Сарсембаева Жанерке Пәні: Академиялық грамматика Силабус бойынша барлығы 7 моөЖ берілген, барлығын орындадым


Қазақ тілінің біртұтас лексикалық жүйесіне фразеологияның қатысы



бет25/37
Дата06.01.2022
өлшемі215,16 Kb.
#11869
түріСабақ
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   37
Қазақ тілінің біртұтас лексикалық жүйесіне фразеологияның қатысы

Фразеологияның нысанасы ретінде тілдің барлық деңгейлеріндегі (қабаттарындағы) тілдік бірліктер емес, сөздердің тұрақты тіркестерін құрайтын, «ешкімнің еркіне көнбейтін», «өзінен-өзі тіркесіп қойған», «дайын құрылыс материалы» болып табылатын құрамы жағынан тұрақты тіркестер танылады.
Бірақ фразеологизмдер тілдік жүйенің қай қабатына жатады, оның орны қандай, басқа тілдік қабаттармен онтологиялық және генетикалық қатынастарды қалай құрады? – деген сұрақтардың туындауы орынды.
Бұл сұрақтардың шешімін тілдің фразеологиялық құрамын зерттеудің мақсаттары мен әдістері айқындайды.
XX ғасырдың 30-жылдарының өзінде атақты ғалым Е.Д.Поливанов фразеология саласын ерекше лингвистикалық пән ретінде оның нысанасы мен міндеттерін белгілеп, төмендегідей пікір айтқан болатын: «Я позволю себе употребить термин «фразеология» для обозначения особой дисциплины (наряду с фонетикой, морфологией, синтаксисом и лексикой), занимающей по отношению к лексике то же положение, какое синтаксис занимает по отношению к морфологии» [1, 20].
Сол кездердің өзінде Е.Д.Поливанов жалпы типтік тіркестер емес, ерекше, арнайы мағына беретін тіркестерді зерттейтін синтаксиспен, нақты сөздердің ерекше, арнайы мағынасын зерттейтін лексикамен байланысты сала – тіл туралы ғылымның қажеттігі туралы айтқан болатын. Фразеология тіл білімінің фонетика, морфология және т.б, деңгейлерімен бірдей, «терезесі тең» болашақтағы тіл ғылымындағы ерекше сала ретінде орнығатынын алғаш рет айтқан Е.Д.Поливанов болатын.
Фразеология саласының ғылымдағы бүгінгі жетістіктері мен арналары, қалыптасқан бағыттары мен теориялары да ғылыми дәйектеменің дұрыстығының дәлелі болмақ.
Тіл белгілі бір құрылымы мен қызметі бар, біртұтас жүйелі құбылыс ретінде өмір сүреді. Жүйенің элементтері бір-бірімен өзара қарым-қатынаста, байланыста, бірлікте өмір сүреді. «Жүйесіз нәрсені жадында сақтау қиын. Егер тілде жүйе болмаса, егер олар бір-бірімен байланыссыз, ретке келтірілмеген, ұйымдаспаған, бөлшектері бүтінге бірікпеген, бытыраңқы элементтер күйінде болса, онда тіл адам санасында сақталмаған болар еді, қатынас құралы, пікір алысудың құралы болып қызмет етуге де жарамас еді. Тілде жүйелілік қасиет бар» [2, 67].
Тіл жүйесінің лексикалық жене синтаксистік қабаттары аралығындағы еркін тіркестер (синтаксистік конструкциялар) мен тұрақты тіркестер (фраземалар) ерекше тілдік бірліктер болып табылады. Тілдік бірліктердің ерекше мәртебесіне ие фраземалардың сөздерден де, сөз тіркестерінен де өзіндік айырмашылықтары бар.
Осы тұрғыдан М.Балақаев қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің табиғатына тоқтала келіп, жеке сөздердің тура мағынасына сәйкес ұғымда жұмсалмаған, сол тобымен өзгеше мағынада жұмсалған тіркестер (үрейін ұшыру – қатты қорқу, есінен тандыру – есін шығару) мен құс ұшты, балапан ұшты, қарға ұшты, самолет ұшты тіркестерін тең қоюға болмайтын тұрақты тіркестер кездеседі... Тұрақты тіркестердегі сөздердің өзара байланысу амалдары мен синтаксистік байланысу формалары қазақ тілінің осы күнгі грамматикалық нормаларынан алшақ кетпейді. Бірақ олардың синтаксистік құрылысы «сіресіп» қатып қалған болады да, қызметі мен мағынасы мүлдем өзгереді, –деген ғылыми тұжырым айтады [3, 32-33].
Тіл бірліктері бір-бірімен тығыз иерархиялық байланыста болады (ол қабаттардың деңгейаралық байланысы 1-суретте көрсетілген). Суретте лексикалық және синтаксистік қабаттың арасында деңгейаралық байланысты құрайтын фразеологиялық жүйе мен сөз тіркестері жүйесінің орны көрсетілген. Сөз тіркестері жүйесі негізінде жасалған фразеологиялық бірліктер әрі лексикологияның, әрі синтаксистің зерттеу нысаны бола алады.

1-сурет. Тіл қабаттарының жүйесі


Фраземалар синтаксиспен, оның ішінде сөйлем мүшелерімен де, сөйлемнің түрлерімен де тығыз байланысты. Сөз тіркесі типінде жасалған фразеологизмдер, сөйлем түрінде жасалған фразеологизмдер туралы чуваш фраземикасын зерттеген ғалым М.Ф.Чернов «Современный чувашский язык. Слово, фразеологизм и свободное сочетание слов» [4] еңбегінде жан-жақты қарастырған. Фраземалар өзінің табиғаты жағынан екі жақтылық құбылысы, бір жағынан, оның дара сөзге ұқсастығы, екінші жағынан, еркін тіркеске ұқсас болып келуінен көрінеді.
Фраземаларға тән басты белгілер мен қасиеттерді саралай келіп, тіл теориясының маманы К.Аханов былай дейді: «Фразеологиялық оралымның (біздің метатілде «фразема») белгілері екі бағытта қызмет атқарады. Оны сөзбен жақындастыратын белгі, еркін тіркестен ажырататын белгі ретінде, ал фразеологиялық оралымды сөзден ажырататын белгі, оны еркін тіркеспен жақындастыратын белгі ретінде қызмет ете алады»[2, 67].
Лексема атауыштық мәнде жұмсалса, фраземада бейнелеуіштік- атауыштық мағына басым; сөз – белгілейді, фразема – бейнелейді; лексема – көбіне халықтың дүниетанымының жемісі болса, фразема – адамзаттың ойлау қабілеті мүмкіндігінің, психологиясының, түрлі табиғи қабілеттері мен қасиеттерінің жемісі; сөз – бүтін бітімді (цельноформленный) болса, фразема – бөлек бітімді (раздельно-оформленный); сөздің барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы шарт емес, ол фразема үшін қажетті шарт; сөз түбір (негізгі) мағынаны, фразема туынды мағынаны білдіреді; сөз өзінің референттік қасиетін сақтаса, фразема құрамындағы сөздер өздерінің ішкі референттік қасиетін сақтай алмайды; лексемада лексикалық, фраземада фразеологиялық мағына болады және т.б.
Тілдің лексикология саласында қарастыратын, атауыштық қызмет атқаратын күрделі сөздердің де фраземалардан айырмашылығы бар:
· күрделі сөздер мен фраземалардың қалыптасу төркіні еркін тіркестер болғанымен, олардың қалыптасу үрдісі әр басқа (күрделі сөздер үшін – фонетикалық фактор мен лексикалану, грамматикалану, фраземаға – идиомалану үрдісі тән);
· фраземалардың құрылым тұлғалары берік, олар көп компонентті (екіден көп), құрамы дербес мағыналы атауыш сөздермен шектелмейді;
· күрделі сөздерге – тура мағына, фраземаларға – ауыс мағына тән;
· күрделі сөздердің қалыптасу уәждері ашық, фраземалардың ішкі формасы ашық емес және т.б.
Еркін тіркестер мен фраземалар арасындағы ерекшеліктерді саралап, профессор Т.Сайрамбаев: «Фраземаларда лексикалық мағына болса, сөз тіркестерінде болмайды, сөз тіркестері сөздің лексикалық бірлігі негізінде жасалса, фраземаларда жеке лексикалық бірліктер жоқ. Сөз тіркесі мен фразеологизмдердің сырттай ұқсастықтары болғанымен, ішкі мазмұны жағынан бір емес», – дейді [5, 82].
Фраземалар мен сөз тіркестері төмендегі белгілерімен ерекшеленеді:
· сөз тіркесіндегі әрбір сөздің өзіндік мағынасы болса, фраземалар ондай қасиеттен айырылған;
· сөз тіркесіндегі әрбір сөздің синтаксистік қызметі болса, фраземалар компоненттері бұрыннан тіркесіп қойған қалпында, аражігі ажырамай даяр, тұтас қалпында қолданылады;
· сөз тіркесіндегі сөздің орын тәртібі еркін болса, фраземаларда тұрақты;
· сөз тіркесіндегі әрбір сөздің байланысу тәсілдері болса, фраземалардың іштей бір-бірімен байланысу формасында келуі тұрақты.
Фразеология – құрамы мен құрылымы тұрақты, сөйлеу кезінде конструкцияланбай, даяр қалпын сақтай отырып қолданылатын, мағына тұтастығы мен тіркес тиянақтылығы тән бейнелі тұрақты тіркестердің қазіргі күйін және тарихи қалпын зерттейтін тіл білімінің саласы. Осының негізінде фразеология қазіргі немесе синхронды және тарихи немесе диахронды деп бөлінеді.
Фразеологияның зерттейтін пәні – фразеологиялық оралымдар. Оларды фразеологизмдер, фразеологиялық бірліктер немесе фраземалар деп атайды. Сондықтан да қандай да бір тілдің фразеологиялық бірліктерін фразеология деуден гөрі (себебі ғылым саласымен омонимдес болып қалады) морфемика, лексика терминдеріне сәйкестендіріп фраземика деп атаған жөн.
Фразеологияның жалпы лингвистика саласы ретіндегі тарихы ұзаққа бармайды. Тіл білімінің жаңа бағытын таңбалайтын «фразеология» термині жеке лингвистикалық пән ретінде XX ғасырдың 40-жылдары дүниеге келді. Фразеологияның алғашқы теориялық негізі және осы мәселе жөніндегі идеяны дамытушы Ш.Балли болса, оның Ресей топырағындағы дамуы мен жаңа, жеке лингвистикалық сала ретінде қалыптасып дүниеге келуі академик В.В.Виноградов есімімен тығыз байланысты.
Ресейдегі В.В.Виноградов теориясының жалғасы орыс ғалымдары В.Л.Архангельский, В.П.Жуков, В.И.Зимин, А.В.Кунин, А.И.Молотков, Л.И.Ройзензон, А.И.Смирницкий, В.Н.Телия, Н.М.Шанский және т.б. еңбектерінде көрініс тапты.
Фразеологияның тіл біліміндегі фонология, морфология, лексикология және синтаксис салаларынан ерекшелігі – ол «тарихи тұрғыдан тіл туралы ғылымның екіншілік жасалымы» (М.М.Копыленко, З.Д.Попова). Оның зерттеу нысанасы – «сөздер мен сөйлемдердің мағыналық жағынан байланысты тіркесімі» (В.Н.Телия) болып табылатын фразеологизмдер мен фразеологиялық бірліктер.
Кез келген халықтың халықтығы мен ұлттық болмысын танытатын оның әр алуан өнері болса, сол өнердің алды – қызыл тіл – деген даналық сөз бар. Тілдің байлығын, терең тұңғиық сырлары мен құпияларын ашқан, сұлулығына тамсанып, шебер қолдана білген, сол тілде сөйлейтін халықтың кемеңгерлігі мен даналығы екені сөзсіз.
Тілдің бейнелілігін, байлығын арттыра түсетін сөздік қордың ауқымды бөлігін кұрап тұратын тілдік бірліктер – фразеологизмдер.
Фразеологизмдер – халықтың тұрмыс-салтының, әдет-ғұрпының, мінез-құлқының, өмір сүру ортасының, тұрмыс-тіршілігінің, экономикалық және саяси көзқарастары мен өзгерістерінің және т.б. айнасы.
Қазақ тіл білімінде алғашқылардың бірі болып XX ғасырдың қырқыншы жылдары проф. С.Аманжолов идиомалық тіркестер мен фразеологизмдерді зерттеуді қолға алу керектігін атап өтіп, олардың ғылыми бағыттарын көрсеткен. Тұрақты тіркестерді «идиомалық форманы екіге белуге болады:
1) образды бернелі құрама (идиомдық тіркес) және
2) бернесіз құрама (фразеологиялық тіркес). Осылар сияқты қазақ тіліндегі кейбір сөйлемдерді басқа тілге тура аударғанда, олар тура мағынасынан басқа мағына беріп кетсе, сөздердің грамматикалық формаға дұрыс жауап бермегені деуге болады. Бұл – идиом. Бұл – идиомды айыруда негізгі критерий» [6, 115]. С.Аманжолов кейінгі жылдары жазған еңбектерінде де фразеология мәселесіне тоқталады. 1948 жылы қорғалған докторлық диссертациясында тұрақты тіркестерге диалектологиялық деректерден көптеген фактілер келтіріп, оларды қазақ әдеби тілімен салыстыра зерттейді. «Қазақ әдеби тілінің және диалектологиясының мәселелері» атты ғылыми мұрасында: «Қазақ тілі идиомалар мен фразеологиялық тіркестерге өте бай. Біздің ойымызша, идиомалық және фразеологиялық оралымдар қазақ халқының ойлау жүйесін зерттеудің және тілдегі мазмұнмен форманы қарастырудың тамаша нысанасы бола алады», – деп ерекше атап көрсетті [7, 254].
Түркітанудағы фразеология туралы зерттеулер XX ғасырдың 50- жылдарынан бастап кең ауқымда зерттеле бастады. Тілдің байлығын көрсететін бір тілді және екі тілді сөздіктер жарық көрді. Лексикографиялық еңбектердің басылып, жарық көруі түркі тілдеріндегі фразеологиялық қорды жинастыруға, оларды ғылыми тұрғыдан жүйелеуге орасан зор септігін тигізді. Алайда 1970 жылдарға дейін жарық көрген фразеологиялық сөздіктерде түркі тілдерінің фразеологиялық қоры жан-жақты жинастырылды деп айта алмаймыз.
Қазақ фразеологизмдерін теориялық тұрғыдан зерттеу мен арнайы лексикографиялық еңбектерді басып шығару атақты ғалым І.Кеңесбаев еңбектерінен бастау алады. Түркі тілдес халықтардың ішінде алғашқы фундаменталды еңбекті академик І.Кеңесбаев 1977 жылы басып шығарды.
Теориялық тұрғыдан түркі тілдес халықтардың фразеологиясының зерттелуі бірқалыпты емес. Қазақ, әзірбайжан, татар, башқұрт, өзбек, чуваш тілдерінің фразеологиялық теориясы біршама жүйеге түсті десек, кейбір түркі тілдері (ұйғыр, хакас, түрік, қарақалпақ, түрікмен және т.б.) бойынша азды-көпті зерттеулер мен кандидаттық диссертациялар қорғалған.
Теориялық және лексикографиялық тұрғыдан жалпы түркі фразеологиясы бірқалыпты, жүйелі зерттелмегендіктен қазіргі таңда түркі тілдерінің фразеологиясын әрі синхронды, әрі диахронды аспектіде салыстырмалы (тарихи-салыстырмалы) еңбектерді жазу ісі қолға алынбай отыр.
Жалпытүркілік қорды құрайтын фразеологизмдер мен жазба ескерткіштер құрамындағы фразеологиялық бірліктерді зерттеу түркітану ғылымының болашағы болып табылады. Фразеологизмдердің әдістемелерін анықтау фраземаларды айқындаудың мәртебесімен тікелей байланысты. Фраземаларға кең көлемдегі көзқарас синтаксис аспектісімен ұштасып жатса, керісінше, тар көлемдегі баға лексикологиямен табан тіресуі әбден мүмкін.
Фразеологизмдерге деген тар көлемдегі бағытты ұстай отырып, оларды зерттеудің, талдаудың әдістеріне (методтарына) сипаттама жасап көрейік. Фразеология теориясында қалыптасқан әдістер осы сала бойынша жазылған еңбектердің жемісі болып табылады. XX ғасырдың қырқыншы жылдары тіл білімінің саласы ретінде қалыптасқан фразеология ғылымында қазіргі күні әртүрлі бағыттар мен осы бағыт нәтижесінде түрлі әдістер дүниеге келді.
Жалпы фразеология теориясында бүгінгі таңда төмендегідей әдістер қалыптасқан:
· құрылымдық-семантикалық модельдеу әдісі. Ол идеографиялық өрістер мен семантикалық топтарға және синонимдік қатарларға сүйенеді;
· семантикалық-синтаксистік моделдеу әдісі. Бұл әдіс фраземалар жүйесінің универсалдылығы мен дифференциалдық құрылымын айқындауды мақсат етеді;
· құрылымдық-ұялық әдіс негізінде фраземалар компоненттерінің тақырыптық топтастырулары жатыр;
· валенттілік әдіс фраземалар құрамындағы сөздердің тіркесімділігіне негізделген;
· семантикалық-диахрониялық әдіс. Фраземаларды тарихи тұрғыдан салыстырып зерттеуге негізделген;
· эквиваленттік әдіс түрлі типологиялық топтарга жататын тілдерді салғастыру нәтижесінде жүзеге асады;
· функционалды-коммуникативтік әдіс тілдердің фразеологиялық жүйесінің квалитативті және квантативті ұқсастықтары мен социолингвистикалық ерекшеліктеріне сүйенеді;
· сипаттамалы лексикографиялық әдіс қостілді сөздіктерге талдау негізінде жүзеге асады.
Сонымен, кез келген тілдің фраземалары тілдік жүйеде қалыптасқан сөз тіркестері модельдері негізінде жасалады.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет