Алшинбаева жулдыз куанышевна



бет18/37
Дата29.12.2023
өлшемі1,63 Mb.
#144569
түріДиссертация
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   37
Байланысты:
alshinbaeva-zh-k-phd-s-sp-povtorno

«Қара шаңырақ» фразеологизмінің орыс тілінде «отчий дом», ағылшын тілінде «home of one’s father» (с.с.а.: әкесінің үйі) сияқты эквиваленттері кездеседі, дегенмен қазақ тіліндегі фразеологизм өзіндік этномәдени семантикаға ие. Себебі, орыс және ағылшын мәдениеттерінде «шаңырақ» сөзін білдіретін ұғым жоқ, яғни бұл сөз аталған мәдениеттер үшін лакуна болып келеді. Шаңырақ киіз үйдің жабдықтарының бірі, үйдің ішіне күн сәулесін түсіріп, іште жағылған от түтінін сыртқа шығару қызметін атқаратыны белгілі, алайда, жоғарыда берілген мысалдарда бұл сөз өзінің номинативті мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Жалпы «қара шаңырақ» атауы сол киіз үйге деген ежелгi көзқарасты тудыруымен қатар, қасиеттi деген ұғымды білдіреді. Ол сөз сол үй иелерiнiң тамырларының терең, бабалар тарихымен астасып жатқандығының және ата дәстүрiн жалғастырып келе жатқан адамдар екенiнiң белгiсi. «Қара шаңырақ» атауына ие үй сол рудың және сол румен қарым-қатынастағы басқалардың да құрмет тұтары, тағзым етері болып саналады. Қара шаңырақ иесінің көп жағдайда аты аталып, марапатталып жатады. Шетте жүрген, қонысы басқа сол қара шаңырақ ұрпақтары мен жекжаттары қара шаңыраққа сәлем бере келiп, арнайы сыбағалар әкеледi. Жасы үлкендерi еншілерін алып, бөлек үй болып кеткенде, әкенiң кенжесi (сүткенжесi) әке қолында қара шаңырақ иесi боп қалады. Ата-ананы күтiп-бағу кенже баланың міндеті. Бұл үй енші алып кеткендерге үлкен үй боп есептеледі [94].
Байқап отырғанымыздай, аудармада эквивалент болып беріле алатын фразеологизмдер әртүрлі халықтарда бір-біріне мүлде ұқсамайтын ассоциация туғызады және «қара шаңырақ» ұғымын дәл жеткізе алмайды, сондықтан, жоғарыдағы «Абай жолы» роман-эпопеясындағы автор тарапынан мақұлданған нұсқада және ағылшын тіліне жасалған аудармаларда «қара шаңырақ» фразеологизмінің этномәдени семантикасы сипаттама, түсініктеме беру арқылы дұрыс жеткізілді деп есептейміз. Ал А. Кимнің аудармасында бұл фразеологизм түсірілген, аударылмаған.
Жазбаша аударма барысында философиялық, діни және, әсіресе, көркем мәтіндерді аудару ерекше қиындық туғызады. Көркем мәтіндегі әрбір сөздің өзіндік әдеби, стильдік орны бар, ондай мәтіндерді аударуда аудармашы жаңа көркем мәтінді қайта құрып, жаңа туындыны жасап шығарғандай әсер қалыптасады.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндер болсақ, берілген тарау аясында ғалымдар тарапынан ұсынылған көркем аударма нормаға сәйкес болуы үшін қойылатын талаптар қарастырылды. Олардың ішінде өзара қарама-қайшы келетін талаптардың да бар екендігі анықталды, атап айтқанда:

  • түпнұсқадағы тілдік бірліктер аудармада сөзбе-сөз берілуі тиіс;

  • аударма түпнұсқадағы ойды (идеяны) жеткізуі керек;

  • аударма түпнұсқа ретінде оқылуы тиіс (яғни, оқырманда аударманы оқып отырғандай әсер болмауы тиіс);

  • аударма аудармашының стилі бойынша жазылуы тиіс;

  • аударма мәтіні түпнұсқа мәтіннің «замандасы» ретінде оқылуы керек;

  • аударма мәтіні аудармашының «замандасы» ретінде оқылуы керек;

  • аудармашы түпнұсқадағы ақпаратты толықтыруға немесе ықшамдауға құқылы;

  • поэзияны проза арқылы аудару керек

  • поэзияны поэзия арқылы аудару керек

Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы талаптар көркем аударманың еркін аударма және сөзбе-сөз аударма деп аталатын, бір-біріне қарама-қарсы екі аспектісіне негізделген. Жоғарыда берілген талаптарды саралай келе, көркем аудармада мынадай талаптар ескерілуі керек деп есептейміз:
1) аударма түпнұсқадағы негізгі ойды (идеяны) жеткізуі керек;
2) аударма түпнұсқа ретінде оқылуы тиіс (яғни, оқырманда аударманы оқып отырғандай әсер болмауы тиіс);
3) аудармада түпнұсқаның стилі мүмкіндігінше сақталуы керек;
4) аударма мәтіні түпнұсқа мәтіннің «замандасы» ретінде оқылуы керек;
5) аудармашы түпнұсқадағы ақпаратты толықтыруға (сөзге не тіркеске түсініктеме беруге) немесе ықшамдауға (баламасы жоқ тұрақты тіркесті сөзбен беруге) құқылы;
6) поэзияны поэзия арқылы аудару керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет