Буын беті (facies articularis) – гиалинді кейде талшықты, қалыңдығы 0,2 – 0,5 мм болатын буын шеміршегімен жабылған. Үнемі үйкелісте болатындықтан буындық беттің сырғанауын жеңілдету үшін шеміршек жылтырлыққа ие болған. Буын беттерінің пішіндері әр түрлі, бірақ бір-біріне сәйкес, яғни конгруентті болып келеді.
Буын шеміршегі (cartilage articularis)- екі қабаттан тұрады.Шеміршектің терең қабаты сүйекпен тығыз байланысқан және кальций тұздарымен сіңірілген.Бұл қабатта хондроциттер (шеміршекті жасушалар) дәнекер-тінді талшықтармен қоршалған, олар қатар немесе бағана түрінде беткейге қарай перпендикуляр орналасқан.Шеміршектің беткей қабатында доға түріндегі дәнекер- тінді талшықтар көп , олар терең қабатта басталып,сонда аяқталады.Бұл талшықтар шеміршектің бетіне қарай параллель бағытталады.Сонымен бірге бұл қабатта көптеген аралық заттар орналасқан, соған байланысты шеміршектің буын беті тегіс,жылтыр.Шеміршектің беткей қабаты буын беттерінің бір –біріне сырғанауын қамтамасыз етеді.
Буын шеміршектерінің маңызы –сүйектердің буын беттерінің бұдырларын тегістеп конгруэнттілігін арттырады және үйкелісін тежейді.Өзінің серпімділік күшінің әсрінен соққылар мен шайқауларды жұмсартады, сондықтан буындардағы буын шеміршектеріне үлкен жүктеме түсетіндіктен , шеміршек қалың болады. Жас ұлғайған сайын буын шеміршегінің қалыңдығы мен тегістігі азаяды.
Буын капсуласы (capcula articularis) –буын қуысын саңылаусыз қоршап, буын беттерінің жиектеріне бекиді. Сыртқы - фиброзды жарғақтан (membrana fibrosa) және ішкі – синовиалды жарғақтан (synovialis) тұрады.
Фиброзды жарғақтың өзі екі тығыз дәнекер тінді : сыртқы бойлық және қан тамырлар жататын ішкі шеңберлі қабаттардан тұрады.Капсуланы буын ішілік капсулалық жалғамалармен бекітіп, буылтықтар түзеді және олар ауырлық көп түсетін жерлерде орналасады. Қимылы шектеулі буындарда фиброзды жарғақ қалыңдау,ал қимылы үлкен буындарда жұқа болады.
Синовиалды жарғақ эндотелий жасушалар қабатымен жабылғандықтан тегіс және жылтыр әрі бүрлер, қатпарлар және жастықтар түзуге қатысады. Ол буын қуысына жабысқақ, мөлдір синовиалды сұйықтық – синовияны (synovia) бөледі, ал ол өз кезегінде буын беттерінің үйкелісін азайтады. Сонымен қатар оның құрамына муцин ,мукополисахаридтер және гиалурин қышқылы кіреді. Буын қуысындағы сұйықтық көлемі буынның көлеміне байланысты және 5 мм3 - 5см3 дейін. Синовиалды сұйықтықтың қызметі: қимыл кезінде үйкелісті тежейді, жүктемені жеңілдетеді, буын шеміршегін қамтамасыз етеді, буын беттерінің беттесуін реттейді, зат алмасуға қатысады.
Буын қуысы ( cavitas articularis) – буын беттерімен және капсуламен шектелген кеңістік. Қалыпты жағдайда ол бос қуыс емес, синовиалды сұйықпен толып тұрады. Сұйықтық алмасуда және буындық беттерін іліктестіру арқылы бекітуде роль атқарады. Беттердің сығылу және соғылуын жұмсартатын буфер қызметін атқарады.