Ауа мұрын қуысынан хоана тесіктері арқылы жұтқыншақтың ауа бөліктерінен өтіп әрі қарай көмекей, кеңірдек және өкпелерге жетеді.
Көмекей - larynx - баспен мойын аралығында, жұтқыншақтың астында жақ бұрышына жақын орналасады. Көмекей түтікше мүше, ішкі беткейі эпителиальды ұлпамен қапталған, ортаңғы шеміршек, сырты сір қабаттан тұрады. Көмекейдің негізгі қызметі ауаны ерсілі - қарсылы өткізу, сонымен қатар жұтыну кезінде ауа жолын жауып азықтың кеңірдекке түспеуін қамтамасыз етеді. Көмекей қуысында дыбыс аппараты орналасады. Сондықтан дыбыс шығаратын мүше болыпта табылады. Көмекейдің негізін бір-бірімен қозғалмалы байланысқан бес шеміршек құрады.
Сақинаша шеміршек - cartilagо cricoidea - гиалинді шеміршек. Оның жоғарғы беткейінде жалпақ табақшасы - lamina cricoideae - мен төменқарай иілген доғасы болғандықтан, пішіні сақинаға ұқсайды. Шеміршек доғасының латеральды беткейінде қалқанша шеміршектің артқы мүйізшелер мен байланысатын буын ойпаттары болады. Сақинаша шеміршек артқы жағында кеңірдекпен жалғасады.
Қалқанша шеміршек - cartilagо thyroidea - пішіні иілген қалғанға ұқсайтын гиалинді шеміршек. Ол өзінің оң және сол табақшаларымен - lamina dexter et sinister, көмекейдің екі бүйірі мен астыңғы беткейін құрайды. Табақшалардың жоғарғы жиегінен алдыңғы және артқы мүйізшелер - cornu rostrale et caudale - шығып тұрады.
Ожауша (қалақша) шеміршек - cartilagо arytenoidea - негізгі гиалинді жұп шеміршек. Оның қабырғасының алдыңғы шетінен, жоғары қарай ілмек тәрізді иілген, эластикалық мүйізше өсінділер таралады. Мүйізше өсінділер арқылы, ожауша шеміршектер бір бірімен жанасады. Ожауша шеміршектің
төменгі ұшында дыбыстық сіңірі мен бұлшық ет бекитін дыбыс өсіндісі - processus vocalis - болады.
Бөбешік (қақпақша) шеміршектің - cartilagо epiglottidis - пішіні овальды немесе жапырақша тәрізді болады. Негізін эластикалық шеміршек құрады. Бөбешік түбірімен жалғам арқылы қалқанша шеміршекке және тіласты сүйегіне бекиді. Көмекей бөбешігі (қақпақшасы) алдыңғы жағында тіл түбірімен жалғасады, сондықтан тамақты жұтқан кезде (адамда) шеміршек артқа қарай майысып тыныс жолын жабады, тағам түйірі астынан үстіне көтеріліп өңешке өтеді, сөйтіп ас ауа жолына түспейді. Тыныс алған кезде шеміршек ашық тұрады, ауа кедергісіз кеңірдекке өтеді. Егер, тағамды жұтар кезде сөйлеп, не күлсе көмекей қақпашасы ашық қалып, тыныс жолдарына тамақ түйірі түсіп кетуі әбден мүмкін.