Пролиферация-қабынуға қатысатын әсіресе макрофагтар мен лимфоциттердің, жергілікті тін жасушаларының өсіп-өнуі. Осының нәтижесінде қабыну ошағын қоршайтын тығыз сүзілме қалыптасады. Ол қабыну ошағынан бактериялардың, олардың уыттарының, қабыну дәнекерлерінің т.б. уытты заттардың бүкіл денеге тарап кетуінен сақтандыратын тосқауылдық қызмет атқарады. Қабыну ошағына шыққан нейтрофилдер фагоцитоздың нәтижесінде өздерінің тіршілігін жоғалтады. Ал, моноциттер және лимфоциттер сақталып қалады. Макрофагтардың ішінде антиоксиданттық ферменттер, нейтрофилдерге қарағанда, басымырақ келеді. Сондықтан олар қабыну ошағында төзімдірек болады. Макрофагтар жасушалардың және жасуша аралық заттардың ыдырау өнімдерін жойып, тіндердің қалпына келуі үшін орын тазалайды. Олар бүлінген тіндердің қалпына келуіне қажетті қабынуға қарсы медиаторлар өндіреді. Сондықтан пролиферация дамуында макрофагтарға негізігі орын беріледі. Пролиферацияны сергітетін және тежейтін қабыну медиаторлары болады. Сергітетін медиаторларға: ● эпидермистің өсу факторы, жасуша мембраналарындағы тирозинкиназалық рецепторларды әсерлеп, эпителий жасушалары мен фибробластардың өсіп-өнуін сергітеді; ● өзгерген α-өсу факторы, тирозинкиназалық рецепторлар арқылы әсер етеді; ● тромбоциттердің өсу факторы, тромбоциттерде, макрофагтарда, эндотелий жасушаларында, тегіс салалы ет жасушаларында өндіріледі және фибробластардың, тегіс ет жасушаларының, моноциттердің өсіп-өнуін сергітеді; Пролиферацияны тежейтін медиаторлар: ● өспелерді жоятын фактор - макрофагтарда, табиғи жендет жасушаларында өндіріледі; ● өзгерген β-өсу факторы - эндотелий жасушаларында, тромбоциттерде, Т-лимфоциттерінде, макрофагтарда өндіріледі және қан плазмасында әсерленеді. Аз мөлшерлерде бұл фактор тромбоциттердің өсу факторы түзілуін сергітеді, фибробластардың коллаген және фибронектин түзуін арттырады. Ал, бұл фактор тым артық болып кетсе, онда, керісінше, пролиферацияны тежейді. Созылмалы қабыну. Созылмалы қабыну мен жіті қабынудың біршама айырмашылықтары бар. Созылмалы қабыну дер кезінде дұрыс емделмеген қауырт қабынудың нәтижесінде дамуы немесе өз бетінше бірден созылмалы болып басталуы мүмкін. Ол қабыну туындатқан себепкер ықпалдың түріне және ерекшеліктеріне байланысты. Созылмалы қабыну дамуының негізінде макрофагтардың фагоцитоздық белсенділігі төмен болуы маңызды. Сонымен жіті қабынудың жасушалық құрамында көп-түрлі ядролы лейкоциттер басым болса, созылмалы қабынуда бір ядролы жасушалар жинақталады. Бір ядролы жасушалардың ошақталып жинақталуынан қабынған тінде майда түйіршіктер қалыптасады. Сондықтан ондай қабынуды түйіршіктелген қабыну немесе «гранулема» деп атайды және ол қабынудың ұзақ мерзімде созылмалы түрде өтуіне ықпал етеді. Жіті қабыну микроциркуляцияның бұзылыстарымен, эксудация құбылысының басымдылығымен басталса, созылмалы қабыну әсерленген макрофагтардың көп мөлшерлерде жиналуымен басталады.
18.Қызба кезінде зат алмасужәне физиологялық жүйелер қызметінің өзгерістері.Организм үшін қызбаның жағымды және жағымсыз жақтары.Пиротерапия. Қызба белгілі бір дерттер кездерінде болатындықтан ағзалар мен жүйелердегі өзгерістер сол аурудың патогенезіне және ет ысуына байланысты болады. Сондықтан таза қызбаның әсерлерін тек жануарларда ғана зерттеуге болады. Қызба кезінде ең айқын өзгерістер қан айналым жүйесінде байқалады. Дене қызымының 1˚С-ға көтерілуі, тамыр соғуының минөтіне 8-10-ға жиілеуімен сипатталады. Тыныс алу қызбаның бірінші сатысында біршама сирейді. Ары қарай дене қызымы үлкен деңгейге жеткен соң, тыныс, кейде 2-3 есе жиілейді. Бұл кезде тыныс алудың тереңдігі азаяды, бірақ оның жиілеу есебінен өкпенің минөттік желдетілуі өзгермейді. Сыртқы тыныстың жиілеуі мидағы тыныс алу орталығының ыстық қанмен қоздырылуынан болады. Қызба кезінде ас қорыту жүйесінде айқын өзгерістер пайда болады, сілекей бөлінуі азаяды, асқазан сөлінін бөлінуі мен оның қышқылдығы төмендейді, ішек- қарынның қимылдық әрекеттері әлсірейді. Қызба эндокриндік жүйенін өзгерістерімен сипатталады. Бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабаты глюкокортикоидтық гормондарды артық түзеді. Жұқпалы аурулар кездерінде ет ысуы қалқанша бездің гормондарының көп түзілуіне әкеледі. Осыдан негізгі алмасу көтеріледі. Қызба кезінде зат алмасу үрдістерінің барлық түрлері бұзылады. Ең алдымен көмірсуларының алмасуы бұзылады. Бауырда, бұлшықеттерде гликогеннің мөлшері азайып, қанда гипергликемия дамиды. Қызбаның организм үшін маңызы. Қызба кезінде тіндердің бүлінуі мен қорғану-икемделу үрдістері диалектикалық бірлікте болады. Бұл кезде дене қызымын әртүрлі дәрі-дәрмектермен төмендету негізгі аурумен байланысты дерттік өзгерістерді жоғалтпайды, керісінше, жұқпалы аурулардың өтуін ауырлатуы мүмкін. Ет ысуының теріс жақтары. Жоғары температураға кейбір адамдардың даралық жоғары сезімталдығы болуы мүмкін. Қызба кезінде адамның естен тануы және тырыспа-селкілдек ұстамалары дамуы ықтимал. Бұндай жағдайлар, әсіресе жаңа туған балалар үшін, өте қауіпті. Өйткені оларда термореттеу жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Қарттар және жүрегі ауыратын адамдар ет ысуын ауыр көтереді. Себебі қызба кезінде жүректің жұмысы ауырлайды. Сондықтан жүрек қызметінің жеткіліксіздігі дамуы мүмкін. Қызбаның 3-сатысында дене қызымы күрт түсуінен, қан тамырларының тез кеңуінен коллапс дамуы ықтимал. Қызба кезінде адамнын жұмысқа қабілеті төмендейді, көніл-күйі нашарлайды. Қызбаның пайдалы жақтары. Дене қызымы көтерілуден: ● микробтардың өсіп-өнуі баяулайды, антибиотиктерге және бактериялар- дың өсіп-өнуін тежейтін басқа дәрілерге олардың төзімділігі азаяды; ● жасушаларда зат алмасу үрдістері артып, олардың атқаратын қызметтері жақсартады; ● лейкоциттердің фагоцитоздық әсерлері сергиді; ● антиденелердің өндірілуі артады; ● бауырдың уытсыздандыру қызметі күшейеді; ● қабыну ошағында нейтрофилдер және макрофагтар: бактерицидтік заттар, антитоксиндік және вирустардың өсіп-өнуін тежейтін заттар өндіреді. Осы көрсетілгендерге байланысты дене қызуын жасанды түрде көтеру әртүрлі жұқпалы және жұқпалы емес ауруларды емдеу үшін қолданылады. Ол үшін улы әсерлерінен тазартылған пирогендік заттарды организмге енгізеді. Бұндай емдеу әдісін пиротерапия дейді. Пиротерапия мерезді, созды, тері ауруларын, полиартриттерді, ауыр өтетін гипертензияларды т. б. емдеу үшін пайдаланылады. Пирогендер күйіктен кейінгі бұжырланған тыртықтарды, жұлын мен шеткері жүйкелердің жарақаттанудан бүліністерін емдеу кездерінде жағымды әсер етеді. Олар глиалдық және коллагендік тыртықтардың құрылуын тежейді, ескі тыртықтарды жұмсартады.
19.Аллергия.Этиологиясы,сыртқы және ішкі аллергендер.Аллергиялық серпілістердің Кук, Джелл және Р.Кумбс бойынша жіктелуі.