Есті тәрбиелеу
Ес дәрежесі бірдей адамды табу қиын. Біреу өлеңді жылдам жаттаса, екінші біреу – санды жақсы жаттайды, үшінші біреу – ұмытшақ, төртінші кісі көргенін есінде ұстағыш келеді, т.б. Адамдар, сондай-ақ есінің дәлдігі жөнінен бір-бірінен ажыратылады. Естің дәлдігі – ешбір жаңылмай, ойдың тәртібін бұзбай, мағыналы түрде айта білу қабілеті. Мәселен, орыс композиторы Балакиревтің есі дәл осындай болған. Концертте отырғанда, ол Чайковскийдің бір симфониясын естиді де, екі жылдан кейін осы симфонияны жаңылмай орындап береді.
Есі дәл адамдар материалды игеріп алу жылдамдығы жөнінде де алдына қара салмайды. Жұрт бұларды зейінді, зерек адам дейді. Ал басқа біреулер, керісінше, қайта-қайта оқыса да есіне түсіре алмай, әуре болады. Адамдар есте қалдырудың ұзақ қысқалығымен де ажыратылады. Мұныкейде естің беріктігі деп те атайды. Мәселен, бір нәрсені жаттап алса, оны ұзақ уақыт бойына ұмытпайтын болады. Екінші біреу оны тез ұмытады.
Естің жақсы сапаларының бірі – даярлығы. Естің қорынан кез келген уақытта қажет нәрсені тауып ала білуді естің даярлығы дейді. Сондай-ақ көп нәрсені миына тоқи алатын, есінің өрісі кең адамдар да болады. Біреулер көзбен көргенді, енді біреулер құлағымен естігенді жақсы қалдырады. Жоғарыда аталған ерекшеліктер балалар арасында да жиі кездеседі. Оларды төмендегіше жіктеуге болады:
Есте қалдыруы шапшаң, қайта жаңғыртуы жақсы, еске қалдырғанын көпке дейін ұмытпайтын оқушылар.
Есте баяу қалдырғанымен, ұмытпайтын оқушылар.
Есінде қалдыруы тез болғанымен, тез ұмытатын оқушылар.
Есіне қиналып түсіретін және тез ұмытып қалатын оқушылар.
Бала есінің сапасы төмен болуы көптеген себептерге байланысты. Есте қалдыруы нашар балалар сабақтан көп қалады, үй тапсырмаларын жүйелі орындап отырмайды, кітапты қалай оқудың тәсілдерін білмейді. Есте қалдырудың нашарлығы баланың сабақты дұрыс тыңдамауынан, зейінсіз отыратындығынан да болады. Мұндай балалар үнемі мұғалімнің бақылауында болуға тиіс. Енді бір балалар ауру сырқаулы (тіпті ми-жүйке аурауларымен ауыратындары да болады) болғандықтан тез шаршайды, сабақты кірбің көңілмен тыңдайды. Мәселен, оларға қосымша сабақ ұйымдастыру, ол оқушылардың арнаулы режиммен жүріп-тұруын қадағалау, т.б. балалардың ес қабілетін арттыруға себепші болады.
Достарыңызбен бөлісу: |