Видеолекция мәдениет морфологиясы



бет1/6
Дата15.11.2023
өлшемі41,53 Kb.
#123034
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6

  1. ВИДЕОЛЕКЦИЯ

Мәдениет морфологиясы
Мәдениеттану - адам әлемін зерттейтін ғылым деген анықтаманы алғаш рет 1909 жылы неміс химигі, Нобель сыйлығының иегері Вильгельм Освальд берді.
Бір қызығы, ескерусіз қалған бұл жаңалық тек 30 жылдан кейін ғана 1939 ж американдық ғалым Лесли Уайт арқылы ғылыми қолданысқа енгізілді. АҚШ мәдени антропологы Лесли Уайт өзінің «Мәдениет туралы ғылым», «Мәдениет эволюциясы» және «Мәдениет ұғымы» атты еңбектерінде мәдениеттану басқа қоғамдық немесе гуманитарлық ғылымдардан жоғары тұрып, олардың әмбебапты тұжырымдамасы болады деген пікір айтты. Ол мәдениеттануды, антропологиядан бөлініп шыққан, қоғамдық ғылымдар кешеніндегі дербес ғылым ретінде қарастырады және негіз ретінде Вильгельм Оствальдтың сөздерін алады: «Homo sapiens тұқымын өзге хайуандар тобынан ажырататын адамзатқа тән ерекшелік «мәдениет» деген атаумен қамтылады; демек, адамзат әрекетінің ерекше қабілеттері туралы ғылымды мәдениеттану деп атауға болар еді...».
Армысыздар, құрметті тыңдарман қауым! Біз Сіздерге Мәдениеттану пәні бойынша видеодәрістер жинағын ұсынамыз. Менің аты-жөнім Анасова Қаламқас Темірқұлқызы, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессормын.
Курс барысында мәдениет тарихы мен теориясына қатысты дәрістер қамтылады. Бүгінгі қарастыратын тақырыбымыз
1 тақырып. Мәдениет морфологиясы.
Жоспар:

  1. Мәдениет түсінігінің қалыптасу тарихы

  2. Табиғат және мәдениет. Мәдени коммуникация. Тіл және мәдениет

  3. Мәдениет типологиясы мен теориясы.

  4. Мәдениеттің функциялары.



1. Мәдениет түсінігінің қалыптасу тарихы
1.Мәдениет ұғымы алғашында адамның табиғатқа ықпал етуін, табиғат күштерін бағындырып, өзінің көздеген мақсатына жетуін көрсетуге қолданылады. Мәдениет халықтың мыңдаған жылдар бойындағы шығармашылығын, адамның рухани ізденістерін, халықтың даналығы мен адамгершілік нышандарын жинақтайды. Адамзаттың рухы, келбеті, еркі, бостандығы, тарихи санасы, жады, философиялық жүйелері, рәміздері, өмірлік сабақтары, діні, тілі, ділі, мұраты – бәрі мәдениетпен біте қайнасып жатыр. Мәдениеттің негізгі иегері халық болып табылады. «Мәдениет дегеніміз не?» — деген сұраққа жауап беру үшін бұл сөздің этимологиясына, яғни осы бір күрделі үғымды білдіретін сөздің шығу тегіне тоқталғанымыз жөн. Қазақ тіліне бұл термин арабтың «маданият» — қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл ортағасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Осы жерде еске түсіре кетсек болады: адамзат тарихы бірнеше даму кезеңдерінен өткен: алғашқы қауымдық көне кезең (б.з.д. шам 6-5 ғғ- 5 ғ); ортағасырлық кезең (5-15 ғғ); қайта Өрлеу дәуірі кезеңі (15-16 ғ аяғы), Жаңа заман кезеңі (17-19ғғ ) және қазіргі заман (20-21ғғ). Бұл тарихи анықтама ғылымда европоцентрлік бағытпен берілген.
Көне заманда «культура» деген үғым «жерді өңдеу» деген мағынаны берген. Кейінірек, дәлірек айтқанда, Рим философы Цицерон (б.д.д. 106-43 жж.) еңбектерінде бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» деген үғымды білдірді.
Атақты ақын-ойшыл Вергилийдің (б.д.д.70-19 жж.) пікірінше «cultura» адам тіршілігінің негізі, әлемді игерудің көзі.
Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады.
Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген:
а) мәдениет — белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтыгы;
ә) мәдениет — адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, крит- микен мәдениеті, қазақ мәдениеті ж.т.б.;
б) мәдениет — адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті ж.т.б.);
в) агромәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті ж.т.б.).
Адамзатты қоғамдық-тарихи түрғыдан нақтылы қарастырғандардың бірі Жаңа заман ит. философ Джанбаттиста Вико. Ол адамзат тарихының үйлесімділік мәселелеріне, оның заңдары мен ережелеріне баса назар аудару негізінде «адамзат баласының үздіксіз даму» идеясын алғаш рет ұсынған болатын, бұл идея бойынша барлық ұлттар өз дамуында үш дәуірді басынан кешіреді — «құдайлар ғасыры», «батырлар ғасыры» және «адамдар ғасыры».
Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта мәдениетті бола алмайтыны ақиқат, ендеше білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады. Сонымен бірге мәдениет сөзі «құрмет тұту, сыйлау, құрметтеу, табынушылық» деген мағыналарға да ие. Осылардың ішіндеғі ең бастысы — дінге табынушылық.
Көне замандағы адамдар әруақытта да құдайлар қоршауында болды, олардың санасынан тәңірі берік орын алды.
Ортағасырлық христиандық сана негізінде дамыған ортағасырлық мәдениет пұтқа табынушылықты жоққа шығара отырып, көне мәдениеттің негізгі табыстарын сол қалпында сақтай білді. Ортағасырлық мәдениет политеизмге монотеимзді, натурализмге — руханилықты, геодонизмге (сүйсініп — рақаттану табынушылығы) аскеттік идеалды, дүниені бақылау және логика арқылы тануға Библияға сүйенген және оны шіркеудің белгілі қайраткерлері арқылы түсіндірілетін — кітаби білімді қарама-қарсы қойды. Бұл жердегі анықтама европоцентрлік бағытпен және ортағасыр христиан кезеңімен байланысты екендігін айта кету керек.
Жаңа заманда (XVII—XIX ғ.) мәдениеттің көптеген теориялары өмірге келді. Жаңа заман философиясында көне заман мен ортағасырлар мәдениетін нақты түсіну және оған шындық түрғысынан қарастырғанда, ең озық идеялар Ағартушылық дәуірі — буржуазиялық қайта құруларға, терең саяси әлеуметтік өзгерістерге толы ерекше тарихи және ең рационалды кезең болып саналады. Бұл дәуірдің мәдениет теориясына ерекше үлес қосқан өз заманының ойшыл ғалымдары болды: Англияда — Джон Толанд, Францияда — Вольтер мен Монтескье, Германияда — Лессинг, Гете, Шиллер және т.б. Олар дүние мен адамзат жөніндегі ақиқатты айту құқығын діннен тартып алып, адамзаттың ақыл-ойының тәуелсіздігін батыл қорғайды. Адам өзінің табиғи жаратылысынан-ақ мүмкіндіктері мол, ақыл- ды жан және соны тиімді пайдаланудың нәтижесінде адам игілігіне сай қоғам құруға қабілетті.
XIX ғасырда мәдениет сөзінің төрт негізгі анықтамасы берілді. «Мәдениет» термині біріншіден, ақыл-ойдың жалпы күйінің деңгейі, екіншіден, тұтас қоғамның интеллектуалды даму деңгейі, үшіншіден, көркем-шығармашылық әрекеттердің жиынтығы, төртіншіден, материалды және рухани өмір тәсілі.
Сонымен мәдениет дәстүрлі түрде 1) адам әрекетінің барлық саласын, 2) осы әрекеттің жемісін, 3) оның көрінісін қамтиды.
Қазақ ұлттық археология мен этнография мектебінің негізін қалаушы, ғалым Әлкей Марғұланның пайымдауынша, «мәдениет дегеніміз – адамзат баласының ақыл-ойы, маңдай тері, қажырлы еңбегі, мұның бәрі зор қоғамдық сипатта көрінеді».
Мәдениет – рухани байлық, ол ешқашан материалдық пайданың көзі болуға тиіс емес. Дегенмен барлық мәдениетке ортақ «мәдениет құрылымы» ұғымының құрамдас бөлігі болып табылатын жалпы белгілерін табуға болады.
Мәдениеттің құрылымдық элементтерін жүйе ретінде, олардың құрылымы мен ерекшеліктерін зерттейтін мәдениеттану бөлімі мәдениеттің морфологиясы деп аталады.
Мәдениеттің морфологиясы тарихи, географиялық және әлеуметтік таралуына байланысты мәдени формалар мен артефактілердің барлық түрлерін зерттеуді қамтиды.
«Мәдениет» ұғымы қазіргі әлеуметтік ғылымдардағы іргелі ауқымды ұғымдардың бірі. Бұл, ең алдымен, мәдениеттің адам өмірінің байлығы мен тереңдігіне байланысты. Адам болмысы қаншалықты көп қырлы болса, соншалықты мәдениет деңгейі де түрлі көрініс береді
Қазіргі уақытта ғалымдар мәдениеттің 500-ден астам анықтамаларын санайды. Оларды 5 негізгі топқа бөліп қарастыруға болады:
1. Мәдениет - ойлау, көркем мәдениет, этика және этикет нормаларымен байланысты қызметтің ерекше түрі ретінде;
2. Мәдениет қоғам дамуының жалпы деңгейінің көрсеткіші ретінде.
3. Мәдениет құндылықтар мен ережелердің ерекше жиынтығы ретінде.
4. Мәдениет белгілі бір таптың құндылықтары мен қабылдауының жүйесі ретінде;
5. Мәдениет кез-келген саналы әрекеттің рухани өлшемі ретінде.
Күнделікті өмірде мәдениет ұғымы кем дегенде үш мағынада қолданылады:


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет