қояйын әуенімді бастап бұған).
Құландай құйқылжыды, күй шертілді,
Сазына үнсіз орман гербетілді.
Кептердей желпінді де шөп-шоқылар,
Жан-жақта ызыңдаған жел де тынды.
Алысқа қалжыраған шал қарады,
Айнала жасыл түсті жадырады.
Күй шығып таудан, судан,
көк жазықтан
Бәрі де қыз мұнда деп шақырады.
Алыстан алтын сағым дірілдеген,
Кім екен, сол сағымда дүбірлеген?
Колхоздың жас ойнағы, өрендері,
Егінде құлын-тайдай күмбірлеген.
Жүр ме екен әлде қызы егін жайда?
Ән есті сол бір жақтан қоңыр майда.
Әлде бір жас қобызшы табылды ма,
Хабарсыз, Қарлығашым, кеттің қайда?
Қалдырып кетті міне шал да бағын,
Қалайша гүлге енді алданамын?
Іздеуге жас сұлуды шығам мен де...
Жырымды сол ғой сірә арнағаным,
Алғашқы сапар еді менің мұңым,
Айрылып аруымнан шерулімін.
Шығайын ақындықтың жорығына,
Алдымнан болсын әзір ерулігің.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет