108-билет «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының мәні және маңыздылығы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімінде қоғам алдына жақын келешекте атқарылуы тиіс бірнеше өзекті міндеттер қойылған. Соның ішінде жаңа гуманитарлық білім беру аясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының маңызы зор.
Президент аталмыш жоба бойынша біріншіден, тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасау, екіншіден, алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, үшіншіден, осы бағытта Ұлттық аударма бюросын құру жұмыстарына кірісуді тапсырды.
«Ең алдымен, – деді Елбасы, – жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің міндеті. Үкімет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек».
Бұның бәрі қоғамдағы толғағы жеткен, шешімі табылмай келе жатқан мәселелер екені белгілі. Соңғы жылдары еліміз индустриалдық-инновациялық дамуға басымдық беруге байланысты жоғары оқу орындары гуманитарлық ғылымдарға жүрдім-бардым қарай бастаған болатын. Көптеген ЖОО-ларда тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану сияқты дербес гуманитарлық салалар «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасына» біріктіріліп, гуманитарлық пәндердің сағатын қысқарту, мәні мен маңызын төмендетуге жол берілді. Тіпті «Қазақстан тарихы мектепте оқытылады, енді оны жоғары оқу орындарында қайталап оқытудың керегі жоқ» деген желеумен «Қазақстан тарихы» кафедралары жабылды.
Енді, міне, Елбасының тікелей көңіл бөлуі нәтижесінде жоғары білім саласында жіберілген осындай олқылықтарды жөндеу қолға алынуда. Кез келген адам ең алдымен қоғамның мүшесі. Техник, механик, математик, физик, химик және т.б. мамандық иелері қоғамда қауымдасып өмір сүреді, бірлесіп еңбек етеді, қоғам дамуы үшін ғылыммен айналысып ізденеді. Ал сол қоғамда өмір сүрудің қыр-сырын гуманитарлық ғылымдар оқытып-үйретеді. Олай болса, инженерлік-техникалық мамандықтар үшін гуманитарлық білімнің қажеті жоқ па? Қажеті болғанда қандай. Біз болашақ мамандарымыздың отансүйгіш патриот, ұлтжанды азамат болғанын қалаймыз ба? Қалаймыз. Болашақта жастардың саяси белсенді, мәдениетті, төзімді, діни сауатты, өз құқықтары мен бостандықтарын білетін, қоғамды сыйлап, Отанын құрметтейтін нағыз азаматқа айналғанын қалаймыз ба? Әлбетте. Олай болса гуманитарлық ғылымдарға қырын қараудың жөні жоқ. Міне, сондықтан қашанда көреген саясаткерлігімен танымал Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде жаңаша гуманитарлық білім беруге ерекше мән беруінің сыры тереңде жатыр.
Елбасымыз ұсынған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы да уақыт талабынан туындап отыр. Жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті боламыз десек, әлемдік деңгейдегі ең озық оқулықтардан, ғылыми әдебиеттерден білім алған абзал. Біз әлі күнге дейін көбінесе орыс тіліндегі шетелдік әдебиеттерді қолданамыз. Бұл қазақ тілінің ғылым тіліне айналуын тежейді, орыс тіліне деген тәуелділікті арттырады. Егер қазақ тілін дамытамыз, білім мен ғылым тіліне айналдырамыз десек шет тілдеріндегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты түпнұсқадан ала білуіміз қажет. Шынайы рухани жаңғыру сол кезде жүзеге асады.
Ендігі басты мәселе осынау өзекті міндеттерді науқаншылдыққа айналдырмай, көзбояушылыққа жол бермей, шынайы әрі сауатты іске асыру. Әзірге ғылыми ортада қандай оқулықтарды қазақ тіліне аударамыз деген мәселе анықтала қойған жоқ. Бұл тұрғыда қызу пікірталас жүруде, бұлай болуы заңдылық. Ғылымның өзі пікірталасқа негізделген. Сондықтан әртүрлі шетелдік авторлардың оқулықтарын қазақшаға аудару туралы саналуан ұсыныстар жасалары сөзсіз. Бұл жердегі басты ұстаным – қандай да бір оқулықты қазақшаға аудару туралы ұсыныс жасаушы отандық ғалымның атақ-дәрежесіне, лауазымына, беделіне емес, аударуға ұсынылатын шетелдік оқулықтың ғылыми-педагогикалық құндылығына, теориялық маңыздылығына, практикалық қажеттілігіне, оның авторының білімі мен біліктілігіне мән беру. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген, қазақ тіліне аударылатын 100 үздік шетелдік оқулық ел болып ақылдасып, қоғамдық талқыға салынып барып іріктелгені жөн.