110
Колон жайын осылайша қысқаша қайыра тұрып, негiзгi әңгiмемiзге
оралайық. Әдебиеттануда “өлең құрылысы” немесе “версификация” деген де
түсiнiк бар. “Versus” сөзiнен өрбитiн “версификацияның” мағынасы “өлең
құрастырушылық” дегенге саяды. Қалай болғанда да,
өлең құрылысы дегенде
өлең тiлiндегi дыбыстық құрамды үйлестiру тәсiлiн түсiнемiз.
Сұрақ. Жоғарыда өлеңге берiлген анықтаманы жiктей қарастырар
болсақ, бiрiншiден,
өлең сөз – өз ара байланысты бөлiктерге бөлшектеуге
келетiн жүйелi көркем сөз екендiгiн; екiншiден,
өлең сөз – шамалас
бөлiктерге бөлшектеуге келетiн жүйелi көркем сөз екендiгiн байқаймыз.
Олай болса,
“өз ара байланысты бөлiктер” деген тiркестiң мәнiн қалай
түсiнген абзал?
Жауап. Прозалық мәтiндi оқу кезiнде негiзгi мағыналық желiнi қуалай
оқу дағдысы басым болып тұратындықтан, сөйлем құрамындағы сөздердiң
бәрi бiрдей қаз-қалпында жадымызда қала бермейдi. Ал өлең оқығанда,
әсiресе, ұйқасқа құрылған өлең оқу кезiнде, әрбiр тармақ соңында алдыңғы
тармақтың соңғы сөзiне мiндеттi түрде оралып отырамыз. Басқаша айтқанда,
прозадағы сөздер бiрiмен-бiрi тiзбектеле байланысса, өлең мәтiнiндегi сөздер
“тiзбектiк” байланыспен қатар “сатылы” байланыс та жасап тұрады. Бұл
жағдай прозаға қарағанда, өлең сөздегi әр сөздiң өзара байланыстылық
жүйесiн ұлғайтады да, соған сәйкес өлеңдегi әр сөздiң мағыналық жүгi де
салмақтана түседi.
Анықтамадағы екiншi сыңардың, яғни
“өзара шамалас бөлiктер” деген
тiркестiң мәнi неде? Бөлiктердiң өзара шамалас екендiгiн тану үшiн қандай
өлшемдерге сүйену қажет? Бұл сұрақтарға жауап беру әңгiмемiздiң
бастауында өзiмiзге өзiмiз қойған сауалдардың екiншiсiне де жауап болып
шығады.
Достарыңызбен бөлісу: