4 тақырып. Рим отбасы құқығы. Сағат саны: 1 сағат Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары: 1. Агнаттық және когнаттық отбасының түсінігі.
2. Рим құқығы бойынша неке.
3. Жұбайлардың мүліктік қатынастары.
Дәріс тезистері: Туыстық – белгілі бір құқықтық салдарларды байланыстыратын адамдар арасындағы қандық байланыс. Рим құқығы туыстықтың екі түрін ажыратты-агнаттық және когнаттық. Басқа халықтардың отбасынан рим отбасының айырмашылығы агнаттық туыстықтың юридикалық маңызды болуында. Агнаттық туыстық бір отбасына тиесілі барлық тұлғаларды қамтыды, яғни агнаттық туыстық билік пен бағыныштылыққа негізделген. Сондықтан туыстар деп отбасы басшысының билігіндегілер саналды. Соған орай отбасы мүшелері отбасы басшысы және оған бағыныштылар деп бөлінді. Отбасы басшысы барлық отбасы мүшелеріне толық билігін жүргізіп отырды. Ол сонымен қатар отбасының мүлкіне ие болды және өз қалауынша билік етті. Отбасы басшысының билігі тек қайтыс болған жағдайда немесе өзінің еркі арқылы тоқтатылатын. Агнаттық туыстық ер адамнан тарады. Кейіннен отбасы басшысының билігі шексіз болған жоқ және отбасы мүшелерінің еркіндігіне алып келді. Осыған байланысты агнаттық туыстық уақыт өте келе когнаттық туыстықпен ығыстырылды. Когнаттық туыстық дегеніміз қандық туыстық. Когнаттық туыстықта дәреже мен туыстық тармақтары ажыратылды. Туыстық тармақтары ата-бабасынан тарайтын немесе ата-бабаға дейін тарайтын туыстық болуы мүмкін. Туыстықты сонымен қатар бір атадан тарайтын болса қандас, аналары бір болса – жатырлас туыстар деп бөлетін. Жанама туыстық ортақ ата-бабалардан тарайтын туыстарды біріктірді. Туыстық дәрежесі екі туыстың арасындағы туыстық санымен анықталды. Туыстықпен қатар жекжаттық та болды. Жекжаттық жұбайлар арасындағы және басқа жұбайдың арасындағы туыстар арасында пайда болатын. Неке-әйел мен ер адамның арасындағы одақ. Бұл одақ өмірінің ортақтығы, адамдық құқықтар мен діни құқықтардың бірігуі. Неке: ынтымақтастық, физикалық жетілу, келісім, некелесушілердің неке одағын құруға талпынуымен сипатталады. Некеге тұрудың құқықтық алғышарты некеге тұрушыларда jus conibii-дің болуы болып табылады. Бұл термин рим некесіне тұру құқығы дегенді білдірді. Рим құқығы некенің екі түрін ажыратты. Бұл некелер әр түрлі нысанда құрылды және некедегі тұлғалардың мүліктік жағдайы, мүліктік емес жағдайы және анасымен балаларының арасындағы құқықтық қатынастың әр түрлілігімен ажыратылды. Некенің алғашқы түрі – cum manu. Рим некенің көне нысандарының бірі – cum manu әйеліне күйеуінің билігін бекітті. Некеге тұрғаннан бастап әйел persona aliena juris- бөтен құқықтың иесі деп саналды. Сum manu некесінде әйелдің мүлікке қатысты ешқандай құқықтары болған жоқ. Некенің бірден бір белгісі жұбайлық ортақтастықтың үздіксіз ұзақ мерзімге жалғасуы болды. Бұл мерзім үзілуі мүмкін, егер әйелі үш түн өз үйінде түнемеген жағдайда. Сондықтан ерінің еркі тек жұбайлық билікке емес некеге бғ.ытталды. Некенің екінші түрі – sine manu. Бұл некеде ерінің әйеліне билігі туындамады және бастапқы кезде әйел мен ер адамның арасында юридикалық байланыс болған жоқ. Әйелі некеге тұрғанға дейінгі отбасылық жағдайын сақтап қалды. Sine manu некесі жай келісім негізінде жасалды- қалыңдықты күйеудің үйіне әкелу юридикалық қорытынды акті ретінде болды. Sine manu некесі ерлі-зайыптылардың біреуінің бір жақты өтініші бойынша бұзылды және некені бұзудың негізін көрсету қажет те емес еді. Бірақ некені бұзу еркіндігінің жағымсыз салдарлары болды. Бұл көбінесе мұрагерлікке қатысты болды. Август некені бұзудың еріктілік жағдайының некенің тұрақсыздығына әкеліп соғуына байланысты отбасы құқығына маңызды өзгерістер енгізді. Заң жұбайлық адалдық болмауына байланысты қылмыстық жауапкершілікті бекітті. Sine manu некесінен, римде орын алған конкубинатты да ажырата білуіміз қажет. Конкубинат- заңмен рұқсат етілген ер адам мен әйел адамның тұрақты бірге тұруы, яғни заңсыз неке. Рим құқығы некеге тұрудың мынадай талаптарын бекітті:
- Некеге тұрушылардың келісімі;
- Неке жасына жету, ерлер үшін- 14 жас, әйелдер үшін –12 жас;
- Некеге тұрушылар басқа тоқтатылмаған некеде тұрмаулары керек;
- Некеге тұрушылардың арасында туыстық қатынас болмауы керек.
Егер де туыстар некеге тұратын болса, ол қылмыс деп саналды.Аға мен қарындас арасындағы некеге тұруға тиым салынатын, егер тіпті ата-аналарының біреуі ғана ортақ болғанның өзінде. Некеге тұрудың үш тәсілі болды:
абыздар мен 10 куәгердің қатысуымен болатын діни салт бойынша құрбандық беру арқылы жасалатын неке;
2) құнды заттарды сатып алуға байланысты бекітілген ережелер бойынша күйеуінің болашақ әйелін, әйелінің әкесінен сатып алуы;
3) ешқандай тәсілді қолданбай-ақ жасала беретін sine manu некесі.
Ал, жұбайлардың арасындағы мүліктік қатынас олардың арасындағы некеге байланысты анықталатын. Некенің cum manu түрі бойынша әйелі күйеуіне тәуелді болды. Оның барлық мүлкі күйеуінің меншігіне өтіп отырды және күйеуі ешқандай шектеусіз мүлікке билік ету құқығын жүргізе алатын. Әйелінің мүлкі неке ажыраған жағдайдың өзінде де қайтарылмайтын. Некенің sine manu түрінде олардың арасында теңдік сақталды, бірақ бұл некеде де күйеуінің басшылығы да орын алатын. Мысалы, sine manu некесінде әйелі күйеуінің жағдайын ала алатын, күйеуі қай жерде тұрса сол жерде тұруы керек болды. Жұбайлардың мүлкі әрқайсысының мүлкі болып саналды. Сондықтан мүлікті жай басқарудың өзіне әйелінің келісімі қажет болатын. Некеге дейінгі және некеге тұрғаннан кейін әйелінің тапқан мүлкі әйелінікі деп саналды. Жұбайлардың мүліктік кепілінің бірі- жасау болатын. Жасау қалыңдық тарапынан және некеге дейінгі сый ретінде күйеуі беретін мүлік. Жасау бұл мүлік. Қалыңдыққа paterfamilias немес үшінші тұлға тарапынан берілетін жасау күйеуіне отбасы шығындарын азайту үшін берілетін мүлік ретінде саналатын. Күйеуінің немес оның paterfamilias-ы беретін сый некеге тұрғанға дейін берілетін.
Негізгі терминдер:
Paterfamilias – үй қожайыны
Patria potestas – үй қожайынының билігі
Agnati –үй қожайынының билігіне бағыныштылық арқылы анықталатын туыстық байланыс
Cognati – қандас туыстар
Cum manu – күйеуінің әйеліне билігін бекітетін заңды некенің алғашқы түрі
Sine manu – әйелі мен күйеуі бір - біріне тәуелді емес заңды некенің екінші түрі
Adulterium – жұбайлық адалдықты бұзу
Sponsalia – атастыру, некелесу
Inaequale coniugium – толық емес неке, яғни тараптардың біреуі заңды некеде тұрмауы (конкубина)
Dos – отбасы шығындарын жеңілдету үшін күйеуіне берілетін жасау
Legimitatio - заңдандыру
Arrogatio – бала асырап алушы мен асырап алынушы арасында халық жиналысында жасалатын бала асырап алу түрі
Adoptio – 3 рет манципациялау жолымен жасалатын бала асырап алу түрі
Cura - қорғаншылық
Tutela – қамқоршылық
Бекіту сұрақтары: 1. Агнаттық және когнаттық отбасының түсінігі.
2. Рим құқығы бойынша неке.
3. Жұбайлардың мүліктік қатынастары.
Әдебиет: Қазақстан Республикасының Конституциясы. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. 19.09.2019 ж. жағдай бойынша. http://adilet.zan.kz/
Ермухаметова, С. Р. Рим жеке құқығы [Текст] : оқу құралы.- Римское частное право: Учебное пособие / С. Р. Ермухаметова, Е. Ю. Коваленко. Екі тілде. - Алматы : Заң әдебиеті ; [Б. м. : б. и.], 2007-2012. - 162 бет. ИРБИС.
Алимпиева, Т. Г. Римское право [Текст] : учебно-методический комплекс дисц. для спец. 5В030100-Юриспруденция / Т. Г. Алимпиева. - Актобе : РИО АРГУ им. К. Жубанова, 2014. - 189 с. ИРБИС.