Қолтығына дым бүрке берме.Қолтығына дым бүрке берсең, желіге береді.
Мақал-мәтел
«Аяғын көріп, асын іш анасын көріп, қызын ал» деген бар ғой, бәйбіше, «егдеге ізет, жасқа жол» дегендей, Әділ екеуіміз жел ортасы жасқа келдік, ізет көрдік, енді жастарға жол ашу лазым емес пе (Ж . Т.).
Мақал мен мәтелдің мағына жағынан өзара айырмасы болады: мақалда өмір тәжірибесінен екшелеп алынған ақыл, өнеге, оқушыны жақсыға баулып, жаманнан аулақ болуға үйрететін кеңес берілсе, мәтел белгілі бір ойға, ұғымға ишара жасайды, онда астарлап, жұмбақтап айту мәні басым болады. Салыстырыңыз:
Мақал
Еңбек етсең, емерсің. Көп қорқытады, терең – батырады. Күлме досыңа – келер басыңа. Білек сүріндіре алмағанды білім сүріндіреді.
Мәтел
Сиыр судан жериді, су сиырдан жериді. Той дегенде, қу бас та домалайды. Әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас. Соқыр тауыққа бәрі бидай.
Мақал мен мәтел айтайын деген ойымыздың мақсатын, желісін тыңдаушыға бірден аңғартуға немесе сөйлеген сөзімізден қысқа, тұжырымды қорытынды шығаруға үлкен жеңілдік туғызады. Мысалы: Сыпайы сырын жасырмайды дегендей, мен саған, інішегім, бір сырымды айтқалы келе жатырмын (С. М .). Мұнда Сыпайы сырын жасырмайды деген мақал, бір жағынан, сөйлеушінің өз ойын білдіру үшін сөзді неден бастауға мүмкіндік туғызса, екіншіден, оның нені айтқысы келе жатқанын тыңдаушыға бірден аңғартады. Көп күшіне сенеміз, Көп түкірсе, көл деген (И. Дәукебаев). Бұл сөйлемде Көп түкірсе, көл деген мақал Көп күшіне сенеміз деген негізгі ойды бекітіп, тұжырымдап тұр.
Мақал-мәтелді орынды қолдана білу керек. Егер сөйлеуші өз сөзінің ішінде мақал-мәтелді қалай болса солай келтіре берсе, «Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап, Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап», «Ескі бише отырман бос мақалдап», – деп Абай айтқандай, сөзінің қадірін кетіріп, тыңдаушыны жалықтырар еді. Орынды қолданылған мақал-мәтел сөйлеушінің ойын дәл, ашық та әсерлі етіп беруге көмектеседі, ол – сөйлеу мәдениетінің сапасы жоғары екендігіне бірден-бір айғақ болады.
Екінші бір ескертетін нәрсе – мақал-мәтел ауыз әдебиетінің бір жанры болып есептелетіндіктен, мазмұны жағынан таптық сипатта болады. Демек, кез келген мақал-мәтелді қолдана беруге болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |