43 Портрет. Оның түрлері Характер сомдауда, оны психологиялық тұрғыда ашып көрсетуде портреттің маңызы зор. Қазақ әдебиеттануында портрет поэтикасын зерттеп, портреттің әдеби шығарманың тұтастық жүйесін қалыптастырудағы үлесіне арнайы тоқталған зерттеушілердің бірі – Б.Майтанов. Ғалым портретке: «Портрет – өзгеріп тұратын, алайда не-ғұрлым тұрақтылыққа бейім құрылым. Портрет поэтикасында да ортақ дискурстар басым. Портрет адам бейнесіне қатысты мето-нимиялық құбылыс, бірақ көркемдік тұрғыда толымды құбылыс. Ол – жаратылыстың шеберлігіне, өмірдің күрделі табиғатына тәнті қылатын, тарихи мәні зор эстетикалық, эмоционалды-психологиялық, пластикалық, антропометриялық құбылыс» - деп анықтама береді1 . Әр адамның сыртқы кескіні оның ішкі жан әлемінің айнасы сияқты.
Портрет – мінездеудің заттық нұсқасы, кейіпкердің сыртқы бітім-пішінін, кескінін, характерін жасайтын бейненің материалдық болмысы. Көбінесе автор кейіпкер табиғатының аса маңызды тұстарын портрет арқылы сипаттайды. Қазақ әдебиетіндегі портреттің даму тарихына көз жіберсек, әдеби бейнеліліктің бұл түрі жалпылама-абстрактылы портреттік сипаттамадан біртіндеп адам келбетінің өзгеше жеке қасиеттерін даралауға қарай дамығанын бақылаймыз. Әдебиет дамуының ерте кезеңіндегі әдеби үлгілерде қаһармандардың сырт тұлғасы шартты-символикалық кейіпте кескінделген, мысалы, қазақ ертегілеріндегі немесе эпостық жырлардағы батырлар мен хас сұлулардың портреттері бір-біріне ұқсас келетіндіктен, оларды ажырату қиынға соғып жатады. Мұндай портрет үлгілеріндеи кейіпкер туралы жалпы ақпарат қана бар, өйткені бұл кезең әдебиетінде мінездер әлі даралана қоймаған.
Уақыт өте келе портрет адамның өзіне ғана тән жеке қасиеттерін айқындауға ұмтылып, бір қаһарманды екінші қаһарманмен шатастыра алмайтындай қайталанбас қолтаңбамен, даралықпен ерекшеленетін болды. Қаһарманды даралайтын портреттік детальдің тек сол қаһарманды тайға таңба басқандай танытатын тұрақты белгісіне айналатын тұсы да бар, мысалы, Құнанбайдың «қатал күзетшідей» көзі, Тоғжанның «хас жендеттің жауға шабар жебесіндей» қасы немесе сылдырлаған шолпысы, Ұлпанның «мақпал қара меңі», Еламанның «үсік шалған қап-қара екі беті, шыт-шыт еріндері», Қожаның қаралығы т.б.
Портрет шығармада сан алуан сипатта көрінуі мүмкін. Көлемді прозалық туындыларда портрет шығармадағы сюжеттік желіге байланысты баяндау барысында қайта-қайта толықтырылып отырады. Суреткер кейде кейіпкерінің келбетін жан-жақты, егжей-тегжей суреттесе, кейде бірер белгісін ғана беріп, сараң сипаттайды. Бір кейіпкердің келбеті екінші кейіпкердің қабылдауы, ой-танымы арқылы бейнеленеді. Портрет көбінесе автор тарапынан, үшінші жақтан суреттеледі, сонымен қатар қаһарманның өзіне-өзі сипаттама жасап, сырт пішінін, мінезін суреттейтін жағдайлар да баршылық. Осы тұрғыдан келгенде, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романында кейіпкердің портретін беру тәсілі қызық. Ж.Аймауытовтың Бекболат, Мұқаш сияқты кейіпкерлері монолог арқылы портреттерін өз аузымен мүсіндейді. «Мұқаш» тарауында кейіпкер оқиғаны бірінші жақтан баяндай отырып, өзінің сырт тұрпатын кескіндей бастайды. «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жарбақтау, кірпі шаш, қырыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым 35-те. Әкем Тойбазар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес. Ес білгелі есікте жүрдім» - деп басталатын монологта бірінші жақтық баяндау дара портрет поэтикасын жаңа мазмұнмен байытқан. Портретті зерттеушілер оны бірнеше түрлерге жіктейді: толық, дара, жұптық, психологиялық, динамикалық, статикалық, бұқаралық, жалпы, живописьтік, ситуациялық, сатиралық, гро-тескілік, портрет-мінездеу, автопортрет т.б.