13-жаттығу. Төмендегі сөздерге сингармонизмге бағынбайтын қосымшаларды жалғап, сөйлем құрап жазыңдар.
Сән, бал, саясат, өнер, арба, ем, жұмыс, әке, есім, қала, жол, Жұмабай, Жақы.
№ 4 практикалық сабақ. Дыбыс үндестігі (ассимиляция).
Сөз бен қосымшаның жігінде немесе сөз аралығында дауыссыз дыбыстардың бірін-бірі өзіне ұқсата әсер етуі дыбыс үндестігі немесе ассимиляция деп аталады.
Қол, көз деген сөздер үнді дыбысқа аяқталып тұр, оған ұяңнан басталатын қосымща жалғанады. Мысалы: қолда, көзден.
Мектеп, қас деген сөздердің соңғы дыбыстары қатаң болғандықтан, оған ұяңнан басталатын қосымша емес, қатаң дыбыстан басталатын қосымша жалғанады. Мысалы: мектептер,қастық. Бүл мысалдарда түбірдің соңғы дыбысы қосымшаның басқы дыбысына әсер етіп тұр. Кейде, керісінше, соңғы дыбыс өзінен бұрын тұрған дыбысқа әсер етіп, оны өзгертеді. Мысалы: мектеп-мектебі, көк-көгі.
Қатар келген дыбыстардың алдыңғысы соңғысына, соңғысы өзінен бұрынғы дыбысқа әсер етуіне қарай дыбыс үндестігі (ассимиляция) екіге бөлінеді:
1) Ілгерінді ықпал (прогрессивтік ассимиляция)
2) Кейінді ықпал (регрессивтік ассимиляция).
Ілгерінді ықпал. Сөз бен қосымша, сөз бен сөз арасындағы алғашқы дыбыстың соңғы дыбысқа өзіне ұқсата әсер етуін ілгерінді ықпал (прогрессивтік ассимиляция) деп атаймыз.
Ілгерінді ықпал мынадай жерлерде кездеседі:
а) Сөздің соңғы дыбысы дауысты немесе үнді я ұяң дауыссыздар болса, оған жалғанатын, дауыссыздан басталатын қосымша үнді немесе ұяң дыбыстардан басталады. Мысалы: терезе-лер, адам-ға, қаз-дар, үй-ден, бағана-лар, қыз-ды, өнер-дің, әке-ге, жан-ға, әлем-нен, сана-лы т. б.
ә) Сөздің соңғы дыбысы қатаң дыбысқа аяқталса, оған жалғанатын, дауыссыздан басталатын қосымша қатаңнан басталады. Мысалы: мектеп-ке, қасық-ты, есеп-тер,азамат-тар, көрік-тi, өндіріс-тің, қарындас-қа т. б.
Ескерту. Б, в, г, д дыбыстарыиа аяқталған сөздердің айтылуы ескеріліп,қосымша оларға қатаңнан басталып жалғанады. Мысалы: Ленинград-қа, Оспанов-ты, клуб-қа, педагог-тар т. б.
Қазақ тілінде қолданылатын ілгерінді ықпал бойынша, бірсыпыра дыбыстар сөзде басқа дыбыстармен алмасып айтылады, бірақ түбірі сақталып жазылады.
1) Қатаң дыбыстардың әсерімен сөз басындағы б, г, ғ, ж дыбыстары қатаң п, к, ш дыбыстарымен алмасып естіледі, жазуда б, г, ғ, ж әріптері жазылады. Мысалы: Жақыпбек - Жақыппек, көк бауыр - көк пауыр. Көрікбай - Қөрікпай, ақ бақай - ақ пақай, Көк гүл - көк күл, қас жау - қаш шау, қаш жылдам - қаш шылдам, жас жалын - жаш шалын, қос жүйрік - қош жүйрік, Азатгүл - Азаткүл.
2) Түбір ш дыбысына аяқталып, қосымша с-дан бастал са , ол ш болып айтылады, с-мен жазылады. Мысалы: аш-са — ашша, іш-се — iшшe, өш-сің — өшшің, (суды) кеш-сең — кешшең, түйреуішсіз — түйреуішшіз, көш-сіз — көшшіз, қаш-саң — қашшаң, білгіш-сің — білгішшің, көнгіш-сің— көнгіш-шің.
3) Сөз дауыстыға, ұяңға, сонарға аяқталып, оған қосылатын морфема қатаң қ , к дыбыстарынан басталса, ол ұяң ғ, г дыбыстарына айналып естіледі, жазуда сөздің түбірі сақталады. Мысалы: ала қап — ала ғап, қара көк — қара гөк, Мал қора — мал ғора, қара күз — қара гүз, алтын көк — алтын гөк, ала қол — ала ғол, келе көр — келе гөр, ала көз — алагөз.
Достарыңызбен бөлісу: |