Бейсембі (Төлешке ашуланып) Оңбаған, құдай жүзін көрмегір, сенің алдыңғы сұмдығың жетпеп пе еді? Қолың батып әкеңнің басын жарып отырғаның – анау. Қанішер арам болғаның аз болды ма? Енді арамдығыңды қостауға, әділет айтқан кісімен жауласуға мынаны алдырып отырсың ғой. Боқты сүйеу болар саған осы! Пәленің үстіне пәле туғызғың келген екен, сенің бойыңды өшірермін! Жоғалт көзіңді қазір! Сенен айрылған күні өліп қалсам, көрерсің. (75 б.) («Бәйбіше – Тоқал»)
Сөз мағынасы заттық-логикалық ұғымнан басқа айтушының көңіл-күйін, сезімін, сонымен бірге сөздің грамматикалық сипатын да білдіре алады. Әрине, бұдан сөз мағынасының ұғымнан кең екендігін көреміз. Бұл туралы мәтін және күрделі сөйлемдердің мағыналық құрылымдарын қарастырған М.В. Ляпонның «Сөздің поэтикалылығы, образдылығы ескерілетін поэтика тілінде сөздің синтаксистік құрылымдары, сөйлем тізбектері барысында әртүрлі (коннататты, эмоциялық) семаларды иеленуі поэтикалық тілдің семантикалық ерекшеліктерін танытады» [83, 72 б.],-деген пікірі бар. Себебі, поэтикалық қолданыстағы сөздердің эмоциялық, коннататтық (қосымша мағыналық реңк, стильдік бояу) мағыналары контекст, мәтіннің композициялық жүйесінде анықталады.
Деректі нысандар мәтіннің синтаксистік-композициялық құрылысында субъектінің көңіл-күйін көрсетеді. Мұндай деректі ұғымның дерексіздікке, дерексіз ұғымның деректілікті иеленуі поэтикалық құбылысқа жатады. Поэтикалық контекстердегі коннататтық семалардың анықталуы автор-субъектінің эмоционалдық-экспрессивті көңіл-күйін, белгілі бір нысанға деген қарым-қатынасы мен оны қабылдау мүмкіндіктерін танытады. Мысалы, дос немесе сүйем сөздерін жай алғанда ешқандай образ жоқ. Ал шығармада осы сөздер бүтін бір поэтикалық образ жасап тұр:
Кебек. «Өз көңілімді барласам дүниенің бәрі дос. Жарқыраған күн де дос, тұнжыраған түн де дос. Сауық құрам – ән сүйем, саят құрам – аң сүйем, жалын ұрам – жар сүйем» (13 б.). («Еңлік – Кебек») Мұнда суреткер осы дос, сүйем сөздерін орынды қайталау арқылы поэтикалық терең образ жасаған.
Оразбай (өз тобынан оқшау шығып, Абайға қарсы кеп). Босаттым деп жауланып тұрсың ғой. Жоқ, әлі босатқан жоқсың, көрермін! (316 б.) («Абай»). Осындағы жауланыпдеген сөзді драматург нұрланып деген мағынада қолданған.
Абай. Ей, қу-қу заман, әзелде тағдыр бұйрығы сол болса, қу сыбағам арпалыспен өтер болса, тым құрыса жыртқыш емес, адам ұлымен алыстырсаң етті... (316 б.) Мұндағы қосарлану тәсілі арқылы жасалған қу-қу қайталама қос сөзі ауыс мағынада қолданылып, стилистикалық қызмет атқарып тұр.