Мәтінге байланысты ұйымдастырылатын сөздік жұмысы. Оқу сабақтарында сөздік жұмысына әдейі кезең бөлінбейді. Алайда сөздік жұмысы сабақтың өн бойынан орын алады. Мәтінді дұрыс қабылдау үшін сөздік жұмысын жүргізбейінше мақсатқа жету мүмкін емес. Мысалы, бірқатар оқушылар вокзал, перрон, метро, экскалатор т.с.с. сөздерді түсіндірмесе, ішінде осы сөздер кездесетін мақалаларды дұрыс қабылдай алмайды, оларда елес тумайды. Оқу барысында түсініксіз сөздер ғана емес, сондай-ақ сөз тіркестері де кездеседі. (Мысалы, әдісіңе ақылыңды жолдас ет т.б.). Сондықтан оқылатын шығармаларда кездесетін сөздердің мағынасын түсіндіру жұмысы мәтінді дұрыс қабылдау шартының бірі болып табылады.
Мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру үш кезеңде жүргізіледі:
1. мәтінді оқуға дайындық кезеңінде;
2. шығарманы оқу барысында;
3. оқып болғаннан кейін.
Әдебиеттік оқу сабақтарындағы шығармашылық жұмыстар. Шығармашылық – ойлау қабілетінің ең жоғарғы қасиеті.«Шығармашылық» сөзінің төркіні этимологиясы «шығару», «ойлап табу» дегенге келіп саяды. Демек жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек.Мектепте білім беру ісіндегі басты бағдар оқушылардың тек шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту және оларды шынайы өмірдегі дара тұлға етіп әзірлеу. Мектепте шығармашылық жұмыстарды өткізу оң нәтижеге бастайтынын тәжірибе дәлелдеді. Мұғалімнің кез келген сабағы шығармашылық сипатта өткізіліп отырса, оқушы дербестігінің қалыптасуы жоғары деңгейге көтерілері сөзсіз.
Әдебиеттік оқусабақтарында ұйымдастырылатын шығармашылық жұмыстар: өлең құрастыру, кейіпкерге мінездеме беру, Мәтін құрастыру, Мәтін бойынша сурет салу, шығарманы сахналау, реферат,баяндама, шығарма жазу.
Көркем мәтін бойынша дамытыла жүргізілетін шығармашылық жұмыстардың түрлері:
а) автор стиліне жақындап, еліктей отырып шығармашылық жұмыс жүргізу,
ә) көркем мәтін ішіне авторлық идеяға, оқиғаға, кейіпкерлер табиғатына өзгеріс әкелмейтіндей «өз мәтінін» енгізу,
б) кейіпкерлердің мәтінде жоқ монолог диалогын жазғызу,
в) мәтіндегі кейіпкерлердің портретін өзі жасау , тура мінездеуді толықтыру,
е) автордың шығармасындағыдан басқадай тың көркемдік шешім табу, оқиға құру т.с.с.
Бұл жұмыстар, біріншіден, оқылған материалды тереңірек меңгеруге мүмкіндік туғызса, екіншіден, балаларды өз беттерімен ойланып жұмыс істеуге талаптандырады.