§2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау ҚР ӘҚБтК-тің 802-бапқа сай (Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғау үшін себептер мен негiз) Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғауға:
1) осы баптың үшінші бөлiгiнiң ережелерiн ескере отырып, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау фактiсiн уәкiлеттi лауазымды адамның тiкелей анықтауы;
2) құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан түскен материалдар;
3) жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе мәлiмдемелерi, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар;
4) арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарының, сондай-ақ сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдары мен бақылау аспаптарының көрсеткiштерi, оның ішінде автоматты режимде жұмыс iстейтiн және жолдағы жағдайды фото-, бейнетүсiрiлiм арқылы, көлiк құралының жүру жылдамдығы мен бағытын, жол жүрiсiне басқа да қатысушылардың iс-қимылдарын айқындау арқылы автомобиль көлiгi және жол жүрiсi қауiпсiздiгi саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуын тiркейтiн бақылау аспаптарының көрсеткiштерi;
5) бақылау-өлшеу аппаратурасының және (немесе) радиотехникалық бақылау құралдарының көрсеткіштері себептер болып табылады.
Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын, ҚР ӘҚБтК-тің 741-бабында көзделген мән-жайлар болмаған кезде, әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерiн көрсететiн жеткiлiктi деректердiң болуы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғау үшiн негiз болып табылады.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген тәртіппен жүргiзiлген тексерудiң нәтижесi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 137-бабы 3-тармағының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижесі бақылау және қадағалау субъектісіне қатысты осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғауға негiздер болып табылады.
Осы бөліктің күші Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 129-бабының 4 және 5-тармақтарында және 140-бабының 3 және 5-тармақтарында көзделген салаларда бақылау мен қадағалау жүзеге асырылған кезде, сондай-ақ мемлекеттік статистика саласында респонденттерге бармай профилактикалық бақылау жүзеге асырылған кезде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайларға қолданылмайды.
ҚР ӘҚБтК-тің 785-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы бірінші хаттама жасалған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған немесе прокурор әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғау туралы қаулы шығарған, сондай-ақ судья (сот) сот талқылауы барысында процеске қатысушы тұлғаның тарапынан сотқа құрметтемеушiлiк білдіру фактiсiнiң анықталғаны туралы жариялаған кезден бастап әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған деп есептеледі.
Егер әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдары мен аспаптары тіркелсе, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс ҚР ӘҚБтК-тің 743-бабында көзделген тәртіппен айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама жіберілген кезден бастап қозғалған деп есептеледі, ал істерді мемлекеттік кіріс органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс хабардар ету (хабарлау) тиісті түрде жеткізілген кезден бастап қозғалған деп есептеледі.