115-бап. Қорғаншылармен қамқоршыларды олардың өз міндеттерін атқарудан босату және шеттету 1. Қорғаншы және қамқоршы орган кәмелетке толмаған қамқоршылыққа алынушы өз ата-анасына қайтып оралған немесе ол асырап алушыға қайтарылған жағдайларда, қорғаншыны немесе қамқоршыны өз міндеттерін атқарудан босатады.
Қамқоршылыққа алынушыны тәрбие, емдеу мекемесіне, халықты әлеуметтік қорғау мекемесіне немесе басқа да мекемеге орналастыру кезінде, егер бұл қамқоршылыққа алынушының мүдделеріне қайшы келмесе, қорғаншы және қамқоршы орган бұрын тағайындалған қорғаншыны немесе қамқоршыны олардың өз міндеттерін атқарудан босатады.
2. Дәлелді себептер болған кезде (сырқаттану, мүліктік жағдайдың өзгеруі, қамқорлыққа алынушымен өзара түсініспеушілік және т.с.с) қорғаншы немесе қамқоршы оның өтініші бойынша өз міндеттерін атқарудан босатылуы мүмкін.
3. Қорғаншы немесе қамқоршы өзінің тиісті міндеттерін тиісінше атқармаған жағдайда, соның ішінде өзінің қорғаншылығын немесе қамқоршылығын жеке басының пайдасы мақсатында пайдаланған кезде немесе қамқоршылыққа алынушыны қадағалаусыз және қажетті көмексіз қалдырған жағдайда, қорғаншы және қамқоршы орган қорғаншыны немесе қамқоршыны осы міндеттерді атқарудан шеттеуі және кінәлі адамды заңмен белгіленген жауапқа тарту үшін қажетті шаралар қолдануы мүмкін.
116-бап. Қорғаншылықты және қамқоршылықты тоқтату 1. Қамқоршылыққа алынушыны әрекетке қабілетті деп тану немесе қорғаншының, қамқоршының немесе қорғаншы және қамқоршы органның арызы бойынша оның әрекет қабілеттілігі шектеулілігінің күшін жою туралы сот шешім шығарған жағдайларда кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық және қамқоршылық тоқтатылады.
2. Жасөспірім қамқоршылыққа алынушы он төрт жасқа жеткен соң оған қорғаншылық тоқтатылады, ал қорғаншылық міндетін жүзеге асыратын адам бұл туралы қосымша шешімсіз кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы болады.
3. Кәмелетке толмаған балаға қамқоршылық он сегіз жасқа жеткен кезде арнайы рұқсатсыз, сондай-ақ ол некеге отырған кезде және кәмелетке толғанға дейін ол әрекетке толық қабілетті болған басқа да жағдайларда қамқоршылық тоқтатылады.