Аударманың баламалылық нормасы–аударма барысында түпнұсқа және аударма мәтін мазмұнының жақындығын анықтау қажеттігінен туындайтын талап. Әрине, аударма барысында баламалыққа қол жеткізу өте маңызды талаптардың бірі, дегенмен, көркем аударма нәтижесінің басты мақсаты барабарлық екендігін ұмытпаған жөн. Аударма мәтіннің барабарлығын қамтамасыз ету барысында, аударманың прагматикалық факторларын ескеріп, көп жағдайда сапалы аудармаға қол жеткізу үшін аудармашы түпнұсқадағы кейбір ақпаратты «қалдырып» кетуге мәжбүр болады. Егер бұл тәсіл тіларалық коммуникацияға және аударма барабарлығына нұқсан келтірмесе, онда аудармашы тарапынан оны қолдану орынды деп пайымдаймыз. Аударма мәтіні баламалылық нормаларына жауап бере алмаған жағдайда, сондай-ақ түпнұсқа мазмұны толығымен жеткізілмесе, онда мұндай аударма түрін сапасыз деп бағалауға негіз бар.
Аударманың жанрлық-стилистикалық нормасы аударма мәтіннің жанрлық және стилистикалық талаптарға сәйкестігіне негізделеді. Әдетте, аударма мәтіннің жанры, стилистикасы түпнұсқа негізінде анықталады. Басқаша айтқанда, аудармашы түпнұсқадағы тілдік ерекшеліктерді, стильді сақтауға тырысады. Егер көркем мәтін аударылатын болса, аударма тілде де ол көркем мәтін стилі сақталуы тиіс. Көркем аударма нәтижесін бағалауда оның әдебилігіне ерекше көңіл бөлінеді, себебі, аударма мәтіні қабылдап жатқан тіл әдебиетінің бір бөлшегі болып қалмақ.
Кез келген аударма мәтіні үшін аударма тілінің нормасы мен узус ережелері аса маңызды рөл атқарады. Себебі, аударма барысында екі тілдің бір-біріне әсер етуі нәтижесінде тілдік бірліктердің өзара үйлесімділігі орын алады. Аударма барысында пайда болған кейбір тілдік бірліктер уақыт өте келе аударылған тілдегі шығармаларда қолданыла бастайды. Демек, аудармадағы сөз саптау нормасы аударма тілінің нормасы мен узус ережелерін сақтауды талап етеді.
Аударманың прагматикалық нормасы– аударманың прагматикалық құндылығын қамтамасыз етуден туындаған талап. «Стремление выполнить конкретную прагматическую задачу – это своего рода суперфункция, подчиняющая все остальные аспекты переводческой нормы» [77, с. 231]. «Белгілі бір прагматикалық тапсырманы орындауға деген ұмтылыс – аударма нормаларының барлық басқа аспектілерін қамтитын ең маңызды функция» (біздің аударма – Ж.А.).
Прагматикалық тапсырманы орындау мақсатын алға қойған аудармашы баламалылық, жанрлық-стилистикалық тәрізді формалды ерекшеліктерін ғана негізге алуы немесе мазмұнын жеткізумен шектелуі әбден мүмкін.
Аударма – ғасырлар бойы қалыптасып, дамып келе жатқан көне сала қатарына жатады. Адамзат дамуының әртүрлі тарихи кезеңдерінде аударма өнеріне, оның мақсат-міндеттеріне деген көзқарас талай өзгерістерге ұшырады. Бір кездері көркем мәтін сөзбе-сөз аударылуы керек деген пікірлер үстемдік етсе, кейін аударма мәтінін түпнұсқадан да жоғары дәрежеде жазу керек деген пайымдаулар туындады, яғни, адамзат дамуының әртүрлі тарихи кезеңдерінде аудармаға деген талап өзгеріп, «конвенционалдық норма» ұғымы пайда болды [78]. Қоғам дамуының бүгінгі даму талаптарына сай, аударманың конвенционалдық нормасыныңталаптары негізге алынады, яғни аударма мәтіні бойынша аударманың барынша түпнұсқаға жақындығы, түпнұсқаға толығымен немесе оның жекелеген бөліктеріне сәйкес келуі тиіс.
Аталған аударма нормалары тәжірибе жүзінде белгілі иерархия негізінде орналасады. Ең алдымен, аудармаға прагматикалық құндылық тән болуы міндетті, сол себепті прагматикалық норма жетекші орынға ие. Келесі ерекше мән беретін мәселе түпнұсқаның жанры мен стилі, демек, жанрлық-стилистикалық норма келесі орынды иеленеді. Жанрлық-стилистикалық норма аудармадағы сөз саптау ерекшелігін анықтайды, яғни аудармадағы сөз саптау нормасы үшінші орында. Ал конвенционалдық норма аудармашының өз жұмысына деген көзқарасын, оны қаншалықты «сезінетінін» анықтауға септігін тигізеді. Аударма нормалары иерархиясының ең соңғы талабы – бұл баламалылық нормасы.
В.Н. Комиссаровтың көркем аударма сапасына қойылатын нормаларға, олардың түрлеріне қатысты пайымдауымен келісе отырып, көркем мәтіннің ұлттық реңкін, бейнелілігін сақтаушы этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді аударуға қойылатын норманың да қажеттігін атап өтуді жөн көрдік, яғни, жоғарыда айтылып өткен аударма нормалары қатарына фразеологизмдерді барабар аудару нормасынқосу заңды деп пайымдаймыз. Себебі, көркем аудармада фразеологизмнің прагматикалық құндылығын, ішкі формасын, этномәдени семантикасын келесі тілге мүмкіндігінше сәйкестігін сақтай аудару барабар аудармаға қол жеткізудің бірден-бір жолы. Фразеологизмдерді барабар аудару нормасын үшінші орынға, яғни аударманың жанрлық-стилистикалық нормасынан кейін орналастыру керек деп есептейміз (3-сурет). Себебі, фразеологизмдер белгілі бір этнос жайында бірегей ақпарат бере алатын тұрақты тілдік бірлік болғандықтан, олардың барабар аударылуы (баламалы аударылуы емес) сапалы көркем аударма мәтініне қол жеткізудің бірден бір жолы.
Көркем аударма нормалары
Сурет 3 – Көркем аударма нормалары
Зерттеу барысында фразеологизмдерді аударуда арнайы нормалардың қажеттігі анықталды. Қазақ көркем мәтініне ерекше ұлттық реңк беретін этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді ағылшын тіліне аудару барысында аудармашы күрделі қиындықтарға тап болады. Қазақ және ағылшын тілдері әртиптес тілдер қатарына жататындықтан, құрылымына қатысты ерекшеліктердің болуы заңды құбылыс. Үндіеуропа тілдерінен түркі тілдеріне, немесе керісінше аударма жасау барысында көптеген қиындықтардың туындау себептерінің бірі осы мәселемен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ, үндіеуропа және түркі халықтарының тарихи және мәдени дамуындағы, дүниетанымындағы алшақтықтар нәтижесінде тіліне, паремиологиялық, фразеологиялық қорына ықпал етеді. Демек, сапалы аудармаға қол жеткізу үшін көркем әдеби шығармалардың алтын діңгегі іспеттес паремиялар мен фразеологиялық бірліктерді жүйелі түрде салғастыра зерттеу, талдау қажет. Тарихы, географиясы, діні, әлеуметтік, саяси және экономикалық дамуы бір-біріне мүлде ұқсамайтын жоғарыда аталған екі тілдің фразеологиялық қорын салғастыра зерттеу арқылы оларға ғана тән этномәдени ерекшеліктер мен сәйкестіктерді анықтауға болады, ал бұл заманауи салғастырмалы тіл білімінің, аударматану саласының өзекті мәселелерінің бірі.
Осы орайда жалпы аударма теориясына қатысты еңбектерімен танымал А.В. Федоровтың «Аударманың басты мақсаты – түпнұсқа мәтінмен өзге ұлт өкілдерін таныстыру, ал аудару дегеніміз бір тілдің құралдарымен жазылған мәтінді екінші тілдің құралдарымен барынша түсінікті, толыққанды және дәл жеткізу» деген пайымдауын толығымен құптаймыз (Біздің аударма – Ж.А.) [79].
Аудармаға байланысты әртүрлі мақсатқа негізделіп жүргізілген зерттеулер баршылық, алайда әлі де жауабы табылмаған мәселелер өте көп. Бұл сұрақтардың ішінде аударма үдерісін модельдеу мәселесі ерекше орын алады. Тақырып аясындағы көптеген ғылыми жұмыстарды қарастыра, сарапқа сала отырып, аударма үдерісін толықтай модельдеу мүмкін емес деген қорытындыға келіп отырмыз. Себебі, аударма, оның ішінде, көркем аударма – бұл табиғаты ерекше шығармашылық туынды саналады, ал шығармашылықты белгілі, біркелкі үлгіге салсақ, онда оның құны, маңыздылығы неде болмақ? Алайда белгілі бір тілдік бірліктерді аудару мақсатында аударма үлгісін ұсынуға болады. Сондықтан зерттеу жұмысы аясында біз аударма үдерісін модельдеудің бір ғана аспектісіне, яғни, көркем мәтінде кездесетін этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді аудару барысында қолданылатын аударма үлгісін ұсынуды жоспарлап отырмыз.
Аударма белгілі бір тарихи кезеңде туындағанымен, уақыт өте келе заман талабына орай дамып, заңдылықтары айқындалып, сапалы аударма жасауға қажетті әдіс-тәсілдер нақтыланып, жүйеленіп келеді. Әлем халықтары арасындағы дәнекер, мәдени «көпір» қызметін аударматану саласы ұзақ ғасырлар бойы атқарып келеді. Сондықтан да болар, әсіресе, соңғы кезеңде мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынас күшейіп, мәдени шекаралар жойылуда.
Қазіргі таңда адамзат өзіне ауадай қажет рухани азықты әлем классиктерінің шығармаларын, дүниежүзі мәдениетінің үздік үлгілерін өз ана тілінде оқи алатын дәрежеге жетті. Аударма арқылы адам баласы кез келген халықтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен, өмір-тіршілігімен еркін таныса алады. Осы тұрғыдан алғанда, аударманың халықтың мәдени өмірінде алатын орны ерекше және баға жетпес маңыздылыққа ие. Бірақ, кез келген аударма, әсіресе, көркем аударма түпнұсқа мәтіннің негізгі идеясын, көркемдігін, автордың сөз байлығы мен шеберлігін толыққанды көрсете алады деп айта алмаймыз.
Көркем аударма – бір тілдің амалдарымен жазылған көркем шығарманы басқа тілдің құралдарымен қайта жазу болып табылады, яғни, көркем аударма да өнердің бір түрі екендігін жоғарыда айтып өттік. Ал аударманың сапасы мәселесін көркем аударма теориясы қарастыруы қажет. Демек, аударма теориясы осындай қажеттіліктерден туындап отыр.
Көркем аударма әртүрлі халықтар, тілдер, мәдениеттер, салт-дәстүрлер мен әдебиеттер арасындағы көрінбейтін тосқауылдарды жоюға үлес қосатын маңызды сала. Көркем аударма халықтар арасындағы әдеби байланыстың негізгі элементі болғандықтан, аудармашылар, тілші мамандар ұзақ жылдар бойы салыстырмалы және салғастырмалы тұрғыдан жан-жақты зерттеп келе жатқан көп қырлы мәселелердің бірі.
Көркем мәтін – бұл шығармашылық идея мен шығармашылық үдерістің іске асуының нәтижесі; көркем шығармаға нақты, эмоциялық, эстетикалық, тұжырымдамалық, ақпараттық, танымдық қасиеттер тән. Мәтіннің бұл түрі тек жеке тұлғаның (автордың) ғана емес, сонымен қатар белгілі бір тілде сөйлейтін тұтас халықтың ұлттық және тілдік бейнесін көрсете алады. М. Әуезов өзінің бір сөзінде: «Аударма бір жағынан шеберліктің де мектебі. Аудару үстінде жазушы автордың шығармашылық сырына қанады, оның көргенін көріп, білгенін біледі, сол арқылы өзінің ой-өрісін ұлғайтумен қатар, авторша машықтанып үйренеді. Бұл жағдай шын талант иесінің бойынан шығармашылық қайнардың жаңа көздерін ашуға себепші болады» деп аударма өнері мен шығармашылықтың сабақтастығының, ықпалдастығының маңыздылығын баса айтып, аударманың рөлі жөнінде терең ойын білдірді [80].
Қазіргі уақытта көркем мәтін мәселесіне қатысты зерттеулер тек лингвистика мен әдебиеттану салаларында ғана емес, сонымен қатар, басқа салалардың тоғысуы негізінде қалыптасқан этнолингвистика, лингвомәдениеттану, этномәдениеттану, психология, психолингвистика, когнитивті лингвистика және т.б. ғылыми бағыттар тарапынан кеңінен жүргізіліп келеді. Себебі, мәтін лингвистикалық деректердің қайнар көзі ретінде ғана емес, сондай-ақ жеке тұлға тарапынан пайда болған және тұлғадан (автор, оқырман) тыс қарастырыла алмайтын, ойлау үдерістерімен тікелей байланыста болатын коммуникация құралы ретінде кешенді, жан-жақты зерттелуі қажет.
Сонымен, әдеби байланыстардың негіздерінің бірі көркем аударма десек қателеспейміз. Әдетте аударма дегенде бір тілден екінші тілге аударылатын белгілі бір мәтін немесе көркем шығарма есімізге түседі. Ал шындығына келгенде, аударма – түрлі мәдениет, тұлға, әдебиет, тарихи кезеңдер, әр елдің салты мен дәстүрлері жайында ақпараттың тіларалық берілуінің аса қиын және көпқырлы үдерісі. Аудармашылармен қатар, аударманың күрделі мәселелерімен мәдениеттанушы, этнограф, психолог, тарихшы, әдебиеттанушы, тілші т.б. ғалымдар да айналысады. Сол себепті, аударма көптеген ғылым салаларының зерттеу объектісі бола алады, бірақ мақсаттары мен міндеттері әртүрлі болып келуі мүмкін.
Аударматану ғылымы салыстырмалы түрде алғанда жас болғанымен, осы бағытта жүргізілген теориялық зерттеулер саны айтарлықтай мол. Аударма әдеби байланыстардың негізі саналатындықтан, аудармашылар мен тілші ғалымдар тарапынан аударманы дамытуға бағытталған зерттеулер көптеп жүргізілді.
Аударма мәселелерін қарастырған тұнғыш теориялық зерттеулер XVIII ғасырдан бастау алады. Мысалы, Д. Хоттингердің «Нечто о новейшей фабрикации переводов из греков и римлян» (Германия), А. Тайтлердің «Эссе о принципах перевода» атты еңбектері жарық көрді. А. Тайтлердің еңбегі сапалы аударманың принциптерін анықтап бергендіктен, күні бүгінге дейін аудармашылар, тілші, әдебиетшілер т.б. тарапынан үлкен сұранысқа ие.
Аударма теориясының қалыптасып, әрі қарай дамуына ықпалын тигізген орыс мәдениеті өкілдерін атап өткен артық болмас. Еркін аударма принциптерін қолдап, өз пікірін білдірушілердің қатарында М.В. Ломоносов, К.Н. Державин, А.П. Сумароков, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, В.А. Жуковский т.б. сынды орыс мәдениетінің өкілдері бар.
1919 жылы аударма теориясының әліпбиі жасалды. Бұл істі тұнғыш қолға алған аударма саласы теориясының қалыптасуына зор үлес қосқан әдебиетші К. Чуковский еді. Уақыт өте келе бұл еңбек өңделіп, толықтырылып басылып отырды. Осы кезеңнен бастап, аударманы жан-жақты қарастырып, оның ерекшеліктері мен заңдылықтарын зерттеген М.П. Алексеев, Ф.В. Фёдоров, Г. Гачечиладзе, И.А. Кашкин, А.В. Кунин, Ю.Д. Левин, Я.И. Рецкер т.б. сынды ғалымдар легі қалыптасты.
1950-1960 жылдар аралығында қазақ аударма өнерінің ғылыми тұрғыдан дербес сала ретінде қалыптасуына зор үлес қосқан М. Әуезов, М. Қаратаев, С. Талжанов, Ә. Сатыбалдиев, Т. Әлімқұлов, Ә. Ипмағанбетов, Е. Букетов, М. Жанғалин, Қ. Шәріпов, Қ. Сағындықов, А. Садықов, З. Ахметов, С. Нұрышев, С. Қирабаев, С.Қасқабасов, К. Канафиева т.б. сынды ғалымдардың есімдері ерекше аталуы шарт.
Елімізде ХХ ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап, бұрынғы КСРО, республика деңгейінде өткен ғылыми іс-шаралар барысында көптеген маңызды теориялық пікірлер айтыла бастады. Атап айтқанда, 1958 жылдың 15-18 қаңтар аралығында Алматыда орыс әдебиетін Орта Азия, Қазақстан, Әзірбайжан халықтарының тілдеріне аудару мәселесіне қатысты аймақтық кеңес өткізілді. Аталған кеңес кейін Қазақстандағы аударма ісінің жолға қойылуына өз септігін тигізді деп айта аламыз. 1958 жылы КСРО-ның Жазушылар одағы көркем аударма саласындағы сүбелі жетістіктері үшін Брюссель қаласында өткен дүниежүзілік көрмеде алтын медальмен марапатталды. 1961 жылы Мәскеу қаласында өткен халықаралық симпозиум аясында әдеби шығарманы орыс тілінен қазақ тіліне аударудың ерекшеліктеріне ерекше көңіл бөлінді.
1962 жылы Қазан қаласында түркі тілдес халықтардың әдеби шығармаларын аудару мәселелеріне қатысты өткізілген конференцияға Л. Соболев және П. Антокольский бастаған Мәскеу аудармашы-жазушылар тобы қатысты. Осындай ауқымды ғылыми іс-шара барысында РСФСР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Л. Соболев өзінің «Абай жолы» романын қалай аударғандығы жайында баяндамасында түпнұсқаның ұлттық, мәдени бояуын сақтауға қатысты пікірлерін білдіріп, шығарманың көркемдік терең мәнін түбегейлі түсінуде автордың өз көмегі ерекше болғанын баса айтты [81]. Автормен ақылдаса отырып, бірлесіп дайындалған «Абай жолы» роман-эпопеясы «авторизованный перевод», яғни автор тарапынан мақұлданған аударма деп аталды.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап елімізде көркем аударма қарқынды дамыды, бірақ зиялы қауымның кейбір өкілдері тарапынан аударма сапасына қатысты сын-ескертпелер айтылды. Мысалы, 1954 жылы орын алған бүкілодақтық жазушылар съезінде Ғ. Мұстафин өз баяндамасында «Қазақ кеңес әдебиеттерінде көркем аударма үлкен орын алады, өйткені аударма арқылы жер жүзілік әдебиет мәдениетімен толысамыз. Кеңестік Қазақстанның өркендеген мәдениеті аудармалық әдебиеттің көлемінен де көрінсе керек. Алайда қазақ тіліне аударылған шығармалардың бірсыпырасы оқушылар тілегін қанағаттандыра алмай жүр» деген пікірі сол кезеңдегі аударма сапасының жай-жапсарын аңғартса керек. Аға буын өкілінің аударма сапасына қатысты жоғарыда айтылған пікірі бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ. Орыс және қазақ тілдеріне қатысты аударма жұмыстары біршама жолға қойылғанымен, қазақ тілінен шетел тіліне және керісінше аударылған кейбір жұмыстар қайта қарауды, өңдеуді талап етеді. Сөздің астарын, сөйлемнің мағынасын толық түсінбей қате аудару, көлемді абзац немесе кейде тіпті тұтас мәтіннің бір бөлшегін түсіріп тастау тәрізді әрекеттердің аударма сапасына нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Аудармашы көркем мәтіндегі этномәдени ерекшеліктерді және түпнұсқа мәтінінің көркемдік мазмұнын оқырманға барынша түсінікті және толық жеткізуі керек. А. Федоровтың «аудармашы тек әдебиет тарихын ғана біліп қоймай, сонымен қатар автордың шығармашылық болмысының даму тарихымен таныс болуы қажет» деген пікірі құптаймыз [82].
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы көркем аудармаға арналған зерттеулерді келесі топтарға бөлуге болады:
– орыс тілінен қазақ тіліне аудару (С. Талжанов, Ә. Сатыбалдиев, Ө. Айтбаев және т.б.);
– қазақ тілінен орыс тіліне аудару (Х. Садықов, С. Құспанов, М. Бисенқұлов және т.б.);
– қазақ тілінен шетел тілдеріне және шетел тілдерінен қазақ тіліне (әдетте орыс тілі дәнекер тіл қызметін атқарады) (Ә. Ахметов, Б. Репин, Ю. Сушков, К. Дүйсетаева, М. Құрманов, А. Ермағанбетова және т.б.).
Аударманың ғылыми қағидаларын ортақ мүддеге айналдырушы теоретиктердің оның белгілі бір салаға қатыстылығы жөнінде ұстанған принциптерін үшке бөліп, топтауға болады:
Аударманы әдебиеттану ғылымының еншісіне беріп, оны таза шығармашылық құбылыс ретінде қарастыратындар (И. Кашкин, А. Смирнов, И. Брагинский, В Шор, Г. Гачечиладзе т.б.).
А. Фёдоров бастаған тілшілер қауымының басым көпшілігі аударманы тіл білімінің объектісі ретінде зерттейді (Л. Бархударов, Б. Ларин, Я. Рецкер, т.б.).
3. Жоғарыда аталған екі көзқарасты қолдап, аралық позицияда тұрған үшінші бір топ аударманы өз алдына бөлек сала ретінде қарастырады, яғни, аударма тіл мен әдебиет қағидаларына сүйенеді [38, б. 365].
Біздің пайымдауымызша, аударма үдерісіне және оның нәтижелеріне қатысты мәселелер әртүрлі аспектілерде қарастырылып, іс жүзінде жоғарыда аталған принциптерді қамтиды.
В.Н. Комиссаровтың пікірінше, көркем аударма – көркем шығармалардың аудармасы. Әдеби көркем шығарманың басты ерекшелігі – оның көркем және эстетикалық функцияларының болуы [77, с. 75]. Оқырманға эстетикалық әсер ету және көркемдік бейнені қалыптастыру кез келген әдеби туындының басты мақсаты екендігі даусыз. Көркем мәтіннің бұл бағыты оны басқа дискурс түрлерінен ерекшелейді.
Көркем аударма сөзбе-сөз болуы мүмкін, алайда, көптеген жағдайларда шығармашылық жағынан алғанда толыққанды болмайды немесе шығармашылық жағынан толыққанды бола отырып, аударманың түпнұсқа мағынасынан алыстап кетуі мүмкін (еркін аударма).