Қалас жамалов әлемдік өркениет іздері: ежелгі шығЫС



Pdf көрінісі
бет106/113
Дата01.12.2022
өлшемі36,74 Mb.
#54227
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   113
ТҮРКІЛЕР
Жалпы Еуроорталық көзқарас бойынша, тек Еуропа халықтары 
ғана өз уақытында грек мұраларынан көрініс тапқан таза парасат 
идеяларының қолданушысы болады. Ал Шығыс халықтарының 
алдыңғы қатарлылары ғана оны ұғынуға, меңгеруге қабілетті... Мы-
салы, Гегель оқырман қауымды уақыт жағынан алғанда бірінші са-
налатын шығыс философиясын теориялық ойға ешқандай қатысы 
жоқ алғашқы белгісіздік болып көрінеді деген ұстанымға сендіргісі 
келеді. «Жалпы философия, 
жеңіл қабылдауға болатын 
Шығыс халықтарының діни 
дүниетанымдық көзқарасы, 
ол ең көп болғанда діни 
түсінік тәсілі» [133, 108 б.]. 
Демек, келтірілген пікір 
теориялық ойдың тек Еу-
ропа халықтарының табиғи 
қасиеті болатынына ал, 
Шығыс 
халықтарының 
ойының қандай да бір 
өзіндік 
құндылығының 
болмайтынына меңзейді.
Ежелгі түркілер сенімі. Тіршілік бастауларының ерекше- 
ліктеріне қарай, жануарлар культі тұрмыс-салт және өнердің 
қайнар көзіне айналады. Есте жоқ ерте заманнан олардың 
таңғажайып бейнелерін тасқа салынған таңбалардан көруге бола-
ды. Әрине, қолға үйретілген жануарлар мен дала тағыларының 
тек өмірлік мәні ғана емес, сенім түрлерімен де байланыстылығы 
күмәнсіз. Мысалы, бізде осы уақытқа дейін төрт түліктің иесі 
болатыны туралы қалыптасқан сенім бар. Олар: жылқы иесі – 
Қамбар ата; түйе иесі – Ойсылқара, сиыр иесі – Зеңгі баба, қой 
иесі – Шопан ата, ешкі иесі – Шекшек ата. Ауыз әдебиетінен төрт 
түлікті және олардың иелерін дәріптеген, қастерлеген жырларды 
кездестіреміз. 
Көшпенділер (сақтар, ғұндар, түркілер) тіршілігінен, сенімінен 
бірізділік деп айтуға болатын ұқсастықты байқауға болады. Бұл 
Суретте: ежелгі түріктердің
сына жазуы [134]


293
бірінші кезекте тұлпар, пырақ, дүлдүл аталатын жылқымен бай-
ланысты. Авестада жылқы Күн құдайы күймесіне жегіліп, оның 
құрамдас бөлігіне айналады. Ал түркілер өмір сүрген аймақтарға 
жүргізілген қазба жұмыстары адам мәйітімен бірге көмілген жылқы 
сүйектері болғанын айғақтайды.
Ежелгі түркілердің жазу өнерінің болуы оның мәдениетінің 
өзіндік көрінісі. Тарихи дәуірдің саяси-қоғамдық өмірін баяндай-
тын «Күлтегін», «Білге Қаған», «Тоныкөк» жазба ескерткіштерін 
шежіреші Иолығтегін жазып қалдырғаны арнайы әдебиеттерде 
дәлелденеді. Ол бұл еңбегінде Түркі Қағанатының қашан және қалай 
құрылғанын, оны нығайтқан ел басшылары мен қолбасшыларының 
өмірбаянын, жүргізген күрестерін баяндайды. Л.Н. Гумилев 
Орта Азия халықтарының, соның ішінде, көшпенділердің Қытай 
мәдениетін қабылдамай қойғанына назар аударады. Ол, «Түріктердің 
өзіне тән идеологиялық жүйесі болған, олар оны көпе-көрнеу 
Қытай жүйесіне қарсы қойған». Осының арқасында Түрік Қағанаты 
құлағаннан кейін де Азияда дін алмасу, яғни әртүрлі діндер кең та-
Суретте: Түркілер даласының балбал тастары [137]


294
ралымын таба бастаған кездің өзінде де, «Қытай идеологиясы Ұлы 
даладан аттап өте алмады», – деп атап көрсетеді [135, 44 б.].
Түркілер түсінігіндегі төрт бұрышты дүниенің бәрі дұшпан болып 
тұрғанда Бумын, Естиме Қағандардың ел-жұртты қалыптастырған, 
«бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» саяси әрекеттері тарих-
та аты қалған ұлы мемлекеттің күш-қуатынан дерек береді [136,11 
б.]. Деректерден Ұлы дала кеңістігінде тіршілік қамын күйттеген 
көшпенді тайпалардың тағдырлары, қоғамдық болмыстары біркелкі 
болмағанын көреміз. Мемлекеттік құрылымға ерте жеткен елдерден 
қысым көрген олардың өздері де әртүрлі тайпалық одақтарға бірде 
күшпен, бірде өз еріктерімен бірігіп отырды. Десек те, уакытында 
құдіретті болған елдің әлсіреуіне, ыдырауына, құлауына оның ішкі 
және сыртқы қайшылықтары себеп болғанын тарихи жәдігерлер 
көрсетеді. Тарихқа көз тіксек, онда Қытай империясы билік иелерінің 
осы кезде «...бұрынғы тайпа аралық алауыз араздықты өршіту орны-
на, енді түріктің билеуші ру басылары арасындағы ұрыс-керіс, дау-
жанжал отына май...» құйғанын көреміз [ 135, 42 б.]. 
Мұрагерлер арасындағы саяси билік үшін таласқа, тайпалық 
өзара соғыстарға ішкі қайшылықтар себеп болды. Ал, өзгелердің 
«сыйға берген» дүниесіне ел басшыларының сатылуы бүркемеленген 
сыртқы қайшылық болды. Ол халық тағдырына зардабын тигізіп 
қана қоймай, елдің ертеңгі тағдырын шешкенін тарихи деректер 
айғақтайды.
Жалпы билік, ел басқару мәселесі шығыс елдерінің қоғамдық-
саяси тарихында ерекше орын алады. Түркі қағандары өздерін көк 
аспан – Тәңірінің қалауымен билік құрып отырмыз деп түсініп, сон-
дай пікірді насихаттады. Олардың ертедегі жазба ескерткіштерінің 
бірі – «Күлтегінде» Білге Қаған: «Тәңірі жарылқағандықтан, өзімнің 
бақытым бар болғандықтан... Қаған болып, жоқ кедей халықты көп 
көтердім, кедей халықты бай қылдым», – дейді [136, 8 б.].
Иолығ-тегін ойынша, парасатты адам басқарған халықтың әдет-
ғұрыптары мен заңдары мүлтіксіз орындалады, бұзық ниетті кісілер 
дұрыс басқарушы болмайды. Билеушісі нашар болса, бұрынғы әдет-
ғұрып, жоралғылар сақталмаса, ауыз бірлік болмаса мемлекеттің 
шаңырағы шайқалады, қолдан билік кетеді,-деп түсіндіреді ол. 
«Зердесіз қаған ел билегенге ұқсайды... Бектері мен халқы түзу жол-
дан шыққаны себепті, тағбаш халқының арбаушылығы себепті, 


295
аға-інілердің кектескені себепті, әкімі бар халықты шығыстырғаны 
себепті түркі халқы ел етіп құрған мемлекетін қолдан берген екен... 
Тағбаш жұртына текті ұлың құл болды, сұлу қызың күң болды» [136, 
12 б.]. Қаған түркі халқының жоқтаушысы, оның басты мақсаты, 
«іші ассыз, сырты тонсыз», жұртының қамын ойлау, халқын асы-
рау, қорғау, күші мен ісін мемлекет мүддесіне жұмсау. Шежірелердің 
жалпы мазмұны елі үшін жасалған ерлікті, тәуелсіздік, еркіндік 
ұғымдарының жоғарғы құндылығын насихаттайды. Сонымен қатар, 
біреуге бас ұрған құлдық, сатқындық, ездік пиғылдардың болғанын 
да көрсетеді... «Қандай қағанат болмасын, оның халқының ара-
сында пәтуасыз (жалқау, бойкүйез ) табылса, онда сол халықтың 
қанша соры бар десеңізші!» [136, 37 б.]. Саяси биліктің Қаған мен 
бектер қолына шоғырлануы оларға мемлекет тағдыры, қауіпсіздігі, 
халықтың бейбіт тұрмысы үшін саяси-құқықтық тұрғыда үлкен 
жауапкершілік пен міндеттер жүктейді. VІІ-VІІІ ғасырлар түркі 
Қағанатының бір орталыққа бағынған, күшейген дәуірі болды. 
Десек те, тарихи кезеңде ішкі қайшылықтар мен талас-тартыстар 
оны жегідей жеп жатқан еді. Иолығтегін қоғам өмірінің кез келген-
ге байқала бермейтін өзгерістерін көре білді. Ол кейінгі ұрпаққа 
қалдырған өсиеттерінде халықтың жоғарғы билікке мойын ұсынып, 
сөзсіз бағынуы тәуелсіздік пен бейбіт тұрмыс, берекелі тіршілік пен 
игілікті істердің алғы шарты болатынына баса назар аударылады. 
Шежіреде тұрмыс-салт мәселелері де көтеріліп, жас ұрпақты 
елін, жерін сүюге, үлкенді сыйлауға, әдептілікке, зеректікке, 
батырлық пен тапқырлыққа тәрбиелейтін әлеуметтік-саяси ұлағатты 
пікірлер айтылады. Қағанат басшыларының талас-тартыстар 
құрбаны болғаны айтыла келе, қорғаушысынан айрылған елдің 
болашақ тағдырына алаңдаушылық білдіріледі. Өткен оқиғалар 
жай ғана сипатталмай, талдаулар жасалып, бағасы беріледі. Ежелгі 
жазба деректерде тұжырымдалған өмірлік қағидалар қазір де өзінің 
маңыздылығын жоймаған ақиқат... 
Ежелгі түркі дәуірінің тағы бір құнды дерегі – ауыз әдебиеті 
арқылы осы заманға жеткен Қорқыт Ата туралы түркі тілдес 
халықтар арасындағы аңыздар. Қорқыт ата мұралары саралана-
тын зерттеушілер еңбектерінде халықтық дүниетаным айқын 
көрініс тапқан. Онда өмірдің мән-мағынасы, мақсат-мұраттары, 
адамгершілік, өмір мен өлім туралы мәселелер көтерілген. Оғыз 


296
мемлекеті тұсында өмір сүрген /ҮІІІ ғ./ Қорқыт ата шығармаларының 
тақырыбы – тарихи дәуірдің саяси-әлеуметтік мәселелері, халықтың 
мұң-мұқтажы, мәңгілік ғұмыр, адам жаны өлмейтін жерді табуға 
талпыну, философиялық ой, толғаулар. 
«Қорқыт Ата кітабы» аңыздар арқылы әлеуметтік құрылымдар, 
олардың талас-тартыстары туралы дүниетанымдық көзқарас 
ерекшеліктерімен көзге түседі. Ол ғалам, тәңірі, сұр қасқыр, Ұмай 
ана, адам өмірінің тіршілік бастаулары, аңыздық тұлғалардың жан 
дүниесі, толғаныстары туралы мәліметтер береді. Көк тәңіріне, 
Жерге, Суға табынған, болашақты болжай білген, сәуегей Қорқыт 
Атаның барлық мақсат-мұраты халқына қызмет ету. Желмаяға 
мініп, дүниенің төрт бұрышына барса да, көр қазып жатқан адам-
дарды көреді, яғни «қайда барса да Қорқыттың көріне» кездеседі. 
Данышпан қария өлімнен қашып құтылуға болмайтыны туралы ой 
түйіндейді. Сондықтан, ол, қобызымен алуан түрлі күйлер шығарып, 
тек өнер арқылы өз өмірін ұзартуға болатынын түсінеді. Өнердің 
өлімнен күштілігін терең пайымдап, сол арқылы өліммен күресуге 
болатынын меңзейді. Қорқыт тылсым дарыған білгіш, оның ой-
санасы өзгелерден ерекше ақын, музыкант, емші [138, 148,185 бб.]. 
Ә. Марғұлан Қорқыт Ата айтты деген мақал-мәтелдерді көптеп 
келтіреді. Атадан жеткен «Өшкен келмейді, өлген тірілмейді», 
«Қыдыр тәңірі бермесе ер байымас» деген даналық сөздер осы кезге 
дейін өзінің тағлымдық мәнін жоймаған рухани қазыналар.
Халқымыздың «Өзекті жанға бір өлім» деген терең даналыққа 
толы пайымдауы бар. Осыған байланысты, Қорқыт Атаның өмір 
туралы көзқарастары адамның өлімнен құтылмайтынын, тек 
оның соңына жақсы атын қалдыруын, бүкіл тірлігін халқына 
қызмет етуге арнауын дәріптейді. «Қорқыт Ата» кітабы оғыз 
халқының тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, ел билеу дәстүрі, 
жаугершілік, қиын да қызғылықты өмірлері туралы баяндайды. 
Жеке бастың мүддесі үшін емес, адалдық пен қайрымдылықты 
ту ете отырып, халық үшін қызмет ету өмірді бақытқа бөлейтінін 
дәріптейді.
Қорқыт Ата мұрасында ежелгі түркілер тұтастығының нышаны 
байқалады. Өмір сұраныстарымен қалыптасқан әлеуметтік бағыт-
бағдарлар олардың өмір ерекшеліктерін түсіну, өзіндік болмысын 
саралау мүмкіндіктерін көрсетеді. Халық туындысының тек ел 


297
мүддесі үшін жасалған жасампаздық іс қана адам өмірін ұзарта ала-
ды деген пікірге меңзейтінін түсінеміз. 
Қорқыт Ата тағлымдарынан имандылық, кісілік, қанағат, ата-
ананы құрметтеу, ұл мен қыз тәрбиесі, әртүрлі мінез-құлық сипатта-
ры, елі мен жерін қорғау туралы айтқан тәлімдік пікірлерінің қай за-
ман ұрпақтарына болса да тәрбиелік мәні зор. Демек, Қорқыт атадан 
жеткен тағлымдардан оның өзі өмір сүрген тарихи дәуір сипатын, 
көшпенді өмір салт ұстанымдарын пайымдаймыз. Қоғам табиғатына 
сай әскери үстемдіктің, батырлықтың, ел шебін жаудан қорғаған сәтті 
жорықтардың маңызы үлкен болғанына көз жеткіземіз. Сондықтан, 
Ата кітабы өз кейіпкерлерінің ерлік жасап ел қорғауын, жауын 
жеңіп даңққа бөленуін дәріптейді [140, 33 б.]. Соңына терең мәнді 
ұлағатты сөздер қалдырған ол, адамдар арасындағы үйлесімдікті, 
табиғи заңдылықтармен үндестікті жырлайды. Бастан кешкен жеке 
өмір жолы мен айтқан өсиеттері халықты келешек ұлы мақсаттарға 
тәрбиелеу үшін қалдырылған құнды мұра.
ХІ-ХІІ ғасырларда қазақ даласында Қарахан мемлекетінің 
күшеюімен бірге, мәдениет те жаңа бір даму деңгейіне көтерілді. Та-
рихи дәуір әдебиет пен ғылымның, философиялық пайымдаулардың 
өркендеуіне тікелей әсерін тигізді. «Мұсылмандық Ренессанс» 
деп аталған осы уақытта өмір сүрген Жүсіп Баласағұн, Махмұт 
Қашқари, Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгінеки 
және тағы басқа ғұламалар шығармалары мен еңбектері кеңінен 
мәлім болды.
ХІ-ХІІ ғасырлардағы әдеби поэзиялық көрнекті шығармалардың 
бірі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы. Түркі тану-
шы А.Н. Кононов «Бұл адам өмірінің мәні мен мағынасы талда-
натын және адамдардың қоғамдағы іс, әрекетшілдік үлесі мен 
міндеттері анықталатын философиялық шығарма, ... Жүсіп өзі өмір 
сүріп отырған қоғамды қорықпай сынайды» [141, 507 б.] десе, М. 
Орынбековтің пікірінше: «...бұл еңбекте ғылым мен мәдениеттің 
әр қилы салалары саяси жағының басымдығымен әр қырынан та-
нылды, мінсіз қоғам қағидалары беріліп, үлкен өмірлік деректер 
жалпыланып, жазушы өмірінің дүниетанымдық негіздері ашыл-
ды. Белгілі бір теориялық тұжырымдар негізінде адамның өмір 
сүруінің нақты, күнделікті бағыттары белгіленді, өмір мәні пай-
ымдалды» [142, 58-59 бб.].


298
Шығарма мемлекет қызметкерлерінің өзара әңгімесіне 
негізделген. Ол әділдікке «Күнтолды» /Ел басшысы/, бақытқа 
«Айтолды» /уәзір/, игілікке «Оғдұрмыш» /уәзірдің інісі/, ақылға 
«Өлдірміш» /уәзірдің баласы/ есімдерін береді. Негізгі өмірлік 
қағидалар – әділеттілік, ізгілік парасаттылық, қанағат, бақыт, 
білімділік, т.б. Бұл қасиеттерді жеке-жеке сипаттаған автордың ой-
ынша, олар жеке кісіні бақытқа жеткізе алмайды, тек бірлік пен 
ынтымақта болғанда ғана адамдардың бақыты туралы айтуға бола-
тынын дәріптейді.
Ел мүддесімен санаса жүргізілген билік елге ұнамды, 
сондықтан халықтың бақыты билеушінің басты мұраты болуға 
тиіс. Дәреже, құзыры жоғарылаған сайын халық алдындағы 
жауапкершілік те күшейеді. Билеушінің сыйлы болуы орнық- 
тырған билік жүйесіне, ал елдегі тыныштық пен бейбіт өмір, 
тәртіпке келіп тіреледі. Ол әділдіктен, заңнан аттамаса ғана 
қоғамда құрметке ие болады. Сондықтан ел басшысы қара- 
мағындағы әкімдері мен халқына қайрымдылығымен, рухани 
құнды мұраттары және өзінің өнегелі ісімен үлгі болуы керек. 
Басшы рухани болмысымен ізгілікке ұмтылатын болса ғана әлем 
гүлге оранады [143, 127 б.].
Әртүрлі саяси топтардың болмысын қызмет бабымен, еңбегімен 
бағалау ғана, ел ішіндегі әлеуметтік қатынастарды айқын түсінуге 
мүмкіндік береді. Бұлардың ара салмағы, қарым-қатынасы талда-
нып, өз бағасын алмаған жерде бүлік, толқулар орын алады. Әкімдер 
қызметінің бағаланбауынан әртүрлі жүгенсіздіктер – парақорлық пен 
ұйымдасқан қылмыстың, жағымпаздық, мәймөңке жарамсақтықтың 
үдейтіні елді күйзелтеді. 
«Тұзды судай – байлық шөлің қанбайды,
Қанша ішсең құрғатар тіл-таңдайды» [143, 169 б.]. 
Ғұлама «Жақпас саған бір күндікке алданба», – деп бір күнгі 
өмірлік қажеттілік үшін адамдардың өзін-өзі төмендетпеуін 
дәріптейді [143, 129 б.]. Алайда мансапқорлық, мақсат еткен билік 
тұғырына қол жеткізу үшін дәрежесі жоғары адамдардың алдында 
ойсыз бас шұлғу өзіндік келбетті жоюға, еріксіздікке алып келеді. 
Бұл – мемлекет қызметіндегі адам үшін басты кемшілік. Осы 


299
осалдықтың ғасырлар бойы жазылмас дерт болғанын бүгінгі күн 
келеңсіздіктері де дәлелдеп отыр.
Міне, осыдан еліне қызмет көрсетпейтін, қолы жеткен мансап 
дәрежесін, жеке басының жетістігін ел мүддесіне жаратпайтын 
парақорлар, жемқорларды тек қылыш түзейді:
«Кісі міні ақылменен түзелер, 
Халық міні білімменен түзелер, 
Бұл екеумен қыла алмасаң жұмысты, 
Білімді қой, ал қолыңа қылышты» [143, 70 б.]. 
Демек, қоғам тұрақтылығы, халықтың әл-ауқаты жоғары 
деңгейде болатын тұрмысты құруын көздемейтін, халық қозғалса 
ханның да тағында отыра алмайтынымен есептеспейтін жүгенсіз 
кеткендер мен бұзақыларға күш қолданбаса, мемлекеттің 
тыныштығы мен тұтастығы сақталмайды. Мемлекет тұтастығы 
ғұлама өмір сүрген тарихи дәуір үшін ғана маңызды емес. Заңды 
бұзғандар мен опасыздық жасағандарға қатаң шаралар қолданылуы 
керектігін білдіретін ой, бүгінгі күн үшін де өзекті. Билік иесінің 
күші қаруда болғанымен, ол мақсатты түрде, мемлекеттің игілігі 
үшін қолданылса ғана оны қолдауға, жақтауға болады.
Мемлекет басшысының күнделікті қызметі халықтың 
бақылауында, көз алдында. «Сондықтан оның ессіздігінен жауыздық 
туады, ал жауыздық орын алған жерде, әртүрлі әлуметтік күштер 
арасында ізгілік жоқ» [143, 128 б.]. 
Баласағұнның айтуынша, саясат дегеніміз – мемлекетті 
басқарудың сан қилы әдістерін игеру, әртүрлі күрделі өмір сала-
ларынан тұратын қоғамды ықпалдан шығармау, тентекті тиып, 
әлсізді қорғау, қажетті жағдайда күш те қолдана білу. Көреген 
басшы саясатпен жұртын, заңын түзейді, саясатпен елін-жерін 
күзетеді. Сондықтан икемді де, ойлы саясат халық мүддесін көздеп, 
мемлекеттің гүлденуіне қызмет етеді.
Мемлекетті басқару әдістері мен билеушінің қасиеттері тура-
лы ақыл-кеңестер айтқан Ж. Баласағұн «Саясат – өнер ғана емес, 
ол білім мен даналық» деген қорытынды жасайды. Ел билеу әдісі 
туралы көзқарастарында басшының қатыгездігі мен алдап-арбауы 
жайында сөз қозғамайды, зорлық орнына халық жүрегіне жол таба 
білуді ұсынады. Халықпен үнемі араласу, оның көңіл-күйін назардан 


300
тыс қалдырмау билеуші беделін көтереді деп есептейді. Ж. Баласағұн 
көпшіліктің ойынан шығатын, халықтың көкейіндегі мәселелер өз 
шешімдерін тапқанда ғана, олардың қолдауына сүйенуге болатыны-
на меңзеп, халық жүрегіне жол табуды алдынғы орынға қояды. Бұл 
үшін бектің сөзі берік, ісі анық болуы керек. Оған халқы сенгенде 
ғана, өзіне сенімді алып күшке ие болады [143, 222 б.].
Әкімдердің ел билеу әдісіне арналған поэманың «Билеушінің 
міндеттері» деп аталатын бөлімінде оларға арналған нұсқаулар мен 
ережелер берілген.
Мемлекеттің ісі дұрыс жүруі үшін басшылық қызметке іскер 
адамдарды тартудың тиімділігін ескерген Жүсіп Баласағұн пара-
сатты іс-әрекеттерге білімді игеру нәтижесінде, ғылым нәрімен 
сусындаған адамның қол жеткізу мүмкіндігінің молдығын айтады. 
Басшының көңілінен шығуға, оған жақсы көрінуге тырысқандар 
халықтың мүддесін емес, өзінің қара басын күйттейтіндер. Қай 
заманда да билік иелерінің білімсіздігі, надандығы халықты 
күйзелтіп, шаруашылықты тұралатқандығына мол деректер 
келтіруге болады. Сондықтан ғұлама білімсіздік, надандық жайлы 
өткір сөздер айтады: 
«Қорлығынан надан, таяз бегінің,
Азап шегіп бағы таяр елінің» [143, 200 б.].
Баласағұн білікті адамдардың өз дәрежесінде бағаланбайтынын, 
олардың орнына надандардың жолы болып, қоғам өмірінде білім, 
адам тағдыры, адамзаттық құндылықтар аяққа басылатынын 
тұспалдайды. Демек, саяси билік иелерінің көрегендігі, онда «Қырық 
уәзірдің» парасатына тең ақылдың болуы даналық, жан толғанысы, 
бақыт, көзі ашықтық білімнің жемісі. Білімге қол жеткізгендер ғана 
дана атанады, ал ол елге пайда әкеледі [143, 203 б.].
Білім – жауыздықпен, рухани кемтарлықпен, зұлымдықпен 
күрестің басты құралы. Ол адамға қоғамның әлеуметтік 
құрылымдағы орнын табуға, адамгершілікті іспен мейірбандыққа, 
ізгілікке жетуге мүмкіндік береді. Кісіден кісінің айырмасы болатын 
белгілер көп, ал білім осы айырмашылықтың бастысы [143, 68 б.].
Бүгінгі күні де тәлімдік мәнін жоймаған, өзектілігі мен күн 
тәртібінен түспеген:


301
«Білімді – аз, білімсіздер қаптаған, 
Ақылсыз көп – ақылдыны таптаған» [143, 199 б.] 
деген парасатты өлең жолдары өзінің тереңдігімен оқушысын 
толғандырады. Мемлекетті заң арқылы басқару ғана адамдардың 
теңдігін орнатып, ізгі қарым-қатынасқа жол ашады. Елді ұзақ билегің 
келсе, заңды ұстап, елге бүйрегің бұрсын. Жарқын болашаққа ба-
стайтын әділ заңды ғана ел қолдайды: 
«Көңілі түзу бектер заңға жүгінген, 
Жасауда ұзақ, жауы да, ақыр түңілген» [143, 221-222 бб.].
Қоғам дамуының объективті заңы мен үндес келетін шешімдер 
елдің ішкі тәртібін нығайтып, ел бірлігін күшейтетіні сонау 
түркілер заманынан дұрыс пайымдалғаны ақиқат. Заңның зорлық-
зомбылықты жойып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікке кепіл бо-
латынындай дәрежеге жетуі бүгінгі күннің мақсаты. Сондықтан заң 
әлеуметтік орта келеңсіздіктеріне жол бермей, адамды ізгілікке ба-
стайтындай болуы шарт. Халықтың құқы мемлекет заңымен қорғалса 
ғана әділетсіздік болмайды, оны қайыршылық күйге жеткізбей, жеке 
кісінің, әлеуметтік топтардың да мақсат-мүдделерін қадағалап, зер-
делеп отыру қажет.
Сарай маңы өсек-аяң мен күншілдікке толы болғанымен, келісім 
негізінде туған демократиялық мұраттардың жүзеге асуы сөзсіз. 
Қоғамдық қатынастардың жүйелі құрылымында әр адамның ынта-
жігері, бейімділігіне орай өз орындары бар. Сондықтан, әмірші 
құзырына әртүрлі әлеуметтік күштер: егіншілер, қолөнершілер, 
бақташылар, тағы басқа жұртшылық біріктіріліп бағындырылады:
«Егер ізгі болса бектер қылығы, 
Күллі жұртқа тиер мейір жылуы» [143, 480 б.]. 
Халық бұқарасымен үнемі араласып, олардың тұрмыс 
жағдайын, мұқтаждары мен өтініштерін ескеру билеуші назарынан 
тыс қалмауы тиіс. Әрбір әлеуметтік күштің алға қойған мақсаты, іс-
әрекеті де әртүрлі. Сондықтан олардың әр қайсысымен тіл табысып, 
ортақ келісімге келу билеушінің парызы. Әлеуметтік күштер (пат-


302
ша, уәзір, әскербасы, қазы, ғалым, қолөнерші, малшы, жұлдызшы, 
т.б.) арасындағы қатынасқа сипаттама берген Ж.Баласағұн елде 
тұрақтылық пен үйлесімділік, молшылық, әділдік, заңдылық 
үстемдік құруы үшін олардың әрқайсысының айналысатын істері 
мен тартынуға тиіс келеңсіздіктер жөнінде кеңестер береді. Тәлім-
тәрбиелік маңызы зор бұл шығарманың көптеген қанатты сөз, мақал-
мәтелге айналған өткір ой, пайымдаулары бүгінгі күні де өз мәнін 
жоймағаны хақ.
XI ғасырда Қарахан мемлекетінде өмір сүрген ірі ғұламалардың 
бірі – Махмұт Қашқари. Түріктердің қоғамдық өмірінің барлық 
жағын қамтыған «Диуани лұғат-ат-түрік» еңбегі оның атын осы 
күнге де жеткізді. Кітап түріктердің өмірлік бастаулары – ру, 
тайпалық бөлініс, әртүрлі қызмет сатысына көтерілген билік 
иелерінің әлеуметтік орнымен қоса, тағам атаулары, құстар мен жа-
нуарлар, мал шаруашылығы, өсімдіктер, аурулар мен емдік шөптер, 
астрономиялық күнтізбе, ай атаулары, қалалар, соғыстар, әртүрлі 
тарихи және аңыздық батырлардың есімдері, діни сенімдер және 
тағы да басқа мәліметтер береді. Түркілер жерін ұзақ уақыт бойы 
аралаған ол түркі халықтарының тұрмыс-салты, тарихы, тілі, ауыз 
әдебиеті, кәсібі туралы құнды мәліметтер жинап зерттеуші, саяхат-
шы, тарихшы есебінде өзі өмір сүрген дәуірдің саяси өмірінен құнды 
деректер береді.
«Түркі халықтарының атам заманнан көрген-білгендерін ба-
яндайтын бәйіт-жырларымен қайғылы және қуанышты күндерінде 
айтатын терең мағыналы мақал-мәтелдерінен мысал келтірдім... бұл 
кітап ұрпақтан-ұрпаққа халықтық мұраны қаз-қалпында жеткізу 
мақсатымен қиянға қанат қағып, әсемдік әлем -мәңгілік өмірге 
біржолата жолдама алды» [144, 10 б.].
М. Қашқари өзінің шыққан түркі елдері, өмір сүрген ортадағы 
оқиғаларды объективті талдап, деректерін үлкен жүрекпен, 
масаттану сезімімен қалдырған. Осыдан-ақ біздің түпкі ата-
бабаларымыздың Отанға, өзінің шығу тегіне деген елжандылық, 
махаббат сезімі қаншалықты биік деңгейде болғанын көре аламыз. 
Әрине, Қашқари шығармасында теориялық сипаттағы ой бол-
маса да, қалың бұқараның сұраныстары мен мұқтаждарына сай 
халық даналығынан нәр алған практикалық имандылық пайым- 
даулар бар.


303
«Диуани лұғат ат-түрік» түркілердің тайпалық және рулық 
құрамы туралы, олардың аталуы мен шығу тегі туралы түсінік 
береді. Түркілердің шығу тегін аңызбен байланыстырған М. 
Қашқари олардың көрікті, өңдері ұнамды, жүздері мейірімді, әдепті, 
үлкендерді құрметтей білетін кішіпейіл, уәделеріне берік тұратын 
мәрт және басқа да көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-
жарқын жандар,- деп суреттейді [144, 20 б.].
Түркі тайпаларының географиялық орналасуы туралы дерек-
терден басқа М. Қашқари осы тайпалардың тіл мәселелеріне үлкен 
мән береді. Осы орайда түркілер сол кездің өзінде тек қана көшпелі 
мал шаруашылығымен айналысып қоймай, өмір тіршіліктерін 
отырықшылық-егіншілік, қала өмірімен байланыстырғанын рас-
тайтын мәліметтерінің маңыздылығы ерекше. Бір айта кететіні 
«Қала тұрғындары, хакан-түркі тілінде сөйлейді»,- деп жазады ол 
[144, 12 б.].
«Түркі тілдерінің сөздігі» мемлекеттік басқару мен саяси 
қызмет туралы бағалы деректер береді. Адамдар арасындағы қарым-
қатынаста әдептілік, адамгершілік, ізеттілік, қайырымдылық, 
жайсаң мінез мәселелері сөз болады. «Білімді болғың келсе, дананың 
айтқанын тыңда» деп, даналардың айтқан сөзі адамгершілікке
қайырымдылыққа, білімділікке жетелейтініне меңзейді.
«Адам басына жел үйір, жақсы адамға сөз үйір». Елге еңбегі 
сіңген жақсы адамды жұртшылық мақтайды, өзгелерге үлгі 
етеді. Зорлық жүрген жерде әділдікке орын қалмайды. Ғұлама 
әкімдердің ел билеуде ақыл-парасат пен әділдікке, кішіпейілдікке 
үйір болуын талап етті. Халыққа ізгілік істерімен танылғанда ғана 
сенің қарамағыңдағы халық соңыңнан ереді деп сенім білдіреді. 
Жағымсыз әрекеттер әкімдердің қызмет бабына сиыспайды. Ел 
билеуде күшке сенгеннен ақылға жүгіну әлдеқайда тиімді нәтиже 
береді.
Өз қара басының пайдасын ойлаған әкімдер елге жақсылық 
жасай алмайды. Әкімнің барлық іс әрекеті халықтың көз алдында, 
елден ешнәрсені жасыра алмайсың. Сондықтан автор қандай ауыр 
кезең болса да халықпен бірге болуға үгіттейді. Әмірдің өзіне ар-
нап жат елден сарай соқтырып қоюы жаман ырым екенін айтады. 
Бұл түбі басына қиын-қыстау күн туса, қашып барып паналаймын 
дегенді білдіреді. Бұл халықтың алдында жасалған сатқындық, 


304
өйткені, қарапайым елдің барар жер, басар тауы жоқ. Бір топырақта 
жаратылғандықтан тағдырдың жазғанын бірге көріп, бірге өле 
біл деген ойды тұспалдайды. Ғұламаның бұл сөздері қазіргі күні 
халықтың байлығын, мемлекеттің қазынасын уысында ұстап оты-
рып, шетелдерде зәулім үйлер тұрғызып, өз қаржысын жат жерде 
сақтаған кейбір мемлекеттік жоғары лауазымды қызметкерлерге де 
арналып айтылғандай.
М. Қашқари мемлекеттің қуаттылығы мен мықтылығы оның 
халқының еңбегіне қатысты екеніне үлкен мән берген. Ол мем-
лекет қазынасы жалпы халықтың маңдай терінен құралатынын, 
ал әмірші қазына кілтін ұстаған адамның күнделікті ісін бақылап 
отыруы керектігін айтып сақтандырады. Байлық бар жерде ұрлық 
болмай қоймайды. Сондықтан ұрыны ұстамасаң, оны дер кезінде 
әшкерелемесең, өзің де ұрылар санатына қосыласың. Демек, жоғарғы 
билік иесі ел байлығының сақталуына жауапкершілікпен қарауы, 
оған қол сұққандарды әшкерелеп, аяусыз жазалап, ашкөздер мен 
тойымсыздардың қазынаны талан-таражға салуына жол бермеуі ке-
рек. Ғұлама халықтың қанатты сөздері мен мақал-мәтелдерін орын-
ды қолдана білген. Оның шығармасының құндылығы қазіргі уақытта 
кейбір сөз нұсқаларының өзгеріссіз қолданылуында. Ел билігі мен 
әкімдік, әділдік пен адалдық, парасат пен қайырымдылық, заң мен 
адамгершілік туралы айтылған өсиеттердің көкірегі ояу, көзі ашық 
ұрпаққа берер ғибраты мол.
Ежелгі түркі заманының тағы бір ірі ойшылы – Құл Қожа Ах-
мет Яссауи (1094–1167 ж.ж.) халықты татулыққа, имандылыққа, 
ізгілікке, рухани тазалыққа үндеді. Басты еңбегі «Диуани хикмет» 
түркі тілінде жазылған. Шығарманың негізгі мазмұны сопылық 
жолында мұсылмандық ілімнің қағидаларын жүзеге асыру, олар-
ды күңделікті өмірде әрдайым пайдалану мен орындаудың әдіс-
тәсілдерін үйретуге арналған. Сопылық – адам жанының тазалығы 
жайлы ілім. Ол – ислам дінінің рухы, мәні, сайып келгенде, 
исламның синонимі, яғни, сананың жетілуі, жан тазарып, ар-ұят 
оянуы, рухани шыңдалудың белгісі. «Сопылықты жүрекпен ғана 
сезесің», демек, сопылықтың не екенін жүрегін оята алған адам 
ғана түсіне алады. Сопыларға ортақ қасиет-адалдық, мейрімділік, 
қанағат, шынайы ізгілік, Алла тағаланы, адамды сүю, арлы да
адал болу.


305
Кітапта сопылық мақсатқа жету үшін төрт түрлі сатыдан өту 
керектігі айтылады. Олар: шариғат, тарихат, мағрипат, ақиқат. 
Бұлардың әрқайсысының өз тұрағы бар, ілім жолының ауыр да 
қиын болатынын айта келіп, Қ. Яссауи солардан өтуді табанды 
түрде талап етеді. Дүниені танып білу үшін, адам әртүрлі талап-
тарды орындауы керек, ол сонда ғана ақиқатты түсіне алады, егер 
ғұламаның сөзімен айтатын болсақ, «өзіңді танығаның ақиқатты 
танығаның».
Қ. Яссауи қоғам мен адам мәселелеріне де айрықша назар аударып, 
ислам дінінің өнегелілік, ақыл-ой, парасат туралы құндылықтарын 
кең насихаттады. Ол халық бұқарасын зәбірлеген әмірлердің, 
бектердің, қазылардың әділетсіздіктерін сынаған. Түйені түгімен 
жұтатын, арандары ашылған әкімдердің кейін өз бармақтарын шай-
нап қалатынын, бұл дүниенің жалғандығын айтады [145, 107 б.]. 
Өзі негізін қалаған сопылық ілімінің басты мақсаты – адамдарды 
жетілдіру, рухани болмыс құндылықтарына жат құбылыстарды сы-
нау. Ол құдай атынан парасаттылыққа, әділдікке, тазалыққа үндейді, 
адамгершілік ойларын дін арқылы түсіндіреді.
«Албастылар аумай адал кісіден, 
Күле сөйлеп, күңіренер ішінен» [145, 11 б.].
Адамдардың барлығы Құдай алдында тең, ал олардың теңсіздігі 
жағымсыз іс-әрекеттерінен туындаған. Ғұлама адам бойынан 
тойымсыздық, ашкөздік, екіжүзділік, атаққұмарлық, надандық 
сияқты келеңсіз қасиеттердің кездесетініне өкініш білдіреді:
«Қайда көрсең қу менен сұм жалақтап, 
Пәк таппадым жеті ықылым адақтап» [145, 10 б.]. 
Жаман әдеттерден арылуға, бір-бірін құрметтеуге, көмектесуге 
жетімдер мен жесірлер, пақыр адамдардың қамын жетесіздерден 
қорғап, кемтарларға қайырымдылық, жақсылық жасауға үндейді 
[145, 16 б.]. Ел билеушілері халықты әділдікпен басқаруы тиіс, 
өйткені:
«Адыра қалар алтын тақ, жер астына түскенде» [145, 107 б.].


306
Талау, жәбір, қиянат көрсету жолымен жиылған мал-мүлік дүние 
болмайды. Жазықсыз жандардың көз жасы жібермейді. Көреген пат-
ша ғана халқын разы ете алады. Өз құлқындарының құлы болған 
адамдар өмірді тек рахат, ләззат үшін деп ойлауы мүмкін. Сондықтан 
дүние-мүлік, байлыққа көңіл бөлмей, арамдықтан қашуды дәріптеп, 
тек халқын сүйген адал құлдың ғана халық көңілінен шығатын ша-
раларды жасайынына меңзейді.
Ұлы сопының сөзі тек өз уақытымен ғана байланысты бо-
лып қоймай, қазіргі кездегі рухани өмір құндылықтарын 
қалыптастырушы тұлғалар психологиясына да дөп келеді. Оның 
ой-пікірі Ф. Ницше айтқан құлдардың моралін көбірек еске салады... 
Ол былай деп жазды: «Ешқашан қорғанғысы келмейтін, көлденең 
жұрттың кекесінін басынан асыра салатын, аса шыдамды, бәрін 
кешіретін, бәріне риза адам жеккөрінішті: себебі бұның барлығы 
құлдың мінезі». Бұндай мораль иелерін Ницше «кішкентай адам-
дар», «жұқана адамдар» деген. «Кішкентай», «жұқана» адамдардың 
қоғамның соңғы сатысында тұруы, әлде бір несібесіз пенде болуы 
шарт емес. Ғалым, жазушы, жұмысшы, әмірші де құлдық моралдің 
иесі болуы мүмкін. Ал ең жаманы, қауіптісі, басшының құлдық 
моральді иемденуі. Ницшенің айтуынша, әміршісі «жұқана» адам 
болған халық бақытсыз. «Жұқана адам» билеген елді өтірік, жалған 
сөз, жалған іс жайлайды. Ницшенің бұл ойының растығы күман 
келтірмейді. Қара басының қамын ойлаған, от басынан ойы аспаған, 
жемқорлық пен парақорлықты саясатқа айналдырған басшының елі 
бақытсыз, оған көнген халық дәрменсіз, ол да құлдық мораль иесі» 
[146, 201 б.].
Даналық пен татулықты жырлаған, адам өмірінің барлық жағын 
қамтыған құнды еңбек «Диуани хикметтің» өн бойына осындай ой, 
пікірлер арқау болған. 
«Хикметтерде» Аллаға деген сүйіспеншіліктің адамды күнделікті 
өмір күйбеңдерінен, келеңсіздіктерінен, былғаныштарынан тазар-
татынын айтады. Қазіргі күні біз бұл ғибраттардың тек діни ғана 
емес, жалпы адамзаттық құндылық екендігі жайлы қорытынды 
түйіндейміз.
Көшпенді тұрмыс-салтын сақтаған халқымыз діннен тек ең 
қажетті қағидаларды алды. Олар бір Жаратушының бар екеніне шек 
келтірмей, оған деген сүйіспеншілікті қолдаса да көзсіз діни сенімді 


307
жақтамады. Көшпенді тұрмыс өзіндік ерекшеліктерімен көзге 
түсетін дінді өмірге алып келді.
Түркі ғұламаларының кез келген шығармасы, дәуір тұрғысынан 
алғанда, өздері өмір сүрген қоғамдық орта дамуының сұраныстарына 
толыққанды жауап бергені қайран қаларлық. Адам болашақ туралы 
түсінікті түйсігімен сезіне білгенімен, оған мәнді жауап бере ал-
майды. Сол секілді, қоғамның әлеуметтік құрылымының төменгі 
сатысында тұрғандар да өмір өзгерістеріне күнделікті тұрмыс 
деңгейінен ғана пайымдаулар жасайды. Ал қолдарына саяси билік 
тұтқаларын ұстағандардың өздерін халықтан жоғары ұстап, ауқымы 
тар мақсат-мүдде төңірегімен шектелетінін түркі ғұламаларының 
шығармаларынан көруге болады. Ғұламалар үшін әділеттілік – заңды 
ұстанудан, қысым жасауды және бетімен кетушілікті тоқтатудан 
басталады. Өмір келеңсіздіктерге толы, соның ішінде аясы тар 
мақсат-мүдде құрбаны болу аянышты. Қоғамдық келісімге әкелетін 
идеялар әрқашан әлеуметтік құрылым жүйесінен өзінің қабілеті, 
бейімділігіне байланысты орын алған әрбір тұлғаның атқаратын іс-
шараларын анықтайды. 
Бір қалыпты, жан-жақты даму кезінде адам өзі өмір сүретін 
ортаның «парасатқа сай келуіне» назар аудара бермейді. Ол тек 
алдыңғы буын – аға ұрпақ қалыптастырған ұстанымдар өзгерістерге 
ұшырай бастағанда ғана жаңа идеялар мен ұрандарға назар ауда-
рып, ой елегінен өткізеді. Түркі ойшылдары білімді рухани өмір 
саласының жоғарғы құндылығы деп, ал надандықты адам жанының 
кемшілігі ретінде қарастырған. Өйткені қоғамдық қатынастары 
дұрыс дамымыған, қулық-сұмдығы басым, қатыгез елде адам өмірге 
деген сенімінен айрылып, тіпті түңілуге дейін жетеді. Тек біліммен 
ғана қоғам мен адам өмірінде кездесетін келеңсіздіктерге жол бер-
меуге болады. Қоғамдық өмір салаларының сәйкессіздігінен, яғни 
үндестіктің жоғалуынан қауіп-қатер туындайды.
Түркі ғұламалары өз еңбектерінде адам тіршілігінің баста-
улары жайлы ой тұжырымдайды. Бұған түріктердің табиғатқа 
жақындығы, олардың өздерін табиғатпен бірлікте сезінуі әсерін 
тигізеді. Адамның өзін, шыққан ортасын сақтауға ұмтылысы, 
өзара бір-бірін қолдауы, ел болып қалыптасуы көшпенді қоғамның 
моральдық қатынастарының бастауы болғаны арнайы әдебиеттерде 
көрсетіледі.


308
Даланың қатал табиғатына қалыптасу, оның ішкі заңдылықтарын 
түйсікпен сезініп, халық түсінігінде «жеті ағайынды» деп аталатын 
жұттарды алдын ала болжау көшпенділер өмірінің сәттілік жағын 
көрсетеді. Осыдан «Құрғақ даланы тек бақташылар ғана меңгере, 
игере алады. Дегенмен далада тіршілік қамын қылу, табысқа жету 
үшін ол өзінің шеберлігін тынбай жетілдіре береді. Бұл өзіндік 
ерекшелігімен қалыптасқан адамгершілік, парасаттылық қасиеттерді 
қалыптастырады» [147, 195 б.]. Міне, сонау түркілер заманында 
бірегей қалыптасқан салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың, өзіндік 
рәсімдердің сабақтастығының кейінгі замандарда да, мысалы Қазақ 
хандығы дәуірінде де көрініс тапқаны байқалады. Ол бізге Ұлы дала 
табиғатына сай ішкі және сыртқы қайшылықтарымен әлеуметтік 
дамудың ерекше түрі қалыптасқанын саралауға мүмкіндік береді.


309


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет