Алшинбаева жулдыз куанышевна


Аударма нормасы және аударма үдерісін модельдеу



бет15/37
Дата29.12.2023
өлшемі1,63 Mb.
#144569
түріДиссертация
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   37
Байланысты:
alshinbaeva-zh-k-phd-s-sp-povtorno

Аударма нормасы және аударма үдерісін модельдеу

Жаһандану заманында ғылымның, техниканың қарқынды дамуына байланысты әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан халықтар арасындағы қашықтық қысқарғандай сипатқа ие. Бүгінгі таңда адам әлемде болып жатқан барлық жаңалықтарды компьютердің немесе басқа да заманауи құрылғының көмегімен біле алады. Әлемде жеті мыңнан астам тіл бар екені белгілі. Сол себепті, халықтар арасындағы қарым-қатынас пен достық дәнекері ретінде аударма өнері қарқынды дами бастады. Аударма адамзаттың мәдени өмірінің барлық салаларына дерлік араласып, қалыптасқан деп айтуымызға болады. Ж. Дәдебаев көркем аударманы әдебиеттанудың жеке бір саласы ретінде қарастыра отырып: «Переводоведение как наука подразделяется на два направления: художественное (литературное) и лингвистическое направления. Литературное переводоведение исследует природу художественного перевода и напрямую связано с литературоведением. Художественный перевод является самостоятельным направлением в национальной литературе», – дейді [74]. «Аударма ғылым ретінде екі бағытқа бөлінеді: көркем (әдеби) және лингвистикалық бағыттар. Әдеби аударма көркем аударманың табиғатын зерттейді және әдебиеттанумен тікелей байланысты болады. Көркем аударма ұлттық әдебиеттің тәуелсіз бағыты болып есептеледі» (біздің аударма – Ж.А.).
Аударма ұғымының аясы өте кең. Мемлекетте орын алып жатқан маңызды іс-шаралар барысындағы баяндамашылардың сөздері, қабылданып жатқан құжаттар, көркем проза, поэзия, ғылыми еңбектер, іс-қағаздар, шешендік сөздер, мақалалар және басқа да маңызды мәтіндер аударма нысанына айнала алады.
Елбасымыз Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған мақаласында әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тіліне аударылуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайтындығын, сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керектігін атап өткен болатын [1].
Әрине, осындай тың, көпқырлы, өзекті мәселе, заман талабы аудармашылардың жоғары білімін, тәжірибесін және кәсіби шеберлігін қажет етеді. Әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне және керісінше, төл мәдениетіміздің үздік үлгілерін шетел тілдеріне аудару арқылы біз еліміз, ұлтымыз, тарихымыз бен мәдениетіміз туралы ақпаратты әлемге паш ете аламыз.
Ағылшын тілі – халықаралық қатынас тілі екені барлығымызға аян. Сол себепті, бүгінгі таңда елімізде қазақ халқының ұлы жазушыларының еңбектерін ағылшын тіліне аудару мәселесі қолға алынып отыр. Мысалы, М. Әуезовтің 120-жылдығына орай Англияның The Russell Press Ltd баспасында жазушының «Beauty in mourning» («Қаралы сұлу») деп аталған кітабы басылып шықты. Онда М. Әуезовтің өткен ғасырдың 20-30 жылдарында жазған шығармалары қамтылған. Бұл кітап халықаралық Пен-клубтың Қазақстандағы филиалының бастауымен «Біз – қазақпыз...» сериясына кірген жұмыстардың бірі ғана. Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында М. Мақатаев, Б. Соқпақпаев, Ә. Кекілбаев, О. Сүлейменов, С. Елубаев және Г. Бельгердің шығармалары аударылып, 7 кітап болып басылып шықты. Барлығы 25 кітапты аударып, баспадан шығару жоспарланып отыр.
Демек, уақыт өте келе шетелдің үздік туындыларын ғана емес, өзіміздің төл туындыларымызды да өзге танымал тілдерге аудару мәселесі үлкен маңыздылыққа ие болып келе жатыр. Бұл бір жағынан заман талабы болса, екінші жағынан елімізді, ұлтымызды, мәдениетімізді әлемдік аренаға шығару, әлем жұртшылығына таныстыру идеясымен сабақтас. Көптеген аудармашылар тарапынан қазақ тіліндегі көркем шығармаларды аударуға әрекет жасалып жатыр, дегенмен, көркем мәтінді ағылшын тіліне барабар аудару оңай шаруа емес. Бір тілден екінші тілге аударылған кез келген көркем аударма көптеген зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде қалыптасқан, ғылыми негізделген аударма нормаларына сәйкес келе бермейді.
Жалпы аударма теориясы дескриптивті бөлімдермен қатар, нормативті (прескриптивті) бөлімдерді қамтиды [75]. Егер дискриптивті бөлімдер аясында аударманың тіларалық коммуникация аспектілері қарастырылса, нормативті бөлімдер аударма үдерісін оңтайландыруға, аудармашының жұмысын жеңілдетуге, аударма сапасын арттыруға, аударма нәтижесін бағалау және болашақ аудармашыларды тәрбиелеуге бағытталған практикалық ұсыныстар мәселелерімен айналысады [76]. В.Н. Комиссаровтың пікірінше, аудармашыға арналған практикалық ұсыныстар мен аударманы бағалау критерийлері бір-бірімен тікелей байланысты. Демек, аудармашының талаптарды қаншалықты басшылыққа алып, өз жұмысын ұтымды орындағанын және аударма сапасын бағалай аламыз. «Совокупность требований, предъявляемых к качеству перевода, называется нормой перевода» [77]. «Аударма сапасына қойылатын талаптар аударма нормасы деп аталады» (біздің аударма – Ж.А.). Аударма лингвистикасының нормативті бөлімдерінде аударманың сапасы аударма нормасына сәйкестігімен және осы нормадан ауытқу дәрежесімен анықталатындығы айтылады.
Аударма үдерісінің нәтижелері аударма тәсілін таңдауға әсер ететін прагматикалық факторларға, аударма мәтіннің түпнұсқаға семантикалық тұрғыдан жақындығына, жанр және стилистика ортақтығына тәуелді. Осыған сүйене отырып, В.Н. Комиссаров аударма нормасының төмендегі бес түрін ұсынды:
1. Аударманың баламалылық нормасы.
2. Аударманың жанрлық-стилистикалық нормасы.
3. Аудармадағы сөз саптаудың нормасы.
4. Аударманың прагматикалық нормасы.
5. Аударманың конвенционалдық нормасы [77, с. 229].
Аталған нормативті талаптардың әрқайсысына жеке тоқталып өтейік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет