2.1 Жоғары мектепте роман жанрын оқытудың кәсіби білім беру типтік оқу бағдарламаларында әдістемелік қамтылуы мен тақырыптық негізделуі
Жоғары мектептегі қазақ әдебиетін оқыту үдерісі жалпы педагогика ғылымында қалыптасқан ұстанымдар мен қағидаларға сүйенеді. Педагогиканы дербес ғылым ретiнде дамытып, оқытуды ұйымдастырудың теориясын жасаған чех педагогі Ян Амос Коменскийдің «Ұлы Дидактика» атты еңбегi оқу-ағарту жүйесiн ұйымдастырудың жолдары мен тұлғаны қалыптастырудың теориялық негiздерiн айқындау мәселесіне арналды.
Я.А.Коменскийдің ізімен батыс еуропалық педагогикада ағылшын педагогі Джон Локк, француз педагогі Жан-Жак Руссо, Швейцар педагогі Иоганн Генрих Песталоцци, неміс педагогі Иоганн Гербарт пен Адольф Дистервег, орыс педагогі К.Д.Ушинский және т.б ағартушы-педагог тізбегі қалыптасты.
К.Д.Ушинский еңбектерi негiзiнде Ресей құрамында болған мемлекеттердегi ғылыми педагогиканың негiзi қаланып, оқу-ағарту жүйесi дамыса, қазақ педагогикасының бастауында Ы.Алтынсариннің есiмі аталады.
Жоғары мектепте білім берудің мақсаты болашақ мамандарға зерттемелік және практикалық мәселелерді ғылым, мәдениет және техника жетістіктерін шығармашылықпен пайдалана отырып, өз бетімен жауапкершілікпен шешуге мүмкіндік беретін жүйеленген білім жиынтығы мен іс-әрекет дағдыларын меңгерту болып табылады. Кәсіби мамандарды білімдендіру мен тәрбиелеу туралы ғылым болғандықтан жоғары мектеп педагогикасына адамның зияттық қабілетін, тұлғалық және адамгершілік қасиеттерін кемелдендіру міндеттеледі. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту тиіс» – деп көрсетілуі білім берудің мемлекет тарапынан қолдау табатын құрылым екендігін байқатады.
Жоғары кәсіби білім беру өзінің даму логикасы, қатысушыларының бірізді әрекеті, құрылымы, бағынатын ұстанымдары бар, бір-біріне байланысты элементтердің жиынтығынан тұратын көп аспектілі, көп компонентті үдеріс. Жоғары мектепте оқытудың негізгі компонентіне ғалымдар: оқу, оқылатын пәннің білім мазмұнын, оқытушының әрекетін, білім алушының әрекетін және білім беру ақпаратын жатқызады.
ҚР жоғары мектептеріндегі оқыту үдерісінің ерекшеліктерін Т.Сабыров: «студенттерге берілетін ғылыми білімнің теориялық деңгейінің жоғары дәрежеде болуы; мамандар даярлаудың профильдерін кеңейту; оқу әрекетінің интеграциясын жүзеге асыру; оқытуда студенттердің өзіндік шығармашылық әрекетін арттыратын ғылыми зерттеудің әдістеріне жақын келетін оқыту әдістерін кең түрде қолдану», – деп сипаттайды (Сабыров Т. Болашақ мұғалімдердің дидактикалық дайындығын жетілдіру. – Алматы: РБК, 1999. – 83). Ғалым З.Бейсенбаева: «Біраз ғалымдар жоғары мектептің өзіне тән дидактикалық ұстанымдары болуы керек десе, біраз ғалымдар орта мектеп дидактикасының қалыптасқан дәстүрлі оқыту әрекеттерін жоғары мектептің жағдайына сәйкестендіріп қолдануды ұсынады. Әрине, жоғары мектеп пен орта мектептегі білім беру үдерісінің мазмұны, мақсаты, әдіс-тәсілдері жағынан өзгешеліктері болғанымен қалыптасқан жалпыдидактикалық ұстанымдарды білім берудің негізгі түп қазығы деп есептейміз» (Бейсембаева З. Жоғары оқу орнында сөзжасам пәнін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Пед.ғыл.докт.дисс. Алматы, 2005. – 323 б.), – дейді.
Білім беру жүйесіндегі оқу пәндерінің қызметін педагогиканың негізгі категориясы оқыту атқарады. Бұл оқытушылар мен оқушылардың білімді, қабілетті, дағдыларды бойға сіңіріп, игеруге, оқушылардың дүниеге көзқарасын қалыптастыруға, ақыл-ой күштері мен әлуетті мүмкіндіктерін жетілдіруге, алға қойған мақсаттарға сай өзін-өзі білімдендіру дағдыларын орнықтыруға бағытталып ұйымдасқан, мақсатты және басқару арқылы жүзеге асырылатын өзара іс-қимыл жасау процесі. Педагогикалық үдерістегі оқыту теориясы мен әдіснамалық ұстанымдар педагогика ғылымының бір саласы дидактикаға негізделеді. Дидактиканың қызметі білім берушілік, дамытушылық және тәрбиелік мақсаттарды жүзеге асырумен сипатталса, міндеттері оқытуды ұйымдастыруды, жетілдіруді және оқытудың жаңа әдістерін, технологияларын қолдануды жасауды жүзеге асырады. Оқытудағы дидактикалық тұжырымдар мен теорияларды Л.Занков, Г.Щукина, Л.Гальперин, Л.Лернер, В.Давыдов, В.Онищук, М.Зорина зерттеп педагогикалық тұрғыда негіздеген. «Дидактика мен әдiстеме – өзара тығыз байланысты болғанымен, олар әр бөлек ғылым салалары. Әдiстеме мен дидактиканың зерттеу нысаналары бiр-бiрiне тығыз байланысты, бiрақ бiрдей емес. Дидактика оқу, бiлiм, тәлiм-тәрбие үдерістеріндегі теориялық мәселелер мен ережелердi, заңдылықтарды қарастырса, әдiстеме осы ережелер мен заңдылықтарды тiкелей жүзеге асыру үшiн қолданылатын нақтылы әдiстер мен тәсiлдердi, оның тиiмдi жолдарын пайдаланады.
Қазіргі уақытта жоғары білім беру жүйесінде оқыту үдерісін ұлттық құндылықтарға бағыттау гуманитарлық пәндерді, соның ішінде қазақ әдебиетін оқытудың тәрбиелік міндетін айқындауға негіз болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық», – деп атап көрсетті.
Қазақ халқының көркем әдебиеті атадан балаға мирас болып ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиесінің арқауы болған және әр дәуірдің өз шындығын бейнелеп, әр заманның адам тәрбиесіндегі өзіндік мақсат мұраттарын айқындап отырған. Әдебиеттің тәрбиелік мәні сонау ықылым замандардағы көне түркі жазба ескерткіштеріндегі тасқа жазылған Күлгегін, Тоныкөк жырларынан бастау алып, бүгінгі қазақ әдебиетінің тұлға дамытушылық міндетін жалғастырып келеді. Бүгінгі таңда ХХІ жаңа ғасырдағы тәуелсіз, егемен елдің еркін әдебиеті ел ертеңі болашақ ұрпақтың, жасампаз жастардың тәрбиесіне нәр беретін көркем туындыларын әкеле бастады. Әдеби көркем шығармалардағы тәрбиелік негіз әдебиеттің өмір оқулығы екендігін дәйектей түседі. Мұны әдіскер-ғалымдар Т.Ақшолақов және Ә.Дайырованың «Оқушы көркем әдебиетте әрқайсысы өзіндік қайталанбас ұғым-нанымымен, сенім-арманымен, өкініш- опығымен, қуаныш-қызығымен, арпалыс-тартысымен, ерлік-ездігімен, жақсылық-жауыздығымен, биігі-осалдығымен, сұмдық-қулығымен, ақ ниет, адал пейілімен бар-тіршілік болмысымен көрінген талай тағдырлармен танысады. Соның бәрі жазушының жан толғанысымен беріледі де, оқырманын енжар қалдыра алмайды. Адамды баурап әкететін жан сұлулығына, жақсылыққа ынталандырады, рухани биіктетіп, із гілікке тәрбиелейді. Құлшыныс-жігер тудырып, асыл армандарға бастайды, жауыздықтан, сұмдықтан жиіркендіреді, сөйтіп «бала жанының бапкері» міндетін атқарады» деген пікірімен түйіндеуде болады (Т.Ақшолақов. Көркем шығарманың эстетикалық табиғатын таныту. – Алматы, 1975. – 180 б.).
Жоғары оқу орындарында әдебиетті оқытуда көркем шығармалардың тәрбиелік қуатына назар аудару аса қажет. Көптеген ғалымдардың пайымдауынша, тәрбие беру жалпы орта білім беретін мектептің оқу тәрбие үдерісінің еншісі де, жоғары мектеп әрі қарай дамытушы деп санайды. Тұтастай алғанда, солай екені де ақиқат. Дегенмен, шынтуайтқа келгенде тәрбие адамның өмір бойы қалыптасатын дағдыларының жоғары деңгейі деп айтуға болады. Адам үнемі қозғалыста, яғни даму үстінде болатын күрделі құбылыс, сондықтан әдебиеттің тәрбиелік мәні ешқашан өзінің маңызын жоғалтпайды, ол керісінше заман өзгерген сайын күшейе түседі. Әсіресе, қазіргі жаһандану дәуірінде адам болмысының өзгеріп, руханилықтан алшақтап бара жатқан кейбір жағдайларда сөз өнерінің, көркем әдебиеттің тұлға тәрбиесіне ықпалы зор десек те болады.
ХХІ ғасырда білім беру үдерісінің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі ретінде оқытумен қатар тәрбие үдерісінің жай-күйінің талдануы және зерттелуі көрсеткендей, қазіргі жастардың тәрбиесі біздің қоғамда болып жатқан әлеуметтік жүйенің дағдарысы, материалдық құндылықтарға құнығу, қылмыстың көбеюі, экологиялық жағдайдың нашарлауы, адамгершіліктің төмендеуі және т.б. көптеген келеңсіз жағдайлармен сипатталып көрсетіледі. Осы ретте жоғары оқу орындарындағы қазақ әдебиетінің тәрбиелік әлеуеті адамгершіліктің, руханилықтың, азаматтық пен елжандылықтың шынайы үлгісін көрсететін оқу материалдарының мазмұнымен дәйектеледі. Әдеби көркем шығарма адамға коғамдық өмірдегі сан-алуан құбылыс-оқиғалардан нақтылы мағлұмат беріп, оның ой-өрісінің кеңеюіне мүмкіндік жасайды. Қазіргі жастар әр түрлі кейіпкерлердің сан қырлы іс-әрекетін, мінез-құлқын, бір-бірімен қарым-қатынастарын өз көзімен көргендей болып, қоғамдық өмірдегі шиеленіс, тартыстардың сырын ұғуға ұмтылады. Сонымен бірге әдеби шығармада бейнеленген оқиғалар, кейіпкерлер тағдыры оқырманның бүкіл жан дүниесіне үлкен әсер етіп, оның сезімін де байытады. Олай болса, әдебиеттің тәрбиелік мәні пәнді оқытудың бір атрибуты ретінде үнемі жалғаса береді. «Әдебиеттің өзінің классикалық міндеті бар. Сол функционалдық қызметі өзгерген жоқ деп ойлаймын. Көркем сөзбен айтсақ, әдебиет деген – адамтану өнері. Классикалық өнердің бір түрі. Ішкі өзгерістер болуы мүмкін, бірақ оның мазмұны, мағынасы, негізгі қызметі ешқашан өзгермейді. Біз әдебиеттің функционалдық қызметін дұрыс түсінбейміз. Сондықтан да мектеп оқушылары мен студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын туғыза алмаймыз. Әдебиет деген – адамның жанын ізгілендіретін ұлы өнер. Ал бұл дүниеде адамның жанын ізгілендіруден артық қандай міндет болуы мүмкін?! Әдебиет, сондай-ақ, бүкіл синтездік, синкреттік өнерлердің анасы. Қоғамның әдебиетсіз өмір сүруге мүмкіншілігі жоқ. Студенттерге ешқашан әдебиеттің тәрбиелік мәні туралы айтпаймын. Мен оларға әдебиеттің адам жанын ізгілендіру үшін керек екенін айтамын. Тәрбие десек, ақыл айту, мораль оқу деп түсінеді. Әдебиет тәрбиелемейді деген сөз емес. Бірақ, тәрбие деген сөз тұрса, дидактизм боп елестейді. Сосын ол сіңбейді. Ал адамның жаны ізгіленсе, тәрбие деген – сол. Көркем шығарма адамды байқатпай тәрбиелейді. Сондықтан, ендігі оқулықтарда да «әдебиеттің тәрбиелік мәні» деп шұқып көрсеткеннен гөрі, әдебиеттің негізгі қызметі адам жанын ізгілендіру екенін көрсеткеніміз дұрыс», – деп жазушы ғалым С.Асылбекұлы айтқандай, қазіргі қазақ романдарының тәрбиелік мәні шығарманың композициясы мен сюжетінде және кейіпкер келбетінде көрініс тауып отырады.
Жоғары кәсіби білім беруде әдебиетті оқыту әдебиеттің даму тенденциясына байланысты көркемдік құндылығы жоғары туындыларды меңгертуді көздейді. Әдебиет үздіксіз даму үстінде болатын процесс болғандықтан, әдебиеттің соңғы жылдар ішіндегі табыстарының өзі қазіргі кезең әдебиеті курсының мазмұнына едәуір өзгерістер енгізіп, үнемі оқу бағдарламаларын жаңартып, қадағалап отыруды қажет етеді. Сондықтан жоғары мектепте романдарды оқыту жекелеген пәндерді оқытудың мазмұнын, оқыту әдістерін, ұйымдастыру формаларын айқындайтын педагогика ғалымның бір саласы пәндік дидактикаға негізделеді. Қазіргі жағдайларда қоғамның маңызды міндеті – жаңа өзіндік сана мен ойлауды қалыптастыру. Жоғарыда айтылған дидактикалық негіздерді басшылыққа ала отырып, әдебиеттің эпикалық тегіне жататын көлемді жанр романдарды, оның ішінде ХХІ ғасыр қазақ романдарын оқытудың дидактикадық негізін төмендегіше сызбамен ұсынуға болады.
Сондықтан әдеби курстарды оқытқанда педагогикалық жалпы қағидаттарға және арнайы қағидаттарды басшылыққа алу маңызды болмақ. Жоғары кәсіби білім беруде филолог, тіл мен әдебиет мамандарын даярлауда жаңа дәуір әдебиетін, оның ішінде көлемді роман жанрын оқытуда жалпы ортақ жалпыдидактикалық мына заңдылықтар басшылыққа алынады.
Педагогикалық қызметтің нәтижесіне деген көзқарастың өзгеруі білім беру процесіндегі құзыреттің орнын көрсетеді. Сондықтан мұғалім үйренушінің өзін мақсат қоюға үйретуі керек. Жоғары мектепте қазіргі романдық үлгілерді талдауда үйренетін әдеби теорияның жүйесіне әдебиеттану әдіснамасындағы мазмұн мен пішін бірлігін басшылыққа алу, әдеби талдаудың әдістерін меңгеру, әдеби шығарманы көркемдік тұтастықта ғылыми талдау, жеке элементтер жүйесіне талдау, мәтінге талдау жүргізу, проблемалық талдау, тақырыптық талдау, тұтас талдау, образ бойынша талдау жатады. Студенттер осы жүйеге сәйкес ХХІ ғасырдағы роман жанрының тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктері мен көр кемдік құндылықтар ауысуындағы роман жанрының даму тенденцияларын талдап, әдеби құзыреттіліктерін дамытады.
Сұрақ–жауап, баяндау, топтық жұмыс түріндегі семинар сабағында тақырып бойынша мынадай сұрақтар талдауға ұсынылады:
1) Қазіргі романдар деп қай кезеңдегі шығармаларды атауға болады?
2) Қазақ романы тәуелсіздік жылдарында қандай бағытта дамып келеді?
3) Бүгінгі романдардың тақырыптары неліктен алуан түрлі деп ойлайсыңдар?
Шығармашылық жұмыс ретінде «ЖИГСО» әдісімен топтық жұмыс ұйымдастырылады. Әр топқа тапсырма беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |