Қауіпсіздік кеңесі. Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі қызметі – халықтар
арасындағы бейбітшілікті сақтау. Оған 15 ел кіреді. Оның бесеуі Қытай,
Ұлыбритания, АҚШ, Ресей және Франция тұрақты мүшелер. Қалған 10
мүшені географиялық ұсыныс негізінде Ассамблея 2 жыл мерзімге
сайлайды және олардың бесеуі жыл сайын сайланады. Жарғыға сәйкес
БҰҰ мүшелерінің барлығы ҚК-нің шешіміне бағынады. БҰҰ-ның Бас
Ассамблея сияқты өзге органдары үкіметтерге тек ұсыныстар ғана жасаса,
Қауіпсіздік Кеңесінің мүше-мемлекеттер орындауға міндетті шешімдер
қабылдауға өкілеттілігі бар. Алайда, тұрақты мүшелердің кез келгені
қалған 14 мүше қолдап тұрған қандай да бір шешімнің орындалуына
кедергі жасай алады. Бұл «Вето» құқығы деп аталады. БҰҰ құрылғаннан
бері ірі державалар күштерінің салмағы өзгерді. БҰҰ-ға 100-ден астам
жаңа мүше-мемлекеттер кірді. Осындай өзгерістерден кейін Қауіпсіздік
Кеңесін қайта құру туралы талаптар барған сайын табанды түрде қойылып
келеді.
Экономикалық және әлеуметтік кеңес. ЭӘК үш жылға сайланатын
54 мүшеден құралған, олардың 18-і жыл сайын сайланады. Шешім
қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Кеңес Бас Ассамблеяда
экономикалық даму, экология, адам құқығы және басқа да экономикалық
мәселелерге қатысты ұсыныстарды талқылайды, зерттейді және ұсыныстар
жасайды.
Қамқорлық жөніндегі кеңес. Кеңес қамқорлық жүйесіне кіргізілген
қарамағындағы бұрынғы отар елдер аймақтарының басқарылуын
қадағалайды. Оған аталған елдерге жауап беретін мемлекеттердің сол
елдердің прогрессивтік бағытта дамып, өзін-өзі билеуге қол жеткізуіне
жәрдемдесуін қамтамасыз ету міндеті тапсырылған.
1994 жылы сондай қамқорлықтағы 12 аймақтың соңғысы – Палау
тәуелсіздігін алып, сол жылдың желтоқсанында БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер
қатарына қосылды. Осы кезден бастап Кеңес ресми түрде өз қызметін
тоқтатты.