Бірінші бөлім бойынша қорытынды Ғалымдардың көркем аударма мәселесіне қатысты теориялық тұжырымдарына және зерттеу нәтижелеріне, тәжірибе қорытындыларына сүйене отырып, төмендегі тұжырымдар жасалды:
– көркем аударма, әртүрлі ұлттар мен мәдениеттер арасындағы тосқауылдарды жойып, өзара түсіністік, қарым-қатынас орнатуда маңызды рөл атқарады;
– көркем мәтіндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасының тіларалық берілуін, аударма сапасын түпнұсқа және аударма мәтіндерін салғастыра зерттеу барысында анықтауға болады;
– фразеологизмдердің ішкі формасы оның этномәдени семантикасын анықтайды;
– зерттеу нәтижелері негізінде көркем мәтінді аударудың нормалары мен этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді аударудың үлгісі ұсынылды.
2 КӨРКЕМ АУДАРМАДАҒЫ СИММЕТРИЯ ЖӘНЕ АСИММЕТРИЯ. ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ТІЛАРАЛЫҚ БЕРІЛУІ
2.1 Фразеологизмдерді аударудың стратегиялары Аударма үдерісі барысында екі мәдениеттің «қақтығысы» орын алып, бірқатар мәселелер туындайтындығы ғалымдар, аудармашылар тарапынан дәлелденген. Аталған мәселе көптеген онжылдықтар бойы тілші-аудармашылардың ерекше назарында болып отыр. Алдыңғы тарауларда айтып өткеніміздей, әлемде өмір сүретін әрбір этностың өзіндік тарихы, мәдениеті, дүниетанымы бар. Осыған орай әрбір халықтың ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан тілдік қоры, оның ішінде этномәдени нышанға ие бірліктері де қалыптасып, дамып келе жатыр. Аударма үдерісі барысында соңғы тілдік бірліктерге орай кейбір сәйкессіздіктер, тіпті өрескел қателер де орын алып жатады.
Аудармашының басты мақсаты – аударма мәтінінде түпнұсқаның негізгі идеясын, ерекшелігін, көркемдігін және эмоционалдылығын тұтастай жеткізуге тырысу [95]. Демек, үйлесімді аудармаға қол жеткізу үшін аудармашының тек аударма тәсілдерін ғана емес, сонымен қатар аударма стратегияларын да дұрыс таңдағаны аса маңызды.
Диссертациялық жұмыс аясында М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармаларында қолданылған аударма стратегияларын анықтап, сараптау және аударманың қаншалықты этномәдени семантикалы ақпаратты сақтағанын айқындау көзделіп отыр.
Соңғы жылдары отандық аударматану саласында жиі қолданылып жүрген «аударма стратегиясы» терминінің нақты анықтамасы әлі де толығымен қалыптаспаған. Бұл орайда, ең алдымен, «стратегия» терминіне тоқталайық. «Стратегия» сөзін термин ретінде қарастыратын болсақ, терминге қойылатын талаптарға мүлде қайшы келетін, мағынасы бұлыңғыр тілдік бірлік екені анықталады. А.Г. Витренконың пайымдауы бойынша «стратегия» термині аударматану саласына психологиядан, ал психологияға, өз кезегінде, әскери іс саласынан енген [96].
С.И. Ожегов сөздігінде бұл сөзге төмендегідей анықтама берілген: «Стратегия: 1. Наука о ведении войны, искусство ведения войны. Теория военной стратегии. 2. Общий план ведения войны, боевых операций. Победоносная стратегия [97]. Стратегия: 1. Соғысты жүргізу туралы ғылым, соғысты жүргізу өнері. Соғыс стратегиясының теориясы. 2. Соғысты, ұрыс операцияларын жүргізудің жалпы жоспары. Жеңіс стратегиясы (біздің аударма – Ж.А.). Аталған сөздікте «стратегия» сөзінің ауыспалы мағынасы да берілген: «Искусство руководства общественной, политической борьбой, а также вообще искусство планирования руководства, основанного на правильных и далеко идущих прогнозах» «Қоғамдық, саяси күреске басшылық жасау өнері, сондай-ақ жалпы, дұрыс және ұзаққа негізделген болжамдарға басшылықты жоспарлау өнері» (біздің аударма – Ж.А.). Осы орайда «Словарь русского языка» еңбегінде «стратегический», яғни «стратегиялық» сын есіміне берілген анықтамаға да көңіл бөлінгені абзал деп пайымдаймыз: «Стратегический – перен. Содержащий общие, основные установки, важные для подготовки и осуществления чего-либо» [97]. «Стратегиялық – ауысп. Белгілі бір іс-әрекетті жүзеге асыруда қолданылатын жалпы, негізгі қағидалар жиынтығы» (біздің аударма – Ж.А.). Сонымен қатар «стратегия» сөзі ағылшын тілінде күнделікті өмірде өте жиі қолданылады. Электронды ABBYY Lingvo сөздігінде төмендегі анықтама берілген: «a plan of action designed to achieve a long-term or overall aim» [98]. «Ұзақ мерзімді немесе жалпы мақсатқа қол жеткізу үшін таңдалған іс-қимыл жоспары» (біздің аударма – Ж.А.).
В.В. Сдобников, өз кезегінде, стратегияны белгілі бір шарттарға және мақсатқа сәйкес әзірленген, болашақ қызметті жоспарлау жүйесі ретінде түсіндіреді. Оның пікірі бойынша аударма стратегиясын таңдауға аудармашының алдына қойған мақсаты, аялық білімі, құзыреттілігі тәрізді факторлар ерекше әсер етеді. В.В. Сдобниковтың бұл пікірін толығымен қолдаймыз. Себебі, аударма стратегиясы аударманың түріне (ауызша, жазбаша, көркем, т.б.), аудармашының аялық біліміне, көздеген мақсатына орай таңдалады [99].
Ал белгілі итальян зерттеушісі Л. Венути аударма стратегиялары аудармашының мәтінді және аударма әдісін таңдауына байланысты «Strategies of translation involve the basic tasks of choosing the foreign text to be translated and developing a method to translate it» деп анықтама берген [100]. «Аударма стратегиялары аударылатын шетелдік мәтінді және оны аударудың әдісін таңдау тәрізді негізгі міндеттерді қамтиды» (біздің аударма – Ж.А.). Демек, аударма стратегиясына анықтама беруде аталған «міндеттерге» ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Сонымен, жоғарыда берілген аударма стратегиясына қатысты пікірлерді қорытындылай келсек, ол «дұрыс және ұзаққа негізделген болжамдарға басшылықты жоспарлау өнері», «белгілі бір іс-әрекетті жүзеге асыру мақсатында қолданылатын жалпы және негізгі ережелер жиынтығы», «ұзақ мерзімді немесе жалпы мақсатқа қол жеткізу үшін таңдалған іс-қимыл жоспары» деген қағидаға негізделеді екен [101]. Осыған орай фразеологизмдерді аудару «стратегиясын» да анықтауға болады. Демек, тұрақты тіркесті аударуда барабар аударма нәтижесіне қол жеткізу мақсатында қолданылатын жоспарланған әдіс-тәсілдер жиынтығы фразеологизмді аудару стратегиясы деп аталады [102].
Осы орайда неміс философы Ф. Шлейермахер идеяларына негізделген доместикация және форенизация (ағыл. domestication and foreignization) деп аталған аударма стратегияларына ерекше назар аудару қажеттігі анықталды. Форенизация және доместикация стратегиялары аударманың мәдени функциясына негізделеді [103]. Бұл стратегиялар жайында Ф. Шлейермахердің 1813 жылы «Аударманың әртүрлі әдістері» (Über die verschiedenen Methoden des Übersezens) деп аталған дәрісінде алғаш рет айтылды, алайда аударма теориясында бұл мәселе Л. Венути зерттеулерінде 1990 жылдан бастап қана жан-жақты қарастырыла бастады. Аталған аударма стратегиялары аудармашының қабылдаушы елдің мәдениетінің нормаларына қаншалықты жақындатқысы келетіндігіне орай таңдалады [104].
Зерттеу барысында мәтіннің реципиентке түсініктірек болғаны көзделсе, онда доместикация стратегиясы таңдалатындығы анықталды. Бұл жағдайда этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер балама тіркес не жеке сөздер арқылы аударылады, яғни аударма мүмкіндігінше қабылдаушы ел мәдениетінің нормаларына бейімделеді. Ал аударма мәтінінде ұлттық реңкті сақтау мақсаты көзделсе, форенизация стратегиясы таңдалып, аударма барысында түпнұсқадағы этномәдени бірліктер калькалау және түсіндірме тәсілдерін қолдану арқылы аударылатындығы айқындалды.
Доместикация стратегиясы ежелгі Рим заманындағы аудармада кеңінен қолданылды. Сол кезеңде грек мәтіндерін латын тіліне аудару барысында аудармашылар түпнұсқа мәтіндегі мәдени нышанды тілдік бірліктерді аудармай, оларды рим мәдениетіне жақын және етене таныс тілдік бірліктермен беріп, тіпті грек ақындарының есімдерін де рим ақындарының есімдерімен ауыстырып отырған [105]. Ал романтизм кезеңінде, керісінше, аудармашылардан өзге мәдениет реалияларын аударма мәтінде сақтау талап етілді. Демек, романтизм кезеңінде форенизация стратегиясы жиі таңдалды деп айтуға болады [106].
Демек, аударма барысында қолданылатын алгоритм, әдіс-тәсілдер «аударма стратегиясын» құрайды. Аударма стратегиясы аударма үдерісі барысында өзгеруі мүмкін. Демек, аудармашы мәтіндерді немесе белгілі бір тілдік бірліктерді аудару барысында тек бір аударма стратегиясымен шектелмейді, олар әрдайым ауысып отыруы мүмкін [107]. Тиімді аударма стратегиясын таңдау аудармашының құзыреттілігіне, аялық біліміне, тәжірибесіне, алға қойған мақсаты мен міндеттеріне байланысты.
Этномәдени семантикаға ие фразеологизмді аудару барысында мамандардың «аударылмаушылық» құбылысымен жиі кездесетіндігі жоғарыда айтылды, себебі, тілі мен мәдениеті өзара толықтай сәйкес келетін этностар жоқ. Ал біздің жағдайымызда құрылымы әртүрлі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің фразеологиялық жүйелерінде толық эквивалент табу өте қиын екендігі түсінікті деп ойлаймыз.
Ал, еркін аудармаға бет бұрып, шығармашылыққа дербестік беретін аудармашылар, фразеологизмнің мағынасын, туынды авторының негізгі идеясын оқырманға жеткізіп, «аударылмаушылық» жағдайының орын алмауына қол жеткізе алады. Дегенмен, сәйкессіздіктердің алдын алу мақсатында аударманың тым еркін болуынан да абай болу қажет. Себебі, түпнұсқа тілде жоқ ұғымды аудармашының өз мәдениетіне тән ұғымдармен алмастыруы, түпнұсқадағы негізгі идеяның бұрмалануына әкелуі мүмкін. Демек, аудармашы аударма стратегияларын таңдау барысында үйлесімділікті сақтауы қажет.
Енді жоғарыда аталған аударма стратегияларына жеке-жеке тоқталайық.
«Абай Жолы», (түпнұсқа)
«Путь Абая»,
(Л. Соболев т.б. аудармасы)
«Путь Абая»,
А. Ким аудармасы
«Abai», Progress Publishers аудармасы
«Abai»,
Л. Наврозов аудармасы
Осы кештен екі күн өткен соң, қаладағы бір уақтың қыз ұзататын тойына Мұқаны шақырған еді [108].
Через два дня Муха был приглашен на свадебную вечеринку в племя Уак [91, с. 592].
Через два дня Муха был приглашен на свадебный той в племя Уак
[109].
Аударылмаған
Two days later, Mukhan was invited to attend a wedding among the Uak and this was the first time… [93, р. 94].
Жоғарыдағы мысалдарға назар аударар болсақ, аудармашылардың доместикация стратегиясын таңдап, сипаттама тәсілін қолданғандығы байқалады. Демек, қыз ұзату тұрақты тіркесі свадебная вечеринка, свадебный той, wedding деп аударылса, Progress Publishers аудармасында бұл тіркес мүлде түсіріліп тасталған. Аударманың барабарлығы мен сәйкестігіне орай да аудармашылардың бұл шешімін қолдай алмаймыз. Қыз ұзату – қазақ халқында ежелден қалыптасқан салт-дәстүр. Қазақ халқы қыз баланы әрдайым ерекше құрметтеген, шаңырақ берекесін сақтаушы, әулет ұрпағын жалғастырушы, ана деген қасиетті есіммен, ұғыммен астасып жатады. Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі деп дана халқымыз бекер айтпаған.Мұсылман қауымында ер мен әйелдің жақындасу шегі некемен басталады. Қыз баланы ұзатып, аттандыру, құтты орнына қондыру салты ерекше маңыздылыққа ие. Алайда, бұл салт-дәстүр орыс және ағылшын мәдениеттерінде де болғанымен, өзіндік ерекшеліктері барын жоққа шығара алмаймыз. Сол себептен болар, аудармашылар қыз ұзату тіркесін свадебная вечеринка, свадебный той және wedding деген тілдік бірліктермен берген. Біздің пайымдауымызша, бұл жерде проводы невесты және bride’sfarewell ceremony деп аударған тиімдірек болар еді. Себебі, доместикация стратегиясын қолдану нәтижесінде қазақ халқының қыз ұзату тәрізді салт-дәстүрінің маңыздылығын, көркемдігін, ерекшелігін свадебная вечеринка, свадебный той және wedding тілдік бірліктері өз мәнінде толығымен жеткізе алмайды. Бұл тұрақты тіркестің этномәдени семантикасы аударма нұсқаларында бұрмаланып берілген. Демек, халықтың ежелден қалыптасқан салт-дәстүріне қатысты тұрақты тіркестерді аудару барысында аудармашының форенизация стратегиясын таңдағаны жөн деп есептейміз.
Фразеологизмдерді аударуда доместикация стратегиясын қолданудың тағы бір мысалын талдайық.
«Абай Жолы», (түпнұсқа)
«Путь Абая»,
(Л. Соболев т.б. аудармасы)
«Путь Абая»,
А. Ким аудармасы
«Abai», Progress Publishers аудармасы
«Abai»,
Л. Наврозов аудармасы
Кеше ғана балалығы мен жігіттік жастығының жасыл шөбі сарғаймас алтын бесігіндей болса, сол қызықты қан жайлау қазір суық қабір ызғарындай, аяздап, қырауытып тұрған тас табытындай [108, б. 268].
Вот эти жайляу, покрытые молодой зеленью, были золотой колыбелью его детства. Теперь от них веяло холодом смерти
[91, б. 494].
Вот в этих самых местах, где сейчас принимает мучения Абай, на весенних джайлау прошло детство его, здесь была золотая его колыбель! Теперь от холодного дыхания степи веяло смертью
[109, с. 362].
Аударылмаған
This zhailyau, once fresh and green, the golden cradle of his life, now seemed an icy tomb [110].
Жоғарыдағы мысалдарда алтын бесік тұрақты тіркесіорыс тіліндегі екі аудармада да золотая колыбель және ағылшын тіліндегі аудармада golden cradle деп берілген. Берілген мысалды талдау үшін бесік сөзінің мағынасын айқындап алған жөн. Бесік – қазақ халқының мәдени мұраларының бірі, ұлт өнерінің төл туындысы, баланың кеудесі мен аяғын қаттырақ байлап жатқызатын, дәретін жайдырмау үшін арнайы орнатылған түбегі мен шүмегі бар нәресте бөлеуге арналған ағаш төсек [111]. Ал орыс тіліндегі колыбель сөзі – детская кроватка, подвесная (люлька) или качающаяся на округлых опорах [97]. Ағылшын тіліндегі cradle is a baby's bed with high sides. Cradles often have curved bases so that they rock from side to side [98]. Демек, бесік, колыбель және cradle сөздері жаңа туған балаға арналған төсек деген мағынаны білдіреді. Берілген аударма нұсқаларында аудармашының доместикация стратегиясын таңдағанын дұрыс деп пайымдаймыз. Себебі, орыс және ағылшын тілдерінде бесік сөзінің барабар баламалары, яғни колыбель мен cradle бар. Бұл жерде доместикация стратегиясы сәтті таңдалып, қолданылды деген қорытындыға келдік.
