Синтез- зерттелетін құбылыстың бөліктерін біртұтас құбылыс ретінде қарастыру.
Тәжірибелік әдіс - құбылыстарды, процестерді танып білу үшін тәжірибе жасау.
1.2. Экономикалық теорияның қалыптасуы мен тарихи даму кезеңдері. Кең көлемде сан алуан халықтар еңбек етіп, қоғамдық өндіріс, өзара байланыс, айырбас жүргізіп, түрліше табиғи жағдайда өмір сүріп келеді. Адам өміріндегі ең қажетті шарт — аш-жалаңаш, баспанасыз болмауы үшін еңбек ету, еңбек нәтижесін тұтыну, өзара айырбас қатынастарының болуы. Адам жападан-жалғыз күн көре алмақ емес.
Алғашқы қауымда адамдардың табиғи ортада хайуанаттардан бөлініп шығуының өзі бірлескен еңбекке байланысты. Тарихтағы тұңғыш экономикалық ой-пікір алғашқы адамдардың бірлесіп тағы аңдарды аулауы деуге болады. Экономикалық қатынас өмір қажеттілігінен туады. Ежелгі дүниедегі экономикалық кейбір құбылыстар мен процестер Египет, Қытай, Үндістан, Греция, (Ксенофонт, Платон, Аристотель, т. б.) ойшылдарының еңбектерінде қарастырылды. Мәселен, Аристотель тауар құны деген ұғымға тоқталып, оның айырбас қатынасынан шығатынын байқаған. Бірақ ерте дүниеде, орта ғасырларда экономикалық ой-пікір ғылым болып қалыптаспады. Оның себебі ол заманда тауар-ақша, нарық, сауда дамымады, шаруашылық негізінен тұйық натуралды — заттай жүргізілді.
Экономикалық ой-пікірлердің ғылыми тұжырымдалып қалыптасуы сауда, өнеркәсіп капиталының дами бастауына байланысты болды. Бұл кезең негізінен Еуропада XVI-XVII ғасырларда қамтиды. Ал Ресейде тауар-ақша қатынастар 1861 жылғы реформадан соң дамыды. Қазақстан елінде XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басында сауда капиталы, тауар-ақша айналымы, халықаралық нарық, еңбек бөлінісіне қамту процесі бірте-бірте жанданған.
Алғаш рет өз алдына қалыптасқан ой-пікірдің белгілі бағыты — Меркантелистермектебі. Ол (мерканте — итальян сөзі сауда, пайда табу) қоғамдық байлықтың негізі ақша, алтын деп біледі. Меркантелистердің талабы тауарды шет елдерге мүмкіндігінше көп сату, олардан мейлінше аз сатып алу, сөйтіп ақша қорын молайту жолдарын іздеуі. Демек, меркантелистер сауда капиталының мүддесін қорғаған.
Бірақ сауда капиталы қоғам байлығын, адамдардың әл-ауқатын көтеретін күш емес. Оның себебі айналыс, айырбас саласында тек қана құн формасы ауысып тұрады, екінші сөзбен айтқанда, тауар, оның құны бір қолдан екінші қолға өткенде ешбір жаңа тауар, жаңа құн жасалмайды. Демек меркантелистер теориясы ғылыми дәлелденбеген, ол халық шаруашылығын толық қамтитын ілім болған жоқ. Меркантелистердің осы осалдығын физиократтар байқады да, қоғамдық байлық, саудада емес, өндірісте екенін дәлелдеді. Бірақ физиократтар Ф. Кенэ, А. Тюрго т.б. өндіріс қатарына тек ауыл шаруашылығын жатқызды. Олардың пікірінше, қоғам байлығының бірден бір көзі ауыл шаруашылығы өнімдері, сондықтан өсімтал тап қатарына тек қана шаруалар жатады деген ұғымды дәріптеп, Ф. Кенэ тұңғыш рет ұдайы өндіріс теориясына қатысты "Экономикалық кесте" жасады.