Метафора (гр. Metaphora-ауысу)- сыртқы не ішкі белгілеріндегі ұқсастыққа қарап, бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуы. Мағына ауысуының бұл тәсілінің негізінде ұқсату заңдылығы жатыр. Осы тұжырымды негізге ала отырып, қазақ тіл білімінде жеке қаламгерлердің шығармалдарына ден қойып, ондағы метафоралық құбылыстардың сипатын ұлттық болмыстан, ұлттық нақыштан іздеу және әлемдік метафораны салыстыра қарастыру біршама зерттеу нысанына айналып келеді. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі ғалымдардың еңбектерінде метафораның лингвистикалық табиғаты кеңінен түсіндіріліп, оның ұлт тіліндегі танымдық қызметі мен ғылым тіліндегі маңызы көрсетілген. Метафораның концептуалдық қызметі, ерекшеліктері мен түрлері, термин жасаудаға рөлі арнайы зерттеліп, оған құрылымдық сипаттама жасалған. Сондай –ақ жеке суреткер –ақындардың шығармаларындағы өзіндік сарын, өмірдегі құбылыстар мен дүниелерді суреттеуін жеке-жеке жүйелеп талдаған. (Г.Н. Зайсанбаева, А.Есқараева, Э.Р.Когай, А.Сыбанбаева) т.б
Әрбір ғалым әрбір ұлттың ғалымы бұл мәселені зерттеуде өзінің сипаттау аспектісін таңдап, өзіндік зерттеу пәнінің негізін қалыптастырады. Бұл метафораның терең сырлы табиғатын айқындап, оның пайда болу үрдісін білу, метафора теориясының қалыптасуы үшін аса маңызды болды.
Метафора –ұлттық тілдегі өзіндік күрделігі бар, әр түрлі ұлттық бояуға қаныққан категория. Метафораның тамыры ұлттың дамуы, қалыптасуы, сонымен қатар, оның өзіндік мәдениетінің, тарихының, халықтың менталитетінің қалыптасуында жатыр. Метафора қоғам мен тілдің тікелей сабақтастығының әсерінен ұлт дамыған сайын әр түрлі сипатта көрініп отыратын бірлік. Метафора –жалпы әмбебаптық сипаты бар құбылыс, сонымен қатар ол ұлттық дүниетанымға, сол тілді қолданушы халықтың тұрмыс-тіршілігіне, табиғатына, қоршаған ортасына тән, бір сөзбен айтқанда, мәдениеттің тілдегі көрінісі.
Метафораның дамуынан, оның жеке авторлық қолданыс аясынан ұлттың дамуын, тілдің дамуын, тілдің даму көрінісі аңғарылады.Себебі, тілдегі ұлттық сурет, әлемдік сурет, адам интеллектуалы үнемі, шексіз, қарқынды дамуда болады.
Метафора –тіл құралы, ол тек шындықты суреттеуге арналған деген идея адамзаттың өмірді, яғни шындықты зерттеу әлемді қарапайым зерттеудің жалғасы деген көзқарасынан туындайды. Жалпы, теңіз, өмір, дүние, заман, көңіл ой сияқты сөздер –адамның ішкі жан дүниесін, жалпы өмірді жырлаған жазушының философиялық обьектілері.
Метафораның мағына дамуынлағы маңызы туралы А. Байтұрсынұлы, Ә.Болғанбайұлы, М.Балақаев, Ғ. Қалиұлы құнды пікірлер айтқан. Оның қызметіне, қолданыстық ерекшеліктеріне Б.Хасанов зерттеу еңбегін арнаған. Әлем тіл білімінде метафораның адамның ойлау үрдісін қалыптастырушылық қасиетін ескеріп, оны басқа қырынан қарастыруды алға тартады. Соңғы уақытта бұл тақырып когнитивистикамен айналысушы ғалымдардың қызығушылығын тудырады.
Метафора кез келген халықтың ұлттық тілінің тіршілік, әлеуметтік, қоғамдық өмірімен тығыз байланысты.