«Абай Жолы», (түпнұсқа)
«Путь Абая»,
(Л. Соболев т.б. аудармасы)
«Путь Абая»,
А. Ким аудармасы
«Abai», Progress Publishers аудармасы
«Abai»,
Л. Наврозов аудармасы
Қайда отырғанын біле ме? Шаңыраққа қарасын [108, б. 76].
Пусть помнит, куда из рода Байшоры попала, под чьим шанраком сидит!
[91 с. 358].
Пусть помнит, что из бед ного рода Байшоры попала к нам, пусть не забывает под чьим шаны раком села!
[109, с. 104].
Аударылмаған
Let her not forget herself. Let her look up and see whoseshanrakis overhead and what house she has come to [110, p. 68].
Жоғарыдағы мысалдардан көріп отырғанымыздай, қазақ тіліндегі шаңыраққа қара тұрақты тіркесі орыс және ағылшын тілдерінде пусть помнит под чьим шанраком сидит, пусть не забывает под чьим шаныраком села және let her look up and see whose shanrak is overhead деген нұсқалары берілген. Шаңыраққа қара тұрақты тіркесі өз үйің емес, біреудің үйі; тыныш отыр; жай отыр; абайлап сөйле деген мағынадақолданылады [30, б. 310]. Бұл жердегі аудармашылардың форенизация стратегиясын таңдап, шаңырақ сөзін аудармада транслитерация тәсілі арқылы беруімен келісеміз. Бірақ автор тарапынан мақұлданған аудармада шанрак, нәтижесінде ағылшын нұсқасында да shanrak деп берген, біздің пайымдауымызша shanyraq деп қолданылғаны дұрыс болар еді. Демек, шаңыраққа қара тұрақты тіркесін помнить под чьим шаныраком сидишь және look up and see whose shanyrak is overhead деген аударма нұсқаларымен келісеміз, себебі фразеологизмге жапсарласа қолданылған сөйлемдер оның «тыныш отыр; байқа; абайлап сөйле» деген мәнінің айқындала түсуіне септігін тигізген. Бұл жағдайда форенизация стратегиясы тиімді қолданылған деп есептейміз.
«Абай Жолы», (түпнұсқа)
«Путь Абая»,
(Л. Соболев т.б. аудармасы)
«Путь Абая»,
А. Ким аудармасы
«Abai», Progress Publishers аудармасы
«Abai»,
Л. Наврозов аудармасы
Намаздағыдай мінажат қимылын, суық тілек қимылын жасады. Әмір мен Абайға қатар созды. Бұл – теріс батаның, қарғыс батаның белгісі [108, б. 236]
Потом старик провел тыльной стороной рук по лицу – так обращаются к богу с мольбой об исполнении злого намерения [91, с. 471].
Он вытянул перед собой руки, ладони выставил на Абая и едва пришедшего в себя Амира, словно отталкивая их, и прис тупил к сво ему страш ному замыслу [109, с. 321].
Аударылмаған
He stretched out both hands, palms outwards, as though trying to push someone away – motioning towards Abai and Amir who had only just regained consciousness [110, p. 247].
Алдымен теріс бата тұрақты тіркесінің мағынасына тоқталайық. ҚТФС-де оған қарғыс, лағынет деген түсініктеме берілген [30, б. 501]. Мысалдардан көріп отырғанымыздай аудармашылар форенизация стратегиясын таңдап, бұл фразеологизмнің этномәдени нақышын барынша сақтауға тырысқан. Алайда бұл сөйлемнің орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармасы оқырманға түсініксіздеу, мазмұнын толық қабылдау едәуір қиындық туғызады. Өзіндік ерекшеліктерімен танымал үш мәдениетке де қарғыс айту, проклинать және curse деген ұғымдар тән. Сол себепті, бұл жағдайда аудармашылар, керісінше доместикация стратегиясын таңдап, проклинать және curse сөздерін таңдағанда, аударма әлдеқайда түсініктірек болар еді деп ойлаймыз.