3.Ф.Гальтонның психогенетикалық зерттеулері Ф.Гальтонның «Таланттың тұқым қууы» еңбектерінде кеңінен қарастырылды. Бірақ, дарындылықтың психогенетикалық негізі мен ерекшеліктері мәні туралы мәліметтер ашылмаған. «Дарындылық», «қабілет», «тума қасиет» сияқты ұғымдар педагогика мен психология ғылымдар саласында жиі кездеседі және қолданылады.Қабілет дамуы мен көрінісінің ең жоғары деңгейі «талант», «дарындылық», «шығармашылық» деген терминдермен аталады. Адамның арнай қабілеттері өз тарапынан белгілі жағдайларда ақыл-ойдың (интеллектінің) дамуына әсер етеді.Психогенетиканың негізін қалаушылардың бірі Ф.Гальтон екені бізге мәлім. Оның «Тұқымдағы ғұлама» кітабында тұқымқуалайтын нышанның талантты және ғұлама адамдардың пайда болуына тигізетін әсері туралы жазылған[2,158]. «Дарындылық» сөзінің өзі туғаннан берілген сый деп түсініледі. Ғұламалылық пен таланттың тұқымқуалайтын табиғатын дарындылық табиғаты дейміз. Тума талант туралы теория ерекше қабілеттерді тұқымқуалайтын нышандармен байланыстырады. Психологияда қабілет жайлы мынандай концепциялар бар: жеке адамның биологиялық анықталған қасиеттері, олардың көрініс беруі және дамуы атадан балаға мұра болып қалғандығы. Бұл пікірді психологтар ғана емес, ғылым мен өнердің кейбір өкілдері қолдайды.Таланттылық немесе ғұламалылық түсініктеріне анықтама беру интеллектіге қарағанда әлдеқайда жауапты. Ғұламалылыққа қажетті психикалық қасиеттерге интеллект, шығармашылық бастау және мотивация жатады. Жалпы, генетика ғылымы негізінде ген арқылы берілетін талант өте қажетті, бірақ ол ғұлама болу үшін жеткіліксіз. Тума талант концепциясын дәлелдеу немесе жоққа шығаруды қарапайым әдістермен түсіндіру өте күрделі. Дарынды адамдардың өмірбаянын талдау концепцияның әділеттілігіне сенімсіздік тудырады. Егер, дарындылықтың генетикалық нышаны мен тума сипаты болса, онда байқауға болатындай қасиеттері арқылы адамдар қай іс-әрекет саласында жетістікке, сәттілікке жететіні туралы болжау жасауға болар еді. Қабілетке тән белгілі сипат болу керек, мысалы, музыкалық дарындылық (бірақ бұл талант әр түрлі формада жүзеге асады).Енді, таланттың ерте пайда болуы жайлы мәселелерді қарастырайық. Балаларда ерте пайда болатын қабілеттер туралы көптеген мәліметтер бар. Мысалы, бала 5 айлық кезінде сөйлей бастағаны туралы жағдай сипатталған. Бір ай өткен соң баланың сөздік қоры 500 сөзден тұрған, ал үш жасқа келгенде ол үш тілде сөйлеген. Осындай көптеген құбылыстар ретроспективті сипатта болып келеді, себебі оларды ғалымдар басынан бастап бақылап, зерттеген емес. Таланттың ерте көрініс беруі мен ерте дамуы түсініктерін біз шатастырмауымыз керек. Көптеген жағдаяттар ерте немесе алдын ала дамумен түсіндіріледі (әсіресе сөздің дамуы)[2.160].