Курстық жұмыс тақырыбы - Сәкен Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй» романы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктері.
Жұмыстың мақсаты – Сәкен Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй» романы тіліндегі фразеологизмдердің стильдік қолданысын, синоним,омоним, антонимдердің қолданылуын және көркемдегіш – бейнелеуіш тәсілдердің, оның ішінде теңеу, эпитет, портрет, метафора, кейіптеу,метонимия, синекдоханың шығармадағы қолданылу ерекшеліктерін анықтау.
Жұмыстың міндеттері:
Осы мақсатқа жету барысында мынадай міндеттер қойылады:
1) Шығарма тіліндегі лексика-фразеологиялық ерекшеліктерін таба білу;
2) Шығармадан синоним, антонимдерді, омоним сөздердің стильдік ерекшеліктерін табу;
3) Шығармадан эпитет, теңеу, синекдоха, метафора, метонимия тағы басқа көркемдік тәсілдерді тауып, олардың стильдік қызметіне тоқталып талдау, ерекшеліктерін анықтау.
Жұмыстың нысаны – Сәкен Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй» романы
Зерттеу жұмыстың жаңалығы:
Шығармада теңеу, фразеологизм, мақал –мәтелдердің көп қолданылуы.
Жұмыстың құрылымы – кіріспеден, ІІ бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
I.Шығарма тілінің лексикалық ерекшелігі
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдердің зерттелу жайы Фразеология деген термин негізінен екі түрлі мағынада қолданылады. Бірінші мағынасы тілдегі тиянақты тіркестерді тексеретін тіл білімінің саласы дегенді, екіншісі- бір тілдегі фразеологизм байлығының тұтас жиынтығы дегенді білдіреді. Тілдің лексикасында қаралатын лексикалық бірліктерден басқа тіл бірліктерінің тұрақты сөз тіркестері деп аталатын неғұрлым ерекше түрі қалыптасқан. Бұларды тіл білімінің фразеология саласы зерттейді.
Осы күнгі тіл білімінде фразеологизм деген ұғым кең мағынада қолданылады. 1990ж шыққан «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» фразеологизмге мынадай анықтама берілген: «Фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын, семантикалық және мағыналық байланыста қолданылады»
Фразеологизмдер сөйлеу және жазба тілде бағалауыштық қызметімен ерекшеленіп, өзіндік бейнелі, эмоционалды-экспрессивті жағынан айтушы мен тыңдаушы арасында жай хабарласу, ойды көркем жеткізу ғана құралы емес, түрлі сезімдік жақтарына әсер ету мүмкіндігіне ие болатын бірліктер ретінде танылады.
Фразеологизмдердің мұндай ерекше қасиетіне қазақ тіл білімінде І. Кеңесбаев назар аударған. Ғалым І. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты көлемді еңбегі тек қазақ тілінде ғана емес, бүкіл түркологияға қосылған елеулі үлес деп қарауға болады. Автор аталған сөздіктің « Қазақ тілінің фразеологизмдері туралы » атты бөлімінде қазақ тіліндегі фразеологимдердің теориялық мәселелерін жан- жақты қарастырып, біраз ілгері дамытқан. Фразеологизмдерге тән үш түрлі ортақ белгі болғанымен, бұлар бір-бірінен әрдайым ашық ажыратыла бермейді. Бұл белгілер, әсіресе мағына тұтастығы бірінен ап- айқын көрінсе, екіншісінен көмескі, үшіншілерінен өте солғындау болып кездеседі. Сондықтан фразеологизмдерді түр-түрге бөліп топтастыру тіл біліміндегі ең күрделі де қиын мәселелердің бірінен саналады. Зерттеушілер бірде тұрақты тіркестің біртұтас мағынасы мен солардың құрамындағы сыңарлардың ара қатынасына қарай жіктеп бөлсе екіншілері құрылым-құрылысы жағынан, үшіншілері атқаратын қызметі мен стильдік мәні жағынан топтастырады.Орыс тілі білімінде академик, В.В. Виноградовтың классификациясын негізге алып бөледі.
Қазақ тіліндегі фразеологизмдер де фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік және фразеологиялық тізбек болып, негізінен үш топқа жіктеледі.